7-сыныпқа арналған диктанттар жинағы

0
24181
Иллюстрация: Freepik.com

Тапсырма: Біле берген — білімді.

Егіншілік тарихында сұлыны бидай мен бидайықтың буданы деп ескерусіз қалдырып, екпей қойған кездер де болған екен. Кейінгі уақыттарда бұл дақылдың көптеген пайдалы қасиеттері бар екені анықталды.

Оның ұзынша дәнінде май бидайға қарағанда үш есе , макро және микроэлементтер екі есе көп болады екен. Ал витаминдер мен амин қышқылдарының көптігі жағынан сұлының алдына шығатын дақыл аз көрінеді. Халықтық ем-домда оның ботқасы жүрек пен бауыр ауырғанда ем деп есептелген, туберкулезбен ауырғанда оның тұнбасын бал қосып ішкізген.

Биохимиктер бұл дақылдың мұндай бірегей қасиеттері онда кремнийдің өзге дақылдардан ( күрішті айтпағанда ) сан есе көп болатынынан деп біледі. Кремний зат алмасуда , сүйек пен тістің нығаюында басты рөл атқарады. Қотыр- сотыр дендеген әлжуаз балалар сұлы диетасында бірден тыңайып, тазара бастайды. Кремний жетіспейтін болса диабетике, гипертонияға және басқа кеселдерге шалдығу қаупі күшейеді.

(Қазақ күнтізбесі)

Тапсырма:
1. Егіншілік тарихында сұлыны бидай мен бидайықтың буданы деп ескерусіз қалдырып, екпей қойған кездер де болған екен. Сөйлемдегі сөз тіркестерінің байланысу түрлері мен тәсілдеріне талда.
2. Есімше мен көсемше астын сыз.
3. «Салауатты өмір салты дегеніміз не?» Ойтолғау.

Тақырыбы: Аққулы көлде.

Жаз… Жер жүзі көгеріп, жасыл ала жібекке оранып құлпырады. Аққулы көлдің жағасында тізіле қонып алты ауыл жатыр. Жаздың алтын нұры ойнаған шуақ күні еді. Көл мөлдір сулы. Аққулы көлдің жасыл ала қамыстары көк жібекке тіккен жасыл ала өрнекті кесте сияқты.

Аққулы көлдің жағасы кілем жайнағандай балбыраған кез еді.
Көл ортасында қалың жасыл ала қамыстың айналасы айнадай жалтыраған кең жайқын. Сол жайқында аппақ боп шақиып екі-үш аққу сыланып, ақырын әсем жүзіп көлбеңдейді. Алыста бірнеше аққу ұзын сұлу мойындарын иіп, көл ортасында сыңқылдап, аппақ денесін күміс суға төсеп, әсем нәзік сұлу үнмен сыңқылдап жүзген күміс сызығынан сылдырлап, меруерт, гауһар моншақ тізіледі. Қаңқылдап ұшып-қонған қоңыр қаздар .

Шулаған сан жетпес шағалалар. Көлді айнала қорыған қара ала қанат, әдемі айдарлы, сақ құлақ қызғыштар. Көкке шығып, зыр қағып безектеп сұңқылдаған ұзын аяқ , біз тұмсық тауқұдіреттер, тағы да толып жатқан неше түрлі құстар көл басын сұлу күйлі думан қып жатты. (140 сөз)
(С. Сейфуллин)

Тапсырма:
1. Көл ортасында қалың жасыл ала қамыстың айналасы айнадай жалтыраған кең жайқын. Синтаксистік талдау жаса.
2. Етістіктерді теріп жазып, шақ,рай түрлеріне талда.

Тақырыбы: Көктем.

Көктем… Көз жетер жер тұп-тұтас көкшіл тартқан, бусанған, торғын түсті жұқа шымылдық ішінен көлеңдеп көрінгендей, рең тапқан. Аспан айрықша биіктеп, алып шатырдай күмбездене керіліп тұр. Үлбіреген көк жібек шатыр секілді, әдеттен тыс таза, мөлдір. Ақ қайыңдар іргесін қуалап бұраң қаққан бұлақтар да таза. Тастан- тасқа секіріп, әлдебір шыны сауыттан басқа бір шыны сауытқа құйылғандай шылдырай төгіліп, сыңғырлап әдемі ағады.

Тау жақ тіпті сұлу. Қолмен шанышқандай түп-түзу, тіп-тік көк бұйра шынарлар қар жамылған шыңдарға қарай, ентелеп, өрмелеп барады.

Көшедегі ағаштар тегіс жапырақ жамыла қоймағанымен, қою ағаш арасы алуан үнге толы. Жер бетінде әр түрлі дауысты әнші құстар көп-ақ екен. Оны да Жанар жаңа білді, бүгін, дәл қазір сезді. (120 сөз.) (З. Қабдолов)

Тапсырма:
1. Етістіктің рай түрлеріне қарай талда.
2. Қос сөздерді түрлеріне қарай ажырат.
3. «Көз жетер жер» тіркесіне лексикалық талдау.

Тақырыбы: Дала.

Дала шіркін, кеңпейіл, аңқылдаған мырза жігіттей бүкпесі жоқ, ашық-жарқын –ау ! Айнала тып – тыныш,тосын дыбыс құлаққа шалынбайды. Далада не шу болсын. Ұшқан құстың шырылы, жазық төсін еркін аралаған ерке желдің сусылы, ақ селеу, көде, ақ шидің әлсіз сыбдыры шу болып па!

Ақ дала сұлық түсіп, монтиып, бұйығып жатыр. Бірақ осының бәрі бір қарауға ғана. Шырқау биікте шаншылып қыран жүр. Оның кең дүниені шолуы тегін емес. Даланың иесіз, тыныш жатуы алдамшы нәрсе. Тып – тыныш мүлгіп жатқан алуан өмірде, алып дүниеде қаптаған тіршілік бар. Қыранның қалықтауы тегін болмағаны ғой.

Дала сыртынан тыныш көрінгенімен, жайбарақат жатқан дүние жоқ. Қыран көзінен дала төсінде қыбырлаған қалт кетпейді. Әне, биіктен төмен қарай тастай құлдырап, шүйіле жөнеледі. Ендеше даланың тыныш жатқаны бекер болды ғой. (121 сөз.)
(Б. Тілегенов)

Тапсырма:
1.Қыран көзінен дала төсінде қыбырлаған қалт кетпейді. – сөйлеміне синтаксистік талдау жаса.
2. Мәтіннен қатынас түрлеріне мысалдар келтір.
3. Еңбек тақырыбына мақал-мәтелдер жаз.

Тақырыбы: Аққу.

Аққу — өте ірі және күшті құстардың бірі, ол сонау көне заманнан бері сұлулық пен махаббаттың, тазалық пен нәзіктіктің белгісі болып саналады. Оны көп халықтар киелі құс санап ерекше құрметтеген.

Аққу әнші құстардың қатарына жатпайды.

Сәуір айының көгілдір аспанында үлкен ақшаңқан құстардың сұлу мойнын соза тастап, қанатын баяу сермеп бара жатуы — естен кетпес ғажап сурет. Қалың орман ішіндегі көлде оңаша жүзген аққуды көру – одан да сұлу құбылыс. Аққу суда дыбыс шығармай жеңіл жүзеді, ал астындағы су жарқырап, маржанның түсіне енеді.

Аққудың әрбір қимылы: артына бұйра толқын тастап жүзіп бара жатып кілт бұрылуы, төсімен айдынды өбіп қанатымен күміс тамшы себелеп шомылуы, ауаны қақ жара көкке көтерілуі — бұл бір қайталанбас әсем көрініс. Аққулар — табиғаттың аса ғажап және сирек кездесетін туындысы, біздің елімізде оларды аулауға тыйым салынған. (120 сөз)
(«Ол кім? Бұл не?» кітабы)

Тапсырма:
1.Сөз тіркестерінің байланысу тәсілдері мен түрлеріне мәтіннен мысал келтір.талдау жасаңдар.
2.Неліктен аққуды аулауға тыйым салынған? Өз ойыңды білдір.

Тақырыбы: Ең биік және ең жуан ағаштар.

Африка сауанында өсетін баобаб ағашы жер жүзіндегі ең жуан ағаш болуымен қатар, ең ұзақ жасайтын ағаш деп саналады. Биіктігі 18-25 метр болатын баобабтар 4-5 мың жыл бойы өсіп тұрады, ал діңінің жуандығы 25 метрге дейін жетеді. Оның қабығынан ау, қап, тіпті тоқуға келетін берік жіп иіріледі, жапырағын көкөніс ретінде жейді, жемісін тамақ ретінде пайдаланумен қатар, неше түрлі шырын-сусын жасайды. Діңінің қуысын тіпті уақытша тұрақ – баспана ретінде пайдаланады.

Баобаб ең ұзақ жасайтын әрі ең жуан ағаш болса, жер жүзіндегі ең биік ағаш деп секвойя ағашын атауға болады. Солтүстік Америкада өсетін бұл ағаштың биіктігі әлдебіреулер 100 метрден асады дейді. Диаметрі он метрге дейін жететін бұл ағаштар да мың жарым, кейде 3-4 мың жыл жасайды. Діңінің орта тұсына дейін бұтағы болмайтын, тіп –тік секвойя ағаштарының сүрегі су астындағы құрылыстарда кеңінен қолданылады. Жабайы күйінде Калифорнияда бірнеше ғасырдан өседі. Еуропа мен Азияда қазынды күйінде ұшырасады. (145 сөз)
(Қазақ күнтізбесі.)

Тапсырма:

1.Сан есімнің түрленуіне мысалдар теріп жаз.
2.Есімдіктердің астын сызыңдар.
3.Жабайы күйінде тіркесіне морфологиялық талдау.

Тақырыбы: Обал мен сауап

Бақша арасындағы жолмен аяңдап келемін. Итім алдымда келеді. Ол кенет жүрісін тежеді. Құстың иісін сезгендей , төрт тағандап бұға бастады. Мен ілгері жол бойына қарадым. Торғайдың сары жағал , ақ үрпек балапанын көрдім. Ол ұясынан құлап түсіпті. Балапан жас қанатын дәрменсіз жайып, қимылсыз отыр.

Ит балапанға ептеп жақындады. Кенет қара тамақ үлкен торғай ағаш басынан зу етіп иттің дәл алдына келіп, қонды. Байғұстың зәресі кеткен, жүнін үрпитіп шырылдауда. Иттің арандай ашылған тістері ақсиған аузына қарай бір-екі рет тап берді.

Ол жан ұшырып, өзінің балапаны үшін ажалға қарсы ұмтылды. Ол балбөбегі балапанын өз денесімен бүркемек болды. Титтей денесі қорыққанынан дірілдеп, даусы шыр-шыр ете қалды. Ол балапаны үшін өзін-өзі құрбан еткелі безектеп тұр. Оның көзіне ит қандай дәу болып көрінді десеңші! (118 сөз.)
(И.Тургенов)

Тапсырма:
1.Мәтінге тақырып қойыңдар.
2.Мәтіннен етістікті табыңдар, шақ түріне талда.

Тақырыбы: Күз.

Күзгі салымғы шуақ күндердің бірі. Танабай ауылы Ақмоланың оңтүстік жағындағы Нұра өзенінің бойындағы қыстауында еді. Өзеннің жағалары қавлың биік тал, кей жерлерінде биік ұшқат, қараған, тобылғы. Өзеннің екі жағындағы жалпақ шыққан неше түрлі өсімдіктің сары ала алтынданып әбден піскен кезі. Талдардың жапырақтары сап-сары ала алтын түстеніп ақырын сыбдырлап желбірейді.

Қарағандардың да жапырақтары сарғайып, бүршектері қызарып, құндақтары тұқым шашқан . Тікендердің жазғы ақ гүлдерінің орындарына қып-қызыл моншақтай, сабақтаған қызыл моншақ түймелердей болып итмұрындар самсаған. Қызыл тобылғылардың жасыл жапырақтары алтындай сарыланып құйылған. Өзеннің және қара сулардың жағаларындағы селдіреген қамыстардың шашақтары үлбіреп, жел соқса, ақырын ырғала желбіреп, сары үкідей болып сарғайған. Қамыстардың әдемі сыбдырлаған жапырақтары да сары ала болған. (114 сөз)

(С.Сейфуллин)

Тапсырма:

1. Салыстырмалы, күшейтпелі шырайды сызыңыздар.
2. Соңғы сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.
3. «Табиғатты аялайық» тақырыбына ойтолғау.

Тақырыбы: Теңіз үстінде 

Тымырсық ауа мен ауыр ескек Андрейканы әбден қалжыратты. Енді ол мүлде тынышсыздана бастады . Жаңа ғана мөлдіреп жатқан аспан әлемінде енді ағыл-тегіл бұлттар көше бастады .Олар бір жағынын жарқырай көрінеді, екінші жағынан қараңғылық жайып, түнеріп көрінеді. Андрейканы асықтырып отырған қартенді ескекті өз қолына алды, ауыр жүк тиелген үлкен қайық жақын жағаға қарай жөнелді. Қарт бір ескекті тастай салды да, орындығының астынан шекпенін алып киді. Белін мықтап буып алды, сонан соң қайықтың арт жағына отырды. Ескекті қайықтың қасына салбыратып жіберді де, рульді ұстады. Теңіз бетін судың мөп-мөлдір түсімен араласқан майлы толқын қаптады, оларды үстінен жөңкіле көшкен бұлттардың көлеңкесі сипай өтіп жатыр. Кенет сол көлеңке қап-қара болды да, көз жеткісіз кеңістікті түгел басып кетті. (115 сөз.)

(А.Серафимович)

Тапсырма:
1. «Орындығының» сөзіне морфологиялық талдау.
2. Зат есім, сын есімдерді көрсетіңдер.
3. Теңіз туралы не білесіңдер?

Басқа материалдар:

  1. С.Мәуленовтің «Түбірлер», «Құлын» өлеңдеріндегі автор ойын талдап жазыңыз
  2. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» драмасындағы сөз бен мінез (характер – адамның ішкі сипаты) жасаудағы шеберлігін дәлелдер арқылы талдап жазыңыз
  3. І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасындағы «Бай-бай, Құлагерім!..» жақтауындағы ақын мен тұлпар өмірі ажырамас тұтастық па?
  4. С.Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңіндегі нағыз досқа тән қасиеттерге өз көзқарасыңызды танытып, сыни талдау жасаңыз
  5. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сы туралы түсінік (І том)
  6. Мәди Бәпиұлының «Қарқаралы»,«Қаракесек» өлеңдері арқылы ақын өмірінің көрінісін талдап жазыңыз
  7. Ақан серінің «Құлагер» өлеңіндегі Құлагердің сипатын талдап жазыңыз
  8. Әсет Найманбайұлының «Салиха-Сәмен» поэмасы мен ғашықтық жырларындағы жігіт сипатын талдап жазыңыз
  9. А. Байтұрсыновтың «Қазақ салты» өлеңіндегі қазақ халқының психологиясын талдап жазыңыз
  10. М.Дулатов автор ретінде «Бақытсыз Жамал» романындағы үстем тап өкілдерін жақтаушы ма, әлде даттаушы ма?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ