Өңірдегі өмір  

0
1212

            Ұзақ жылдар бойы ұрпаққа білім дарыту, тәрбие беру ісімен айналысып келе жатсам да алғаш еңбек жолын аудандық газеттен бастағанымды  мақтан етемін.Дипломды қалтаға салып алған соң «Ильич жолы» деп аталатын  аудандық газетке әдеби қызметкер болып орналастым. Ол кезде жұмысқа жіберетін оқу орнының өзі. Газеттің негізгі бағыты ауыл шаруашылығы екен. Алғашқы іссапарымның тапсырмасы  қызылшаның технологиясы жөнінде болды.Плантацияға  баруын бардым, бригадирден сұқбатты алуын алдым.Маған белгісіз кәсіби жаргондармен ол кісі біраз сөйлеп берді.Қазіргідей дыбыс жазу құралдары жоқ ол кезде,блокнотыма үлгергенімді жазып алдым. Ертесіне мақалаға кірісейін  десем,неше түрлі түсініксіз,бір –бірімен байланысы жоқ нәрселер жазыппын, мақала жазылмады, өзім қызылша  ағаштың басында ма, әлде жердің астында өсе ме, ол жағынан бейхабар екенмін.Яғни жазатын тақырып төңірегінде дайындық та болмаған.Қазіргідей интернеттен алып жазу деген түске де кірмейтін кез.Сонымен газетте «дырка» бар,оны жасаған жаңадан келген журналист деген шу шықты. Газет тікелей аудандық партия комитетіне бағынады,ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі  Ысқақ Дүйсекенұлы Молдафин  деген кісіден алғашқы сөгісті алдым. Алғашқы  бата тиген өндірістік «таяқтан» кейін ширай бастадым. Теориямен қаруланып келген адам енді тәжірибемен шыңдалайын дедім.

      Аудандық газеттің «бұрқ-сарқ қайнап жататын қазанында піскен» журналистер журналистиканың қай саласында болмасын оза шабары анық. Сондықтан да өңірлік баспасөз — кадрлардың теориялық білімдерін тәжірибемен бекітуіне үлкен ықпал жасайтын мектеп . Бұл ретте әрине,елдің ертеңі үшін қызмет ететін ,ұлттық руханиятқа, қоғамдық өмірге үн қосатын көсемсөзшілерді дайындайтын журналистика факультетінің маңызы ерекше екені даусыз.  Біздің факультетте  бұрынғыдай емес, журналистер даярлауда алға басушылық  бар. Өйткені, Болонь үдерісі деген халықаралық стандартқа көшіп, республика оқу орындарының ішінде алғаш рет инновациялық- технологиялық өзгерістермен оқытуды бастаған осы әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті болатын. Сондықтан,ҚазҰУ-дың дүние жүзі елдері алдындағы беделі жоғарылай түсті.Әлемдік ең озық, «үздік 300 топ» деген бар ғой, содан орын алу — үлкен мәртебе. Қасиетті бабамыз  есімімен аталған оқу ордасы — Ұлыбританияның  жер жүзіне белгілі Quacquarelli Symonds (QS) әлемдік  халықаралық агенттігі  өлшемдері бойынша 236 –орынға іліккен болатын . Әрине, тек атақ қана емес, оқу үдерісіне де өзгерістер көп енді, жаңа тәсілдер қолданыла бастады, бүкіл процесс электронды жүйемен іске асатын болды.Бизнес инкубаторлар ашылып, Stаrt-up жобалар жүзеге асып,студенттерді жаңалық ашуға бағыттау жолға қойылуда. Жас ғалымдардың озық идеяларын қолдау арқылы ұлт ғылымын өрістету дами түсуде.Кембридж, Оксфорд сияқты әлемге аттары әйгілі оқу орындарының оқу бағдарламаларына сәйкестендіріп оқытуды және өзіндік ерекшеліктерімізді ескере отырып дамытуды алға қойған оқытушы-профессорлар  қауымында бүгінде тыныштық жоқ. Өйткені, қағазы сарғайып кеткен, атам заманғы жазылған дәрістерді оқып, шәкірт алдына шығу дегеннің дәурені өткен. Оларға күнделікті жаңа дүние ұсыну, әлемдік құбылыстардан хабардар етіп отыру, тәжірибемен ұштастыру, жаңа технологияларды меңгертуге әр ұстаз ұмтылған кезең.Уақыттың талабы сол. XXI  ғасыр ақпараттар ғасыры деген осыдан байқалады.

              Бәсекеге қабілетті маман дайындау деген де өте маңызды мәселе. Бәйге, бәсеке деген қай заманда да болған ғой… Кім білімді болса, кім қабілетті , қарымды болса, кім қолға алған шаруасын шырқ үйірер жылдам, пысық болса, осының бәрін мобильділік деп атап жүрміз    — табыс, үлес соныкі. Бұл қасиеттер әсіресе, журналистерге қатысты.Әлемдік, отандық жаңалықтарды білгісі, көргісі келіп шөліркеп отырған халықты ақпаратпен қамтамасыз ететін ең алдымен осы журналистер.Әрине, оқу орындарының еш қайсысы әлдекімнің төбесін ашып, білімді құйып бермейді, оқытушылар оларды ынталандырады, шәкірттің мектепте алған білімін жетілдіреді, алатын кәсібіне сай мамандандырады, талантын ,қабілетін ұштайды. Тіпті жастардың отбасында алған сәтсіз тәрбиесінің жағымды жаққа қарай өзгергенін көріп, қуанатын кездеріміз де баршылық. Тек дәрісімізді оқып бола сап, аудиториядан шығып кетпейміз. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы»  дегенді ескеріп, елі, халқы үшін  ардың ісін арқалайтын азаматтар тәрбиелеу ұстаздар қауымының  ар-ұжданының алдында жауап берер қасиетті ісі екенін әрдайым мойындауымыз керек. Сол үшін де жастар тәрбиесіне көп көңіл бөліп, аналық, ұстаздык парыз ретінде көмек көрсетуге ұмтыламыз.

            Жетістік деген оза шауып, бәйге алуда емес, алдымен адам бола білуде, ал адам болу — адами қасиеттерді жоғалтпау.Адамның басқа жан-жануардан өзгешелігі – ар -ұятты білуінде, соны сақтауында, нәпсіге тыйым сала алуында.Сондықтан, алдымен әйтеуір адам болып өмір сүру емес, арлы, намысты адам болып өмір сүру аса маңызды. Болашақ ұрпағыңның ата-бабасы үшін ұялып өмір сүрмеуіне деген адами  жауапкершілік жадыда әрдайым болуы қажет.

            Жас маманның өңірдегі өмірі жайлы сөз болған соң, болашақ журналист болғысы келетін жастарға ескерте кетер тағы бір жайды айта кетейін. Бізде ҰБТ нәтижелеріне  ешқандай тәуелділік жоқ. Аттестаттағы жалпы журналистикаға қатысты екі пәнді , атап айтқанда қазақ тілі мен Қазақстан тарихының бағаларына қараймыз. Сонан кейін барып екі шығармашылық емтиханның бағаларын қосамыз. Жалпы  аттестаттағы баллдың,  мемлекеттік оқу ордаларына баратындардың, 70 пайыздан төмен болмауы жөнінде ҚР ҒБ Министрлігінің шығарған заңын басшылыққа аламыз. Бәсекеге қабілетті мамандардың дайындалуы оқу орындарының аздығына немесе көптігіне байланысты емес. Ол берілетін білімнің сапасына қатысты. Ал білім сапасы оқытушылар құрамының біліктілігіне қатысты. Оқытушы тек білімділігімен ғана емес , өмір сүру дағдысымен де, жан-болмысымен де үлгі болуы тиіс. Әрине, жаңалыққа жаны құмар жастардың ортасында жүріп, өмірдің дамуына ілесе алмауға, күнделікті болып жатқан өзгерістерге  бей-жай қарауға қақымыз жоқ.Замана беталысы — тек алға ұмтылу.

 

         Клара Қабылғазы,
әл Фараби  атындағы Қазақ Ұлттық
университетінің профессоры

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ