Адамдардың өмірде көп жіберетін 5 қателігі

0
1556

Бәріміз өмірде көп қателік жібереміз. Олар мансабымызға ізін қалдырады, мақсатымызға жетуге кедергі келтіреді және ұзақ уақытқа жолымыздан тайдырады. Біз адамдардың ең көп жіберетін қателіктері жайлы және оларды болдырмаудың жолдары жайлы әңгімелемекпіз.

1. Күте алмау

Қырық жыл бұрын Стэнфорд университетінің (АҚШ) ғалымдары тәттілермен қызықты бір экспериментті бастаған болатын. Эксперимент жақында ғана аяқталды. Оның мәні мынада: кішкентай баланы бөлек бір бөлмеде креслоға отырғызып, зефир жеуді ұсынған. Алайда оған таңдау жасау ұсынылды. Бала зефирді дәл қазір жеуіне болады немесе он бес минут күтіп екі зефир жей алады. Яғни, дәл қазір – біреу немесе, кейін – екеу.

Кейбір жағдайларда балалар шартты соңына дейін тыңдамай зефирді жеп қоятын болған. Бірақ белгіленген мерзімде шыдамдылық танытып, лайықты марапатын алғандар да болды.

Стэнфордтық зефир экспериментінің нәтижесі жетпісінші жылдары жарияланды, бірақ ғалымдар осы экспериментке қатысқан балалардың тағдырын әрі қарай бақылауды жалғастырған. Және бекер емес, өйткені бір қызық жайтты анықтаған. Біраз күтіп, екі зефир алған балалар біріншілеріне қарағанда өмірдің барлық саласында табысқа жеткен.

Демек, күте білу – өмірде табысқа жетелейтін жақсы қасиет.

Біз бұл жайлы бұған дейін бір емес, бірнеше рет естігенбіз. Бірақ дегенмен, күш жігерге байланысты көптеген зерттеулер мен өз-өзіңді басқару сұрақтарына келгенде адамдар шешім жасарда қызбалыққа салынып кетеді.

Бұл қателікті қалай болдырмауға болады? Асықпаңыз. Асығыс шешім қабылдамаңыз. Күте біліңіз, сонда міндетті түрде лайықты марапатталасыз.

2. Дұрыс емес мотивация

Адамдар ұзақ мерзімді шешім қабылдаудан қорқатынының бір себебі, олар жалпы не қалайтынын білмейді. Егер сіз не қалайтыныңызды білмесеңіз, бірінші ұсынысқа келісе кететініңіздің еш таңғаларлығы жоқ.

Бірінші табысқа жете бастағанда (ғылыми дәреже алғанда, жалақыңыз немесе қызметіңіз өскенде) сіздің алдыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылады. Егер неге ұмтылып жүргеніңізді білмесеңіз, онда сізді жолдан тайдыру оңай болады.

Көптеген адам өздеріне не керек екенін білмейді. Олардың басты мақсаты басқалардың көзінде жақсы көріну. Мұның дұрыс емес екенін айту қажет пе?

Ойланыңыз, істеп жатқан ісіңізді не үшін істеп жатырсыз және айналысып жүрген ісіңізді не үшін істейсіз?

Бұл сұрақтардың жауабын заманауи жазушылардың мотивациясын қарастыра отырып іздеп көрейік. Жазушы кітапты не үшін жазады? Негізгі екі себеп бар:

— Баспамен келісім шартқа отырып, қаламақы алу;

— Классикаға айналатын кітап жазуға тырысу, атын шығару.

Көптеген жазушы кітабының табысты болуын қалағанын айтқан. Олар классик боламын деген ұзақ мерзімді мақсатын құрбан етіп, табысты кітап жазғысы келген.

Мансап жолын енді бастаған немесе басқа істі бастаған адамдарға да осы қағида шындыққа сай. Олардың басты мақсаты жай ғана дәрігер, кәсіпкер, аспирантура түлегі немесе тағы басқа болу. Бірақ түптеп келгенде мұның бәрі беделін ойлау. Бедел мен сырттай табысты болып көріну оларға мықты маман болудан әлдеқайда маңызды.

Бұл қателікті қалай болдырмауға болады? Сіз шын мәнінде нені аңсайсыз, соны ойлаңыз. Мақсатыңыз не? Оған жету үшін күш сала аласыз ба? Осы сұрақтарға барынша шынайы жауап беріп көріңіз.

3. Бәрін бірден алуға ұмтылу

Нақты бір мысалды қарастырайық. Жас америкалық жазушы, бірнеше кітаптардың авторы Райан Холидейді алайық. Оның мансабы қалай құрылды?

Баспа жас жігітке әлі де жазылып бітпеген тұңғыш кітабына келісім шарт ұсынды. Әрине, Холидей бұған қатты қуанды және қуанышын елдермен бөлісті. Бірінші кезекте ол бұл жаңалығын ұстазы жазушы Роберт Гринге айтты. Алайда ол бұған салқынқандылық танытты.

Иә, ол өз шәкіртінің бұл сәттілігіне қуанды, алайда оған біраз күт деп кеңес берді. Грин Холидейді кітап жазуға әлі жас деп есептеді (сол кезде ол 22-де еді). Оның ойынша, Холидейге біраз тәжірибе жинап, жазушылыққа біраз машықтануы керек еді.

Холидей бұл кеңеске құлақ асып, асықпады. Және бекер емес: алдағы бірнеше жылда ол біраз тәжірибе жинап, жазушылық өнерін дамытты.

Ол тамаша кітапты 22 жасында жаза алар ма еді? Ол кітабы классикаға айналар ма еді? Біздің ойымызша, жоқ. Қандай да бір маңызды шешім қабылдамас бұрын, осы мысалды еске алыңыз. Сіз дәл қазір шынымен таңғаларлық бірдеңе жасай алар ма едіңіз? Өзіңізге шынымен сенімдісіз бе? Бұл сұрақтар қарабайыр көрінгенімен, маңызы бар сұрақтар.

Нақты не қалайтыныңызды елестете алған кезіңізде, бұл сіздің санаңыз бен денеңізді мақсатыңызға жету үшін программалай бастайды. Өз шектеулерімізден асып шығу үшін бұдан да зорына лайықты екенімізді сезіне алуымыз керек. Сол кезде шынайы өмір сіздің үмітіңізді ақтайды.

Энтони Роббинс (Tony Robbins), кәсіпкер және жазушы

Күте білгеніңіздің басты марапаты – соңында кім болатыныңыз. Сіз жасаған ісіңізге риза болуыңыз керек, жүріп өткен жолыңызға риза болуыңыз керек. Сіздің өз-өзіңізбен жұмысыңыз – бұл сіздің бейнеңіз. Бұл жұмыс сізді тұлға ретінде анықтайды.

Бұл қателікті қалай болдырмауға болады? Шынымен лайықты нәтиже адамнан тыңғылықты жұмыс пен толықтай берілуді талап етеді. Бір сәтте табысқа жетемін деп ойламаңыз. Күте біліңіз.

4. Маңызды сәтті жіберіп аламын деп қорқу

Көп адамды «Мен ұзақ күтіп қалған жоқпын ба?» деген сұрақ мазалайды. Іске кірісер алдындағы кідірісті кейінге қалдырылған марапатпен шатастыруға болмайды. Екеуі екі бөлек дүние.

Прокрастинация мен артық перфекционизм – кешеуілдету мен әрдайым кейінге қалдыруға әкелетін екі ауру. Оларға берілмеңіз.

Қашан іске кірісу керек екенін сіз бірден ұғасыз. Сонымен қатар өзіңді дайын сезіну де жеткіліксіз. Уақыт келгенін көрсететін нақты дәлелдер болуы керек. Бәрі сіздің басыңызда ғана емес, шынайы өмірде жүргізілуі тиіс.

Бұл қателікті қалай болдырмауға болады? Әрекет ететін уақыт келгенін түсінген уақытта, батылдығыңызды жоғалтып алмаңыз. Жағдайды мың рет санаңызда ойластырып, одан да қолайлы уақытты күтіп қалмаңыз.

5. Сәтсіздіктен қорқып әрекет етпеу

Мақсатыңызға жақындау үшін әрекет етуді бастасаңыз, міндетті түрде қиындықтар мен мәселелерге ұрынасыз. Бір реттен бәрі ойдағыдай бола бермейді және бұл қалыпты жағдай.

Мұнда ең маңыздысы бірінші сәтсіздіктен кейінгі сіздің амалдарыңыз. Бәлкім сіз бәріне қол сілтеп, ағыспен жүре беруге шешім қабылдайтын шығарсыз. Маңыздысы берілмеу.

Өзіңізге уақыт беріп, сәтсіздіктен неден болғанын саралау керек. Ал кейін тағы бастап көріңіз. Ойыңыздағыны іске асырған соң бұрын-соңды сезінбеген сезімге бөленесіз.

Бұл қателікті қалай болдырмауға болады? Сәтсіздікке ұрынамын деп қандай да бір қадам жасаудан қорықпау керек. Істемей өкінгеннен, істеп өкінген әлдеқайда жақсы.

Қорытынды

Өміріңізді құрдымға әкететін бос қателіктерге ұрынбас үшін мына ережелерді ұстаныңыз:

— Кейде бірдеңені бастамас бұрын сәл күте тұрған дұрыс;

— Неге қол жеткізгіңіз келетінін нақты білу;

— Өз ісіңізге, өз күшіңізге сенімді болыңыз;

— Қызу шешімдер қабылдамаңыз.

Осы ережелерді ұстанатын болсаңыз өмір сүру жеңілдей түспек.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ