Саз әлемінің сардары. Ахмет Жұбанов

0
2417

А.Жұбановтың қазақ мәдениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. 1933 жылдың ақпанынан басталған еңбек жолы қазақ өнері мен мәдениетінің қалыптасуы, дамуы және өркендеуі жолында алтын әріптермен жазылған жемісті беттеріне айналды. Бұл кезең жаңадан қаулап пайда бола бастаған оқу, мәдени-өнер ордаларының құрылуы мен кәсіби ұжымдардың қалыптасу кезеңі болатын. Бүгінгі таңда құ­рылғанына 70, 60 жыл толған республикалық деңгейдегі: Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрі, Жамбыл атындағы филармония, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория және сол оқу орнындағы қазақтың халық аспаптар кафедрасы,  Ұлттық ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрамындағы Өнертану секторы қазақ  мәдениетінің ірі қайраткері Ахмет Қуанұлы Жұбановтың тікелей араласуымен және жетекшілік етуімен өмірге жолдама алған ұжымдар.\r\n\r\n \r\n\r\nА.Жұбановтың жетекшілігімен музыкалы-драмалық техникум жанынан ашылған қазақ фолклорын ғылыми тұрғыдан зерттеу кабинеті алғаш құрылған күнінен бас­тап, Алматыға кең-байтақ республиканың түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаз­дардың орындауындағы ән-күйлерді нотаға түсіріп қор жинай бастады. Жазылып, жиналған бұл халықтың баға жетпес музыкалық байлығы халықтың өлмес мұрасы болып келер ұрпаққа қалды. Ұлттық музыка аспаптарын жетілдіру шеберханасы ұлт аспаптар оркестріне қажетті музыкалық аспаптар, домбыра мен қобыз, өзге де халық аспаптарының үлгілерін жинап, сол үлгіде жасау және олардың сапасын жетілдіру жұмыстарын жолға қойды. Кәсіби оркестрге сапасы жоғары музыкалық аспаптар қажеттігін уақтылы түсінген А.Жұбанов бұл мәселеге де ерекше мән береді. Осы саланың жауапкершілігін өз мойнына алған ол шеберханаға композитор Е.Брусиловскийді және ұлт аспаптарын жасаушы шеберлерді жұмысқа шақырды. Олардың қазақ музыка өнерін дамытуға, “қара домбыраның” үні жетіліп, әуезінің, дыбыс бояуының, диапозонының өсіп, бүгінгі таңдағы орындау мүмкіндігі мол аспапқа айналуына сіңірген еңбектері өзінше бір тақырып.\r\n\r\n \r\n\r\nҚұрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің негізін қалап, көркемдік жетекшісі және бас дирижері болған А.Жұбанов дала салтында бұрын болмаған ұжымдық орындаушылық дәстүрінің негізін қалады. Алғашында саусақпен санарлық қана өзіндік орындаушылық мәнерлері бар жеке домбырашылардан жиналған ансамбль аз уақыт аралығында халық ілтипатына бөленді. Бұл еңбекке орынды баға берген Ғ.Мүсірепов: “Зерттеу жұмысымен айналысуға мүмкіндік берерліктей болмашы ғана  жағдайлар жасалғаннан кейін бірер жыл өтпей-ақ, күлден көтерілген Феникс сияқтанып қазақтың ұлт аспаптар оркестрі пайда болды. Мен Ахмет Қуанұлының көп дауысты ұлттық оркестрді құруы – аса елеулі, сонымен қатар тарихи еңбек деп санаймын. …Ұлт оркестрінің кіндік атасы – Ақаң.”-дейді [А.Жұбанов “ Ғасырлар пернесі” 6 б.]  Қазақ өнері мен мәдениетінің зор жетістігі болған Құрманғазы оркестрі 1936 жылғы алғашқы декададан бастап ұлттық мақтанышымызға айналды. Қазақ өнерінің қай саласына болмасын тән құбылыс болған қалыптасу кезеңі музыкалық ұжым құруда да айқын байқалады. Халық арасынан іріктеліп шыққан тума таланттардың алғашқы шоғыры: Махамбет пен Науша Бөкейхановтар, Дина Нұрпейісова, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабиғожин, Қали Жан­тілеуов, Қамбар Медетов т.б. сынды тамаша домбырашы-күйшілер халық музыка мәдениетінің таусылмас кені болатын. Олардың әрқайсысының шебер орындаған күйлері, оны шығарушы композитор және күйдің шығу тарихы жайлы айтқан әңгімелері Ахмет Қуанұлының болашақ ғылыми-зерттеу жұмыстарының да тау­сылмас тақырыбына айналған секілді.\r\n\r\n \r\n\r\nӨзі қабырғасын қалаған және он жылдан аса көркемдік жетекшісі және бас дири­жері болған ұлт аспаптар оркестріне лайықты мұрагер табуда Ахаң көрегендік танытқан. Орындаушылық шеберлігі өсіп, өнерімен елге танылған оркестрді жас та болса бойында ұжымға жетекшілік етуге қабілеті бар, талантты да жігерлі музыкант­ты таба білді. Ахмет Қуанұлының берген ақ батасымен оркестрдің дирижерлік таяқ­шасын Шамғон Қажығалиев өз қолына алып, үзіліссіз 40 жылға жуық көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. Өткен ғасырдың екінші жартысындағы оркестрдің көтерілген көркемдік биігі, халық композиторлары мен классикалық, бүгінгі композиторлардың шығармаларын орындаудағы жетістіктері қазақ мәдениетінің тарихына алтын әріптермен жазылған кез.\r\n\r\n \r\n\r\nЕл арасында өнерпаз әнші-күйшілердің орындауында кең тараған халық компози­торларының ән-күйлерін жинап, жүйелеу ісі жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жар­тысында кең қанат жайды. Осы жерде халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ауызша та­ралып келген мәдени мұраларын өзге халық өкілдерінен шыққан зерттеушілердің сұрыптап, жинаған қажырлы еңбегін ерекше атап өткен орынды. Қазақ музыкасының үлгілерін жинап, жазып, баспаға дайындауда А.Затаевичтің сіңірген еңбегі, қосқан үлесі ұшан-теңіз. Өз өмірінің 16 жылын қазақ музыкасына арнаған композитордың салып кеткен жинаушылық және өңдеушілік дәстүр қазақтың ауыздан-ауызға беріліп келе жатқан ән-күйлерін жүйелі түрде зерттеп-жазуға  жол ашты. Композитордың нотаға түсіріп, жеке кітап етіп баспадан шығарған “Қазақ халқының 1000 әні” және “Қазақтың 500 әні мен күйі” атты еңбектері кейінгі қалыптаса бастаған, қазақтың кәсіби музыка мәдениетінен сусындауға бой ұрған композиторлар мен музыка зерттеушілерін қанаттандыра түсті десек, А.Затаевичтің қазақ музыкасына арналған көлемді жұмысы Ахмет Қуанұлының ғылыми-зерттеу еңбектерінде жүйелі жалғасын тауып, толыққанды аяқталған формаға ие болады.\r\n\r\n \r\n\r\nРеспубликадағы музыкатану ілімінің негізін қалаған А.Жұбанов өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарында қазақ халық композиторлық-орындаушылық мектебінің үздік өкілдерінің  өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеді. Қазақ халқының кең тараған аспаптық және ән орындаушылық дәстүрлерінің халық жадында қалған танымал тұлғаларының шығармашылық жолына арналған “Ғасырлар пернесі” және “Замана бұлбұлдары” атты монографиялық туындылары жеке кітап болып басылып шықты. Өмірлік тақырыбына айналған “Құрманғазы” монографиясы кезінде алғашқы буын зерттеушілерден кеткен олқылықтарды жан-жақты толықты­рып, ұлы күйшінің есімін биікке асқақтата көтерді.  Қазақ музыкатану тарихына, қазақ даласында қалыптасқан композиторлық, орындаушылық дәстүрлер жайлы мол мағлұматтар беретін А.Жұбанов қалдырған ғылыми, публицистикалық еңбектер біздің қымбат қазыналарымыз. Белгілі өнертанушы Б.Ғизатовтың “Ғасырлар пернесі” мен “Замана бұлбұлдары” қазақ музыкасына қойылған үлкен ескерткіш іспеттес” деп айтқан пікіріне алып қосарымыз жоқ.\r\n\r\n \r\n\r\nҚұдіретті күй өнері дегенде, бұл жанрда қайталанбас өзіндік із қалдырған Құрман­ғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Махамбет, Сейтек, Абыл, Дайрабай, Байсерке, Мәмен, Қазанғап, Түркеш, Тоқа, Сүгір, Дина сынды дүлдүлдер есімдері тілге алдымен оралады. Cолардың ішінен күй атасы Құрманғазы есімі ерекше. Десек те, Құрманғазының ұлан-ғайыр күйлерін жинақтап, оларды ғылыми тұрғыдан зерттеп, саралап, күйшінің шығармашылық жолы жайлы салихалы пікір айтқан академик Ахмет Жұбанов болатын. “Құрманғазы және оның өмірін зерттеудегі А.Жұбановтың қызметі” атты мақаласында өнер зерттеушісі З.Қоспақов “Көркем әдебиетте Абай бейнесін сомдаған М.О.Әуезов болса, ұлы домбырашы, күйші Құрманғазының музыкалық тұлғасын жасаған қазақ өнерінің көшбастаушысы, ака­демик Ахмет Қуанұлы Жұбанов болды. …Құрманғазыны айтқанда аузымызға Ахмет Жұбанов есімі қатар оралатындығы да сондықтан” дейді. [“Қазақтың әншілік өнері.” А. “Өнер” 1999 ж. 170 б.]\r\n\r\n \r\n\r\n1933 жылы Ленинградтан Алматыға келіп, музыкалық техникумда оқу процесіне же­текшілік жасай жүріп бастаған зерттеу-жинаушылық жұмысы Құрманғазы шығарма­шылығымен домбыраның қос ішегіндей қабаттаса өріліп А.Жұбановтың өмірлік тақырыбына айналды. Қазақтың көрнекті қаламгері Ғабит Мүсірепов замандасы Ахмет Жұбановтың  Құрманғазы жайлы зерттеулерін тілге тиек ете отырып: “Ұлы күйшінің сүйікті бейнесін жасау үшін ол өмір бойы жұмыс істеді десе болады. 1936 жылы шыққан кішкентай кітапшадан осы операға дейінгі аралықта Ақаң Құрманғазыны бір күн де жадынан шығарған емес” [А.Жұбанов “ Ғасырлар пернесі” 8 б.] дейді. Шынында да, әр жылдары жарық көрген көлемді мақалалар мен кітапшалар: “Қазақтың халық композиторы — Құрманғазы” /1936 ж./, “Құрманғазы туралы жаңа мәліметтер” /1942 ж./, “Құрманғазы жаңа зерттеу тұрғысында” /1952 ж./ атты еңбектері, сондай-ақ, жаңадан табылған тың деректер мен нотаға түсіріліп, сұрыпталған күйлер жинақтала келіп, ұлы күйші шығармашылығына арналған “Құрманғазы күйлері” (1960 ж.) атты жинағына арқау болып, баспадан шықты.\r\n\r\n \r\n\r\nАхмет Жұбановтың суреткерлік арманы – қуғын-сүргінді көп көріп, бас бостандығы үшін күрескен, зор қажыр-қайрат иесі, сахараның “ең үлкен жұлдызы Құрманғазы бейнесін музыкалық театр сахнасына шығару болатын” дейді қызы  Ғ.Жұбанова (Мир мой — Музыка, 34 б.)  Бұған дейін 1944 жылы Л.Хамидимен бірге ұлы “Абайды” опера сахнасынан сәтті сөйлеткен А.Жұбановтың келесі жолы “Құрманғазыға” тоқталуы заңдылық болатын. Біріншіден, бұл ұзақ жылдық зерт­теудің қорытындысы. Автор Құрманғазы өмірі мен шығармашылық жолын бүге-шігесіне дейін айқындап, жазылатын опера кейіпкерінің өмір сүрген ортасы мен тарихи кезеңін толық меңгерді. Екіншіден, опера либреттосын “…бір жазса, М.Әуезов жазады”  [бұл да сонда, 47 б.]   деген тұжырымға келуі болды. Себебі, өзінің алғашқы сахнаға қойылған “Абай” операсының сәтті шығып, бірнеше онжыл­дықты кейінге тастап, зор табыспен сахнада орындалып келе жатуына білгірлікпен жазылған М.Әуезов либреттосының маңызы зор болғанын композитор дұрыс бағалаған еді. Сахнада 62 жылдық тарихы бар қазақтың классикалық “Абай” операсы жайлы кезінде баспа бетінде көп жазылғасын, біз бұл шығармаға көп аялдауды жөн көрмедік. Заңғар жазушымен бірлесіп жазыла бастаған “Құрман­ғазы” операсының либреттосы көп ұзамай драматургтің денсаулығына байланысты іркіліп, кейін ол дүниеден қайтқанда мүлдем тоқтап қалды. Осындай себептермен аяқталмай қалған операны бітіруді перзенттік парызым деп білген Ғазиза  Жұбанова белгілі ақын Х.Ерғалиевпен бірге оны қазақтың тұңғыш радиооперасы етіп жазып (1971ж.), кейін оған қосымша сахналар кірістіріп, 1986 жылы үш актілі “Құрманғазы” операсының толық сахналық нұсқасын аяқтады.\r\n\r\n \r\n\r\nШығармадан-шығармаға жаңашылдық принциптерімен көріне білген Ғ.Жұбанова “Дала Моцарты” Құрманғазы бейнесін толымды етіп музыкалық театр сахнасына шығаруда алғаш рет қазақтың төл музыка аспабы домбыраға арналған күйлер негізінде опера жазуды жүзеге асырды.\r\n\r\n \r\n\r\nҚазақ күйінің табиғаты аспапта орындауға негізделген. Сондықтан домбыра, қобыз, сыбызғы күйлері симфониялық оркестрге арналған шығармаларға тікелей арқау болды. Ол бұған дейінгі аға буын композиторлар Е.Брусиловский, М.Төлебаев, т.б. опера шығармалары арқылы кеңінен белгілі. Күй сазы бұл композиторлардың операларында негізінен шығарманың оркестрлік кіріспе, би, аспаптық бөліктерінде кездесетін. Осылай дамыған күй жанры симфониялық, ұлт аспаптық оркестрлерінің репертуарынан кең орын алды.\r\n\r\n \r\n\r\nКүй атасы атанған Құрманғазының өмір жолы мен оның шығармашылығына ар­налған операда, жоғарыда айтқандай, қазақ композиторларының арасында жаңа сүрлеу жол салынды. Күй енді тек оркестрлік бөліктерде ғана емес, кейіпкерлердің ән-арияларында, вокалдық ансамбльдерде, хормен өтетін көлемді көпшілік сахналарда күйшінің “өз тілінде” қолданыс тапты. Ал кейбір жеке сахналар тұтас­тай бір күй тақырыбы негізінде жазылған. Күйші шығармаларының операда қолданылу тәртібі Ахмет Қуанұлының әдепкіде айқындаған жоспары бойынша сақталды. Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың осы операсымен құлаққа сіңісті болған “әннен-операға, күйден-симфонияға” деген дәстүрлі сөз тіркесінің көбесі сөгіліп, мән-мағынасы толысып, дәстүрлі музыка мен кәсіби музыканың өзара қатынасының көкжиегі кеңейе түсті.\r\n\r\n \r\n\r\n1985 жылы сәуір самалымен келген ұзақ жылдар бойғы тоталитарлық жүйенің үстемдігі әлсіреп, қоғам өміріне сілкініс әкелгені белгілі. Сөз жүзінде тереземіз тең болғанымен, іс жүзінде орталықтың әміршіл-әкімшілдік жүйесіне бағынышты “үлкен ағаға инабатты іні” болып келген одақтас республикалар ішінен бірінші болып қазақ жастары 1986 жылы бас көтерді. Олар Мәскеудің айтқанымен жүре алмайтынын паш етіп, Республика алаңына шыққан болатын. Бұл бас көтеру “не істесем де, өзім білемге” салған озбырлық ордасының мызғымастығына терең түсер сызаттың алғашқы қуатты дүмпуі болатын. “Құрманғазы” спектаклінің осындай қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғалармен қабаттаса сахнаға дайындалып, көп ұзамай тұсауы кесілуі кеңестік жүйенің жазалау шаралары науқанының күшіне мінген кезінде, еңсесі түскен елге үлкен серпіліс әкеліп, қуат берген зор мәдени құбылыс болды. Композитор Ғ.Жұбанованың желтоқсан оқиғасына байланысты азаматтық, суреткерлік позициясы дәл осы сәтте айқын байқалды. Құрманғазы бойындағы қызуқандылық, жігер мен қайрат осы жерде де лезде көрініс берді.\r\n\r\n \r\n\r\nОпера партитурасы театрға 1986 жылы қабылданып, жекелеген орындаушылармен кластағы дайындық жұмыстарынан кейін желтоқсан айында репетицияның соңғы кезеңі – сахнада жүріп жатқан. Шығарманы қоюшы режиссерлер Б.Досымжанов пен Ә.Мәмбетов болатын. Опера авторымен, спектакльді алғаш сахнаға дайындаған әнші Ғ.Есімовпен осы кезең жайлы сұхбаттасқанымызда, қалың көпші­лік біле бермейтін мынадай фактілерге тоқталды. Операның бірінші көрініс, бірінші суретінде жорықтан келген Құрманғазының көтерілісшілерден  хабар күткен халқына қарата:\r\n\r\n \r\n\r\n“Ей, Махамбет жолдасым,\r\n\r\nАрыстан, жолбарысым.\r\n\r\nЖолымның білдім оңбасын,\r\n\r\nОңбаған емей немене.\r\n\r\nӨтірік сөзге алданып,\r\n\r\nБақытым ауып басымнан.\r\n\r\nӘскерім кетіп қасымнан,\r\n\r\n \r\n\r\nЖапанда жалғыз қалған соң” … — деп басталар Махамбет — Исатай жайлы баллада-термесінің сөзі Алматы қаласында желтоқсандағы басталған қанды оқиғалар әсерінен түгелдей өзгертіліп:\r\n\r\n \r\n\r\n“Ей, ағайын, ағайын,\r\n\r\nМен айтсам кәрі жасыңа.\r\n\r\nҚара күн туды басыңа,\r\n\r\nҚара күн демей не дейін.\r\n\r\nЕреуіл туы жығылды,\r\n\r\nОйран болды ой-сана.\r\n\r\nҚарғалар төніп өлікке,\r\n\r\n \r\n\r\nҚан жоса болды сай-сала, (“Құрманғазы” Опера клавирі. Қолжазба) – деген сөздермен ауыстырылғанын айтты. Өзіміз байқағандай, Құрманғазы балладасының алғашқы нұсқасында халқына алып келер жаңалық хабары, көтеріліс басшылары Махамбет пен Исатайдың жеке бастарына түскен ауыртпалықты ашына айтар болса, өзгертілген, екінші нұсқада “Ей, ағайын, ағайын, Мен айтсам кәрі жасыңа…” деп басталып, ауыр нәубеттің бүкіл халыққа салған ауыр салмағын нақтылы меңзейді. Дәл сол тарихи кезеңдегі дүбірлі күндердің жанды суретін айнытпай беретін өлең жолдары сол бір еңсені басқан  ауыр  күндердің хатқа басылған айғағы секілді тарихта қалды. Опера авторы елі, жері, халқының қамын ойлайтын кез келген ұлтжанды азаматтың іштен тынып, амалсыздан тұншыққан жан дауысын кеңестік жазалау машинасының қылышынан қаны сорғалап тұрған кезеңде Құрманғазыға айтқызуы — үлкен ерлік. Осы жерде әрбір жаңа қойылымды үтір, нүктесіне дейін зерттеп, қалт жібермей қадағалайтын кеңестік атышулы — цензура қайда дейтін сұрақтың туындауы заңды. Біріншіден, бұл шұғыл өзгертуді автормен бірге санаулы адамдар ғана білетін. Екіншіден, үкіметтің барлық идеология аппараты, тергеу, жазалау мекемелері түгелдей “ұлтшыл, нашақор” жастармен мұрнынан шаншыла “жұмыс істеп жатты”. Өнер саласынан, соның ішінде өнердегі ең консерваторлық “керенау” жанр болып есептелетін операдан, мұндай ұшқырлықты, әрине, күтпеген болатын.\r\n\r\n \r\n\r\nА.Жұбановтың композиторлық қыры 30-шы жылдардың екінші жартысынан  бастау алады. Ұлт аспаптар оркестріне арнап өңдеген халық күйлері мен орыс және батыс композиторларының туындыларымен көрінеді. “Амангелді” атты қазақтың тұңғыш көркем фильміне арнап, М.Гнессинмен бірге шығармашылық одақта музыка жазды. Бұдан басқа да елге кеңінен танылған: фантазия, сюита, марш, увертюра, ән-романстар, хорлар мен камералық, аспаптық туындыларында композитордың лирикалық табиғаты жан-жақты ашылды. Жүректі жаулап алатын нәзік әуен ырғағы оның лирикалық шығармаларының бастау көзі.  Көлемді симфониялық оркестрге арналған туындылары қатарына 5 бөлімнен тұратын “Абай” сюитасын, “Төлеген Тоқтаров” фантазия-увертюрасын, М.Әуезовтің “Абай” спектакліне музыка, сондай-ақ Л.Хамидимен бірге “Абай” және “Төлеген Тоқтаров” операларын жазып шықты.\r\n\r\n \r\n\r\n“Абай” қазақ опера репертуарының маңдайалды классикалық туындыларының бірегейі. Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасының 62 жыл бойы  маусымдық ашылуын “Абай” операсымен бастауы қазақ өнері тарихында композитор А.Жұбанов қалыптас­тырған дәстүрдің негізі берік қаланғандығын көрсетеді. Бұл операмен қазақ әлемге өскен өнерімен мақтанып, қазақтың бірнеше ұрпақ әншілері сахнадан қайталанбас жұлдызды сәттерін басынан өткерді. Сахнадан қолына шам алып айналасындағы қараңғылыққа жарық шашуға ұмтылған /алғашқы қойылымның финалындағы режис­суралық шешім/ тұңғыш Абайды сомдаған Р.Абдуллиннен бастап, бүгінге дейінгі орындаушылардың бәрі де жұртын елдікке, бірлікке шақырып келеді. Ұлы Абайдың аузынан айтылар сөзі, әні, музыкасы бәрі де бүгінгі күннің тыныс-тіршілігімен терең астасып жатыр. Халқының жадында сақталып, ауыздан-ауызға беріліп келген музыкалық мұраларын келер ұрпақ үшін тірнектеп жиып-теріп, ұмытылмастай етіп хаттап кеткен А.Жұбановтың төл туындылары да сол дала абыздарының жолын жалғастырушы келешекпен байланысып жатыр.\r\n\r\nАртында өшпестей мұра қалдырған композитор А.Жұбановтың туындылары келер ұрпағымен бірге жасап, үшінші мыңжылдыққа да аяқ басты. Мұндай құрмет, мұн­дай шығармашылық табыс сирек болатын құбылыс. Өзінің барлық білімі мен ақыл-ойын, күш-жігерін қазақ кәсіби музыка өнерінің дамуына сарп еткен шынайы талант иесіне берілетін халқының нақтылы бағасы да осындай болса керек.\r\n\r\n \r\n\r\nАвторы: Аманкелді МҰҚАН, өнертанушы.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ