Адамзатты аман сақтап қалған ит

0
5024

Жер бетіндегі өмір сүріп жатқан жануарлардың арасында адамзат баласына ең жақыны — ит.  Ит адамның қолға үйреткен ең алғашқы үй хайуаны. Аңыз бойынша Адам ата мен Хауа ана өмір сүрген кезеңде алқапты топан су басып, барлық егін суға ағып кеткен екен. Сонда адамзатқа ерген алғашқы жануар ит- бір уыс масақты судан тістеп алып шыққан дейді. Сол масақты келер көктемде Адам ата мен Хауа ана жерге егіп, тіршіліктерін жалғастырыпты. Міне, содан бері осы бір ақылды жануар адамның айнымас досы болып келеді.

Иттерге тән қасиет — адалдық, сезімталдық және төзімділік. Осындай ерекше қаситеттері мен адамның да қолынан келе бермес ерліктері үшін құрметке бөленіп, тіпті мүсін орнатылған, аттары аңызға айналған  иттер тарих жадында сақталып қалған.

Біздің заманымызға дейінгі төртінші ғасырда Коринф қаласын қарсыластары жаулап алады. Бірақ соғыс кезінде тосыннан жауған қатты нөсер мен дауылдың кесірінен жау әскерлері қаланы тастап, шығысқа қарай ығысуға мәжбүр болады. Қала тұрғындары бұл жағдайға қатты қуанып, тойлап, тыныш ұйқыға кетеді. Алайда, түн ішінде жау әскерлері қалаға қайта шабуыл жасайды. Осы кезде жаудың тосыннан таяп қалғанын сезген Сотэр есімді ит Коринфаның бүкіл гарнизонын оятып, белгі береді. Сотэрдің арқасында олар жеңіске жетеді. Осы ерлігі үшін оған тірі кезінде мүсін тұрғызылып, «Коринфаның қорғаушысы және құтқарушысы» деген жазуы бар күміс мойынбау сыйға тартылған.

Әлемдегі ең атақты мүсіндердің бірі Париж қаласындағы Сена өзенінің бойына орнатылған. Бұл мүсін кішкентай балақай құшақтап тұрған Сенбарра Барри деген қаһарман итке арналған. Ескерткіштегі «Қырық адамды ажалдан арашалаған Барриге» деген жазудың астарында мынадай аңыз жатыр: Альпі шіркеулерінің бірінде күзетші боп жүрген Барри бірде қар астында қалған қырық адамды құтқарып шығады. Қайтадан жолға шыққан ол, қар астында көмулі қалған тағы бір жолаушыны тауып алады. Әбден тоңып қалған адамды жылыту үшін Барри оның бетін жалай бастайды. Әлгі адам есін жинай бастайды, бірақ дәл алдында тұрған итті көріп, қасқырмен шатастырып, сол жерде оны өлтіріп қояды. Дегенмен аңыздың басқа да нұсқалары кездеседі. Кейбір нұсқаларға қарағанда, қырық бірінші жолаушы ақылды итті өлтірмеген. Өйткені ол кішкентай бала болатын.  Барри есінен танып жатқан баланы тауып алып, жылытып, аман-есен шіркеуге жеткізген. Барри осы оқиғадан кейін 12 жыл өмір сүріпті.

Келесі қаһарман, балалардың сүйікті кейіпкеріне айналған ит — Бальто. Ол 1925 жылы Алясканың Ном аймағын жайлаған індетті тоқтатқан. Ауруханаға тез арада эпидемияны тоқтату үшін шалғайда орналасқан Анкоридж қаласынан дәрі жеткізу керек болады. Тұрғындар ешбір көліктің көмегі болмайтынын біліп, ойлана келе, иттер жегілген арбамен сапарға шығуды дұрыс деп табады. Қатал ауа-райына қарамастан, көзге ештеңе көрінбейтін боранды күнде жолға шыққан бірнеше иттің ішінде Бальто да бар еді. 53 шақырым жол жүріп, үсуге шақ қалған Бальто, иттердің қосынын айдап барған Гуннар Каасенмен бірге ақыр аяғында алға қойған міндеттерін толық орындап шығып,  АҚШ-тың «батыры» атанды. Балто 1919 жылдың 10 ақпанында Алясканың Ном қаласында туылған.  Өмірінің бірнеше жылдарында тауға тамақ тасумен айналысқан. Кейінірек Огайо штатындағы  Кливленда зообағында болып, 1933 жылдың 14 наурызында өлген. Бальтоның ерлігіне бір емес екі мүсін орнатылды. Біріншісі Ном қаласында, ал екіншісі Нью-Иорктегі Сентрал саябағында.

Белоруссияның Минск облысындағы Несвижской саябағында ерекше бір мүсін бар. Тас тұғырдың үстінде жабырқаулы  кейіппен алысқа көз тіккен ит отыр. Ескерткіште ешқандай белгі немесе жазу жоқ, тек  1896 деген сандар ғана бар. Осындай мүсінге бұл иттің не үшін лайық болғаны әлі күнге белгісіз. Мүмкін, ол бар болғаны иесінің сүйіктісі болған шығар, бәлкім өз заманының қаһарманы атанды ма екен?!

«Ит жанды» деген сөз текке айтылмаған. 1958 жыл жапондық зерттеушілер қақаған қыста полярдағы қар үйін тастап кетуге мәжбүр болады. Зерттеушілер иттерін алып кетуге мүмкіндіктері болмай, оларды шарасыз қалдырып кетеді. Кейіннен суық аймақта адал өлімге бас тіккен иттерге Осака қаласында үлкен ескерткіш орнатылады. Келер жылы  полярға қайта оралған жапондықтар таң қалысады. Өлдіге санаған иттер қожайындарын үй алдынан тосып алады. Төрт аяқты жануарлар бір жыл бойы өлім мен өмірдің арасында жүріп, тапқан азықтарымен қоректеніп жүріпті.

Ал ізкесушілік қызметке үйретілген иттердің ішіндегі ең атақтысы голландиялық Лео есімді овчарка. Ол Амстердам әуежайында  9 жыл қызмет етті. Оның көмегімен есірткіні шекарадан алып өтпек болған 300 қылмыскер құрықталған. 9 жылдық қызметінде Лео әртүрлі жүктерге жасырылған 3 тонна гашиш, 1 тонна марихуанна, 28 тонна героин және 18 тонна кокоин тауыпты. Есірткінің барлығы фармацевтикалық орталыққа дәрі жасауға жіберіледі. Одан мыңдаған доллар пайда түседі. Кейіннен Лео мемлекеттік зейнеткерлікке шығып, құрметпен қартайған иттердің үйіне жіберілген. 

Тарихта итке ең алғашқы ескерткіш XІІІ ғасырда Ұлбританияда орнатылған. Оны Солтүстік Уэльсте  Геллерт деген итін байқаусызда өлтіріп алған Левелин атты князь орнатқан. Өз қожайынының қолынан қаза тапқан ит — бір балақайды улы жыланнан құтқарып қалған екен. Лорд осы ерлігі үшін және өз кінәсін жуу мақсатында Геллертке арнап мүсін орнатуды парызы деп санапты.

Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында тас жартастың үстіне  қоладан құйылған, үлкен дог тұқымды матрос итіне  ескерткіш орнатылған. Оның астыңғы жағына: «Бірінші дәрежелі дог тұқымды даттық матросқа» деген жазу бар. Матрос ит көп жылдар бойы Саймонтаундағы әскери теңіз базасындағы теңізшілердің сенімді әрі сүйікті көмекшісі болған екен.

Ғарышқа ең алғаш болып ұшқан да ит. Лайка, Белка және Стрелка ғарышқа қазақ жерінен аттанып, жерге есен-сау оралды.  Ғарышкер иттердің аттары тарихта мәңгі қалды. Оларға Ресейде ескерткіш орнатылды.

Өмірден озған егелерін ұзақ жылдар бойы сарыла күткен және жандарын пида еткен бұдан өзге де адал иттер жетерлік. Он жыл уақыт елсіз жұрттағы станцияны айналып, иесін күткен Хатико, сосын Бобби, Шепу, Джек бұл сөзімізге дәлел. Бір данышпан айтқан екен: «Адамдарды таныған сайын итімді бағалай түсемін» деп. Қазақ та итті жеті қазынаның біріне жатқызып, төрт аяқты серігінің қадірін бағалай білген. Тіпті, бір ауылды аң аулап асыраған құмай тазылар туралы деректер өте көп.

1018


ПІКІР ҚАЛДЫРУ