Қашаған Күржіманұлының шығармашылығы

0
5066

Қашаған Күржіманұлы – 1841 жылы Түрікменстан, Ташховуз облысы Мырзабасы ауылында дүние есігін ашып,  1929 жылы  Маңғыстау облысының, Құлат ауылы Қырықкезде жерленген. Әкеден жастайынан жетім қалып, 15 – 16 жасында ағасы Сәрсенбай үйімен Атырауға келеді. 16 – 17 жасынан ақын атанған. Ол Маңғыстау, Хорезм аймағы, Еділ, Жайық, Жем, Сағыз елді- мекендерде болып, ақын-күйшілермен (Ақтан, Мұрат, Бала Ораз, Қоспақ, Құрманғазы, Нұрым, Өмір, Ығылман) кездесті. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін шығармалары ел арасына ауызша тараған.

Әкеден жастай жетім калған Қашаған қабырғасы қатып, бұғанасы бекіместен кедейлік, жоқшылық тауқыметін көреді. Кейін сол ауыр күндерді тебірене еске алады:

Атам бір қайтты дүниеден,

Бес жаста жетім қалдырды,

Басыма қайғы салдырды.

Анам көрді жесірлік,

Өзім көрдім жетімдік,

Сөйтіп басым қаңғырды.

Бірақ жетімдік болашақ ақынның жас жүрегін бұғаулай алмайды. Өмір соққысы жігерлі жасты шыңдап, құлшындыра түседі. Әкесі Күржіманды көре қалған инабатты адамдар Қашағанды есіркеп, қол ұшын береді. Оның бойынан тұтанғалы тұрған бір ұшқынды көргендей болады.

Ел әңгімелеріне қарағанда, Қашағанды жастай жиын-тойға апарып, ақындық өнерге баулыған Қалнияз ақын. Сол өнеге арқасында өнершіл баланың ерекше құмарта өскені қазақ, қарақалпақ, түрікмен елдеріне кең тараған халық әдебиетінің нұсқалары. Қашағанға ақындықтың қонуы туралы немере інісі, жыршы Шәдіман Үсембаев былай дейді:

«…Жаз. Шілде. Өкшесі ойылып, табаны сойылып, мал соңында азап шегіп, арып-ашқан Қашаған бала таяғын жерге шаншып, шапанын күрке етіп жата қалса, көзі ілініп кетеді. Түс көреді. Түсінде бір кара кісі келіп, баланы қолынан тартып тұрғызып: «Дорбалап аласың ба, қапшықтап аласың ба?» – деп сұрайды. «Бергеніңді аламын», – дейді Қашаған. Қара кісі қолын жайып бата береді: «Өнер бердім, елге шаш»,– дейді. Қашаған бұдан былай суырыпсалма ақын болады».
Ол өз көңіл күйін қолма-қол жырлап, батырлар жыры мен қызық хикаялар толғайды. Мал соңында жүріп табан астында үрдіс ақындық жолына берілген Қашағанды саудагерлер қона, түстенген жерінде, жол-жөнекей үнемі өлең шығартып қызықтаумен болады. Көп ұзамай-ақ ақын баланы малшылықтан босатып, өз қатарларына алып, жыр тыңдайды, кұрмет көрсетеді. Адал еңбегімен, ақжаркын мінезімен, алғыр ақындығымен ұнаған Қашаған ауылына ат мініп, атан жетектеп, көп олжамен оралады.

Баласының азамат болып, жалшылық сапардан табысты оралғанына қуанған Сәрсенбай той жасайды. Қашаған осы тойда елден кеткеннен келгенге дейінгі сапарын жырлап береді. Тойдан кейін ақындық атағы елге тарайды.
Қашағанның жас кезінен жаттай, еліктей өскені Махамбет пен Шернияз, Абыл мен Есет жырлары болса, өз заман-дастарынан ерекше қадір тұтқаны Нұрым, Ақтан ақындар.

Көзім көрген адамда

Абыл мен Нұрым, Ақтаным –

Осылар еді тақтағым, –

деп оларды әр кез айта жүрген.

Қашаған бағзы өнерпаздар дәстүрімен көп елді аралаған. Ол Маңғыстау, Хорезм аймағы мен Еділ, Жайық, Елек, Қобда, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын жайлайтын елдердің бәрінде болады. Құрманғазы мен Нұрым, Ақтан мен Мұрат, Бала Ораз бен Қоспақ, Қашқынбай мен Ізім шайыр, Нұрпейіс пен Мұрын, Өмір мен Ығылман сияқты айтулы саңлақтармен, «Адайдың жеті қайқысы» (сал-серісі. – Қ.С.) атанған Әділ, Шолтаман, Тастемір, Досат, Жылкелді, Өскінбай, Тұрсын сияқты күйші, әншілермен кездеседі.  Қашаған халық өмірімен кең танысқан. Атышулы бұқара жыршысы үстем тап өкілдерін шенейтін сілтілі өлеңдер шығарып, айтысқа түседі, елдің өткен шежіре, тарихына көз жіберіп, «Атамекен», «Адай тегі» сияқты көлемді шығармалар жырлайды. Сондай-ақ ел басына түскен ауыр оқиғалардың куәсі болып, «Топан» сияқты бұқара өмірінің әдеби шежіресін толғайды.  Ақынның надан молдаларды аяусыз шенеп, өнерді қорғаған жырларының озық үлгісі – «Есқали сұпыға айтқаны». Ақын мұнда сұпының екіжүзділігі мен қатыгез, сараңдығын әшкерелейді, домбыраны «қу ағаш» деп кемітуін негізгі ілік етіп, домбыраны қорғай жыр төгеді. Надан сұпыны қия бастырмай, оның дін жолының өзінде де сауатсыздығын масқаралайды, өмірдің әр саласынан мысалдар келтіріп, жер-жебіріне жетеді. Сөйтіп, дүмше молдалардың өнер жөніндегі топас түсініктеріне кектенген ақын сұпыны бет қаратпастай өлең селімен сыбап өтеді. Бұл жерде ақынның өз дәуіріне сай білімдарлығы мен ақпа-төкпе ақындық дарыны зор рөл атқарған.  Қашаған бір топ өлеңінде («Оразалыға», «Байларға», «Томпы байды тілдеуі», «Көбентайдың Мұрынқұл», «Бекес байға», «Көптілеу байға айтқаны», «Қарашұбар ала ешкі») сараң, дүниекоңыз байлардың жиынтық образын береді. Олар мал-дәулеті шалқып жатса да, дүние рақатын көрмей өтер шықбермес сараң, даңғой, атаққұмар, қатыгез, қайырсыз, реті келгенде жалт берер екіжүзді де. Кедейге кекірейе қарап, болыс-биге құлдық ұрар құбылма жандар. Бұл сипатты ақынның «Бекес байға» деген өлеңінен айқын аңғарамыз. Ақын байларды әркез өлтіре сынап, күлкі ете жүрген. «Оразалыға» деген өлеңіндегі:

…Бет терісін түлетіп,

Төбесінен күн өтіп,

Шыбын жанын пида етіп,

Шаруаға жүдетіп

Жүргенде, кетпесе игі еді

Біздің аршыланға тіл өтіп, –  деген сырттай қарағанда аяушылық сияқты жолдар Шернияздың «Баймағамбетке айтқаны», Абайдың «Дұтбайғасы» іспеттес, үстем тап өкілдерін аяусыз әшкерелейтін қатты сын, өткір сықақ.

       Қазақ әдебиеті тарихында өмір туралы толғанбаған ақын кемде-кем. Бұл дәстүр арғы бастауын тіпті көне түрік әдебиетінен алады. Қашаған «Жетпіс беске келгенде», «Осы күн жолдас болдым сексенменен», «Қартайған шағында айтқаны», «Бұл өмірдің мысалы», «Бұл дүниеде не жетім» деген бір топ өлеңдерінде өмір мәні туралы толғанады. Алғашқы екі өлеңінде кәрілік шақты бейнелеген. Ақын суреттеуінде кәрілік – адамның базары тарқап, бағы қайтар шақ. Ол бұл ойын «Бұл дүниеде не жетім» деген өлеңінде дамыта түскен. Қашаған кәрілікті сұсты, қаһарлы етіп бейнелесе де, оған бола еңсесі түспейді. Себебі ол өмірдің өткінші екенін («Қырмызы қызыл дүние басымда білдім тұрмасын») жақсы біледі. Қартайған шақта жан серігі – жалын жырдың аулақтай бастағанына («Өлеңді қартайған соң айта алмадым») құлази қынжылып, жастық дәуренді армандай, аңсай еске алады («Сыбырласып, сыңқылдап, баяғы күліп-ойнайтын күн қайда?).

Бұл өмірдің мысалы

Кешегі көрген бүгін жоқ,

Ұшып кеткен көбелек, –

деп тамаша бейнелегсн ақын өткінші өмір мәні қулық, сұмдык, бәсеке, ожар өпіремдік емес, тек қана әділдік, ақиқаттық деп түйеді. Ақынның жаз дидарлы жастықты аңсауында, өткінші өмірді белшесінен басып, бейбастық өткізбей, мәнді, әділетті өмір сүруді жырлауында бір сыр бар. Сөз жоқ, бұл адамның өмірге деген құштарлығын суреттеу. Демек, ақынның өмір туралы толғаныстары да барлық шығармасының арқауы болған  кісілік мұратымен сабақтасады.
 «Қойшы жігітті көргенде айтқаны» өлеңінде ақынның бай малын баққан бейнетқор баланың өзгелерден еш кемдігі жоқ азамат деген пікірі аңғарылса, «Кедей жігітке айтқан ақылынан» зорлық пен қиянатты жеңген өткір тіл – өлең сөздің құдіретін танимыз.   Қашағанның бір топ өлеңдері тұрмыс-салт тақырыбында. Олар: «Аралбайды жұбатуы», «Қонақкәде», «Тойбастар», «Бата».    Қашаған халықтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салтын терең білген, ауыз әдебиетінде әріден келе жатқан көңіл айту, беташар, тойбастар, қонақкәде, тілек-бата мазмұнындағы өлеңдерді дамыта түскен. Жыршы, әншілер ел арасына тараған тұрмыс-салт өлеңдерін жаттап айтатын болса, Қашаған сияқты суырыпсалма ақындар әр тойдың, әр оқиғаның келісіне, мәніне лайық жырды қолма-қол шығарып отырған. Сондай жырдың бірі – «Қонаккәде». Ол – әзіл-қалжыңы аралас ақжелең өлең. Өлеңді қадірлеген халықтың танысу, конақ өнерін байқау мақсатындағы «қонақкәде» деген әдеті бар. Ондайда әркім білген өнерін ортаға салады. Бірақ «Түген ақынның қонақкәдеге айтқан өлеңі екен» деген жыр көп кездесе бермейді. Соған қарағанда, «Қонаккәде» Қашаған шығармаларындағы назар аударарлық бір түр. Қонақкәдеге қолма-қол күй шығару халық композиторы Өскінбайда болса, жыр шығару Қашағанда кездеседі.   Қашағанның «Тойда берген бата» толғауында ерекше қастерлей жырлайтыны – өмірдің әр кезеңіне лай Қашаған жырларының бірі – «Атамекен» Дастан сюжеті тарихи оқиғаға негізделген. Бұған куә – жырдағы адам, жер аттары. Дастандағы Ақпан батыр, Бөкей, Жәңгір, Әбілқайыр, Нұралы – бәрі де тарихи адамдар. Жем, Атырау, Үстірт, Маңғыстау, Қаратөбе, Манаты, Қарақұс шоқысы, Шағанақ теңізі, т. б. жер аттары қазір де бар. Дастандағы қазақтардың басқыншылыққа ұшырап, батысқа көшуіне, Адайлардың Маңғыстауға бет алуына, сондай-ақ жырда аталатын хандардың өмір сүрген дәуіріне қарағанда, шығарма, негізінен XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы жоңғар басқыншылығын, «Ақтабан шұбырынды» кезеңіндегі елдің ауыр тұрмысын суреттеуге арналған. «Атамекен» – сол сұрапыл жылдардағы халық тұрмысын еске алудың бір елесі. Жырдағы қазақ ру-ұлыстарының Еділ мен Оралға дейін баруы, Манғыстауға қарай толқып, ірге тебуі – бәрі де әлеуметтік-тарихи жағдайдан туған. Халықты сондай лажсыздыққа итермелеген жоңғар басқыншылығының лаңы еді.Елге тиісіп, халық арасында араздық отын тұтандырушылар үстем тап өкілдері – бектер және солардың сойылын соғушы қанды қылыш әумесерлер екенін ақын анық суреттейді. Ел қорғаны болған батырларды тартымды да шабытты сипаттайды.
        Қашаған екі дәуірді бірдей көрген ақын. Кеңестік кезеңде он шақты жыл өмір сүрсе де, дәуір сырын жанымен ұғып, шаттана үн қосты. Қанау, зорлық-зомбылык, паңдық, мастық жол алған феодалдық дәуірдің қоғамдық системасын тұспалдап та, ашық та сынап, шенеді, келешекке үмітпен қарады. Халық басынан өткен елдікті, ерлікті жыр етті. Әйел-ананың қоғамдағы рөлін түсіне білді. Дүниенің мәңгі дамуда екенін, уакыттың өтпелілігін, табиғат зандылығын сезе, түсіне білді, әлеуметтік қайшылығын көре білді. Өзі өнген кемтар бұқараны жырлап өтті, солардың қиянат-қысымды әшкерелейтін жалынды тілі болды. Ілияс ақын: «Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі», – деп текке айтпаған. Ол – сыншыл, тура, өткір, сықақ мәнді шығармаларымен танылған айтулы бұқара жыршысы. Оның ақындық, жыршылық өнерінен замандастары мен өзінен кейінгі талай өнерпаздар өнеге алған.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ