Алаштың ұлы — Әлихан

0
1212

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Ол «Алаш» ұлт-азаттық қозғалыстың идеялық негізін қалаушысы және көшбасшысы. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – алашордашылар мен олардың көшбасшысының орындалған арманы. Осындай Әлихан сияқты ұлы тұлғаның өмір жолына бір шолу жасасақ.

Әлихан Бөкейханов 1866 жылы 5 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезінде (қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының аумағы) дүниеге келген. Өзі «Төре» руынан шыққан ханның ұрпағы болатын. Анасы – Бегім-ханым, Мамай батырдың ұрпағы болған, ал Нұрмұхамед – қазақ ханы Бөкейдің ұрпағы болған.

Патшалық Ресей жылдары білім алған қазақ азаматтары өте аз болтын. Солардың бірі Әлихан Бөкейханов болды. Ол 1886-1890 жылдары Омбы техникалық училищесінде оқыды. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербург Императорлық Орман институтының экономика факультетінде білім алды. Оның саясатқа деген құлшынысы осы кезеңде-ақ (1893 жылдан бастап) байқала бастады.

Ол саяси, экономикалық, әдеби және басқа үйірмелердің жұмысына, студенттердің «тәртіпсіздіктеріне» қатыса бастап, «патшалық полицияның» көзіне түсті. Бұл ісімен ол өзін қоғамдық және саяси қайраткер ретіндегі талантын көрсете алды. Бұл оны бүкіл дала өлкесінің ұлттық қозғалысының нағыз көшбасшысы ретінде танытты.

Кейінгі жылдары (1905 жылға дейін) ол Омбы көші-қон басқармасының қызметкері болды. Қоянды жәрмеңкесінде Семей облысының Қарқаралы уезінің тұрғындары қол қойған, қазақтардың саяси және әлеуметтік-экономикалық талаптарын білдірген. 1905 жылдың ең танымал петициясын Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатов, Мұхаммед-Мақсұт Бекметовтармен біріге отырып жасаған.

Бұл оның саяси мансабының дамуына әсерін тигізді. Ал негізінен, оның саяси мансабында 1905 жылы Ә.Бөкейханов Семей округі бойынша I Мемлекеттік Думаға (Ресей империясы) депутат болып сайлануы үлкен қадам болды. Дәл осы кезеңнен бастап, оның саяси белсенді қызметі басталады. Қазақтардың ұлттық сана-сезімін ояту және олардың ағартушылық қызметін ұйымдастыру – оның ең басты мақсаты болды. Бұл – қазақ тарихындағы алғашқы, жалпыұлттық басылым – «Қазақ» газетінің шығарыла бастауына алып келді. Бұл газетте Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты зиялылармен бірігіп жұмыс істеді.

Ақпан төңкерісінен кейін де Ә.Бөкейханов ұлт-азаттық күреске белсене қатысты. Соынң нәтижесінде, 1917 жылдың шілде және желтоқсан айларында өткен екі жалпықазақ съезінен кейін «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі құрылды. Ә. Бөкейханов оның төрағасы болып сайланады. «Қазақ» газеті партияның баспа органы болды.

Бұл шын мәнінде тарихи оқиға болды, өйткені тұңғыш рет біртұтас Қазақ мемлекетінің құрылуы шындыққа айналды. Бірақ, Кеңес өкіметінің билікке келуімен Әлихан Бөкейхановтың саяси қызметіне кедергі келтіріліп, өмірінің соңғы 15 жылын Мәскеуде өткізуге мәжбүр болды. Соған қарамастан, ол әдебиет пен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырып, ауызша шығармашылықтың, фольклорлық мұраның үлгілерін жинап, тарих, этнография, әдебиет бойынша еңбектер жазды.

1920 жылы екі рет тұтқындалды. 1937 жылы ол қайта тұтқындалып, Бутырь түрмесіне қамалады. Оған «…Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық күресті басқарды, Қазақстан мен Мәскеудегі Террористік орталықтың басшыларымен байланыс орнатты» деген айып тағылды. 1937 жылы 27 қыркүйекте ол ең жоғары жазаға (ату жазасына) тартылды. Үкім сол күні орындалды. Тек, 56 жылдан кейін ғана Әлихан Бөкейханов есімі ақталды.Бүгінде XX ғасырдың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым және талантты публицист, қазақ халқының тарихындағы ұлы тұлға Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толып отыр.

Халқымызда «Ер есімі – ел есінде» деген керемет сөз бар. Халқымен бірге болған, ұлт болашағы үшін өмір сүрген,  қара халқының көзі ашық, көкірегі ояу болғанын қалаған Әлихандай ер тұлғалы азаматты зерттеу әрі дәріптеу бізге, бүгінгі ұрпаққа, үлкен міндет. «Ол – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті» – деп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы үлкен құрметпен еске алған еді. Сол себепті, тұлғасы биік, сөзі отты, арманы асқақ қазақ ұлтының Әлихандай перзенті тарих беттерінен мәңгі өшпес.

Болат САЙЛАН,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.
Жанболат Ғалымов, 1-курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ