«Абайды әлемдіктен бұрын, халықтық деңгейге көтеруіміз керек»: Атыраулық ұстазбен ашық сұқбат

1
1926

«Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды» деген елбасының сөзі барды. Сол ана сүтімен берілген қасиеттің шырағын жағатын – ұстаз.

Ол да өзінің басты мақсаты – ұрпаққа ізгі жолды дәріптеу дейді. Менің бүгінгі кейіпкерім – Атырау облысы, Исатай ауданындағы Жалпы білім беретін Новобогат мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, отыз жылдық тәжірибесі бар ұстаз және ерікті түрде қайырымдылықпен айналысып жүрген Бибігүл Төлеуова.

Қарашаш Есенбай: Сәлеметсіз бе, Бибігүл ханым. Сізді желіден көп көреміз, өз парақшаңызға «оқушыларым — ғажайыптарым» деп жазып қойған екенсіз. Әр оқушының бойында ғажайып бір қасиет болады деп ойлаймын. Ал оны ұстаз көре білуі үлкен бақыт шығар?! Қазіргі ұстаздар оқушының қасиетін аша ала ма және өзіңіз қаншалықты ашуға талпынып жүрсіз?

Бибігүл Төлеуова: Иә, «оқушыларым — ғажайыптарым» деп жазып қойғанмын. Бұл ұзақ жылғы тәжірибем, ондағы шәкірттерімнің жетістіктерін көріп, қуанып жазғаным еді. Дұрыс, әр оқушы тұнып тұрған ғажайып қой?! Оны дер кезінде көре білу — мұғалімнің кәсібіне деген сүйіспеншілігіне байланысты. Өзің ашқан бұлақтың үлкен арна болғанын көру, қалыптасқанын бақылаудағы ләззат тіпті ғажайып. Менен жас әріптестерім де «Апай, дарынды баланы қайдан танисыз?» деп сұрап жатады. Баланы көзінен танимын! Әр баланың жанары оның бойындағы таланты мен дарынынан хабар береді, ол сенен көмек күтіп отырғандай болады. Бірақ әр бала қабілетті әртүрлі көрсетеді, мысалы кейбірі өте белсенді болса, кейбіреуі үн-түнсіз көрген-білгенін ішіне түйіп отырады. Осы жағдайда олардың жанары алдамайды. Инстаграм парақшамды көрсеңіздер, шәкірттерімді арнайы хэштегпен жариялап отырамын. Олардың әр бірі жеке тұлға, өз таңдаулары бар адам болып өсіп келе жатыр.

«Ұстаз қаншалықты қабілетін ашуға ат салысады?» дегенге келер болсақ, қазіргі оқушылардың басым көпшілігі шығармашылық бағыттағы жұмыстарға араласуға құлықты болмай бара жатыр. Оған себеп олардың гаджеттермен көп уақыт өткізуі, кітап оқымауы деп ойлаймын. Екіншіден, сол баланы қызықтыра алатын, баланы өз бойындағы қасиетке сендіре алатын ұстаздар да азайып бара жатыр. Мектепке жұмысқа келетін ұстаздардың көбі мұғалімдікті 40 минуттық сабақпен ғана өлшейді. Тапсырылған сабақты беремін, соған қатыстыны жасаймын, өйткені сол үшін ғана ақша алып отырмын дейді. Яғни, ұстаздықты тек еңбекақымен ғана өлшейді. Сондайды көргенде қарнымыз ашады…

Қарашаш Есенбай: Байқайсыз ба, жетістікке жеткен адамдардың өмір тарихынан көбіне ұстаздары бала кезінде «Адам болмайсың!» деп айтқанын жиі оқимыз. Өзім де көп мұғалімнің балаға сенімсіздік білдіріп, арманына «балта шапқанын» көрдім. Мысалы, актер болғысы келетін балаға «сенен актер шықпайды, мұғалім боласың» дейтін ұстаздар бар. Меніңше, ұстаз оқушы үшін шешім қабылдаушы емес, жол нұсқаушы болуы керек секілді. Осы жерде сіздің ойыңыз қандай?

Бибігүл Төлеуова: Мұғалім алдында отырған оқушының барлығының неге қабілетті, болашақта қандай адам болатынын біле алмайды деп ойлаймын. Қандай дана ұстаз болса да, ол мүмкін емес! Себебі алдыңдағы бала күн сайын дамып, талғам-дүниесі өзгеріп отырады. Сондықтан да мұғалім оған жол көрсетуше емес, тәлімкер болуы керек. Ал болашағы қандай боларын бала өзі шешеді, біз тек дем берушіміз.

Өзіміз де кейбір баланың мінездеріне налып, сенімсіздік білдірген кездеріміз болды. Өзара ішімізде «Осы кім болар екен?» деп айтып қалатынбыз, кейін араға жылдар салып сол балаларға қарасақ біз ойламаған салада жетістікке жетіп жатады. Сондай да өзіңнің қате пікірлеріңді мойындайсың! Кейін сол қателікті қайталамайын деген оймен алдыңда отырған әр балаға сеніммен қарауға тырысасың.

Жаңартылған білім берудің бір жақсы тұсы, баладан тек теорияны ғана талап етпей, оның бойына дағдыларды қалыптастыруға назар аударасың, өз ойын еркін айтып, керегін ала білуіне басымдық бересің. Ендігі жерде мектеп оқушылары толыққанды азамат болып шығады деп сенемін. Себебі олар бұрынғы оқушылар сияқты мұғалімнің алдында қымсынып тұрмайды, ойын еркін айтады. Өз пікірін дәлелдей алады және ақпараттық ағымның әсерінен қоғамдық және әлемдік жағдайлардан хабардар болып отырады. Оған қазіргі оқулықтардың да ықпалы бар.

Қарашаш Есенбай: Оқулықтар демекші, оқулықтар көп ауысады. Жалпы бізде білім беру жүйесі жиі өзгерістерге ұшырап, реформалар жаңалана береді. Көп жылдық тәжірибелі ұстаз ретінде қазіргі білім жүйесі мен мектеп сатысы қандай болуы керек деп есептейсіз?

Бибігүл Төлеуова: Өзім қазір мектепте болып жатқан реформаларды қолдаймын. Әрі ол ортасынан қосыла қалған жоқ, бұл реформалар он жылдан бері кезең-кезеңімен жүріп келеді. Бірден басталған жүйе емес, бұған көшу үшін алдымен мұғалімдердің деңгейін көтерудің жолдарын қарастырды, арнайы курстар өткізді. Өзім де 2013 жылы бірінші деңгейлі курстан өткен болатынмын. Сосын біз өз мектебімізге келіп өзге ұстаздарға соны үйретіп, коучинг-секциялар өттік. Өз кезегінде екінші, үшінші деңгейден өткен мұғалімдер де өз біліктіліктерін жетілдірді.

Жаңартылған мазмұнда білім беруді Кеңестік жүйемен салыстарғанда, бұл жүз пайыз мектеп, мұғалім, сынып, оқушы деген ұғымдарға жаңаша түсінік қалыптастырған реформа деп ойлаймын, сондықтан қолдаймын! Енді мектептегі мұғалімдердің бірін-бірі оқытуы, көшбасшылық жұмыстар шетке қалып қоймаса екен. Өйткені ол мектепті, оқушыны дамытуға әсер етеді. Алғашқы кезде бұған ақы төленетін еді, кейіннен ол тоқтағасын саябырсып қалғандай… Білім беру басқармаларынан, әдістемелік бөлімдердің осы бағыттағы жұмыстарды насихаттамауынан да бәсеңдеп қалды ма деп ойлаймын. Бірақ осы жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылданды, сол тұста осы істер қайта қолға алынады деп үміттенемін.

Қарашаш Есенбай: Қазіргі жас буын мен өзіңіз алғаш сабақ беруге келген буынның арасынан қандай айырма байқайсыз?

Бибігүл Төлеуова: Мен алғаш мектепке келген кездерімде еске алғанда өзімді жолым болған ұстазбын деп ойлаймын. ҚазақКСР-нің еңбек сіңірген мұғалімдері Қыдырова Бақытжан, Зұлқашов Өтепқали деген ұстаздар еңбек ететін ұжымда жұмысымды бастадым. Бұл — сол кезде облысқа танымал ұжым еді. Біздің ұжымға бірінші орынға еңбек тәртібі қойылатын. Қай сала болмасын, жас маман келген кезде еңбек тәртібінен бастап үйреуі керек, сол арқылы жауапкершілік қалыптасады. Жұмысқа енді келген әріптестерімізбен бірге әр күн сайын қортынды жасап, жұмысымызға есеп беретін едік. Сол кезде аға буынның талабынан шығуға тырыссақ, ол бірте-бірте жұмысымызға деген адалдық болып бойымызда қалыптасты. Қазіргі жас буынға қарсап отырсақ, кінә бізде секілді көрінеді. Себебі бізге қойған талаптар мен тәртіпті оларға қалыптастыра алмай жатырмыз. Мен мектепке алғаш жұмысқа келген кезде үлкен ұстаздар біздің киіміз бен сәлемдесуімізге дейін көздерінің астымен бақылап отыратын. Ескертулерін де ұмытпайтын… Біз оны шын көңілмен қабылдайтынбыз, ал қазіргі қарым-қатынас мәдениеті өзгерген. Біреуге сын, не кеңес айтсаң олар этика бұзушылық, жеке басқа өту деп есептейді.

Соның кесіренен де жас мұғалімдер «өзім білем» деген түсінікпен өз ішкі мәдениетімен жүріп келе жатыр. Бәрін бірдей қаралауға болмайды, бірақ келесі буындардың қандай болары алаңдатады.

Қарашаш Есенбай. Бұрынғы бір жазбаңызда «Мен өз елімнің саналы азаматы, ұрпақ тәрбиешісі ретінде еліміздегі білім беру және тәрбиелеу саласындағы оң өзгерістер мен сан салалы істерге бар күш- жігерімді жұмсаймын. Әсіресе, елдің ынтымақ – бірлігі мен жастардың ой- өрісін, рухын көтеру бағытындағы жұмыстарға атсалысамын. Осы мақсаттағы өзімнің басты қаруым — ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасы болмақ» деген екенсіз. Жақында ғана президентіміздің мақаласындағы ойлар сіздікімен сәйкес келіп тұрғандай?! Әдебиетші, әрі ұрпақ тәрбиеленушісі ретінде айтыңызшы, елімізді атағанда Абайды әлем білуі үшін қандай жобалар қажет?

Бибігүл Төлеуова: Елбасымыздың «Қазақтың иделогиясы — Абай болуы керек» деген сөзін оқыған едім. Өзім сол туралы жиі ойланып жүрдім. Орта мектепте «Абайтану» курсы оқытылады, төрт жыл бойы Абайдың өмірі, танымы дәріптеледі. Бірақ ол балаларға қызықсыз, сондықтан форматын өзгерту керек секілді. Сонда ғана Абайды әлемдік тұлғаға айналдыра аламыз. Осы жылдың жазында Атырау облысы жастарының арасында «Самғау» деген жоба өтті. Аталмыш жобаға олардың ұсынысымен тренер болдым. Жастарға Абайды осындай форматтағы жобалар арқылы таныту керек екен.

Өткен жылғы «Самғау» жобасындағы тақырыбы — жастардың білім алуы, еңбекке орналасу дағдыларын дамыту болды. Сондай тренингтер Абай шығармашылығына, Абай идеяларына негізделіп жасалса, құба-құп. Солай насихаттау балаға, жастарға тиімді екенін байқадым. Себебі партада отырып үйреткеннен, еркін алаңда үйрету әлдеқайда пайдалы боларына көзім жетті.

Тағы бір айта кетерлігі, біздің елімізде атаулы мерейтойлар аясында өтетін шаралар, оқушылар мен студенттер арасында шектеліп қалады. Абайды әлемдік деңгейге көтермес бұрын, халықтық деңгейге көтеруіміз керек. Мысалы, бізде мектеп оқушылары арасында өтетін «Абай оқулары» деген шараны бүкіл халықтың деңгейге көтеруге болады ғой?! Ресейде жыл сайын «Пушкин оқулары» халықтың деңгейде ерекше аталып өтеді.  Сондықтан Абайды танытуды өз ішімізде жолға қойылуы керек. Оны тек челлендж не, эстафета деп қарастырмай, жылма-жыл өтетін шаралар ретінде қарастырған дұрыс.

Президентіміз өз мақаласында Абайдың туған жерін көркейту туралы да айтқан екен. Бұл да жерді көркейту арқылы, өзгелерге туризмді насихаттаудың жолы болар еді деп білемін.

Қарашаш Есенбай: Тек сабақ беріп қана қоймай, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүресіз. Көбіне қайырымдылық жасап, біраз баланың еміне көмектестіңіз. Осы тұста қайырымдылықпен айналысудың қиындықтарына да тоқтала кетсеңіз. Өйткені бізде әлі де еріктілер мәдениеті қалыптаса қоймады, бқл жайт нәтижелі жұмыс істеуге кедергі келтіре ме?

Бибігүл Төлеуова: Шыны керек, мұғалімнің қоғамдық жұмыстарға белсене араласып кетуіне уақыты да бола бермейді. Бірақ қалаған адам мүмкіндік табады екен. Соңғы кезде еріктілердің басын қосып, қайырымдылық шараларына ат салысып жатырмыз. Басқа өңірді білмеймін, Исатай ауданындағы Хамит Ерғалиев ауылындағы адамдардың қайырымдылыққа деген көзқарасы жақсы. Көмек сұрап, бұйымтай айтсақ, ешкім бетімізді қайтармайды. Әсіресе, жастардың белсенділігі көңіл қуантады. Ауылымызда «Мейірім», «Иман жастары» сияқты жастардың еріктілер тобы бар. Солармен жиі байланысып, жұмыс істейміз.

Әрине, көпшілік болған соң «астарында пайда табу жатыр» деп ойлайтындар да табылып жатады. Бірақ өзгелер солай ойлады деп өз бағытымнан қайта алмаймын! Қолдан келгенше мұқтаждарға көмек бергім келеді. Мен жалғыз емеспін, қолдаушыларым бар. Көмек сұрап келгеннің бәрімен сөйлесіп, толық көз жеткізіп алған соң ғана қол жинаймыз.

Қарашаш Есенбай: Осы жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Осының аясында ұстаз ретінде қандай жобалар атқарып жатырсыз?

Бибігүл Төлеуова: Жастардың еріктілер тобы әр жерде көптеп құрылып жатыр. Олардың барлығы дерлік өз еріктерімен, қалауларымен жасақталғаны қуантады. Мысалы, «Мейірім» деген топтың жетекшісі — 11 сынып оқушысы Айнұр Қайралиев деген қыз. Өз бастамасымен құрып, ауыл ғана емес, аудан көлемінде шаралар ұйымдастырып жүр. Сондай еріктілердің шығуы — өзгелерге мотивация. «Еріктілер жылы» қоғамды ізгілікке шақыратын жыл болады деп сенемін.

Ал, өзім «бұл жылда үлкен жоба қолға алып жатырмын» деп айта алмаймын. Бірақ қайырымдылықты дәріптеп, шәкірттеріммен бірге жүруім де өзімнің жетістігім деп есептеймін. Ауылдағы еріктілер тобының мүшелерінің барлығы дерлік өз шәкірттерім.

Менің маңызды жобам – өз істерім арқылы шәкірттерімді қайырымдылыққа, еріктілер жұмысына тарту, мотивация беру. Бүгін ғана білім отырмын, бес шәкіртім халықаралық UNICEF қорының қазақстандық бөлімі ұйымдастырған бір жобаға қатысып жатыр екен. Осындай балалардың ерікті түрде бас қосып, ізгілікпен өздері айналысып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады емес пе?!

Қарашаш Есенбай: Дұрыс айтасыз! Өзіңізге ұқсайтын шәкірттеріңіз жақсылықтарымен қуанта берсін. Тамаша әңгімеңіз үшін рақмет!

MARTEBE.KZ


1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ