Әдемі ұлтқа – әдемі өмір

0
229
Суете kstnews.kz cайтынан алынды

Халқымыздың әдет-ғұрпын, мәдениетін, салт-санасын, елдік ерекшеліктерін насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдары барынша еңбек етуде. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының да сондай бір шығарылымдарын көре отырып, қазақтың сұлулығы,әдебі  мен парасаты жоғарылығы, адамгершілік безбенінің де басым екендігіне көзім жете түскендей болды.

Ғылым ордасында, жастардың арасында жүргендіктен де болашақ өкілдерінің сымбатына, көрікті бейнелеріне  қызыға қарайтыным бар. Керемет әдемі, сұлу қыздар, тұлғалы,келбетті жігіттер екінің бірі десе болғандай… Сол сәтте көкірегіңе қуаныш табы ұялап, жанарың жарқырап, санаң жақсылыққа қарай самғап ала жөнеледі. Яғни, әдемі ұлтқа әдемі өмір сыйлануы керек. Ол үшін елдің әлеуметтік әлеуеті көтеріліп, экономиканы арттыру қажет.Сүріп отырған өмірімізді жақсарта түсу үшін артқа емес , алға ұмтылуды уақыт талап етуде. Адам санын көбейтіп, қуатты мемлекетке айналайық деген түпсананмызда тұрған ойымызға тек саналы ұрпақ қана көмек бере алады.

Әңгіменің ишарасы – жерімізде АЭС салу төңірегінде болмақ. Электр энергиясын мол қолданатын ел болғандықтан оның жетімсіз бола беретіні түсінікті.  Бұл мәселе бойынша екіге жарылған халықтың көпшілігі қарсы. Дегенмен, алға қарайтын кез келді. Ұлыбританияның экс-премьері Тони Блэрдің: «Ұлыбританияның бай тарихы бар. Бірақ біз музейде өмір сүрмейміз ғой»,- деп айтқанындай болашаққа қарай бейімделіп, озық технологияларға қол созған жөн. Технологиясы мықты, экономикасы өркендеген Жапония АЭС тің пайдасы жоқ болса, атамзаманда неге салыпты? Ал, Фукуссимо оқиғасы адам салғырттығынан болғанын өздері жазды.Қазақстанның бір облысының көлеміңдей жерде тұрған Францияда 19 атом электр станциясы бар екен.

Атмосфераға көмірқышқыл газының көп мөлшерде бөлінуі — глобальды мәселе. Сондықтан, тұрақты, тиімді, төменуглерод көзі АЭС ті қолдану болашаққа сенімді шешім. Халық арасында ол станцияны жұмыс істететін кадр тапшы деген де әңгіме бар. Алайда, бір ғана оқу орыны ҚазҰУ дың есебі бойынша: «2009 жылдан бері атом саласы үшін 580 бакалавр, 265 магистр, 58 PhD» мамандары даярланған көрінеді. Сондықтан да, үкімет тарапынан жасалып отырған бұл қадамды құптауымыз керек. Бұл шараны әдемі ұлтқа – әдемі өмірдің қамын жасаудың бір парасы деп түсінем.

 

Қабылғазина Клара

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ