«Алтын адам» – ұлы даланың тарихи жәдігері

0
6904

Қазақстан жерінен көптеген археологиялық қазба табылған. Көне қалалардың орны халқымыздың бай тарихынан сыр шерткендей.

Ал күні бүгінге дейін жоғалмай келген сан ғасырлық тарихы бар қалалар қазір туристердің таңдана аралайтын мекеніне айналды. 1970 жылы Алматы облысындағы Есік қорғанынан «Алтын адам» табылған кезде, алыс-жақын елдердің барлығы
елең еткен-ді.

Археологиялық олжаны тапқан тарих ғылымдарының докторы Кемел Ақышев басқа ғалымдармен кеңесе отырып, бұл біздің заманымыздан бұрынғы IV ғасырда өмір исүрген сақ ханзадасы деген шешімге келді. «Алтын адамның» бойындағы қаруы да, үстіндегі киімі де түгелдей дерлік алтыннан құйылған.

Бұл – киімнің ішіндегі адамның, оның елінің дәулетін көрсетсе, екіншіден, сол кездің өзінде-ақ түсті металлургияның қыр-сырын меңгерген тайпалардың өмір сүргенін дәлелдегендей. Аталмыш олжаның көшірмесі Алматыдағы Орталық музейге қойылды, кейін қазақ елінің басты символы ретінде басқа елдерге көрмелерге шығарылды.

Екінші «Алтын адам» 1999 жылы Атырау облысының Аралтөбе қорғанынан табылған. Олжаны қазу жұмыстарын тарих ғылымдарының кандидаты Зейнолла Самашев жүргізген. Болат семсеріне қарап, ғалымдар біздің дәуірімізден бұрынғы III ғасырда өмір сүрген сарматтардың көсемі деген қорытындыға келді.

Ал үшінші «Алтын адам» 2003 жылы табылды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев баста­ған археологтер тобы бұл олжаны Шығыс Қазақстан облы­сының Шілікті жазығынан қазып алған.

Ғалымдардың па­йымдауынша, бұл «Алтын адам» б.з.б. VIIІ–VII ғасырларда өмір сүрген. Мекен еткен жеріне және үстіндегі құйма  алтыннан жасалған аң-құс белгілеріне қарағанда, сақ патшасына келетін бұл олжа әлі де зерттелуде.

Төлеубаев қорымда батыр емес, патшаның, сақ мемлекетінің байырғы басшысының жерленгеніне сенімді. Оған бағалы киімдері, қорым ішінде көптеген алтын әшекейдің
болуы дәлел бола алады.

Міне, сонымен күні бүгінге дейін үш «Алтын адам» табылғанынан хабардар болдыңыздар. Ұлан-байтақ Қазақстан же­рінде әлі қанша «Алтын адам» жатқаны белгісіз. Оны зерттеу – уақыттың еншісінде.

Зейінжамал Досжанова

Дереккөз:  Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ