Балуан Шолақ (Нұрмағанбет Баймырзаұлы) туралы мәлімет

0
2700

Балуан Шолақ (шын аты – Нұрмағанбет) Баймырзаұлы дарынды композитор, ғажайып әнші, ат құлағында ойнайтын шабандоз болған. 35 жасында 51 пұт (816 кг) кірдің тасын көтеріп, жұртты қайран қалдырған.

Араға 14 жыл салып, яғни 49 жасында 1 тонна 70 келі тартатын тасты көтеріп, әудем
жерге апарып қойған екен. Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінде балуанның тұлғасы айрықша суреттеледі.

Онда: «Жұрттың айтуынша, Балуан Шолақ атан өгізді бұзаудай арқалап әкетеді, етіне темір қысқаш батпайды, білектей темірлерді сымдай бұрайды, асау атты жалғыз ұстап үйретіп мінеді. Аттың үстінде зәулім қорғандардан мысықтай қарғиды, ағаш үйдің қабырғасын басыман сүзіп құлатады, дария көлдерден үйректей жүзіп етеді, жүгіргенде жөбішенді атқа жеткізбейді, бір жеуіне бір тайдың еті жұқ болмайды, киімді салдарша малынып киінеді, ер-тұрманы – жарқыраған алтын мен күміс. Сөйлесе кетсе, алдырмайтын шешен, қасарысқан адамына мейірімсіз, досына қоң етін кесіп берсе, қыңқ демейтін шыдамды. Дауыс біткеннің әншісі, саусақ біткеннің домбырашысы және сырнайшысы, жүрген жері – ойын-­сауық…» – деп келтіреді.

Міне, осындай жан-жақты өнер иесі болған Балуан Шолақ туралы фильм түсірілді. «Қазақфильм» басшылығы бұл жобадан жақсы туынды шығатынына сенім білдіріп отыр. Олайдейтініміз, фильмнің сценарийін кинода ойып алар орны
бар жазушы, драматург Дулат Исабеков өзінің «Жаужүрек» пьесасы негізінде жазған.

«Балуан Шолақ» фильмінің режиссері Н.Садығұлов: «Мен Балуан Шолақ тұлғасына Өнер академиясында оқып жүргенімде қатты қызықтым. Балуан Шолақтың бойындағы
ақындық, серілік, әншілік, оның Отанға деген махаббаты әрқайсымызға үлгі боларлық. Меніңше, бүгінгінің жастары Балуан Шолақтай ерді білуге тиіс», – дейді.

Балуан Шолақ бейнесін экранға алып келу – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Түсірілім тобы балуанның тұлғалық қасиетін түсіріп алмай, биік дәрежеде көрсетуді мақсат тұтқан. Сол себепті түсірілім тобы балуанның ұрпақтарымен тілдесіп, оның тағдырын зерттеп, мол ақпарат жинады…

Режиссер фильмнің бас кейіпкері – Балуан Шолақ рөліне актерді көп іздеген. Кастингке кәсіби актерлермен қатар спортшылар да қатысқан. Бірінің дене пішіні сәйкес келмесе, екіншісінің образ жасауда шеберлігі жетпеген.

Көп сынақтан соң Балуан Шолақтың рөліне актер Еркебұлан Дайыров бекітілді. Балуанның образына сәйкес келуі үшін актер күрестен дәріс алып, он келі салмақ қосыпты. Е.Дайыров: «Ұлт мақтанышына айналған Балуан Шолақ образын жасау – әркімге бұйыра бермейтін бақ. Бұл рөл физикалық және психологиялық тұрғыдан қиынға соғатынын жасырмаймын. Алайда образды алып шығатыныма сенемін» – деді.

Дереккөз:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова
    Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева
  2. Айнұр Исаеваның «Балуан Шолақ» фильмі немесе «қазақтың бұлшық еті» туралы туынды» мақаласы

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ