Агнозия туралы түсінік

0
2733
Freepik.com

Агнозия (грек. а – қаз. теріс бөл- шек +gnosis – қаз. білім)– бас миы жоғарғы бөліктерінің зақымдану салдарынан адамның қабылдауында танып білу қабілетінің бұзылуы.

Танымдық әрекеттердің (үрдістердің) көру, есту, сипау және басқа түрлерінің зақымдалғанын анық байқауға болады. Мыс., мидың жұлын алабы зақымдалса, адам өзі көріп тұрған суреттерінің бейнесін дұрыс пайымдай алмайды. Оның тек жеке бөлшектерін ғана қабылдайды. Ол сөйлей алса да нәрселердің мәнді белгілерін мәнсіз белгілерінен ажырата алмайды.

Ондай адамдардың ақыл-ойы қалыпты болып көрінгенімен қабылдау үрдісінде ақаулық байқалады.Олардың кеңістікті қабылдауы (сипап сезуі,қимыл-қозғалысы) көру тітіркендіргіштерін күшейту арқылы ғана іске асады.

Мидың желке алабы мен төбе бөлігінің төменгі алаптарының зақымдалу салдарынан кеңістікте дұрыс бағдар таба алмайды.

Ауру өздігінен киіне алмайды, киімдерінің етек-жеңін, шалбарының балағы мен ышқырлығын, камзолының жағасы мен етегін шатастыра береді, өз төсегін де сала алмайды. Ұстаған заттарының тік және көбеу жағдайын ажырата білмейді.

Сіріңке шырпыларынан құрастырылып көрсетілген геометриялық фигураларды өздігінен құрай алмайды, әріптердің таңбасын оңды-солды ауыстырып жазады, қолының саусақтарын дұрыс атап көрсете алмайды.

Есту агнозиясына ұшыраған адамдар нәрселерді дыбыстарына қарай ажырата алмайды, сағат механизмінің соғуын, қоңыраудың сылдырын, иттің үргенін де ажырата білмейді.

Ондай адамдардың танып білуіндегі кемістіктері мидың самай алабының зақымдалу салдары екендігі анықталған. Ондай адамның есту қабілеті болғанымен, айтылған сөздерді ол дұрыс түсіне алмайды.

Ал, сипау сезімдері зақымдалған адамдар өздерінің көрген нәрселерін көздерін жұмдырып, сол нәрселерді сипау арқылы байқап көргенде оларды танып біле алмаған.

Мұндай кемістік мидың төбелік алабының зақымдалғанын білдіреді. Адамның танып білу қабілетінен ажырау себептерін зерттеу нәтижелері ондай адамның зақымдалған мүшелерін емдеп, оқу-тәрбие істерінде арнайы амал — тәсілдер қолданып, оның қабылдауын қалыпқа түсіруге болатындығын көрсетеді.

А. – ми сыңарларының локалды зақымдануы салдарынан адамның бұрын көргенін, естігенін, түйсінгенін қайтадан тани алмауы.

А. төмендегідей жіктеледі:

1) визуалды А. – көз өткірлігінің сақталуының өзінде объектілерді, заттар мен олардың кескіндерін тұтас тани алмау, оларды бөлшектей алмау;

2) тактилді А. – заттар мен объектілерді сипап ұстауда оларды тани алмау немесе өз денесінің локустарын танудың бұзылуы, соматоагнозия деп аталатын дене құрылымы жөнінде аберрациялық, бұрмаланған түсінік;

3) кеңістіктік А. – заттар мен олардың кескіндерін қабылдаудың сақталуында адамдардың түрлерін тани алмау;

4) есту А. – естудің фонематикалық қасиеттерінің, яғни сөйлеудегі дыбыстарды ажыратудың бұзылуы;

5) әріптік А. – оқудың бұзылу түрлерінің бірінің негізінде жататын А. түрі;

6) симультандық А. – бір мезгілде қабылданатын заттар мен құбылыстардың санының күрт азаюы.

Дереккөз: Психология:Энциклопедиялық сөздік./ Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011


ПІКІР ҚАЛДЫРУ