АЯЛАСАҢ ТАБИҒАТТЫ АЯЛА

0
5771

Адам — табиғаттың бел баласы. Кім-кімде болса өмірге келген сәттен бастап бұл дүниеден өткенге дейін табиғат бесігінде тербеліп, өзіне қажетін пайдаланып, емін-еркін еркеленеді. Алайда, еркелей жүріп, адам баласы өзін қоршаған ортадағы жан- жануарға тағылық танытпай, зиян келтірмей өткені ләзім.

Алайда адам баласы табиғат-ананы тек аялаушы ғана емес, ол оны құртушы да. Адамның тағылық әрекеті салдарынан талай жануар тұқымымен құрып кетті, баз біреулерінің азайып кеткені сонша — бүгінде жер бетінен жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Сондықтан да, табиғи тепе-теңдікті сақтап, жан-жануарларды қорғау мақсатында мемлекет тарапынан пәрменді шаралар іске асуда. Соның бірі — Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 4 қыркүйек күні қол қойылған N1140 қаулысы. Аталған қаулыға сәйкес жануарлар әлемін қорғауға бағытталған заңдарды бұзу нәтижесінде келтірілген зиянның орнын толтыру көлемі бекітілген болатын. Яғни, қаулыда түрлі жан-жануарлардың, балықтар мен құстардың, жәндіктердің жалпы тізімі беріліп, оларды мөлшерден тыс атқан, аулаған күнде қандай көлемде орнын толтыру керектігі айқындалады.

Мұнда Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген жануарлар түріне баса назар аударылған.

Ондай жануарлардың әрқайсысы, әр килограммы үшін өте жоғары көлемде айыппұл белгіленген. Мәселен, қар барысы үшін 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем төлеу керек. Бұл 1 млн. 646 мың теңгені құрайды. Балқаштың оңтүстік жағалауын мекен ететін түркімен құланының әрқайсысы үшін де осындай сома белгіленген. Ал арқар алған адамға бұдан ептеп төмендеу көлемде шығындануға тура келеді — оның құны 1500 есептік көрсеткіш немесе 1234500 теңге.

«Қызыл кітапқа» енген арқар біздің Бектауата, Қызыларай тауларын мекендейді. Әрине, аңшылық құрып, арқар секілді сирек жануарларды атып алуға ынтығатындар да аз емес. Бірақ жоғарыда аталған көлемдегідей айып төлеуге келісе қоятындар табыла қоймас деген ойдамыз.

Жоғарыда аталған қаулыда балық аулау салдарынан келтірілген зиян орнын толтыру мәселесі бұрынғымен салыс тырғанда басқаша қарастырылған. Егер бұған дейін ауланған әрбір балық саны үшін өтем төленсе, ендігі жерде балықтың әр килограммы үшін белгілі бір сома белгіленген. Ал «Қызыл кітапқа» енбеген «қарапайым» балықтың ауланғаны үшін төленетін қаржы мөлшері де едәуір төмендетілген. Мәселен, заңсыз ауланған сазан балықтың әр килосы үшін 146,9 теңге белгіленді. Ал бұрын әрбір сазан балығы үшін 1,5 есептік көрсеткішке сәйкес сома төлеу керек болатын. Бұған дейін табан балығының әрқайсысы үшін 388 теңге төлеу қажет болса, қазір оның әр килосы үшін 82,3 теңге белгіленген. Бұрындары әрбір жайын балығы үшін 388 теңге белгіленсе, қазір оның әр килограммына 164,6 теңге қойылған.

Әдетте, жергілікті тұрғындардың басым бөлігі Балқаш өңірін мекен ететін жануарлар мен құстардың, балықтардың қайсысы «Қызыл кітапқа» тіркелгенін біле бермейді. Оларды атып, аулағаны үшін төленетін өтем мөлшері де көпшілікке белгісіз. Ал негізінде «Қызыл кітапқа» енген, бүгінде жоғалып кетудің аз ғана алдында тұрған жануарлар мен құстар Балқаш аймағында көптеп кездеседі. Және оларды атуға, аулауға заң бойынша тиым салынады. Ал заңсыз аңшылықпен айналысқандарға өте жоғары мөлшерде айып төлеп, табиғатқа келтірілген залалдың орнын толтыруға тура келеді.

Балқаш биоресурстарды қорғау жөніндегі аймақтық мекемесінің шешімімен биылғы жылы Балқаш көлінде төмендегідей мерзімдерде балық аулауға рұқсат етілмейді — 25 сәуір мен 10 мамыр аралығында Шымпек шығанағындағы Бурылбайтал поселкесінен Іле өзенінің құйылысы мен Аяқарал аралының (оңтүстік жағалауы), Ақкерме құйылысының бойында;— 30 сәуір мен 15 мамыр аралығында Іле өзенінің құйылысы мен Аяқарал аралын қосатын жерден бастап көлдің оңтүстік жағалауындағы Қорыс пен солтүстік жағалауындағы Ақжартас мүйісіне дейінгі межеде; — 5 мамыр мен 20 мамыр аралығында оңтүстік жағалаудағы Қорыс мүйісінен бастап Балқаштың батыс жағалауындағы Ұзынаралға дейінгі межеде.

Әрине, адам баласы табиғатқа қожалық ететіні, одан керегін алатыны қалыптасқан жағдай. Әйтсе де, табиғатқа қамқорлықтың да қажет екенін ұмытпаған жөн.

Қалай болған күнде де, табиғат, оның аңы мен құсы, балығы мемлекет қорғауында. Оны ретсіз пайдалануға, зиян келтіруге заң бойынша тиым салынады. Сондықтан, кім-кім де болса заңға бағынғаны дұрыс. Табиғатты аялайық, оған қорған көзбен қарайық, ағайын.
Ербол БАЗАРАЛЫҰЛЫ,

Балқаш биоресурстарды қорғау жөніндегі аймақтық мекемесінің   жетекші маманы.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ