Көпшілік алдында сөйленетін сөздің ерекшелігі

0
1695
Freepik.com

Әдеби тілдің нормасына, тіліміздің грамматикалық нормасына сай
келмейтін, күнделікті өмірде қате қолданылып жүрген кейбір сөзқолданыстарға тоқталайық:

1. Жасы үлкен адамға қатысты «жасар» деген форма қолданылмайды. Әдетте бұл сөз кішкентай балаларға қатысты айтылады. Мысалы: «екі жасар бала», «сегіз жасар бала». Ал жасы үлкен кісілер туралы «сексен екі жасқа толған», «жасы сексен екіге келген» деп айтылады.

2. «Мен бару керекпін», «біз бару керекпіз» деп қолдану дұрыс емес.
«Менің баруым керек», «біздің баруымыз керек» деп қолданған жөн.

3. Көшпенді ме, көшпелі ме? «Көшпенді халық», «көшпенді мәдениет» деген дұрыс, ал «көшпелі» сөзін «көшпелі вагондар» деген сияқты қолданыстарға қоюға болады.

4. «Америкалық», «италиялық» деген дұрыс. Ал арасына «н» дыбысы қосылып кеткен «американдық», «итальяндық» деген қолданыстар – орыс тіліндегі сөзді тура аудару.

5. Көптік мағынадағы сөзбен тіркескен заттық мағынадағы сөзге көптік жалғауы жалғанбайды. «Бес-алты оқушы» («бес-алты оқушылар» емес), «он шақты қой-ешкісі бар» («он шақты қой-ешкілері» емес), «көптеген ұлт» («көптеген ұлттар» емес), «барлық адам» («барлық адамдар емес) деп қолданылады.

6. «Саламат» па, «салауат» па? Біз «саламатсыз ба» деп амандасамыз, оның жіңішке формасы «сәлеметсіз бе» нормаға айналды. Біз «салауатсыз ба» деп амандаспаймыз ғой. Олай болса, «салауатты өмір салты» – қате қолданыс. «Саламатты өмір салты» болу керек. Ал «салауат» деген сөз «рақым», «кешірім» деген ұғымға жақын келеді.

7. «Отбасы» деген сөз орыс тіліндегі «семья» деген сөздің ұғымын береді. Ал қазіргі кезде жиі қолданылып жүрген «жанұя» сөзі – жасанды, біздің мәдениетімізге жат сөз.

Анар Фазылжан

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ