«Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сының тараулары (ІІІ том)

0
6860
D:\Users\индира\Desktop\AbaiPainting.jpg
Абай Құнанбайұлы

3-кітап «Абай аға», «Кек жолында», «Қарашығын», «Өкініште», «Қақтығыста», «Қоршауда» деген алты тараудан тұрады.

«Абай аға» деген бірінші тарауда ел ағасына айналған Абай қасына топтасқан жастарды көреміз. Олар: өз балалары – Ақылбай, Мағаш, інісі Ысқақтың баласы – Кәкітай, Құнанбай қажыға аттанарда Дәркембай құн сұрайтын Қодардың жалғыз туысы – Дәрмен.

Дәркембай өз қолымен Абайдың  қасына қосқан осы жатақ баласы еті тірі, әңгімешіл, өлеңге құмар болып өседі.  Абай Дәрменді қасынан бір елі тастамай, үнемі ертіп жүреді. Дәрмен – тарихи шындыққа негізделген жиынтық образ.

Тарау көш суретінен басталады. Бірге келе жатқан осы төртеуі жол бойы
іліп-қақпа өлең құрастырып, әзілдесіп келеді. Кенет Мағаш:

– Күз болды ма, бәтір-ау, неге тоңдым, – деп Ақылбайға қарайды.

Сонда Ақылбай:

– Тоңғаның рас, бозарып түсің де оңды, – дейді. Келесісіне Дәрмен ыңғайлана бергенде Кәкітай тоқтай тұр дегендей белгі беріп:

– Бірін тоңып, бірің оң, жұмысым жоқ,
Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның, – дейді.

Бұлар «шоң» деген сөзге таласып, арттарында келе жатқан Ербол мен Баймағамбеттен сұрайды. Олар да мағынасын дөп басып, таба алмағаннан кейін,  Абайға жүгінеді. Абай «шоң» деген сөз әсілі қырғызға тән болуы керек, бірақ  қазақта да кездесетінін мысалдармен айта келіп, «бәріңді Кәкітай қирата жеңіп  отыр» деген шешім шығарады. Абай айналасы күнде осындай әңгіме-жырға толы. «Еңлік-Кебекті» жазуға Шұбар мен Дәрмен таласады.

Жеті ауыл Жігітекке тән қыстық пішеннің қақ жартысын Абайдың ағасы Тәкежанның баласы Әзімбай зорлықпен ордырып алады. Шыңғыстың болысы
бөкеншіден шыққан Күнту болыс болғандықтан, Базаралы айдаудан қашып келеді.

«Кек жолында» деген екінші тарауда Әзімбай жігітектің шөбін ақыры бермейді. Тәкежанның үйіне барған Абай Исаның шешесі Иіс кемпірге орта қап қиды
әрең берген Қаражан әрекетін көріп, атақты «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі
ай» деген өлеңін жазады.

Тәкежанның қойшысы Иса жаңбыр мен дауылдан ыққан қойды құтқарам деп, төрт қасқырды өлтіріп, қайтыс болады. Базаралы 45 адамды  жинап, Тәкежанның сегіз жүз жылқысын елге соғым есебінде таратып жібереді. «Базаралы – Тәкежан дауының» соңында жігітек руы сегіз жүз жылқыны екі еселеп қайтаратын болады. Халық басына тағы да ауырлық орнайды.

«Қарашығын» деген үшінші тарауда Абайдың Ділдәдан туған ақылды баласы Әбіш (Әбдірахман) оқудан қайтады. Патша өкіметі тарапынан салынатын салықтың бір түрі қарашығынды Далбай мен Дүйсен жинай бастайды.

«Өкініште» деген төртінші тарауда Әбіш болашақ сүйген жары Мағрипамен кездеседі. Жастар қауымы Қоңырәулие үңгіріне барады. Әбіш үңгір маңындағы көп қорымда тасқа қашалған әртүрлі таңба сырын Көкбайдан сұрағанда ол Абылай жорығы, қалмақ шайқасы, Қаракерей Қабанбайдың дәл осы  жерде «Дарабоз» атануын айтып, тарихтан сыр шертеді. Базаралы – науқас. Қаскөй, жауыз адам боп сипатталатын Оразбай көп мал ұрлатып, бай болып  шыға келеді. Абайдың інісі Оспан болыс пен Оразбай қақтығысы басталады.

«Қақтығыста» деген бесінші тарауда Оспан бес-алты күн ғана ауырып,  кенеттен қайтыс болады. Абай Тәкежан мен Ысқақтан гөрі жаратылысынан  алып денелі, кесек мінезді Оспанды ерекше жақсы көрген.

Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай…
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай! –

деп келетін «Оспанға», «Кешегі Оспан» деген жоқтау өлеңдер жазған Абай романда бір қыс бойы сарыуайымнан шыға алмайды. Ресейден орыстар келе бастайды. Әзімбай жылқылары жатақтың бидайына түседі. Үлкен шайқас туындайды. Ырғызбай елі Оспанның жылын береді.

«Қоршауда» деген алтыншы тарауда Абайдың үнемі қара халық жағында болуы, жеті жатақты жақтауы кектенген бай-мырзалардың ашу-ызасын  туғызып, Абай үстінен арыз түседі. Мұның басты ұйымдастырушысы– Оспаннан кегін ала алмай қалған Оразбай. Абай жауап беру үшін қасына Ербол мен Көкбай, Баймағамбет, жастардан Мағаш, Дәрмен, Кәкітайды ертіп, Қарамолаға  (қазіргі Шар, Жарма ауданы) келеді. Ал Әбіш ел атынан арыз ұйымдастыру  үшін ауылда қалады.

Базаралы науқасынан жазылады. Арыздың көптігін  айтып, советник Лосовский Абайдан теріс айналады. «Абай халық үшін, халық  Абай үшін» деген Базаралы өзі жиған қоржын толы приговорларды алып, бөлек  сапар шегеді. Жаңа жандарал арыздарды тексере келгенде, Абайды жақтаушылар арызы дәлелді болады. Базаралы жандаралға кіруге жол табады. Түрмеде отырып, аздап орысша біліп қалған сымбатты Базаралының орыс тілінде  «Біз Петерборға дейін барамыз» деген сөзі жандаралға үлкен әсер етеді. Басқа да  Абайды жақтаушылар молая түседі.

Үш чиновник ақылдаса келе, съезд өткізу үшін беделді билерді сайлау керек, соның бірі Ибрагим Құнанбаев деген шешім шығарып, жандарал қалған істі Лосовскийге тапсырып, аттанып кетеді. Бүгінгі  көзқараспен қарағанда, Кеңес өкіметі тұсында (1917–1987 жж.) да арыз-шағым арқылы қарсыласының жолын байлау патша өкіметі кезінен келе жатқан мәселе екендігін «Абай жолынан» анық аңғаруға болады. Арыз-шағымнан Абай тартқан азап Кеңес өкіметі кезінде Әуезовтің басынан да тура солай өткен.

1885 жылы Абай бес дуан елге төбе би болып, жарғы шығаратын атақты «Қарамола құрылтайы» романда осылай қарапайым түрде аяқталады.  Осы құрылтайда билермен үш күн ақылдаса отырып, бекітілген 73 баптан  тұратын Жарғы 1886 жылы Қазан қаласында кітапша болып басылған.

Абай  жазған бұл жарғы «Ереже» деп аталған. Мұның татарша аударылған бір данасын 1985 жылы жазушы Ғабит Мүсірепов Орталық мұрағатқа өткізген. Ереже  алдымен орысша басылған. Басқа да мұрағаттық нұсқалары бар. Қазір түпнұсқасы да табылды.

Дереккөз: Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. Р.Зайкенова,
Р.Сакенова, Л.Н.Нұрланова

Ұқсас материал:

  1. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сы туралы түсінік (І том)

  2. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сының тараулары (ІІ том)

  3. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы

  4. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ

  5. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  6. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі
  7. Ілияс Есенберлиннің өмірі туралы мәлімет
  8. Сәкен Сейфулиннің өмірі мен еңбек жолы
  9. Сәкен Сейфуллин өлеңдерінің идеясы мен мәні
  10. «Қайталау» теориясы туралы түсінік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ