Авиация психологиясы дегеніміз не?

0
1137
Freepik.com

Авиация психологиясы — лат. avis – қаз. құс) – авиация мамандары-ның іс-әрекеттерінің психологиялық заңдылықтарын зерттейтін психология ғылымының саласы.

Бұл ұшқыштарды оқыту мен ұшу кезінде орындалатын істердің жай-жапсарын жалпы адам психикасының әуе кеңістігіне бейімделудегі ерекшеліктерін зерттеп, жоғары дәрежеде ысылған мамандарды даярлап шығару мақсаттарын қарастырады.

А.п. ұшудың қауіпсіздігіне, апаттардың алдын алуға, ұшқыштардың, сондай-ақ, басқа да авиация мамандарының еңбегі мен демалысын тиімді етуге, олардың кәсіби және психологиялық даярлығына назар аударады.

Авиация психологиясы мақсаты – ұшқыштардың, штурмандардың, жер үстіндегі қызмет ма-мандарының іс-әрекеті мен дайындығының психологиялық ерекшеліктерін зерттеу, ұшу экипажының тиімді және қолайлы қызметін қамтамасыз ету, авиацияда жұмыс істеуге кандидаттарды іріктеу, ұшқыштардың психикасына жағымсыз әсерлерді, апаттарды болдырмауға бағытталған.

Ғылыми-практикалық бағыт ретінде XIX және XX ғасырлар тоғысында адамзаттың ұшқыш аппараттарды ойлап табуына және оларды ұтымды да қауіпсіз басқарудағы адам факторы рөлінің арта түсуіне байланысты пайда болды. А.п. негіздері физиологияның, жалпы психологияның, эргономиканың, инженерлік психологияның, еңбек психологиясының, медицинаның әдіснамалық және әдістемелік ережелерінің ықпалымен қалыптасты.

Қазіргі заманғы авиация психологиясының өзекті мәселелері: авиация мамандары іс-әрекетінің психологиялық құрылымдарын; адамның авиациялық, техникалық өзара әрекеттестігінің психологиялық заңдылықтарын зерттеу; ұшу факторының психикалық жағдайын, ұжымдағы тұлғааралық қарым-қатынастардың дамуына әсерін зерттеу; кәсіби жарамдылықты, экипаж мүшелерінің өздерінің іс-әрекет жағдайларына бейімделуін қалыптастыру; апаттылық жағдайларын талдау және т.б.

Ол теориялық және практикалық міндеттерін шешу үшін психология мен физиологияда (сұхбат, бақылау, құжаттарды зерттеу, зертханалық  және табиғи сараптаулар) қарастырылатын әдістемелер кешені қолданылады.

Сонымен қатар, қазіргі кезде А.п. іс-әрекетті талдаудың алгоритмдік әдістемесі, психологиялық модельдеу және т.б. әдістемелері дамуда.

Дереккөз: Психология:Энциклопедиялық сөздік./ Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011

Басқа материалдар:

  1. Абстиненция, абстракция, абулия туралы мәлімет

  2. Психологиялық түсінік. Абазия, аббревиатура, абдикация, аберрация деген не?
  3. Абиотикалық факторлар, абсолюттік есту, шкала, табалдырық деген не?
  4. «Сәттілік серік болсын» атты әлеуметтік-психологиялық тренинг бағдарламасы
  5. Сабақты қызықты өту үшін арналған әдіс-тәсілдер
  6. Оқушылардың өзін-өзі бағалау дағдылары

ПІКІР ҚАЛДЫРУ