Нарманбет Орманбетұлының асыл жауһарлары

0
10186

Нарманбет Орманбетұлы — 1859, қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Нарманбет атындағы ауылда дүниеге келген. Алдымен діни мектепте, кейін Қарқаралыдағы екі сыныпты орыс-қазақ мектебінде оқыған. Араб, парсы, орыс тілдерін жетік біліп, әдебиетімен таныс болған. 12 – 13 жасынан өлең шығара бастаған. Жастайынан ел басқару ісіне араласқан. 1917 – 18 ж. Қарқаралы қаласында уездік сот қызметінде болды. Нарманбет Орманбетұлы өлеңдерінің негізгі тақырыбы – оқу-білім, адамгершілік, ел тәуелсіздігі. Ол өмір құбылыстарын саралай келе, шындықты көркем бейнелеуге, оны философиялық ой-тұжырымдармен түйіндеуге ұмтылған (“Қасірет деген бір тау бар”, “Балалық күй”, “Шал қайғысы”). Нарманбет Орманбетұлы отаршылдыққа қарсы “Оян, қазақ!” деп ұран тастап, 1905 жылғы дума сайлауында “Талап етер күн туды, кел ұйқыдан тұрайық” (“Сахараға қарасақ”) деп сөз бастаған. Ол орыс отаршылдығын, ел басындағы қасіретті, азаттыққа қол жеткізуді жырлаған (“Аждаһаның аузында”, “Ұран”, т.б.). Патшаның тақтан құлауын қуана қарсы алып, “Тілекті берген күн” атты өлеңін шығарса, оның “Айшаға”, “Жамалға”, “Дауысың қалай асыл”  атты өлеңдері махаббат, жастық тақырыбына арналған. Нарманбет 1918 жылы Қарқаралыда совдептің уездік судьясы болып қызмет істеп жүргенде ауырып қайтыс болған. Абай дәстүріндегі Нарманбет сол кездің өзінде белгілі ақын, әрі шешен болған. Абай үлгісінде көптеген өлеңдер, нақыл өлеңдер, нақыл сөздер жазып шығарған. Ақын шығармаларының таңдаулы үлгілері 1939 жылы жеке жинақ болып және 1939-1944 жылдардағы хрестоматияларда жарияланған. Қоғамдық өмірге белсене араласқан Н.Орманбетұлы Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы халықтық үн көтерілген 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесіндегі атақты Қарқаралы петициясына қатысушылардың бірі болды. «Патша өкіметі бұл акцияны барып тұрған саяси күрес деп тауып, жергілікті басқару органдарынан бақылауды күшейтуді талап етеді. Дала генерал-губернаторы хұзырхатты ұйымдастырған адамдарды анықтап, олардың үстінен іс қозғау жөнінде Қарқаралы уезінің бастығына нұсқау береді. Уез бастығы Оссовский өзінің тексеру жұмысытарының барысында хұзырхатты дайындағандардың басшылары Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев екендерін дәлелдеп, қазақ тілінен орыс тіліне аударған Т.Нұрекенов болғанын да анықтап, олардың үстінен іс қозғап, арттарынан аңдушылар қойды». Бұл жерде атақты Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылар Алаштың көсемдері, соның ішінде А.Байтұрсынов десек, халқымыздың қоғам және әдебиет қайраткері Қарқаралыда бастапқыда сыныптық орыс-қазақ, кейін қалалық училищенің оқытушысы болғаны мәлім. Міне, Нарманбет ақын «Мектеп бастығына» өлеңінде А.Байтұрсыновтың ұлтты ағарту мен оятудағы қызметін ереше бағалап, халқымыздың отарлық қысымдағы мүшкіл халын жеткізеді:

Мүбәрәк болсын тойыңыз,                   Басында тұр қазақтың.

Мақпал болсын ойыңыз,                       Қатарында біз қалдық-

Зерек болып шәкірттер,                        Ойын-күлкі мазақтың.

Бәлент болсын бойыңыз!                     Дүниесін түзей бер!

Бұйырмаңыз айыпқа, ауыл алыс,        Дін көңілді безей бер!

Болмады тойғы сояр қойыңыз.            Атын естіп қорқамыз,

Қараңғы қасірет бұл күнде-                 Ақыретті дозақтың.

М.Әуезов «Ахаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында «1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген, ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші, жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған, екінші, қазақ жұртына земство беруді сұраған, үшінші, отаршылдардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында болғандықтан, қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселесі осылар болғандықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан. Көпшіліктің оянуына себепші болған» деп жазғанындай сол оянған ұлттық санаға серпін берушілердің қатарында Нарманбет те болды. Н.Орманбетұлының қазақ халқының әлеуметтік өміріндегі аталған саяси маңызы зор іс-шараға қатысқаны жөнінде Қазақ Ғылым академиясы сирек кітаптар мен және қолжазбалар бөлімінде мынадай құнды дерек бар: «…Осы кезде қазақ даласында қызу түрде ұлт қозғалысы басталды. Ұлтшыл оқығандардың басы қосылып, Қарқаралы уезінде бұл қозғалыс айқын және кең орын алды. Сол жылы Қоянды жәрмеңкесінде ұлтшылдардың мың адам қол қойған талап-тілектеріне қызу араласты. Ол (Нарманбет) соған арнап бірнеше өлең жазды. «Мектеп бастығына» деген өлеңінде ақын өзінің таптасы А.Байтұрсынұлының алдына ұлтшылдық пікірін жайып салды. Қарқаралы қозғалысының ұйытқысы болған Ахмет, Жақыптар жер аударылғанда шығарған өлеңі «Қазақты жүруші еді қойдай бағып». Сонымен қатар Жақып Ақпайұлы екеуі «Алаш Орданың»  сайлауын өткізуге бара жатып  бір үйде шығарған өлеңі «Құрылтайға бара алмай құр қалмайық» деген жєне 1905 жылы «Жақыпқа» атты өлеңдері бар». Мұрағат құжатында кешегі таптық таным, идеологиялық көзқарас жатқанымен Алаш арыстары өмірінен құнды деректер табамыз. Мәселен, ақын 1905 жылы жазылған «Жақыпқа» деген өлеңінде: «Жатпадық су түбінде сәден болып, Шықпадық бір күндерде дария толып. Сұңқардай биік шыңды мекен қылмай, Сықылды болдық қарға ұшып-қонып. Біз болдық өнерімізді тауысқандай, Мерт болдық айға шауып арыстандай. Байғазыдай тауда жытып, тас жастанбай, Шықылдап көзге түстік сауысқандай» деп кең даланы ен жайлаған бейқам елдің мүшкіл халін айтып, берекесіз тіршіліктің мәнсіздігіне налиды. Тығырыққа тап болған халықты жарық болашаққа бастайтын ұлт зиялыларына, соның ішінде Ж.Ақбаевқа сенім артады.

Ж.Ақбаевтың қоғамдық қызметін терең зерттеген ғалым, қоғам қайраткері М.Құл-Мұхаммедтің: «Отаршыл шенеуніктердің аса зор өкінішіне ќарай, ХХ ғасырдың басында далада осындай адамдар пайда бола бастады. Ж.Ақбаев сондай адамдардың бірі болса, білімі терең және барынша батыл болѓан ол халықтың қанын сүліктей сорған зорлықшыларға тау селіндей тасқындап, шүйлікті» деген пікірі қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі, Алаш арысының ел үшін атқарған ер еңбегін, ұлтжандылық тұлғасын анық танытады.

«Қазақты жүруші едің қойдай бағып» өлеңінде Қарқаралы петициясының маңызын, осы іске ұйытқы болған Алаш азаматтарының елдік жолындағы қызметін:

Жазылды жәрмеңкеде патшаға дат,

Мұнан соң мәшһүр болды бұл ғазағат.

Тоқтамға жұрт қатарлы елді сұрап,

Жанақтан болсын деген келді рұқса.

Қазақты жүруші едің қойдай бағып,

«Қабаған» сәттерінде қоңырау тағып,

Халықты аяй тұғын асыл заттар.

Бір-екі тұйғын ұшты қанат қағып.

Ұшқан жоқ ол тұйғындар қызыл үшін,

Соқты ғой дін мұсылман қызығы үшін, –

деп бағалаған ақын дүниетанымына, шығармашылығына 1905 жылғы бірінші орыс төңкерісі де айрықша ықпал етеді. Ол оның саяси-әлеуметтік поэзиясына жаңа үн, жаңа сарын әкелді деп айта аламыз.

«Адал мінез, ақ кәсіп,

Үйде отырып қорланбай,

Ашық тұр ғой кең есік —

Кіріп хаққа жылайық!

Қаршыға аңдып қоянды,

О да шошып оянды,

Кел, ұйқыдан тұрайық!» – деп ұлттық ояну ұранына өзіндік үнін қосады.

Бұл өлеңде Нарманбеттің 1905 жылы қандай бағыт ұстанғаны, қандай мақсат көздегені айқын көрінеді. Ол сол кездегі барша көзі ашық, көкірегі ояу ұлт зиялылары сынды заман ағымы, қоғам өзгерісіне сергек қарады. Сол себепті де қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып, өз дәуірінде барша Алаш азаматтарын толғандырған қоғамдық және әлеуметтік мәселелерді батыл көтерді. Ол империялық отаршылдық саясаттың әдейі жасап отырған рулық тартыстарды, олардың халықтың бірлігіне нұқсан келтірген кереғар әсерін, еліміздің алауыздығын, сол кезеңдегі қоғамдық қайшылықтарды сынай отырып, халықты оқу-білімге, рухани оянуға шақырды. Нарманбет қазақ қоғамының тарихи-әлеуметтік қайшылықтары шиеленісіп, дами бастаған кезде қызмет жасады. Ол өзінің шыншыл да, өткір поэзиясын сол қиыншылықтарды шешу мақсатына арнады. Сол арқылы қоғамдық дамуды жеделдетуді көздеді. Туған халқына болашаққа қарай жөн сілтеуді арман етті. Мұны өзінің ақындық, азаматтық борышы деп түсінді. Ағартушылық бағыт тұтынды. Ол Абай айтқан “Қалың елің, қазағың, қайран жұртың” жанымен сүйді, оның жарқын келешегі – жастарына үмітпен қарады. Жастардың келешегіне үмітпен қарағанын “Жастарға” деген өлеңі толық аңғартады. Аталған өлеңде жастарға ескерту жасап, ақыл айтады. Оларға ұран тастап, оқу-өнерге шақырады. “Халқымыздың сәуле алатын жарығы болуға тырысайық, ол үшін сегіз қырлы, бір сырлы болайық, менмендіктен, шуылдаған, пайдасыз бос жүрістен қашайық” – деп ой түйеді.

Ұлы ақын өзінің өскен ортасынан халықтың қамқоры, адал қызметшісі бола алатын жаңа адамды іздейді. Жалпы, Адам деген атты қалай ақтау керек екендігіне әркез ой жүгіртеді. Адамдықтан тікелей мағына іздейді. Ақынның жас шағы мен толысып, кемелденген кездегі шығармашылық өнеріне ортақ барлық тұста бірдей көрініп отыратын ұғымды бейне – шын мәніндегі АДАМ. Ақын адам болып туғаннан кейін осы қасиетті, ұлы атақты атқаруды ең асыл да абзал міндет-борыш деп танып, оны барлық уақытта бірдей қадірлеп, қастерлейді. Ақын адамгершілікті, ар-ұжданды ақтау үмітін өзінің жаны сүйген адамдарына – жастарға артады. Оларды үнемі ізгілікке шақырады. Өнегелі жақсы істерге баули түсуді көздейді. Оны ақынның “Құс болсаң, ақылға бай байғыз болсаң” және “Жастарға” деген өлеңдерінің жолдарынан аңғарамыз.

Ақын жатып ішер жалқаулықты қатты сөгеді. Ол адамға не керек деген сұрауға:

Адамға абырой мен тірлік керек,

Ұят, намыс, нысап пен бірлік керек.

Ғылым біліп, ілгері басуды ойлан,

Еңбек қып ерінбестен болып зерек, — дейді.

Осы адал кәсіп, еңбек істеумен байланысты ақын тағы да адам болу, адамгершілік мәселесін қайыра көтеріп, оны басты мәселе етіп қояды. Өмірге адам деген атты алып келген соң өмірден адамдыққа лайық орын ала білу керек дейді.

…Қалған өмір тым қысқа,

Артыңа қалдыр бір нұсқа,

Босқа жүрме дарылдап.

Бас аяңда, қарғыма,

Қарап тұрған халқыңды

Қайратыңа зар қылма!

—————————-

Отыр енді, ойлан!

Ойын емес, толған!

Алтының болса, ал!

Ортаға сал!

Шірімесін қоймаң,

Шығар сыртқа!

Шарап бер жұртқа!

Шөлдеген ішіп,

Татсын тойған!

Бұл өлеңде ақын ұл деп өсірген халқыңның кәдесіне аспадың, осынша жасқа келіп өлімге таянғанша артыңа нұсқа қалдыра алмадың деп өте терең мағыналы сұрау беріп, өзін-өзі тергеуге алады. Өткен өміріне көңілі толмайды, адам деген атты босқа алып, текке жасап келдің дейді. Ендігі қалған “қарға адым” ғұмырыңды жөндеп өткіз, халқыңның ұл туды деген тілегін ақта, өскен ортаңнан білгеніңді аяма, олардың “Тандыры кеуіп шөлдеген” шөлін қандыруға бар күш-қуатыңды сарық, қажетіне жара деп өзіне-өзі қатал да жауапты талап қояды.

Ақын халқының шын ұлы болуы үшін тек қана өз басының білімді болуы жеткіліксіз деп қарайды. “Қасірет бір үлкен тау” дейтін өлеңінде:

…Бауырында бір кені бар,

Ғылым, сабыр сары алтын,

Тәптіштеп егер бір білсең,

Халыққа қалай жаярсың, — деп ғылымды үйренудегі басты мақсат халықтың керегіне жарату, басқаға үйрету деп біледі.

Ақын 1905 жылы Қарқаралы қаласында қазақ балалары үшін екі кластық мектеп ашылуына қатты қуанады. “Мектеп бастығына” (Ахмет Байтұрсыновқа арнап) деген құттықтау өлең оқиды. Осы жаңалық, құбылыстың өзі ақынға үлкен ой салып, бір кезде “әждаһаға” теңеген патша үкіметіне ырзалық сезімін білдіргендей болады:

Үкімет бізді ойлайды-

Түзеліп түрге енсін деп.

Басқа халық секілді

Өнерлі болып жүрсің деп.

Ғылым, өнер үйреніп,

Жарық сәуле көрсін деп…

Мұны өнерлі елдің қатарына жетуді көздеген игі мақсатының аз да болса көрініс беріп, жүзеге аса бастауына баспалдақ болған мектептің ашылуына қуанып, шаттанған кездегі ақын ойының бір сәттік көрінісі деп тануымыз керек.

Ақын – ең алдымен өз елінің адал қызметшісі, оның қуаныш-күйінішіне ортақ адам. Ол сондықтан да өзінің ортасында болып жатқан оқиғаларға көз жұмып қарап жайбарақат отыруға тиісті емес. Елінің замана талабына сай әрекет жасап алға ұмтылудың орнына, құлдилап кері кетіп бара жатқанына да қатал сыншы, сақ күзетшідей қарап, тиісінше баға беріп отыруға міндетті.
Нарманбет еркіндікті, бостандықты, теңдікті аңсаған ақын. Ол сол үшін өмір бойы күресіп өтті. Өзінің осы күрес жолындағы ұстаған бағытын өлең өрнегіне түсіріп, жұртшылықтың санасына жеткізу болатын. Олар: оқу-өнерді пайдалылығы, адалдық, адамдықты жоғары ұстау, кедей-кепшікке қиянат жасамау, жалқаулық пен арамтамақтықты, қиянатшыл би-болыстар мен орыс әкімдерін сынға алу және мұсылмандық-имандылықты сақтау болатын. Ақын осы санамалап көрсеткен жайларды өз шығармаларына арқау ете отырып, халықтың санасын оятуды көздеді.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ