Ілияс Есенберлиннің өмірі туралы мәлімет

0
6057

Мен ең бірінші ма­те­ри­ал жи­най­мын. Де­рек­тер із­дей­мін. Ай­ғақ­ты уақиға­лар­ды қа­рай­мын. Ха­лық фоль­кло­ры­на сүй­ене­мін. Жаз­ба бе­тін­де қан­дай
шы­ғар­ма­лар бар, со­ның бар­лы­ғын қо­лым жет­кен жер­ге дей­ін зерт­тей­мін,
оқи­мын, бі­рі­мен-бі­рін са­лыс­ты­ра­мын. Сосын алдымен ойға салып, миы­ма
жаза­мын…
                                                                                                        Ілияс Есен­бер­лин

Ілияс Есен­бер­лин – қа­зақ әде­бие­ті­нің ға­на емес, қа­зақ хал­қы та­ри­хы­ның тө­рі­нен лайықты орын ала­тын да­ра тұл­ға. Олай деуі­міз­дің бір­не­ше се­бе­бі бар. Қа­зақ ханды­ғы­ның бос­тан­дық пен тәу­ел­сіз­дік жо­лын­да­ғы кү­ре­сі та­қы­ры­бы­на қа­лам тарт­ты. Қа­лам тар­тып қа­на қой­ған жоқ, өзі­нің эпи­ка­лық құ­ла­шы, ха­лық өмі­рі­нің сан алу­ан қы­рын кең қам­туы, қа­зақ та­ри­хы­ның ке­мең­гер кө­сем­де­рі­нің қай­таланбас бей­не­сін сом­дауы жа­ғы­нан өз­ге ту­ын­ды­лар­дан оқ бойы ал­да тұр­ған тала­нт­ты шы­ғар­ма­сы – «Көш­пен­ді­лер» та­ри­хи три­ло­гия­сын дү­ние­ге әкел­ді. Бү­гін­де дү­ниежү­зі­нің көп­те­ген тіл­іне ау­да­ры­лып, әл­де­не­ше рет ба­сыл­ған жа­зу­шы­ның осы ең­бе­гін хан­дық дәу­ір­дегі қа­зақ өмі­рі­нің эн­цик­ло­пе­дия­сы де­сек, ар­тық айт­қан­дық бо­ла қой­мас.
                                                                                                   Нұр­сұл­тан На­зар­ба­ев

Ме­нің қа­зір та­рих­қа кө­бі­рек кө­ңіл бө­ліп жүр­ге­нім не­лік­тен? Қа­зір­гі өмір­дің ма­ған қы­зық­сыз бол­ған­ды­ғы­нан ба? Жоқ, мүл­дем олай емес! Мен қа­зір өт­кен­ге кө­бі­рек қа­рай­мын, се­бе­бі… ме­нің ой-өрі­сім те­рең­деп, қы­зық­ты бо­лып ке­ле­ді. Өйт­ке­ні ағаш би­ік­теп өс­кен сай­ын оның та­мы­ры жер­ге те­рең­деп, бой­лай бе­ре­ді ғой. Адам да сон­дай. Ол бо­ла­ша­ғын не­ғұр­лым кө­бі­рек ой­ла­са, өт­ке­нін со­ғұр­лым кө­бі­рек біл­гі­сі ке­ле­ді. Олай ет­пей­ін­ше, бо­ла­шақ­ты жа­сау мүм­кін емес.
                                                                                                    Ілияс Есен­бер­лин

Білгенге маржан. ­Әкем­нің өмі­рі өте қи­ын бас­тал­ған. Ол то­ғыз жа­сын­да ата-ана­сы­нан, өз үйі­нен ай­ыры­лып, бір ті­лім нан­сыз қа­лып, бас­қа же­тім­дер­мен бір­ге кө­пір­дің ас­тын­да, жа­сыры­нып күн кеш­кен. Аш­тық пен су­ық­тан әб­ден өлу­ге тая­ған оны тау­ып алып, ба­ла­лар үйі­не ор­на­лас­тыр­ған. Оқып, ба­ла­лар үй­ін­де тәр­бие­лен­ген соң, әкем жұ­мыс­шы фа­куль­те­ті­не оқу­ға тү­се­ді, 1940 жы­лы «Тау ин­же­не­рі» ма­ман­ды­ғы бой­ын­ша Қа­зақ тау-кен ме­тал­лур­гия­лық инс­ти­ту­тын аяқ­тай­ды. Со­ғыс бас­та­лып, әкем­ді май­дан­ға
ша­қыр­та­ды. 1943 жыл­дың ая­ғын­да ка­пи­тан ла­уа­зы­мы­ның ие­ге­рі бол­ған әкем ау­ыр
жа­ра­қат алып, бір жыл гос­пи­таль­да жа­тып ем­дел­ген соң, Ал­ма­ты­ға ора­ла­ды. Со­ғыс
ке­зін­де жаз­ған бір­не­ше көр­кем шы­ғар­ма­сы 1945 жы­лы ал­ғаш рет жа­рық көр­ді.
(Қо­зыкөр­пеш Есен­бер­лин).

Ілияс Есен­бер­лин­мен ты­ғыз ара­лас­қан жа­зу­шы Қаб­деш Жұ­ма­ді­лов: «Ме­ні
ал­ғаш­қы қы­зық­тыр­ға­ны – Ілияс Есен­бер­лин­нің өзі емес, «еш­кім­ге ұқ­са­май­тын,
не­міс­тің бір емес, Эс­сен жә­не Бер­лин де­ген екі үл­кен қа­ла­сы­ның атын бі­рік­ті­ріп тұрған фа­ми­лия­сы», – де­ген екен.

Ілияс Есен­бер­лин қай өңір­де ту­ып-өс­ті?

Ілияс Есенберлин 1915 жылы қазіргі Ақмола облысы Атбасар қаласында туған. Әкесі ағаш шебері болған. Бірақ өмірдің қиындығынан алдымен әкесі, содан соң шешесі қайтыс болып, інісі Раунақ екеуі жетім қалады. Туыстары Раунақты асырап
алады да, Ілияс жетімдер үйіне түседі. Сол уақыттағы елімізді жайлаған аштық кезеңін басынан кешіреді. Көп ұзамай жетімдер үйі жабылып қалғандықтан, туыстардың үйінен мектепке қатынап оқиды. Мектепте жүргенде-ақ қабырға газетіне  өлеңдері жарияланып, әдебиет, химия, физика, сызу, математика, бейнелеу өнері сабақтарын қызығушылықпен оқиды, алуан түрлі ертегі де шығарады. Мектепті тамамдағаннан кейін, жұмысшы факультетіне қабылданады. Жоғары оқу орнына түсуді армандаған Ілияс Алматы қаласындағы Қазақ тау-кен металлургия институтына түсіп, оны 1940 жылы бітіреді.Жезқазғанда жұмыс істеп жүріп, әскерге шақырылады. Әскери борышын
өтеп жүргенде Ұлы Отан соғысына алынып, майданда ауыр жарақаттанады.

Жа­зу­шы­ның өмір жо­лы қан­дай бол­ған?

І.Есенберлин 1944 жылы Алматыға оралады. 1947–1951 ж.ж. Қазақ
мемлекеттік филармониясының директоры қызметін атқарады. 1937 жылы
атылып кеткен Хамза Жүсіпбековтің (әділет халық комиссары болған кісі) қызына үйленгені үшін қудаланып, 1951 жылы 5 жылға бас бостандығынан айы­­­­­­рылады. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары жөнінен тау инженері ретінде өтейді.

Ақталып келген соң, 1953–1954 жылдары ҚР Геология министрлігінде аға инспектор, 1954–1955 жылдары Берсүгір шахта басқармасының (Ақтөбе облысы) бастығы болды. 1955–1957 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, 1958–1967 жылдары «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі, 1967–1971 жылдары «Жазушы» баспасының директоры қызметтерін  атқарады. 1971–1975 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болып істейді.

Ілияс Есен­бер­лин қан­дай шы­ғар­ма­лар­ды дү­ние­ге кел­тір­ді?

Құнды әрі көлемді туындыларымен танымал болған І.Есенберлин шығармашылық жолын ақын ретінде бастаған. Оның қаламынан «Адамгершілік жыры» атты өлеңдер жинағы, «Большевик туралы жыр», «Біржан сал» трагедиясы, «Адам мәңгілік», «Сұлтан», «Айша» деп аталатын поэмалар туды. Сондай-ақ қырықтан астам әндердің сөзін жазған. 1960 жылдардан бастап, жазушы проза жанрына көшті. Алғашында оның
«Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» повестері, содан кейін
«Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар» атты көлемді романдары дүниеге келді. Ілияс Есенберлин жалпы саны 16 роман жазған.

Қаламгер «Таудағы тартыс» пьесасымен драматургия саласына да атсалысып, К.Д.Ушинскийдің «Әңгімелері мен ертегілерін» (1945 ж.), М.Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған «Қызыл дария» романын (1956 ж.) қазақ тіліне
аударды.

Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрының негізін салған жазушылардың бірі. Бұл туралы өзі: «…осы шығармалардан кейін тарихи тақырыптарға көштім. Өйткені көп жылдан бері көкірегімде жүрген арманым болатын. Жалпы алғанда «Көшпенділер» атты трилогияға кірістім. Оның алғашқы
кітабы – «Алмас қылыш», содан кейін – «Жанталас», «Қаһар». Бұл трилогиямның өзі маған оңайға түскен жоқ. Жиырмаға таяу жыл өмірімді алды…», – деп
жазған.

Ал жазушы Нұрдәулет Ақыш: «Алғашқы кітаптың мазмұны – ХІV–XVI,
екінші кітаптікі – ХVII–XVIII ғасырлардағы, ал үшіншісінің мазмұны XIX ғасырдағы қазақ даласында тарихи тұрғыдан елеулі орын алған оқиғалардың соқталы
дегендері жайында әңгімелеуге құрылған. Алғашқы кітап «Алмас қылышта» қазақ халқының халық ретінде ұйысуға қам жасап, бір замандарда Шыңғыс хан
құрған алып империяның сілемдері Ақ орда, Көк орда сияқты құрылымдардан
тәуелсіздік алуға ұмтылуы, сөйтіп өз алдына ел болу жолындағы тағдыры сөз болады.

Үш кітапта аттары аталатын тарихи адамдардың саны қыруар және олардың басым бөлігінің көркем туындыда көрінуге тиісті қырлары, яғни мінез-құлқы, ой дүниесі, дүниетанымы, сыртқы-ішкі портреттері, психологиялық ерекшеліктері бірсыдырғы жақсы ашылған», – деп жоғары баға береді.

І.Есенберлиннің ХV–ХІХ ғасырлардан тарихи сыр шертетін «Көшпенділер» трилогиясы – 30 жылдың ішінде 50 рет басылып, жалпы тиражы 3 млн данадан аса шығарылған және әлемнің 30 тіліне аударылған құнды шығарма.

Ол 1982–1983 жылдары ХІІІ–ХV ғасыр аралығындағы халқымыздың тарихын
баяндайтын «Алтын Орда» трилогиясын жазды.

Ілияс Есенберлин – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сондай-ақ «Еңбек
Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орден, медальдарымен марапатталған жазушы.

Дереккөз:  Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. Р.Зайкенова,
Р.Сакенова, Л.Н.Нұрланова, 2020 жыл.

Ұқсас материал:

  1. Сәкен Сейфулиннің өмірі мен еңбек жолы
  2. Сәкен Сейфуллин өлеңдерінің идеясы мен мәні

  3. «Қайталау» теориясы туралы түсінік


ПІКІР ҚАЛДЫРУ