«Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сының тараулары (ІІ том)

0
10691

«Абай жолының 2-кітабы «Тайғақта», «Жайлауда», «Еңісте», «Оқапта»,
«Асуда», «Тарауда», «Биікте» деген жеті тараудан тұрады.

«Тайғақта» деген бірінші тарау Құнанбайдың қажылыққа аттануынан басталады. Семейдегі құдасы Тінібектің (Құнанбайдың Ұлжаннан туған Мәкіш деген қызының атасы) үйінен аттанар алдында жолын тосып тұрған Дәркембай  Қодардың інісінен туған жетім Дәрменге құн сұрайды. Дәркембай – «Мұсақұл  соғысында» Құнанбайды атпақ болған кедей жатақтардың бас көтерер адамы.

Майбасарлар Дәркембайды жолдан ысырып тастамақ болғанда, әкесі үшін
намыстанған Абай араша түсіп, Дәрменге қалтасынан 100 сом беріп, жөнелтіп
салады. Құнанбаймен бірге баратын Ізғұтты – Құнанбайдың баласындай болып
кеткен асыранды інісі. Азан шақырып қойған аты ұмытылып, қарулы, тапқыр
және жолы жеңіл болғандықтан, «Ізі құтты» атанған.

Әкесін шығарып салып, қайтып келе жатқанда Орда тауының етегінде орналасқан Байшора аулына түседі. Жолдан шаршаған Абай мен Ербол  тынығып алмақ болып, жатып қалады. Абай әсем әуен үнінен оянады. Ән салған Тоғжан екен деп ұйқылы-ояу далаға атып шыққан Абай ән шыққан үйге  Ерболды жібереді. Осылайша, Тоғжан салатын «Топайкөк» әні арқылы Шүкіманмен танысады. Ертеңінде Абай «Керім… Керім… Несін айтасың…» десе,  Ербол да «Әй, керім, Әй, керім…», – дейді. Осы сөзден барып, Абай оны Әйгерім атайды. Әйгерім атанған әнші-сұлуға Абай көп ұзамай қыздың да, үй ішінің де  келісімін алу үшін Жиренше мен Ерболды жібереді.

Абайдың Ербол сияқты жақсы достарының бірі – Жиренше. Ол – көтібақ  Байсалдың немере інісі, Қоңыркөкшеде отырған мамай елінің болысы. Ал  Әйгерім – осы мамай елінің қызы. Сөзге шебер, жылпос жігіт Жиренше  бұлардың келісімін алып қайтқаннан кейін, Абай енді одан шешесі Ұлжанмен  сөйлесіп беруін сұрайды. Ұлжан бұл істі мақұл көрмей, Абайдың өзін шақырып,  сөйлеседі. Баласының кейін опық жейтінін айтып, ұзақ сөйлеген Ұлжан: «Ендігісін өзің біл. Өзің ойлап, өзің шеш», – дейді. Абай үндемей кетеді. Біраз уақыт өткен соң, Жақып, Жиренше, Оспан, Ғабитқандар барып, құда түседі.

«Жайлауда» деген тарауда Абай мен Әйгерім отауына атақты Біржан сал қонаққа келеді. Ауылдың өнерпаз жастары жинала бастайды. Осылардың  ішінде Сүгірдің Әкімқожа деген баласынан туған Керімбаланың орны ерекше.

Ол – Біржанның әнін ғана үйренуші емес, орындаушысы да. Ал Әйгерім ән салғанда, Біржаннан бастап, тіпті Абайдың өзі де қозғала алмай, ұйып қалады.  Бәйбішесі Ділдә отырған үлкен үйге шақырылған Абайға «Қу кедейдің қызы  басынбасын… Үні шықпасын бұдан былай» деген сөздер айтылады.

Бөкеншінің Сүйіндіктен кейінгі билеушісі – Сүгірдің немересі Керімбала
мен жігітектен шыққан қарапайым әнші Оралбай бір-бірін ұнатып қалады.
Керімбала Қаракесектің байларының біріне атастырылған. Қос ғашықтың бұл
әрекеті жігітек пен бөкенші арасында шайқас тудырады. Базаралы мен басқа
жанашырлары екі жасты жасырғанмен, бөкенші жағы тауып алып, Керімбаланың қол-аяғын байлап, атастырған жеріне жөнелтеді.

«Еңісте» деген үшінші тарауда – Абай Әйгерімді ғана алып, Ақшоқыға жаңа отау тігеді. Құс салып жүрген Құдайбердінің үлкен ұлы Шәкеге Абай мен  Оспан жолығады. Тәкежан мен Қаражанның тұңғыш баласы Мақұлбай қайтыс  болады. Құнанбай Мекке-Мәдинадан келгеннен кейін дүние ісіне араласпай,  өз мекенін намаз оқитын орынға айналдырады. Базаралы төрт жылға жуық  қажылықта болған Құнанбайға сәлем бере келеді. Жүзі нұрлы, жолбарыстай келбетті тұлғалы Базаралының жүдеп-жадаған күйін көріп, Нұрғанымға жаңа киім тіккізуге тапсырма береді.

Үйіне сауын боларлық екі сиыр, бес құлынды биені жаздай саууға жіберткізеді. Құнанбай Мақұлбайдың жетісі өткенше  Нұрғаным ауылына қайтпайды. Базаралыдан Нұрғанымды қызғанған Оспан бұл ауылға су бергізбейді. Бұған ыза болған Нұрғаным сазды жерде тұрған ас  үй ішінен құдық қазғызады. Кейін Оспан мен Нұрғаным тартысы аңызға айналады. Әйгерім Абайдың жазып берген жоқтау өлеңін айтқанда Құнанбайдың өзі ден қойып тыңдап, Мақұлбайдың қырқы өткенше баланың жоқтауын тек Әйгерімге айтқызуды тапсырады.

Ералыда болыстық сайлау өтеді. Андреев деген тілмашты жақсы танитын Абай советник Лосовскийге мән-жайды түсіндіріп, Базаралы жағында болады. Дәркембай, Базаралы бастаған қарапайым  халық жеңіп, Тәкежанды жақтаған тентек ояз оны амалсыз болыстықтан түсіреді. Керімбаладан айырылған Оралбай тобықты, керей, сыбан, найманның  үлкен байларына барымта жасап, ел бүлдіруді бастайды. Ералыдағы сайлауда оязға қарсы шыққан Абай қалаға жауапқа шақырылып, каталашкаға түседі.

Құнанбайдың құдасы Тінібекпен араласатын Әлдеке деген бай саудагердің үш  сәйгүлікті пәуеске мініп жүретін сері қызы Салтанат Абайды кепілдікке мың сом төлеп шығарып алады. Салтанат – Абайдың апайы Мәкіштің құрбысы.  Лосовский ояз болады. Ол Қызылмола, Қоңыркөкше, Шыңғыс болысы  сияқты үш болыстың сайлауына Абайды қасынан тастамай, ертіп жүреді. Қызылмолаға Абайдың інісі Ысқақ болыс болады. Абай атағы жайыла түседі.

«Оқапта» деген төртінші тарауда Есқожа аулының ерке қызы, сәнді сұлу, әнші Үмітей Көкше Қаратайдың туысы Дүтбайға ұзатылмақшы. Тойда  Құдайбердінің ұлы Әмір бастаған сал-серілер өнер көрсетеді. Той үстінде Үмітей Әмірге бұрылып кетеді. Ашуға булыққан Құнанбай Әмірді үйіне алғызып,  еңкейіп сәлем бере бергенде, қылқындырып, өлтіре жаздайды. Әкесінің мінезін  білетін Абай дер кезінде жетіп, Әмірді арашалап қалады.

Абай Шәке, Ербол,  Баймағамбет сияқты бір топ туыс-достарымен аңға шығып, ақ түтек боранда  жолдан адасып кетеді. Сол жолы Мотыш руының Аққозы деген жігітіне ұзатылып кеткен ғашығы Тоғжанға кез болады.

«Асуда» деген бесінші тарауда ертегіші, әңгімешілдігімен атағы шыққан  Баймағамбет Абай аулына келеді. Ол сюжетін Абай айтқан немесе басқа ел  аузындағы оқиғаны баяндағанда жұртты аузына қаратады. Баймағамбет келіпті дегенді естігенде, әңгімесін тыңдауға ел адамдарымен қатар Абай балалары да келеді. Үйде Ақылбай, Әбіш, Мағаштар бар. Қаладан келе жатқан  Жидебайдағы үлкен ауылдың көршісі Асылбай Абайға Михайловтың хатын  тапсырады, Ресей патшасы өлтірілгенін хабарлайды. Орнына Александр ІІІ отырады.

Абай мен Баймағамбет ертеңіне Семейге жол тартады. Жазушы  Абайды Евгений Петрович Михайловпен ұзақ сөйлестіріп, оның өмір тарихынан сыр шертеді. Чернышевский туралы да айтылады. Дәркембай бастаған  жатақтардың егінін Тәкежанның малы таптап, жеп кетеді, жеті жылқысы қолды болады.

«Тарауда» деген алтыншы тарауда Балқыбекте сияз болады. Арыз-шағым көп түскендіктен, тағы Лосовскийдің өзі келеді. Тіпті жер мәселесіне  байланысты ақын Көкбай Жанатайұлының да үстінен түскен арыз бар. Абай  арыз-шағымды өзі тексеріп, кімнің сөзі рас, кімдікі өтірік екенін басын ашып,  айтып береді. Көкбайды ақтап алады (Абай алғашқы өлеңін осы ақынның атынан жариялаған. Көкбай Әуезовке Абай туралы мағлұмат беріп, өзі де естелік жазған).

Дәркембайдың отыз қаралы  малын қайтартқызады. Салиқа мен Байгөбектің мәселесін шешеді. Ертеңінде сыбан,  керей, уақ, тобықты, сақ-тоғалақ, арғын  бастатқан екі дуан бас қосқан сияз болады. Болыстардың бәрі төбе би болудан үміткер.

Абай төбе билікке өз туыстарын емес, халық өкілі Асылбекті сайлатқызады. Осы
арқылы қалың ел арасында Абай турашылдығы аңызға айналады. «Абай – адам
да, азамат та» деген сөз тарайды. Абай балаларын орысша оқуға бере бастайды. Өзі
шығармашылыққа біржола ден қояды.

«Биікте» деген жетінші тараудың «Татьянаның сахарадағы әні» деген
тағы бір аты бар. Бұл тарауда Абайдың  А.С.Пушкиннен аударған «Евгений Онегин» поэмасының елдегі әсері сөз болады.

Эпилогта Татьянаның әні жұрт арасында кеңінен тарайды. «Алда – өмір, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз… бір қуаты, бір үміті бар… Қуаты – ақындық, үміті – халық».

Дереккөз: Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. Р.Зайкенова,
Р.Сакенова, Л.Н.Нұрланова

Ұқсас материал:

  1. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сы туралы түсінік (І том)

  2. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы

  3. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ

  4. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  5. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі
  6. Ілияс Есенберлиннің өмірі туралы мәлімет
  7. Сәкен Сейфулиннің өмірі мен еңбек жолы
  8. Сәкен Сейфуллин өлеңдерінің идеясы мен мәні
  9. «Қайталау» теориясы туралы түсінік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ