А.Құнанбайұлының «Ескендір» дастаны бойынша дайындалған оқырмандар конференциясының сценарийі

0
3183

М.Мақатаев атындағы №140 гимназиясы 10 «Б» сынып оқушыларының А.Құнанбайұлының «Ескендір» дастаны бойынша дайындалған оқырмандар конференциясының сценарийі

Қосымша түсінік. А.Құнанбайұлының «Ескендір» дастанында баяндалған оқиға автор тарапынан берілді және оқырмандарға түсінікті болу үшін дастандағы оқиғаны рөлдерге бөліп, мұғалім тарапынан өлең шумақтары қосылды

Конференция мақсаты: Оқырмандарды А.Құнанбайұлының «Ескендір» дастанының жазылу тарихымен, мазмұнымен, идеясымен таныстыру. Оқушылардың көркем шығармаға қызығушылығын арттыру, көркем шығармаларды сахналауға бейімдеу

(Абайдың «Көзімнің қарасы» әні жай ойнап тұрады, интерактивті тақтада күз мезгіліндегі қазақ ауылының көрінісі көрсетіледі. Сахнаға Зейнеп, Алуа, Аяна шығады)

Зейнеп.

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.

Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы жүр, ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.

Аяна. Абай атамыздың күз мезгіліне арнаған өлеңін тыңдап отырып, көшпелі елдің күзгі тіршілігі мен табиғаттың жүдеу тартқан бейнесін қалай керемет шендестіре суреттеген деп таңырқап отырмын. Мен де Абай Құнанбайұлының табиғат лирикасын ұнатамын. Соның бірін оқып берейін. Ол өлең бәрімізге бала кезден таныс.

(Интерактивті тақтадан қыс мезгілі, қазақ ауылының бейнесі көрсетіліп тұрады)

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Дем алысы — үскірік аяз бен қар,
Кәрі құдаң — қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.

Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Бурадай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.

Алуа. Иә, Абай атамыздың «Қыс» өлеңін тыңдағанда, шынында үсті-басын ақ қырау басқан шал кіріп келгендей сезінесің. Табиғатқа бұлай жан бітіре, тірі бейне ретінде суреттеу қазақ әдебиетінде Абайға дейін болмаған деседі. Мен де Абай атамыздың «Жазғытұры» өлеңін оқып берейін.

(Тақтадан жаз мезгілі, қазақ даласы, өзен, көл, қалықтап ұшқан құстар, далада көсілте шапқан тұлпарлар бейнесі көрсетіледі )

Жазғытұры қалмайды ќыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал

Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойны босап.

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Түйе боздап, қой қоздап — қорада шу,

Көбелек пен құстар да сайда ду-ду.

Гүл мен ағаш майысып қарағанда,

Сыбдыр қағып, бұлаңдап ағады су.

Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,

Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.

Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,

Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз.

Зейнеп. Алуа, сенің оқыған өлеңіңді тыңдап, шынында, жадырап қалдық. Адам өмірі мен табиғат құбылыстары арасындағы үндестікті бар жан дүниемізбен сезіндік. Табиғаттың сұлулығына шабытты суреткердің көзімен қарап тамашалау ерекше екен.

Сахнаға Нұрмахат, Әбдірахмен, Сырым, Санжар шығады

Нұрмахат. Қыздар, сендердің оқыған өлеңдеріңнің әсерінен шыға алмай, тіпті,сахнаға шығатын кезегімізді ұмытып кете жаздаппыз. Рахмет сендерге! (Қыздар сахнадан шығады)

Нұрмахат. Достар, мен сіздерге Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін оқып берейінші

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазақта қара сөзге дес бермедім.

Әбдірахман. Меніңше, ақын бұл өлеңде құр өкіну мақсатында жазбаған, біздерге білім мен өнер қуатын шағыңды бос өткізбей, еңбектеніңдер деп тұрған жоқ па?! Мен де ұлы Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқып берейін.

Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз

Сырым. Иә, керемет өлең. Абай ақынның бұл өлеңінің адамды жігерлендіріп, алға сүйрейтін күші бар екен. Ендеше, мен сіздерге ақынның «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасын» оқиын, тыңдап көріңіздер

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол — ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?

Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.

Санжар.

«…Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап»,-деді-ау!.. Қандай әсерлі өлең! Арадағы ғасырлардан асып, Абайдың өзі келіп бізге арнап айтып тұрғандай. Шынында Абайдың өлеңін жай оқу мүмкін емес, оның астарындағы ойы еліктірмей қоймайды. Ал мен сіздерге Абай ақынның шәкірті Ш.Құдайбердіұлының бір өлеңін оқып берейін

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық.

Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!
Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!
Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,
Жалыналық Абайға, жүр, баралық!

Білімді сол кісіден ізденелік!
«Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік.
«Өмір зая болмастық өнер үйрет,
Ақылыңды аяма бізге» делік.

Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.
Тегін білсең –аласың, бос береді,
Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан.

Нұрмахат. Санжар, бұл Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жастарға» өлеңі ғой. Әкесі өмірден ерте өткен Шәкәрімге Абай әкелік қамқорлығы мен ұстаздық қамқорлығын көрсеткен. Шәкәрім жастарды өзінің ұлы ұстазынан үйренуге шақырады. Біздің бүгінгі дайындаған оқырман конференциямыз да «Әр түрлі асылы көп», керек еткен адамға тегін беретін ақыл сатқан «саудагер» атамыз, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналады.

Абдрахман. Алаштың аяулы азаматы А.Байтұрсынұлы да Абай жайында: «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлы. Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ»,-деп баға береді.

Сырым. Қазақтың бас ақыны, ағартушы, жазба қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор,аудармашы, саяси қайраткер, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған оқырмандар конференциясына қош келдіңіздер!

(Сахнаға Ілияс, Зейнеп, Бекжан шығады)

Ілияс. Абай Құнанбайұлы – қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихында дараланып тұрған Ұлы тұлға. Қазақ жерінің ақыны, данышпаны көп болғанымен, Абайы біреу-ақ. Абайы бар ел қай халықпен де терезесін теңестіре алады. Ол – қазақтың бір жерінде туып, бар жерінің туын ұстап тұрған кемеңгер.

Зейнеп. Дұрыс айтасың, Ілияс! Біздің бүгінгі кешіміз Абай сынды дара тұлғаға арналғандықтан, дана бабамыздың өмірі мен шығармашылығынан мәлімет бере кеткеніміз дұрыс болар.

Ілияс. Әрине, дұрыс болады

Бекжан. Зейнеп, Ілияс, бұл ойларың дұрысына дұрыс қой. Біз жалпы Абай атамыздың өмірбаянымен, шығармашылығымен әр сыныпта танысамыз. Өлеңдерін жатқа айтамыз, музыка сабағында әндерін шырқаймыз. Осы залда отырған әр оқушы біз қазір таныстырмақшы болып отырған мәліметтермен жақсы таныс.

Ілияс. Онда не істейміз? Мына(интерактивті тақтаны нұсқайды) дайындаған мәліметтерімізді айтпаймыз ба?

Зейнеп. Мен таптым. Біз осы мәліметтерді сұраққа айналдырайық. Әр сыныптан бір оқушы сахнаға шықсын, біз оларға Абай Құнанбайұылың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақ қояйық.

Бекжан. Білімімен дараланған достарымызға сыйлық берейік.

Ілияс. Ендеше, өзіне сенімді оқушыларды сахнаға шақырайық. 10А, 10Ә және 10В сыныбынан бір бір оқушы сахнаға шықсаңыздар

(Үш сыныптан үш оқушы шығады)

Зейнеп. Сіздер тақтаға назар аударыңыздар. Сұрақтар ұяшыққа орналастырылған. Жауап беретін оқушы ұяшықты өзі таңдайды, Достар, ұяшықты таңдау кезегі өзіңізде. (Оқушы сұраққа жауап бере алмаса, жүргізушілер жауабын өзі айтады.Жүргізушілер әр оқушыға 15 сұрақтан қояды

Сұрақтар:

  1. Абай Құнайбайұлы қай жылдары өмір сүрді? Абай ақын қай жерде дүниеге келді?

Жауабы: Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы. 1845-1904ж.ж.

  1. Абайдың әкесі Құнанбай туралы не білесің?

Жауабы:Құнанбай 1804-1896 жылдарда өмір сүрген. Ол кезінде болыс, аға сұлтандық қызметтер атқарған.Шешен, терең ойлы, әділ ел басқарып, жұртына жақсылық жасаған. Меккеге қажылыққа барға, Меккеге барған қазақтар түсетін Тақия деген үй салдырған. (тағы толықтыруға болады)

  1. Абай Құнанбайұлы қай жерде білім алды?

Жауабы: Бала Абай кішкене күнінде ауыл молдасынан сауат ашады. Он жасында әкесі Абайды Семейге оқуға жібереді. Әуелі ол Ғабдул Жаппардың, кейін Ахмет Риза медресесінде білім алады. Медресенің соңғы жылында «Приходская школада» үш ай оқиды. Абайды әкесі

13 жасында ел басқару ісіне араластыру мақсатында елге шақыртып алады.

  1. Абай ауылына қонақ болып барып, Абайды әншілік өнеріне тәнті еткен әнші ақын кім? Біз бұны әдебиет сабағында «Ақын қонақтар» деген «Абай жолынан» алынған үзіндіден білеміз.

Жауабы: Біржан сал

  1. «Көргені мен білгені жүзге келген шалмен тең» деп Абай кімге арнап айтқан.

Жауабы: Өмірден ерте озған ұлы Әбдірахманға арнап айтқан

  1. Абайдың алғаш жарық көрген шығармалары кімнің атынан жарияланды?

Жауабы: Көкбайдың атынан жарияланды

  1. Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан…» Абайдың қай өлеңінен алынған үзінді?

Жауабы: «Әсемпаз болма әрнеге»

  1. Абай «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын кімнен аударды?

Жауабы: И.А.Крыловтан аударған

  1. Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе…

Кімнің қай өлеңінен алынған үзінді?

Жауабы: С.Торайғыровтың «Асыл сөз» өлеңінен алынған үзінді

10. Мынау тұрған Абайдың суреті ме?

Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне.

Ақыл-қайрат, білімді тең ұстаған,

Өр Абайдың төтеген кім бетіне.

Абайға арналған жырдың авторы кім?

Жауабы: Ж.Жабаев

11. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім…» Абай осы сөздерді қай қара сөзінде жазған?

Жауабы: 37-қарасөзінде

12. Абайдың қай қара сөзі тек сұраулы сөйлемдерден тұрады? (21 сұраулы сөйлем)

Жауабы: 40-қара сөзі

13. «Мінез – ақыл мен ғылымды сақтайтын сауыт» деген афоризмі Абай қай қара сөзінде жазған?

Жауабы: 32-қара сөзінде

14. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады…» Абайдың қай қара сөзінен алынған үзінді?

Жауабы: 18 қара сөзі

15. «Адам баласының ең жаманы талапсыз…» Абайдың қай қара сөзінен алынған үзінді?

44-қара сөзі

Зейнеп. Жарайсыңдар, достар,сендер сұрақтарға дұрыс жауап бердіңдер, сендерге арнайы дайындаған сыйымыз бар, қабыл алыңыздар!

(Жеңімпаз оқушыларға Абайдың шығармалар жинағы сыйға тартылады)

(Зейнеп пен Алуа сахнаға шығады)

Алуа. Абай ақындық өнермен қатар әншілік, сазгерлік өнерді де жоғары бағалаған. Абайдың өзі шығарған 20-дан аса өлең-әні бар. «1889 жылы А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын өлеңмен аударды, ол қазақ даласына «Татьянаның әні» болып таралды.

Зейнеп. Абай шығарған «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Қор болды жаным», «Бойы бұлғаң», «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты әсем әндері бар. Абайдың сырлы әндерінің бірі «Желсіз түнде жарық айды» Нұртастың орындауында тыңдаңыздар.

Нұртас «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындайды

(Сахнаға Еламан мен Абай шығады)

Еламан. Ұлы Абайдың әні бізді бір сиқырлы әлемге жетелегендей болды.

Абай. Иә, ол рас, Абай әндерінің сиқырына дауымыз жоқ, бірақ біздің Нұртас досымыздың сиқырлы әуенін де ескергеніміз дұрыс.

Еламан. Әрине, келісемін. Нұртас досымызға өнері өрге жүзсін деп тілек айтайық.

Абай. Сонымен, Абай шығармашылығына арнаған оқырмандар конференциямызды аяқтаймыз.

Еламан. Аяқтағаның қалай, шығармашылық кештің шыңына енді жетпедік пе?

Абай. Айып етпеңіздер, жалғастырамыз деп айтпақшы едім.

Еламан. Жарайды, «Жаңылмайтын жақ, Сүрінбейтін тұяқ болмайды» дейді. Ондай-ондай болады. Кешімізді жалғастырайық.

Абай. Абай шығармаларының тағы бір өзгеше саласы — дастандары. Абайдан қалған үш дастан бар. Олар «Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі» Соңғысы аяқталмаған.Ақынның дастандары ақынның бұрынғы шығармаларындай қазақ өмірінің шындығын суреттеуге құрылмаған. Шығыс халықтарының аңыз, ертегілері сюжетіне дастан үлгісінде жазылған. Оқиғалары шағын, көлемі аз келеді. Аңыздарды ақын, көбінесе, өзіне қажет ұстаздық, тәрбиелік ой-мақсаттарға бейімдеп, көпке үлгі етуді ойлаған.

Еламан. «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дегендей, Абайдың әр дастаны бір төбе, сондықтан біз бүгін тек бір дастанына тоқталамыз. Ол — «Ескендір» дастаны. «Ескендір» дастаны — Абайдың гуманистік көзқарасын тереңірек танытатын елеулі сюжетті туындысы. Ескендірді Еуропа  ақындары да, Шығыстың Фирдоуси, Низами Әлішер,Науаи, Жәми  сияқты ұлы ақындары да жырларына косқан. Абай  бұл тақырыпты ескі үлгінің ешқайсысын алмай, өзінше жырлаған.

Абай, Осы «Ескендір» дастаны қалай басталатын еді?

Абай. Дастан былай басталады. `(тамағын қырнап, жөткірініп алады)

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?.. (аздап тоқтап, ойланып қалады) Шынында, осы жұрт Ескендірді біле ме екен?

Еламан. Қайсы жұрт?

Абай. Осы оқырмандар конференциясына жиылған жұртты айтып тұрмын.

Еламан. Білмейтіндер бар деп ойлайсың ба? Онда біз алдымен негізгі кейіпкеріміз туралы түсінік берейік. Абай жырға қосқан Ескендір тарихи тұлға, тарихта болған адам. Ендеше, Ескендір туралы мәліметпен тарихшы ұстаздарымыз таныстырса, сенімдірек болар. Назарларыңызды тақтаға аударыңыздар

(Тақтада алдын ала дайындалған тарихшы пәні мұғалімдері Бестереков Ержан ағай Сейдалықызы Қаламқастың түсіндірме сөзі тыңдалады)

Еламан. Бізді Ержан ағай, Қаламқас апай Ескендір туралы деректермен таныстырды. Ұстаздарымызға рахмет айтамыз.

Абай.“Ескендір” поэмасының сюжетін алғаш рет неміс романтикалық әдебиетінің көрнекті ғалымы болған француз Альберт фон Шамиссо Талмудтан алады. Шамиссодан В. А. Жуковский 1844 жылы аударады. Мұнда А. Македонскийдің қырып-жоюы туралы жырлайды. Бұл сюжет Абайды да қызықтырады. Абай сюжетінде өзгеріс бар.

Еламан. Поэмада Ескендірдің аты-жөнін, әкесін, тұрған жері мен патшалығын, Ескендірдің ұстазы – Аристотельді қосады. Абай шығармасы тұпнұсқаға ұқсас.

Ал, Абай, оқырмандар күтіп қалған шығар, «Ескендір» дастанын бастайық онда.

Абай.

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары — оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.
Филипп өлді, Ескендір патша болды,
Жасы әрең жиырма бірге толды.
Өз жұрты аз көрініп, көршілерге
Көз алартып қарады оңды-солды.
Сұмдықпен әскер жиып қаруланды,
Жақын жерге жау болды, тұра аттанды.
Көп елді күтінбеген қырды, жойды,
Ханды өлтіріп, қаласын тартып алды.
Жазасыз жақын жердің бәрін шапты,
Дарияның суындай қандар ақты.
Шапқан елдің бәрін де бодан қылып,
Өкіметін қолына тартып апты.
Ескендір елде алмаған хан қоймады,
Алған сайын көңілі бір тоймады.
Араны барған сайын қатты ашылып,
Жердің жүзін алуға ой ойлады.
Қан ішер қаһарлы хан ашуы көп,
Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп.
Сол күнде қошеметші айтады екен,
Ханның ханы, патшаның патшасы деп.
Атағы талай жерге оның жетті,
Жердің жүзін алуға талап етті.
Есепсіз әскер ертіп, жарақтанып,
Есіткен елдеріне жүріп кетті.
Алдынан шыға алмады ешкім мұның,
Бәрін де алды, қорқытты жолдағының.
Жан шықпады алдынан, тоқтауы жоқ,
Жер жүзін жеке билеп алмақшының.

1-көрініс Ескендір рөлінде Нұртас, Дарий патша рөлінде Бекжан)

Дарий патша.

(Сахнада Ескендір әскерлерімен тұрады)

Ескендір.

Уа, менің жеңілмейтін әскерлерім,

Біздер үшін нұрын төксін көктегі күн

Жарты әлемді соғыспен мен жауладым,

Мына бізді қолдай берсін, Хақ тәңірім!

Есімде ғой әрбір күннің есебі,

Ауыр күндер артта қалды кешегі.

Аз емес қой жаулап алған жеріміз,

Бағындырам жер жүзін, оған күшім жетеді

Әскерлер. (Бірнеше дауыс қосарлана: «Жасасын біздің даңқты қолбасшымыз!» деген сөзді бірнеше рет қайталап айтады )

(Осы кезде Дарий патша әскерлерімен залдың төр жағынан шығады.

Ескендір, мен тұрғанда ойлама тек,

Әлемнің билеушісі болам ба деп!

Ол ойың аса қоймас іс жүзіне,

Тосқауыл боламын мен жолыңа кеп!

Әскерімнің саны көп, күші мығым,

Жүрмегін бостан босқа болып шығын.

Жеңіс менің қолымда, ол ақиқат,

Мойындай бер, енді сенің қараң күнің!

Ескендір.

Ол рас, Дарий, сенің әскерің көп,

Әскерің көп болған соң көңілің тоқ.

Жеңісті бере алмаспын сонда-дағы

Жеңіліп отыратын еш жайым жоқ

Тосқауыл бола алмаған ешкім маған,

Әлемнің билеушісі тек мен болам.

Талайлар алдыма кеп басын иген,

Өзімді мойындатам енді саған

Ескендір. Алға, менің даңқты сарбаздарым.

(Ескендір мен Дарий патшаның әскерлері арасында шайқас басталады, нәтижесінде Ескендірдің әскері жеңеді, Қарсы әскер түгел ажал құшады. Жеңілген әскер жерде жатады, Ескендірдің әскері масайрап тұрады)

Ескендір- Нұртас

Әлдеқайда әскерінің көп саны,

Қан майданда Дарий атты патшаны,

Соғыстым да, күл талқанын шығардым,

Бұл әлемде жоқ қой менен асқаны!

Қарсы келмес бірде-бір қорғаны,

Мен жеңбеген бірде-бір жау болмады.

Осылайша даңқым менің жайылды,

Тарихымның еншісінде ол жағы

Ілияс. Әміршіміз қолбасшы ғой даңқты,

Жер жүзіне өзі өзі танытты.

Мына саған тең келетін ешкім жоқ,

Бар мадақтау саған ғана лайықты

Ескендір- Нұртас Уа, Македония ұлдары!

Бізге мәлім даламыздың сырлары

Кім айнытар, мені мына жолымнан

Ал қанекей, еріндерші соңымнан!

Ілияс О әміршім! Сөзіңе құлақ ұрамыз,

Біз ереміз, айтқан сөзде тұрамыз!

(Сахна жабылады.

Автор Абай Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,
Алып жүрген суының бәрін ішті.
Адам, хайуан бәрі де бірдей шөлдеп,
Басына құдай салды қиын істі.
Сандалды сар далада су таба алмай,
Шөлдеген жұрт қайтеді бос қамалмай?
Қызметкердің бәрін де өлтірмекші
Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай.
Мысалы, астындағы ат о дағы ұшты,
Ескендір де атының жалын құшты.
Жалтырап сәуле берген бір нәрсеге
Патшаның ат үстінде көзі түсті.

2-көрініс (Ескендірдің әскері шөл далада шаршап-шалдығып келе жатыр,

Абдрахман

Әміршім, айдан асты, шөл далада келеміз,

Тығырықтан жол таппаймыз неге біз?!

Шөлдедік біз, атымыз да болдырды

Бүйте берсек қырыламыз, өлеміз!

Бауыржан О, әміршім! Өзіңсің ғой қорған да,

Артта қалды таулар менен орман да

Шөл далада өлеміз бе осылай,

Тығырықтан шығатұғын жол бар ма?!

Ескендір. (Сарбаздарының рухын көтере сөйлейді)

Асыл текті сарбаздарым, шыдаңдар!

Қиыншылық артта қалған бұдан зор!

Жеңілмейтін әскерімнің бағын бер,

Бұдан шығар жол да бізге табылар!

Ғаламат. (алыстағы таудың етегінен бұлақ сылдырын естігендей болады)

Әміршім! Ана таудың етегінде, күн нұры

Естіледі бір бұлақтың сылдыры!

Бірнеше адам қайталап айтады. Қәне, қайда?

Ернияз.

Иә, рас мынау өзі бұлақ қой!

Бұл да бізге Алла берген сынақ қой!

Темірлан.

Ал ертерек біздер сонда жетелік

Сол бұлақтан су ішейік, көтеріп!

(Ескендір әскерлерімен асыға жүріп бұлақ басына келеді, барлығы суды қанып ішіп, жан шақырады)

Санжар.

Мына судың дәмі қандай керемет!

Бізге осы зәмзәм суы керек ед!

Ескендір.

Ғайыптан пайда болған бұл неткен су,

Бәрің ішіп, бұл суға бетіңді жу!

Бір бай елден осы су шыққан шығар

Өрлеп барып, үстіне тігейік ту!

Аралаңдар, мына таудың шатқалын,

Ал, қанекей, тегіс бәрің атқа мін!

Зәмзәм суы мына менің меншігімде болады

Тез табыңдар мына судың бастауын!

(Сарбаздар судың бастауын іздеуге кетеді)

Автор Абай

Жарлық шашты, қол жүрді суды өрлей,
Шаһарына жеткенше дамыл көрмей.
Көкпеңбек темір киген өңкей батыр
Тарттырып жөнеледі сырнай-керней.
Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,
Судың басы бір құзар шатқа кірді.
Шаттың аузын бекіткен алтын қорған,
Қақпасы бекітулі, көзі көрді.
Қақпаны ашайын деп бәрі ұмтылды,
Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды.
Аша алмады қақпаны, үміт үзді,
Ақылдасып тәуір-ақ амал қылды.
Ескендір тоқтау көрмей өскен жан ғой,
Келмей ме тоқтаусыздың бәрі даңғой?
Дел-сал болып бәрі де қайта шықты,
Алысып әл келмесін байқаған ғой.

3-көрініс. ( Сахнада үлкен қақпаның макеті, маңдайшасында «Тәңірге бастайтын жол» деп жазылған. Ескендірдің әскері қақпаны аша алмай қайтып келеді.)

Нұрмахат

Бастау табу, мына бізге басты арман

Ал сол бастау, құзар шыңнан басталған!

Қорғанменен жабылыпты бастауы

Аша алмадық, алтындалған қақпаны!

Ескендір Нұртас

Осыншама жер қайысқан қолменен

Қақпа ашу қиын іс пе сендерге?!

Қақпаны ашам, мына маған сеніңдер

Ал қанеки, бәрін маған еріңдер!

(Ескендір әскерлерін ертіп қақпаға келеді, барлығы қақпаны сартылдатыр ұра бастайды)

Ескендір

-Кім бар мұнда, ар жағында қақпаның?

Жөн болады, жылдам маған ашқаның!

Қақпаның ар жағындағы адам. (Қақпаның ар жағындағы адамның рөлінде Сырым) Сырым.

-Бұл кім өзі? Тыныштықты бұзған кім?

«Қақпаны аш»!- деп айқай салып тұрған кім?

Ескендір

Білмесең, мен Ескендір, саған келген

Жер жүзінде соғыста бәрін жеңген

Қақпаны аш, хабарыңды айт, білдір маған

Қорлық қой, ешқашан да көз көрмеген!

Сырым

Ей, падишаһ, әдептен аспа енді

Бұл құдайға бастайтын қақпа еді.

Ескендір Нұртас

Қақпаны ашу мына менің қолымда,

Қақпаны аш! Бөгет болма жолымда!

Сырым

Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,

Мықты болсан өзіңнің нәпсіңді жең.

Іші тар, көре алмайтынның біреуі-сен,

Ондай кісі бұл жерге келмейді тең.

Ескендір Нұртас

Талпынған, талаптанған, мен де бір ер,

Көп жүрдім, кездей келді көрмегендер

Ең болмаса халқыма көрсетейін

Сый болсын, белгі болар, бір нәрсе бер!

Сырым. (азырақ ойланып тұрып)

Сыйым осы, падишаҺ, мынаны ал,

Саған керек құнды зат ішінде бар!

Ішінде бір нәрсе бар ақыл берер,

Апар-дағы ойланып, көзіңді сал!

(Сырым орамалға түйілген бір нәрсе береді, Нұрмахат берген сыйды алып, сахнаға жақындай келіп, көрермендерге мақтана көрсетіп, Ескендірдің алдына алып келеді)

Ескендір.

Уа халқым! Кереметті қараңдар,

Әрбіріңнін беретұғын бағаң бар

Мына мені кіргізбеді қақпадан

Бірақ құр қол қайтармады бәтшағар!

Өздерің-ақ айтарсыңдар төрелік

Қане не бар, ішін ашып көрелік.

Сарбаздар. (қосарлана сөйлейді) Иә, көрелік

(Нұрмахат орамалды ашады, ішінен адамның бас сүйегі шығады)

Ескендір. (ашулы түрмен)

Мынауың не? Қу сүйек қой қуарған,

Маған лайық сый болмады бұлардан!

Апар дағы лақтырыңдар далаға,

Маған лайық осындай сый бола ма?!

Сарбаздар. (қосарлана сөйлейді)

— Иә, бұл қорлық қой!

-Лақтырайық далаға!

Санжар.

Әміршім!

Байқап тұрмын, сүйек емес, бұл тегін,

Белгілі ғой бұдан бірақ үркерің.

Аристотель ғұламаға барайық,

Сезіп тұрмын бізге бір жөн сілтерін.

Ескендір. (сенер-сенбес түрмен)

-Жарайды онда, жіберіңдер бір хабар

Ғұлама ғой, сырын тапса, сол табар.

Санжар. Құп болады, әміршім

(сахна жабылады)

(Сахнаға Бекжан, Тайыр, Шерхан шығады)

Бекжан

А.Құнанбайұлының «Ескендір» дастанын тарихи шығарма десе болар екен. Дастанның басты кейіпкері Ескендір де, қазір ғана сахнада аты аталған Аристотель де тарихта болған адамдар.

Тайыр. Иә, дұрыс айтасың. Көрермендерге түсінікті болу үшін Аристотель туралы да айтып өтейік. Ол кім? Оны Ескендірмен не байланыстырады?

Бекжан. Аристотель сөзінің грекше мағынасы «Ұлы мақсат» дегенді білдіреді. Аты «Ұлы мақсат» дегенді білдіретін Аристотель  Македонияға қарасты Халкида түбегінде Стагира  қаласында б.з.д. 384 жылы туған. Стагира қаласының орны бұл күндері Салоникиден 55 км қашықтықта жатыр. Оның әкесі Македония  патшасы Аминтастың жеке дәрігері болған.

Шерхан. Аристотель де өте жас кезінде монарх ордасында болыпты. Әкесі Никомах Аристотельдің жас кезінде қайтыс болады. Бірақ Аристотель ақсүйектерге лайықты тәрбие және білім алды. 18 жасында Аристотель Афина  қаласына барып, Платон Академиясында  шамамен жиырма жыл бойы – б.з.д. 347 жылы, Платон  қайтыс болғанға дейін академиялық білім алады.

Тайыр. Аристотельді Македония патшасы ІІ Филипп өзінің 13 жасар ұлы Ескендірге тәлімгер болуға шақырады. Бұл кезде ол тек Ескендірге ғана емес, басқа екі болашақ патшаға, яғни І Птолемей Сотерге және Кассандрға да сабақ берген. Ол Ескендірді «Гректерге жетекші болуға, варварларға қатал болуға, шаруаларға досы мен туысына көмектескендей көмектесуге, басқаруда әрі қатал, әрі жұмсақ болуға» үйретеді.

Бекжан.  Плутархтың жазуынша, Аристотель Ескендірге этика,саясаттану және философия ілімдерін үйреткен. Аристотель өз қабілетінен пайдаланып Ескендірдің дүниетанымына үлкен әсер еткені анық. Дәл Аристотельдің әсерінде Ескендір ғылым-білімге құрмет етті. Ол мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөліп, қызметшілерді жұмылдырып, Аристотелдің көптеген ғылыми зерттеу жұмыстарын сәтті жүргізуіне септесті.

Шерхан. Дегенмен, Аристотель Ескендір құрған империяны да, Ескендірдің саяси көзқарасын да жақтамағаны кітаптарынан байқалады. Б.з.д. 335 жылы ол Афинаның  Ликей деген жерінде өз мектебін ашты. Ликейде Аристотель сабақ беру мен шығармашылықты қатар қолға алады. Оның сабақ өту ерекшелігі өзгеше болды. Ол әдетте жүзім бараңдары мен бау-бақшада серуендеп жүріп, шәкірттерімен түрлі ғылым салалары туралы пікірлескен. Сондықтан оның мектебін «серуен философиясы» деп те атайды және Аристотелге ілесушіні серуенші деп атайды.

Тайыр. Сонымен, біз көрермендерімізді Ескендір туралы біраз мәліметпен таныстырдық деп ойлаймын. Онда, дастанынның жалғасын тамашалауға қайта оралайық.

Шерхан. Иә, Тайыр, данышпан Аристотель Ескендірдің алған сыйының сырын қалай ашты екен, соны білейік.

4-көрініс (Сахнада Аристотель, Ескендір, сарбаздары)

Аристотель ролінде Еламан

(Аристотель бас сүйекті қолына алып ойланып отырады)

Аристотель.

Тегін сүйек емес екен расында

Сүйек тұрсын таразының басында

-Қазынадан алтын, күміс алыңдар

Бір басына тегіс соны салыңдар

Салыңдар да қару-жарақ барлығын

Таразылап көріңдерші әрбірін.

(Таразы әкелінеді. Таразының бір басына бас сүйекті, екінші басына қазынадағы бар байлықты, тіпті қару жарақтарды салады, бірақ бас сүйек ауыр тартып тұрады)

Ескендір

Өз көзіме сенбей тұрмын әлі мен

Бір қу сүйек басым түсті бәрінен

Не бар енді қу сүйектен асатын

Зат қалды ма қу сүйекті басатын?

Аристотель Еламан

Бір уыстай топырақты алып кел

Сосын оны бас сүйекке шашып көр!

(Топырақ шашылады, сол кезде бас сүйегі бірден жеңіл тартып, таразының келесі жағы ауыр тартады)

Ескендір.

Данышпаным, таң қаларлық ісің бұл,

Бізге енді құпиясын түсіндір!

Аристотель- Еламан

Бұл адам көз сүйегі білген жанға,

Тоя ма адам көзі мың мен санға?

Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да

Өлсе тояр көзіне құм құйғанда

Кәпір көздің дүниеде араны үлкен

Алған сайын дүниеге тоя ма екен?!

Қанша тірі жүрсе де өлген күні

Өзге көзбен бірдей ақ болады екен

Ашуланба, ей патшам, айтайын дат:

Алтын қақпа бермеді Сізге рұқсат

Сый сұрадың – бергені бір қу сүйек

Мұны көріп алсаңыз Сіз де ғибрат!

Ескендір.

Бұл өмірде болмас деп ем арманым

Жалған дүние жартысын да жауладым

Бірақ бұл да аз боп маған көрінді

Тек соғысқа бастай бердім елімді

Бір ашкөздік жайлап алды денемді

Алған беттен қайта алмадым мен енді.

Айтыңдаршы, тоқтау айтар маған кім?

Әлі талай елді жаулап алармын.

Қу сүйектей топырақ басса жүзімді

Сонда ғана мен тыныштық табармын

(Ескендір ауыр ойға шомып отырып қалады)

Ескендір. (басын көтеріп, сарбаздарына қарап сөйлейді)

Әрқашанда барға қанағат етейін

Сарбаздармен еліме тез жетейін.

Сарбаздарым, бағытымыз ендігі

Туған жердің топырағы, елдігі

Мирас

Туған жерге ораламыз! Туған жер!

Бізге жұмақ туған жерім, думанды ел!

(Сарбаздар қуана қостайды)

(Сахна жабылады)

Абай автор.

Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,
Құдайым көрсетті деп бұл бір істі.
Бекерлік екен менің бұл ісім деп,
Қолын алып жұртына қайта көшті.
Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл әңгіме,
Мұны бір өзге сөздің бірі деме.
Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін,
Тоймас кезің толар деп қайғы жеме.
Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,
Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.
Мақтанасың біреуге мақтасын деп,
Шаужайымнан еш адам қақпасын деп,
Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар,
Антұрғаннан құдайым сақтасын деп.
Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,
Бойыңа өлшеп сөйлесең,нең құрайды?
Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!

Сахнаға Нұрасыл, Абай

Нұрасыл.Құрметті көрермендер, біздің сыныптың оқушыларының өнері сіздерге ұнады ма?

Абай. Нұрасыл, оқырмандар конференциясында оқырмандардың да пікірін тыңдамасқ болмас, қалай ойлайсың?

Нұрасыл. Әрине, тыңдап көрелік. Достар, дастанда негізгі екі кейіпкер бар екенін көрдіңдер. Олар Ескендір және Аристотель. Осы кейіпкерлерге мінездеме беріп көрейік. Алдымен Ескендірден бастайық. Дастанда Ескендірді қай қырынан байқадық? Ойларыңызды дастаннан үзінді келтіріп дәледесеңіздер тіпті жақсы болады

(Оқушылардың жауабын тыңдау. Бір оқушы микрофон беріп тұрады)

Нұрасыл. Аристотель туралы не айта аламыз?

Шыңғыс. Кез келген шығармада автор өзінің айтпақ ойын кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы береді. Шығарманың идеясы осында. Солай емес пе? Ендеше, «Ескендір» дастанының идеясы қандай. Абай атамыз осы дастан арқылы бізге не айтқысы келді екен?

(Залдағы оқушылардың пікірін тыңдау)

Нұрасыл. Біз де сыныпта Абай Құнанбайұлының «Ескендір» дастанын талдаған едік. Енді назарларыңызды тақтаға аударсаңыздар. Сыныптағы сабақтан үзінді ұсынамыз.

Сыныптағы сабақ (сыныпта оқушылар дөңгелене отыр)

Мұғалім. Балалар, біз Абай Құнанбайұылың «Ескендір» дастанымен таныстық. Дастанның мазмұны бәрімізге түсінікті болды ма? Дастанның желісін есімізде сақтадық па? Ендеше, «Ескендір» дастанына композициялық талдау жасап көрелік. Шығарманың композициялық құрылымының бөліктерін атап шығыңдаршы

Еркебұлан. Шығарманың композициялық құрылысы мынадай бөліктерден тұрады:

1. Экспозиция, яғни шығарманың басталуы.2. Сюжеттің байланысы. 3.Шиеленісуі.

4. Шарықтау шегі.5. Шешімі.

Мұғалім. Ескендір дастанын осы кезеңдер бойынша талдап көрейік.

Рахым. Филип патша қайтыс болған соң Ескендірдің таққа отыруы. Әскер жиып көрші елдерді жаулауы. Шығарманың экспозициясы осы деп ойлаймын
Диас. Ескендірдің әскерімен елсіз шөлге тап болуы. Өлдім — талдым дегенде мөлдір бұлаққа кездесуі. Осы оқиғалар сюжеттік байланысқа жатады?
Әлия. Оқиғаның шиеленісуіне Алтын қорған. «Бұл – Құдайға бастайтын қақпа» деп Ескендірге қақпаны ашпай қойғаны, Қақпаның ар жағынан алған сый туралы оқиғаларды айтуға болады
Ержан. Дастанның Шарықтау шегіне Ескендірдің қақпаның ар жағынан алған сыйының қу сүйек екенін біліп ашуға булығуы. Аристотельдің ақылы. Таразыға түскен қу сүйек.
Нұрасыл. Дастанның Шешімі. Хакім Аристотельдің: «Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да, Өлсе тояр көзіне құм құйылғанда» деген жауабы деп ойлаймын.

Мұғалім. Шығарманы құрылысына жақсы талдадыңдар, жарайсыңдар!Енді кейіпкерлерге мінездеме беріп көрейік. Дастанның негізгі кейіпкері Ескендірге концепуальді кестені пайдалана отырып мінездеме беріңдер.

Еркебұлан. Ескендір дастанда дәріптелмейді, сыналады. «Мақтан сүйгіш, қызғаншақ, қанішер, тойымсыз, қаһарлы, өзімшіл, тоқтау көрмей өскен жан, даңғой, долы, кекшіл, есер» деп суреттеледі.

Мирас. Ескендір тойымсыз, қанағатсыз, оған жаулап алған жері соншалықты көп болса да, өзіне аз болып көрінеді

Өз жұрты аз көрініп көршілерге

Көз алартып қарады оңды-солды

Ғаламат. Дастанда Ескендірдің тойымсыздығы анық байқалады. Оны мына өлең жолдарынан да байқаймыз

Ескендір елде алмаған хан қоймады,

Алған сайын көңілі бір тоймады

Ернияз. Ескендір шөл далада ағып жатқан бұлақты да өз меншігіне алғысы келді. Бұл да Ескендірдің тойымсыз, қанағатсыздығының бір дәлелі.

Ілияс. Дастанда Ескендір мақтаншақ, өркөкірек деп суреттеледі.

Ескендірдің өзін

Білмесең мен Ескендір патша деген,

Жер жүзінің соғыста бәрін жеңген,-деп таныстыруының өзі мақтаншақ, өркөкірек адам екенін аңғартады.

Еркебұлан.

Ескендірді Озбыр, қанішер кейіпкер деп айтар едім. Оған дастандағы мына жолдар дәлел болады

Жазықсыз жақын жердің бәрін шапты

Дарияның суындай қандар ақты

Мұғалім. Ал дастандағы екінші кейіпкер Аристотел туралы не айтасыңдар. Дастанда ол қай қырынан көрінді?

Әлия. Абай Аристотель есімін құрметпен айтады, «ақылы мол», «жеке — дара», «хакім адам» деп бағалайды. . Ал Абайдың ұлы ойшыл, данышпанның бейнесін сомдау себебі оның ақыл мен білімді, парасаттылық пен даналықты жоғары санағандығынан туған.
Мұғалім. «Ескендір» дастанының идеясы неде деп ойлайсыңдар. Абай Құнанбайұлы осы дастаны арқылы оқырманына не айтқысы келді?

Әлия. Абай өз дастанында әділетсіздікке, басқыншылықты сынады. Басқыншылықтың салдарынан туындаған ашкөздікті, тойымсыздық, қанағатсыздықты сынады.

Мұғалім: «Ескендір» поэмасының идеясы әділетсіздікке, басқыншылыққа ғана қарсы шығу емес, адамгершілік қасиеттерін ашып, кісілік мұраттарға жетелейтін қанағат атты сипатты дәріптеп, ұрпақтарына серік ету. Тойымсыздық, ашкөздік, қанағатсыздық, қатыгездік, өзінен басқаны көрмеу, өзгені мойындамау, қырып-жою ұлылық па? Жоқ, бұл осалдық, патшаның өзі байқамаған сорақы әлсіздігі.

Мұғалім. Ал дастаннның идеясы қандай? Абай ақын осы шығармасы арқылы бізге не айтқысы келді?

Нұртас. Абай көптеген шығармаларында адам мінезін түзеу туралы айтады. «Ескендір» дастанында да осы тақырыпты көтерген. Адам бойындағы қанағатсыздық, тойымсыздық, озбырлық, өркөкіректік қасиеттерді сынайды, осындай жағымсыз мінезден арылуға үндейді

Мұғалім. Абай ақын “Ескендір”поэмасы арқылы әлемдік әдебиетке үлес қосса, біз осы поэмамен танысып, талдау барысында бойымызға қандай асыл қасиеттерді жинадық?

Нұрасыл. Қатыгез болмауға,Мейірімді болуға, тойымсыз болмауға қанағатшыл болу керектігін түсіндік.

 

(Сыныптағы сабақтың видеосы осымен бітеді)

(Сахнаға Сырым, Абай, Еламан шығады)

Абай. Қанағат ету туралы асыл дініміз исламда да көптеген тамаша хадистер бар.Ұлы Алланың берген нығметтеріне шүкір етіп, бергеніне разы болып, ашкөздікке, дүние құмарлыққа салынбау қанағтшыл болу дегенге саяды.

Әйгілі сахаба Сағид ибн Әбу Уаққас: «Ей, балам, егер сен Алладан байлық сұрасаң, қанағатты сұра. Ол ақиқатында таусылмайтын байлық» деп баласына өсиет етіпті.

Сырым. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейтін қанатты сөз арқылы атадан балаға таралып келе жатқан Майқы би бабамыз да «Қанағат қарын тойғызар, Қанағатсыз жігіттің жалғыз атын сойғызар» деп, қанағатшыл болуға шақырады.

Еламан. Қазақ халқында қанағатқа байланысты айтылған тамаша мақалдар мен шешендік сөздер бар. Ата бабаларымыз қанағат етудің мәнісін терең сезініп, ұрпақтарына қанағат етуді аманаттап кеткен. «Ер азығы – қанағат», «Ынсап сайын береке», дейді дана халқымыз. Бабалар аманатына адал болып, Алланың берген нығыметіне шүкірлік етіп, қанағатшыл болайық. Қашанда қанағат түбі — береке!

Мирас. Абайсыз қазақты, қазақсыз Абайды көз алдымызға елестетудің өзі қиын, өйткені ол жалпақ жұртты жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жиренткен қазақ халқының кемеңгер ақын – шешені, кең толғар дана көсемі. Оның шалқар дария шабытынан туған таңғажайып шығармалары  — жан азығының кәусар бұлағы, сөнбес шырағы.

Нұрмахат. Абай үні – жүрек үні. Абай сөзі – жүрек сөзі. Арада қанша уақыт өтсе де шығармаларын оқығанда оның жүрек соғысын кез – келген көзі ашық, көкірегі ояу адам баласы сезе алады. Абай – бар болмысымен, шын жүрегімен жырлап өткен ақынның бірі. Сондықтан да болар оның әр өлеңі жүрегімен жазылған, өлеңі мен әндері мәңгі жасап келеді.

Санжар. Өзі өлсе де, өлеңдері халық жүрегінен еш өшкен емес.      Абай сөздерінің әр сөзіне үңіліп қараған жан, оның әр сөзінен үлкен ғибрат, өнеге, ұлы сабақ алары хақ. Абай уағызын ұққан адамның қоғамның қадірлі азаматы болары даусыз.

Еркебұлан. Абай өзінің саналы ғұмырында ылғи да адамшылыққа тәрбиелеу адам құқының басты мақсаты екенін аңғартты.Ақынның терең мәнді туындылары бағдар тұтар темірқазығымыздай тың биіктерге шақырады да тұрады.  Өлмейтұғын артына сөз қалдырған ойшыл данышпан ақынның жүрегін тербеген тамаша әндері өзінің қалың елі – қазағымен бірге жасап келе жатыр. Абайдың өнер мектебінен тараған әсем әндері қазақ сахарасында қалықтап, ұрпақтан – ұрпаққа жетті.

Нұрмахат. Әсем әндері демекші, бүгінгі Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арнаған кешімізді ақынның әсем әнімен қорытындыласақ қалай болады?

Абай

Осындай тамаша кешті қалай қорытындыласақ болады деп ойлап тұр едім. Нұрмахат, сенің үнемі тұйықтан жол табатын тамаша қасиетіңді сыйлаймын ғой. Ендеше бәріміз қосылып Абайдың әнін шырқайық.

М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Исхакова Базаркуль Кемелбаевна


ПІКІР ҚАЛДЫРУ