Әл-Фарабидің «Ғылымдар энциклопедиясы» трактатының басты тараулары

1
7876

Әл-Фарабидің «Ғылымдар энциклопедиясы» трактатының ғылым тарихында алатын орны ерекше. Бұл кітап негізгі бес тараудан тұрады:
1. Тіл білімі және оның тараулары;
2. Логика және оның тараулары;
3. Математика, яғни арифметика, геометрия, оптика, математикалық астрономия, музыка, статистика, айла-әрекет жөніндегі ғылым;
4. Физика мен метафизика және оның тараулары;
5. Азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және кәләм (дін ғылымы).

Тіл білімі. Фараби тіл білімін 7 тарауға бөледі: дербес және қарапайым сөздер мен сөйлемдер туралы; мәнерлеп оқу ережелері; тілдің заңы мен ережелері жайлы ғылым; дұрыс оқу ережелері; өлең жазу, шайырлық туралы ғылым немесе поэтика. Кейінгінің өзі ырғақ, ұйқас және поэзия болып үшке бөлінеді.

Логика. Фарабидің анықтауы бойынша логика – ойлаудың заңдары мен ережелері туралы ғылым. Бұл ғылымның арқасында адам өзінің ойлау әрекетін тәрбиелей алады, өзінің ойын анықтап айқын, жүйелі түрге келтіреді; ой қорыту, талқылау барысында логикалық қателер жіберуден аулақ болады.

Математика. Фарабидің энциклопедиясында математика ғылымдарына көп орын берілген. Ол математиканы үлкен-үлкен жеті тарауға бөлген. Арифметика, яғни сан туралы ғылым. Оған практикалық және теориялық арифметика деп айрықша мән берді. Фарабидің түсіндіруі бойынша сан объективті ақиқат нәрселердің сезіп-түйсінуге болатын, яғни «көзбен көріп, қолмен ұстауға» болатын жақтарын елеусіз қалдырып, тек саналуға, есептеуге тиісті қырларын бейнелейді. Бұл өте дұрыс материалистік түсінік.

Геометрия. Бұл ғылымның мазмұны мен мәнін ғалым төмендегіше тұжырымдайды:  Геометрия екі ғылымды біріктіреді – біріншісі – практикалық геометрия, екіншісі – теориялық геометрия. Практикалық геометрия сызықтар мен беттерді, ағаш ұстасы, темірші, тас қалаушы, жер өлшеушілердің ыңғайына лайық ағаш, темір, тас денелердің бетінде қарастырылады. Теориялық геометрия сызықтардың, жазық фигуралардың, геометриялық денелердің формасы мен мөлшерін, теңдігі мен теңсіздігін, олардың түрлері, реті және басқа осыларға байланысты барлық нәрселерді зерттейді.

Оптика. Фарабидің жіктеуі бойынша математикаға оптиканы да жатқызған. Бұл туралы ол былай дейді: «Оптикада геометрия тәріздес форма, шама, рет, тәртіп, орын, теңдік, теңсіздік т.б. нарселерді қарастырады». Оптиканың мәні мен ақиқат, анық пен оның алдамшы көрінісінің парқы ажыратылады, қатаң дәлелдеу жолымен мұның себебі айқындалады, көзбен көруде кездесуі мүмкін болатын қателердің барлығы ескеріледі, одан құтылуға көмектесетін, яғни  қарастырылып отырған нәрсенің мөлшері, формасы, орны, құрылысы, т.б. туралы ақиқатқа жеткізілетін әдіс айлалардың түрлері көрсетіледі.

Астраномия.  «Астраномия деген бір атпен екі ғылымды түсінеміз, – деді ғалым. Олардың біреуі – жұлдызнама. Бұл ғылым жұлдыздарға қарап болашақта не болатынын, кейде қазіргі кезде болып жатқан және өткенде болған оқиғаларды болжауға арналған. Екіншісі – математикалық астраномия. Астраномияның осы бөлігі ғана математикалық ғылымдардың қатарына жатады, ал қабілет – өнердің бір түрі; ол арқылы не болатынын адам бол­жамдай алады; мәселен, түс жору, құстың ұшуы бойынша жорамалдау, бал ашу т.б. қабілет­тер».


1 ПІКІР

  1. Сәлеметсіз бе? Әл-Фарабидің «Ғылымдар энциклопедиясы» трактатының түпнұсқасын қайдан алуға болады?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ