Абай Құнанбаев және балалар әдебиеті

0
6749

 Сабақтың  мақсаты:  оқушыларға Абайдың өмірі мен шығармаларының қыр — сырын меңгертіп, тереңдей бойлату, теориялық негіздерін игерту

а) Білімділік: Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының балаларға арналған шығармаларымен таныстыра отырып, өлеңдерінің негізгі идеясын ашуға үйрету

ә) Тәрбиелік: Адам бойындағы жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ ұстауға баулу, адамгершілік құндылықтарын бағалай білуге тәрбиелеу

б) Дамытушылық: Көркем мәтінмен жұмыс істей алу дағдысын жетілдіру, оқып түйгендері туралы ой қорытындысын айтқызып, жаттықтыру

Сабақтың түрі: Теориялық сабақ

Сабақтың типі: Аралас сабақ

Сабақтың  әдіс-тәсілдері: Түсіндіру, кітаппен жұмыс істеу,  жинақтау, талдау, топтау стратегиясы, ойын элементтерін пайдалану, сұрақ-жауап, қызығушылықты ояту,  топтық тапсырма, эссе жазу, постер қорғау, «өрмекшінің торы» әдісі, көрініс көрсету.

Сабақтың көрнекілігі: Тірек  кесте, слайдтар, интерактивті тақта бойынша сабақ өткізу, үлестірмелер, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы  бейнежазбалар, электронды оқулық.

Пәнаралық байланыс: Әдебиет, педагогика, бейнелеу өнері, қазақ тілі, психология, ән, информатика.

 Құзыреттіліктер: Бала бойында сабақ мазмұны арқылы — пәндік, интерактивті тақта арқылы – ақпараттық, Абай Құнанбайұлы және оның балалар әдебиетіне қосқан үлесі туралы мәліметті талдау арқылы коммуникативтік құзыреттілік қалыптастыру.

Сабақтың  барысы:

I.Ұйымдастыру кезеңі ( 2 минут)

1.Оқушыларды түгендеу, құрал-жабдықтарды түгелдеу

2.Оқушыларды топқа бөлу

Әр адам?

— Туысым, досым, жұрағат

Әрбір сабақ?

-Үйрену, ұғу

Әрбір ісім?

Тірлік, тірек, адамдық

Әрбір сөзім?

— Шындық, бірлік, адалдық

3.Сәттілік тілеу

4.Сабаққа назарын аудару

II.Үй тапсырмасын тексеру  (12 минут)

1 топ: Ыбырай кім?

2 топ: Ыбырайдың ақындық ерекшелігі

3 топ: Ыбырай әңгімелері және олардың балаларға берер тәрбиелік мәні

(Әр топ үйге берілген тапсырманы постер қорғау арқылы түсіндіреді)

Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған  бейнежазба    

 көрсетіледі.

— Бейнежазба не жайында көрсетілді?

— Абай Құнанбайұлы кім?

Адамдық борышың

— Абай Құнанбайұлының қандай шығармаларын білесіңдер?

— Абай өлеңдерінің тәрбиелік мәні қандай?

(Оқушылар өздерінің ойларымен бөліседі)

 III. Жаңа сабақты меңгерту (20 минут)

Олай болса, бүгінгі біздің сабағымыздың тақырыбы  «Абай Құнанбайұлы және балалар әдебиеті»

Жоспары:

  1. Ақынның өнер-білімге шақырған өлеңдері
  2. «Он сегізінші», «Он тоғызыншы», «Отыз бірінші» қара сөздеріндегі халық ағарту мәселесі
  3. Абай Құнанбайұлының аудармалары

Бүгінгі біздің сабағымыздың мақсаты – кемеңгер, дана, ойшыл, ұлы Абай Құнанбайұлының балаларға арналған шығармаларымен таныстыру. Ақынның өнер-білімге шақырған өлеңдерімен, ғақлияларын, даналық ойларымен танысу.

Абай – балалар әдебиетін жасаушылардың бірі және оның ірі өкілі. Баланы оқытуға, тәрбиелеуге көп көңіл бөлген, зор мән берген ақын «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Әсемпаз болма әрнеге» т.б. көптеген өлеңдерінде жастарды оқуға, өнер-білімге, өмірде орнын тауып, жақсы маман болып, халыққа қызмет етуге шақырады.

Мысалы: «Әсемпаз болма әрнеге» (1894) өлеңінде:

Әсемпаз болма әрнеге,-

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар, қалан! –

деп, жасөспірімдердің ойына қозғау саларлық ақыл айтады, болашаққа жөн сілтейді. Абай мұнда әрбір жас азамат өзіне мақсат қойып, сол мақсатты орындау жолында күш-қайратын жұмсап, әсіре қызыл тез оңатынын түсіндіреді. «Қулық саумақ, көз сүзіп тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды, — деп, мамандыққа, өнерге, шаруашылықтың әр жақты жұмыстарына икемді болуды насихаттайды.

Қайрат пен ақыл, қажымай-талмай ізденушілік, ерінбеу, еңбек етуадамды ойлаған мақсатына жеткізеді деп кеңес береді. Оңай олжаға тап болуды көздеу – ар-ұяттан безу, еңбексіз күн көруді мақсат ету – азғындықтың белгісі, сондықтан:

Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға,

Ұстаздық қылған жалықпас,

Үйретуден балаға,-

деп тұжырымды ой айтады. «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» деп, бала тәрбиелеу ата-аналар алдындағы ең жауапты міндет екенін ескертеді. Балаға қарағанда үлкен адамдардың өмірден көргені мен білгені, үйренгені көп, тым болмаса, соның өнегелі жақтарын жасөспірімдерге үйретіп отыру басты міндетке айналсын деген талаптар қояды.

І.Тапсырма

1-топ: Өлең құрылысына талдау («Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі)

2-топ: Сөздікпен жұмыс («Интернатта оқып жүр» өлеңі)

3топ: Өлеңге теориялық талдау жасау («Қыс» өлеңі)

Абайдың өнер-білім мәселесін қамтитын өлеңдерімен қатар, тәрбиелік мәні зор, жастарға үлгі-өнеге болатын қара сөздері де балалар әдебиетінен үлкен орын алады. Ақын  «Екінші», «Сегізінші», «Оныншы», «Он сегізінші», «Он тоғызыншы», «Отыз бірінші», «Отыз жетінші», «Қырық үшінші» сөздерінде де халық ағарту мәселесін көтерді.

«Екінші» сөзінде қазақ халқының өздері жақтырмайтын, сыртынан, миығынан күліп, мазақ қылып жүрген ноғай, орыс, өзбек халықтарының артықшылығын: егін егу, сауда жасау, өнер үйрену, молдалық, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі де соларда екенін, ал қазақтың олардың құлы, күңі қатарлы жоқ халін ашына айтады.

«Сегізінші» сөзінде білім, ғылым, ақылдың болысқа да, биге де, байға да, ұрыға да керегі жоқ, насихат тыңдайтыноларда уақыт та жоқ, керек болса, олар өздері де озық, біреуге үлгі, ақыл беруге сайланды ғой, ал күнін көре алмай  жүрген онша-мұнша қоңыршалар байға-биге керек емес ақылды тыңдап қайтсін деген ақын туған халқының надандығына налиды.

(Ақынның «Он сегізінші», «Он тоғызыншы», «Отыз бірінші» қара сөздерін тыңдату)

ІІ Тапсырма.

1-топ: «Он сегізінші» қара сөздегі ақынның айтпақ ойы

2-топ: «Он тоғызыншы» қара сөз. Тәрбиелік мәні

3-топ: «Отыз бірінші» қара сөз. Авторлық ой, негізгі идеясы

 IV.Жаңа сабақты бекіту (35минут)

ІІІ Тапсырма

1-топ: Өлең ішінде өлең

Төменде Абай өлеңдерінен бірнеше үзінді келтірілген. Үзінділердегі қарамен берілген сөздерді теріп алып оқыңдар. Ол да Абай өлеңдерінен алынған екі жол үзінді болып шығады. Ол Абайдың өздерің оқыған қай өлеңінде кездеседі?

Пайда, мақтан – бәрі тұл,

Доссыз ауыз тұшымас…

Адамның тауып айласын

Кісілікті ойламай,

Еңбекті сат, ар сатып неге керек?

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла…

Кісіде бар болса талап,

Отырмас ол бойын балап…

Болмашы кекшіл

Болсайшы көпшіл,

Жан аямай кәсіп қыл

Тіл буынсыз, бой-таза  гүл,

Ақылы артық, ары мол…

Мәнісін сұрап білуге,

Тілдесе алмаймын еріксіз.

2-топ: Берілген Абайдың екі тармақ өлеңін өз ойларыңызбен толықтырыңыздар

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім

3-топ: Абайдың бір нақыл сөзі

Абайдың мына өлең жолдарындағы  қарамен берілген сөздерді теріп алып, тиісінше тіркестіріп құрасаңдар, Абайдың бір нақыл сөзі шығады. Ол не деген сөз?

Ескерту. Сөйлем құрағанда әкесі деген сөзді ілік септікте, бауырың деген сөзді тәуелдіктің екінші жақ, жекеше түрінде қолданыңдар.

Әкесі ұрысса, балаға ол да – достық,

Баласы ұрысса әкеге, жараса ма?…

 

Адамның бір қызығы бала деген

Баланы оқытуды жек көрмедім

Мал мен бақтың дұшпаны

Кеселді пысық көбейді…

Бар демес сендей бір

Адамның баласы…

Аясыңшы, япырм – ау,

Әке, шеше, бауырың…

(Әкесінің баласы адамның — дұшпаны , адамның – баласы  бауырың)

IV.Тапсырма.

1-топ: Абайдың бір өлеңін мәнерлеп оқу

2-топ: Абай мен Әбіш арасындағы диалогтан көрініс қою

3-топ: Абайдың «Шегіртке мен құмырсқа» мысал өлеңін рөлге бөліп оқу

 

  1. Қорытындылау (5 минут)

Кері байланыс

«Білім ағашына» сабақтан алған әсерлерімен бөлісу

(Оқушылар өз ойларын ортаға салады, пікірлерін білдіреді)

Жазу өнерінің қарапайымдылығы мен табиғилығы жағынан Абайға ешкім тең келмейді. Ол қазақ сөзін ұстартып, әдеби тілдің негізін салды. Дүниежүзі әдебиетінің озық үлгілерінен нәр алды. Адам өмірін мағыналы етуді, ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілік сақтауды өз ұрпағына өсиет етті.

Қазақтың жаңа мәдениетінің негізін салушы, қазақтың классикалық поэзиясының шұғылалы шыңы – Абайдың мәңгі –өшпес даңқы, ең асқақ айғағы, міне, осында.

  VI Бағалау (1минут)

Оқушыларды жинаған  фишкалары  арқылы бағалау, мадақтау.

VII Үйге тапсырма (1минут)

М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы негізінде Абай өлеңдерінің шығу тарихын зерттеу.

Пайдаланылатын  әдебиеттер:

  1. 1.М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясы
  2. М.Әуезов «Әдебиет тарихы», 55-59 беттер
  3. Абай. Шығармалар жинағы

Дереккөз: internet-konkursy.com

Ұқсас материал: 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ