Бала тәрбиесінің кезеңдерін білесіз бе?

0
2134

Бала тәрбиесі бір-екі жылда бітетін оңай шаруа емес. Екі дүниеде бақытты болатын, әрі ел-жұрты мен ата-анасына пайдалы азаматты жетілдіру ұзақ жылдық еңбекті талап етеді. Сондықтан тәрбие жұмысын кезеңдерге бөліп қараудың мәні зор. Педагогика ғылымымен арнайы айналысып жүрген мамандар немесе осы саланың ізденушілері мен зерттеушілері болмаса, көп ата-ана бүгінде тәрбие кезеңдеріне жеткілікті мән беріп жүрген жоқ секілді. Тәрбие саласының мамандары бұл жұмысты әр қилы кезеңдестіреді. Мысалы, Абдуллаһ ибн Сайид әл-Фалих «Балалар тәрбиесі» деген еңбегінде тәрбие ісін үш кезеңге бөледі:

*Баланың ата-анасы үйленбей тұрған кезден 7 жасқа дейінгі кезең;

*7 жастан 14 жасқа дейінгі кезең;

*14 жастан 21 жасқа дейінгі кезең.

Бұл кезеңдердің әрқайсысында көңіл бөлінетін мәселелер бар. Мысалы, алғашқы кезеңде балаларға ізгі ана таңдау, өмірлік жарына қосылар кезде Алланың есімін еске алу, баланың өмір сүретін ортасына, көршілеріне мән беру, жүкті әйелдің, яғни болашақ ананың сөздеріне, істеріне, күнделікті әдет-дағдыларына көңіл бөлуы, туылған баланың таңдайына құрма шайнап салу, құлағына азан шақырып ат қою, балаға мағынасы бар, жақсы ат қою, оған арнап ақиқа құрбандығын шалу, баланың иманды, білімді, ақылды болып өсуін тілеп дұға ету, т.б көптеген міндеттер атқарылуға тиіс.

 Екінші кезең баланың жеті жасқа толған шағынан басталады. Бұл – жас баланың ақылы кіріп, айналасында болып жатқан істерге мән бере бастайтын, көрген, білген, естіген нәрсесін қағып алып, есіне сақтайтын ең бір алғыр уақыты. Ұл-қыздарымызға әдеп негіздерін, көркем мінез бастауларын үйретуді осы кезеңнен кешіктірмеген жөн. 

Осы кезде балаға бірте-бірте Жаратушы иеміз туралы, сүйікті Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) жайлы түсіндіре бастаудың, қалыптасып жатқан жас шыбықтай баланы намаз, ораза секілді құлшылықтарға бейімдеудің, оған мұсылманның кәлимасын, Құранның қысқа сүрелерін жаттатудың да берері мол. Осы шақта балаға жақсы мектеп, жақсы ұстаз таңдаудың да бала тәрбиесіне әсері үлкен. Сондай-ақ перзентіміздің кімдермен дос болып жүргенін, қандай ойын ойнап жүргенін, теледидардан немесе компьютерден не үйреніп жүргенін бақылау да осы кезеңнің еншісіне жатады. Бала-шағамызды өтірік, өсек, мақтаншақтықтан, ысырапшылдықтан, өзге де жексұрын мінездерден сақтау да осы уақытта ескеріледі.

 Үшінші кезең баланың он төрт жасқа толуымен басталады. Бұл, әрине, перзентіміздің балиғат жасына толатын кезеңі. Осы кезде оларды мінез-құлқы қалыптасып, түрлі психологиялық-физиологиялық өзгерістерге ұшырап, ұл бала өзінің еркек екенін, ал қыз бала өзінің әйел заты екенін саналы түрде сезіне бастайды. Балалар ешкімге, тіпті өз ата-анасына тәуелді болғысы келмей, өзінше жеке шешімдер қабылдауға тырысады. Бұл кезде баламен достай сырласудың, оның ой-пікірлерімен санасудың, оның көзқарасын құрметтеудің пайдасы мол. Бұл кезеңде, әсіресе, қыз баланың тәрбиесі үлкен жауапкершілікті, көп еңбекті талап етеді. Бұқар бабамыз: «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы» деп толғаған. Шал ақын болса, бір өлеңінде: «Қыз он беске келгенде мау тартады, Ата менен енеге жау тартады. Екі көзі, ел көшсе, төңіректе, Шарасыздың күніне жүк артады» деп біраз шындықтың басын ашады. Бұл кезеңде бала-шағаны бәледен, жаладан, кесірден, кесапаттан сақтаудың бірден бір жолы – оларды құлшылыққа баулу. Өйткені ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Сен нәпсіңді құлшылыққа салмасаң, нәпсің сені күнәменен әуре етеді» деген.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ