14 наурыз қандай күн?

0
4175

Көрісу күні қайдан шықты? Бұл күн неге 14 наурызда тойланады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік. Әлқисса…

Еліміздің батыс өңірі Наурызды елден ерек қарсы алады. Маңғыстау, Атырау облыстарында тегіс, Орал, Ақтөбе облыстарының кей бөлігінде, көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор, Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған жерлерінде Наурыз айы мерекесі ретінде осы айдың 14-күнінен бастап, «Көрісу» салты басталады. Кей жерлерде «амал» деп те атайды. Кейбір деректер бойынша мұны Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша көрісу (яғни, қауышу) күні деп атайды.

Интернеттегі «Уикипедия» ашық энциклопедиясындағы мәліметке сүйенсек, 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И.Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде юлиан және григорий күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді. Декретте көрсетілгендей, 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл — Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі 1918 жылдан бері қарай 14 наурызда көрісіп келеді деуге болатын сияқты.

Бұл көрісу дәстүрі тек батыста ғана емес, бұрындары еліміздің көп жерлерінде болғанға ұқсайды. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14-март — ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты — ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» — деген.

Сонда көрісу дәстүрі тек батыста емес, барлық жерлерде де болған, тек бертін келе халық ұмытып кеткен, отаршыл саясат ұмыттыруға тырысқан. Бірақ осы батыс аймақтарда ұмытылып көрген емес. ХХ ғасырда ел шұбырған аумалы-төкпелi заманда сан қазына түбiрiмен құрып, ұмытылып кеткені шындық.

Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн көшпелi жұрт тоғыс атаған ғой. Наурыз айында тоғыстың келетін тұсы да осы күндерге келетін болса керек. Халық сенімінде 14-інен 15-іне қараған күнi қой құмалағы қарға батып кетсе, жақсылыққа санап, ырым еткен. 15-i күнi халық қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептеген екен.

Бұл күн — «Пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиді» деп адамның адаммен, жылдың жылмен көрісетін күні.

Бұл күннің тағы бір ерекшелігі бар. Көрісу күні бұрын-соңды бір-біріне өкпе-назы бар ағайын-туыс араздастықты жойып, татуласып, табысады. Төс қағыстырып, мал-жанының амандығын сұрасып, қыстан аман-есен шыққандықтарына тәубе келтіреді.

Амал таңын қарсы алған әрбір үй ертемен есіктерін ашып қойып, жақсы тілектер тілейді. Ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады.

Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда ауылдағы үлкен кісілердің қолын алып, сәлем беруге тиіс.

Жағдайы бар адамдар бір малын сойып, қазанды толтырып ет асып, Наурыздық жасайды. Ал соятын малы жоқ адамдар қыстан қалған сүр етін асады. Амалда адамдар көрісіп келер деп сақтап қойған шұжығын, үлпершегін асатындар бар. Үлпершек — мал жүрегінің сыртындағы қапшығы. Қазақтар үлпершектен шұжық сияқты дәмді тағам дайындайды. Оны дайындау үшін екі жағындағы құлақшаны кесіп алып, қаны әбден сорғыған жүректің жіңішкелеу жағын тіліп, ішіне ұсақтап туралған ет пен іш май тығылады. Содан соң тілінген жағы мұқият тігіледі. Қазанға салып үстіне су құйып, тұз қосып қайнатады. Суығаннан кейін қиялап турап, табаққа салып, бетін көк жуамен әсемдейді.

Амал күні қазан толы, қарын тоқ болсын деп салынатын сүбе қабырғасымен тұтас ішекке тығылған қазы да көрісіп келгендердің бір сыбағасы. Сонау күздің басында шыжғырып шыны ыдысқа құйып сақтаған, түсі сап-сары бояудай қанық сары майдың дастарқанға қойылатын күні де осы кез. Тары қайнатып, бидай қуырып талқан, жент жасалады. Мұндай мүмкіндігі жоқ үйлер қазанға май қатып күріш, жармасын салып, «қазан толы болсын» деген ырыммен көже асып қояды. Көпшілік үйлер бұл күні жеті шелпегін пісіріп, иіс шығарып, бауырсағын пісіреді.

Он төртінші наурыз ел ішінде отбасылық мереке есебінде ешқашан үзіліп көрген емес. Бұл күні ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-құрбы бір үйден бір үйге барып, ең жақын, сыйлы үлкендеріне жақсы шапан, көйлек-жаулық әкеліп, көрісу дағды-дәстүрге айналған.

 

Балпақ іннен шыққан күн

Қар еріп, көктем шыға бастағанда, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, жан-жануар, тіршілік атаулы ұйқыларынан оянатыны белгілі.

Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, қыс бойы ұйқыда жатқан балпақ оянып, інінің аузына шығып, басын қылтитып далаға қарайтын көрінеді. Осы кез 14 наурызбен тұспа-тұс келеді екен. Бұл көріністі далалықта, құмдауыт жерлерде бақылауға болады.

Амал деген не?

Наурыз мерекесіне байланысты «амал кірді», «амал келді» деген сөз тіркестері айтылып жатады. Сонда «амал» деген не?

Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал — Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы болып табылады. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. «Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенінен шыққан. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ