Алтын Орда тарихы жаңа зерттеулерде

0
1684
Иллюстрация: Freepik.com

Қазіргі тәуелсіз еліміздің территориясының ең көп бөлігі XIIІ ғасырда Жошы ұлысының аумағында құрылған Алтын Орда мемлекетінің құрамына енген.

Алтын Орданың, Ақ Орданың саяси және этникалық құрылымы кейін қазақ халқының негізін құрап, Қазақ хандығының іргесін қалағаны белгілі. Еліміздің тарихын Алтын Орда тарихынан аумақтық, этникалық тұрғыдан болсын бөле-жара қарастыра алмаймыз. Әрі Алтын Орданың негізін қалаған Жошы хан — қазақ хандарының түп атасы.

Қазақ хандары Керей мен Жәнібек Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен тараған. Сондықтан да Қазақ хандығы — Алтын Орданың тікелей мұрагері, заңды жалғасы деуге толық негіз бар. Тарихымыздың куәсі — Ұлытау төріндегі Жошы хан қабірі дәл соны нақтылап тұрғандай.

Әрине, Алтын Орда кезеңі тек қазақ тарихы үшін ғана емес, Еуразия даласындағы көптеген мемлекеттердің тарихында да ерекше орын алатыны анық. Бұл кезеңді танып-білу оның бергі замандағы тікелей мирасқорына айналған халықтардың тарихын тереңінен тануға мүмкіндік береді.

Қазақ үшін Алтын Орда тарихын зерттеу ғасырлар бойында қазақ этносының және қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу барысын зерделеуде аса қажетті әрі маңызды мәселе болып табылмақ.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ұлытау — 2019» халықаралық туристік форумында айтқан сөзі еске түседі. Президентіміз өз сөзінде: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді.

Сондықтан біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру — өте маңызды міндет», — деп Алтын Орданың дербес мемлекет ретінде құрылуының 750 жылдығын атап өту барысында ұлт тарихындағы дара тұлғаларымыздың рөлін айшықтап, есімдерін ұлықтаудың қажеттілігіне тоқталды.

Сонымен қатар, Кеңестік дәуірде Алтын Орда тарихы «моңғол-татар шапқыншылығы», орыс тарихында «Алтын Орда езгісі жылдары» ретінде жағымсыз бағаланып келгенін ескерсек, бүгінде оның тарихы жаңаша көзқараста қарастырылып, әділ бағасын алуы қажет.

Осы мақсатта, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бүгінде Алтын Орданың 750 жылдығы аясында жүргізіліп жатқан зерттеулер жалғасын табуда.

Жаңа зерттеулердің бірінде, әсіресе Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарихшы-ғалымдарының зерттеулері негізінде Алаша хан кесенесінде кімнің жерленгені анықталды. Осы уақытқа дейін, ғалымдар арасында Алаша хан кесенесінде Шыңғыс хан немесе оның ұрпақтарынан Орыс хан не болмаса Хақназар хан жерленді деген болжамдар айтылып келген болатын.

ҚР-ның ҰҒА құрметті академигі, профессор, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбекұлы Алаша хан кесенесінде Жошы ханның үлкен ұлы Орда Еженнің жерленгеніне ортағасырлық деректермен бірнеше дәлелдер келтіріп, көлемді ғылыми мақаласын «Алаша хан кесенесінде әкесі Жошымен қатарласып, әкенің қара шаңырағына ие болған және інісі Батудың Алтын Ордасына бағынышты сол қанаттағы кіші орданы билеген, сондықтан да Аласа (Алаша) хан атанған Жошының үлкен ұлы Орда Ежен жатыр» деп қорытындылайды.

Жошы хан кесенесі — Шыңғыс хан әулеті мен оның дәуірінен жеткен жер бетіндегі жалғыз ескерткіш ретінде белгілі болып келсе, бүгінде оған Алаша хан кесенесі қосылып отыр деп нақты айта аламыз.

2020 жылдың 3 желтоқсанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасы «TILEU-QABAQ» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, «Ер Едігенің Алтын Орда тарихындағы орны» атты онлайн форматта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Бұл конференцияда Ер Едігенің тарихи рөлі, Алтын Орда тарихына қосқан үлесі, Едіге туралы көзқарастар талқыланды.

Конференцияда бірінші болып баяндаманы «Едіге — тарихи санада із қалдырған халықтық тұлға» атты тақырыппен профессор Талас Омарбекұлы бастап, Ақ Орда әмірі болған Едіге тұлғасын негізінен түркі халықтарының тарихшылары емес, славян, Еуропа тарихшыларының зерттегенін, әрі тарихнамада Едіге туралы жағымсыз пікірдің қалыптасқанын айтты.

Мұның себебі Едігенің орыс жеріне Алтын Орданың үстемдігін нығайтуға бағытталған әрекеттерді жүзеге асыруда белсенділік танытуы мен толассыз жаулаушылық жорықтар ұйымдастыруымен байланысты. Сондықтан да кеңестік тарихнамада Едіге тұрақсыз, қатігез, сатқын, орысқа қарсы күрескен тұлға ретінде сипатталғанын атап өтті.

Талас Омарбекұлының пікірінше, нағыз Едігенің тарихи бейнесі ортағасырлық тарихшы Ибн Арабшахтың дерегінде нақты жазылған. Ибн Арабшах бойынша, Едіге — қара торы өңді, орта бойлы, дене құрылысы берік, қарағанда қаһарлы, аса ақылды, күлкіге кенелген, өте зерек және аңғарымпаз тұлға ретінде суреттелген. Халық ауыз әдебиетіндегі «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер еді, ел шетіне жау келсе, мен барайын дер еді, ел ішінде дау болса, мен шешейін дер еді» деген жолдар ортағасырлық араб тарихшысының дерегінде жазылған Едіге бейнесін нақтылай түскендей.

Сөз соңында, ғалым: «Едіге Алтын Орданың бес ханын таққа отырғызған адам. Шын мәнінде, бес хан билеген дәуірде Едіге Алтын Ордаға билік жасаған, мемлекетті нығайтқан адам. Ол Шыңғыс ханның «Яса» заңдар жинағын берік ұстанды», — деп Ер Едігенің тарихи бейнесі мен Алтын Орда тарихындағы орнын жоғары бағалады. Осылайша конференция барысында тарихымызда Едіге есімді төрт тұлғаның бары, оның ішінде сөз болып отырған Ер Едігенің тарихтағы рөлі, қайтыс болған жеріне байланысты тың мәліметтер айтылды.

Конференцияның жұмыс бағыттары Алтын Орда дәуіріндегі тарихи тұлғалар және Ер Едіге, заманауи зерттеулердегі Алтын Орда тарихының өзекті мәселелері, халық ауыз әдебиетіндегі Ер Едігенің тарихи болмысы атты тақырыптар төңірегінде өрбіді. Конференцияның жоғары деңгейде өткені үшін «TILEU-QABAQ» қоғамдық қорының төрағасы С.С. Жантөренов Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Б. Кәрібаевті «Ер Едіге» медальімен марапаттады.

Бүгінде еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген шақта, тарихымызды жаңаша көзқарас тұрғысынан зерттеу мәселелері бірте-бірте қарқын алып келеді. Бұл тарихымызды жаңғыртуға, еліміздің бостандығы мен еркіндігі жолында күрескен тарихи тұлғаларымыздың рөлін айшықтауға, әділ бағасын беруге оң әсерін тигізуде.

Бекетай Қызылгүл
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-нің 1 курс магистранты


ПІКІР ҚАЛДЫРУ