Ақкенже Сариева: «Үздік педагог» олимпиадасы ұжымның бірлігін арттырды»

0
167

Әл-Фараби: «Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын,  ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі. Мейлінше, шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да — әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек».

Бар ілім мен жақсыны бойына жиған ұстаз болу қалыптаспайтынын, солай туатынын өткен сұқбатымызда жазған едік. Сондай ұстаздардың бірі және ұйымшылдықтың тамаша үлгісін көрсетіп жүрген маман, менің бүгінгі кейіпкерім — Атырау облысының Исатай ауданы, Аққыстау селосындағы жалпы білім беретін Аққыстау орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Ақкенже Сариева

Үздік ұжым

Ақкенже ханым, сізді біз ұйымдастырған «Үздік педагог» олимпиадасында жеңімпаз болғаныңызбен құттықтаймыз! Осындай жобалар педагогты қалай шыңдайды және бәсекенің болғаны қай жағынан пайдалы деп ойлайсыз?

— Қайырлы күн, рақмет! Иә, сіздер ұйымдастырған «Үздік педагог» олимпиадасына біз әріптестерімізбен бірге қатыстық. Бұл олимпиада ұжым мүшелерінің бірлігін көрсетті деп айта аламын. Әрбір мұғалім мектепке жүлде, кубок алу үшін білімдері жеткенше тырысты. Сол жағынан алып қарағанда мұндай жобалар біздің ұйымшылдығымызды арттырып, білімімізді шыңдай түсуге әсер етті.

— Жалпы біздің қоғамдағы «Үздік педагогтың» культі қандай? Оны дамыту үшін нендей ұсыныстар айтасыз?

— Үздік педогог алдымен теориялық жағынан мықты, дарынды болғаны жақсы. Одан кейін қарым-қатынас орнатуда мықты болуы керек, яғни, іскер, әріптес пен оқушының тілін таба алғаны жақсы. Осы үлгіні дамыту үшін мұғалімдерге көбірек оқушы және оның ата-анасымен, әріптестерімен ынтымақтастықты арттыра түсуі керек. Сондай-ақ, күн сайын дамып жатқан қоғамда өзін ұмытып кетпегені дұрыс. Жаңа дәрістер мен әдістерді назарда ұстауы тиіс.

— Олимпиаданың онлайн өтуі, әрине, қазіргі вертуалды заманда, қашықтықтан білім берудің дамыған шағында таң қалатын үрдіс емес. Десе де, осы онлайн жүйе қай жағынан тиімді және тиімсіз жағы бар ма?

— Бұл, ең бірінші, уақытты үнемдейді. Бұрынғыдай жобаға күн арнап, зая кетірмейсің. Сосын, бәсекелестер әр аймақ бойынша болады, яғни, республика бойынша сайысқа түсесің.

— Әрине, педагогтардың біліміне өз олимпиадаларының нәтижесі анық дәлел ғой. Ал, бізде оқушылардың пәндік олимпиадасы деген болады, иа?! Сол олимпиадаларда алынған нәтижелерді мұғалімдер жұмысының көрсеткіші деп санаған дұрыс па?

— Бұл сұраққа келер болсақ, меніңше, ол басты көрсеткіш бола алмайды. Дегенмен, ұстаз еңбегінсіз шәкірті олимпиадаға бара алмас еді, жүлдегер бола алмас еді. Яғни, баланы теориямен қаруландыратын — мұғалім. Сол үшін, шәкірт ұстаздың айнасы ғой. Қазір онлайн олимпиадалар көбейді, сондай да, мұғалімдердің кейде оқушыға көмектесуі мүмкін. Әділ емес сияқты көрінеді, дегенмен, соның өзінде оқушы қосымша білімге ие болады деп ойлаймын.

— «Адамзат баласы үшін географияны  қолданудың қаншама пайдасы бар, бүкіл халыққа пайда әкелетін ұғыммен пікірлесе аласың» дейді М.В. Ломоносов. Бірақ, мен осы жақында атақты айтыскер Айнұр Тұрсынбаеваның бір сөзінен «Мектепте бізге оқытқан физика, математика, химия, география деген сабақтардың пайдасы болмады» дегенді естіп қалдым. Осы пікірдің қайсысы шындыққа жанасады. Өз салаңыздың қоғамға келтірер пайдасына тоқталыңызшы.

— Бұл ғылымдардың өзі өмір ғой, яғни, бізді қоршаған әлем осы ғылымнан тұрады. Сондықтан, пайдасы болмауы мүмкін емес. Ақын адам, яғни, Айнұр ханым секілді шығармашылық адамдары да қателеседі деп ойлаймын.  Бұл білімдер болмаса, ақын болып ел алдына шыға алмас еді. Жер-су аттарын, қасиетті жерлерді т.б білу арқылы, тиімді жерде қолдану арқылы Айнұр елдің сүйіктісі болды деп ойлаймын.

— Өзіңіз оқушылардың үй тапсырмасын орындау кезінде олардың шамадан тыс болмауы үшін қандай жұмыстар атқарасыз? Менің байқағаным қазір берілетін тапсырманы ата-ана да, бала да орындай алмай қиналады…

— Мен көбіне сыныпта орындалған, айтылған сабақты үйде нақтылау үшін соған ұқсас немесе шығармашылық-практикалық тапсырмаларды да беремін. Ұстаз болу — өз уақытын аямайтын адамдарға оңай. Себебі, біреу үшін уақыт зая кетті демей, содан ләззат аласың. Балалардың түсінбеген жерін қайта түсіндіруден, үйретуден шаршамаймын.

— Заманауи география сабағын қалай өткізу керек? Балаларға тез әрі оңай түсіндіретін нендей амалдар бар?

— Сабақты планетарий  іспетті кабинетте өткізіп, оқушылар вертуалды саяхаттар жасаса, кездескен қиындықтарды жеңу барысында өздеріне жаңа білімдер алса деген қиял да жоқ емес. Ал, ақиқатына келсек, заманауи география сабағы практикалық мазмұнында карта, глобус, компас сияқты құралдармен жабдықталған жерде өткені дұрыс. Зерттеу алаңы болса, оқушылар сабақ сайын зерттеулердің қорытындысын шығарып отырады. Бұл бір жағынан қызықты және қоғам үшін де пайдалы болар еді. Себебі, болашақ ғалым, географтар оқушыдан шығады.

— Жауаптарыңызға рақмет! Өзіңізбен қатар шәкірттеріңіздің де жетістіктері көбейе бергей!

Автор: Қарашаш ЕСЕНБАЙ

Фото: Жеке мұрағаттан

Martebe.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ