«Алтын сақа» сайысы (8-9 сынып оқушыларына арналған)

0
2085
Иллюстрация: Freepik.com

Шарты: Балаларға алдын ала «Абай жолы» романын зер салып оқып, романдағы әке мен бала туралы жазылған жерлерін есте сақтап қалу керек екендігі жөнінде тапсырмалар беріледі.

Ойынның барысы: Төрт түсті жол беріледі (сары, жасыл, көк, қызыл), осы жолдардың түстеріне сай төрт конверт беріледі. Келіп отырған оқушыларға конверттегі
сұрақтар қойылады, жауап берген оқушы, конверттің түсіне сай жолға тұрады.

Сұрақтарға жауап беріп төрт бала жарысуға шығады. Жарысуға шыққан
балалардың жауап бергені ғана алдыға бір қадам аттайды. Ал жауап бере алмай қалған балалардың тұрған жолының түстеріне сай асықтар лақтырылады, асығы бүк болған бала ойыннан шығады.

Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме құрметті оқырмандар! Ал енді «Алтын сақа» ойынымызды бастайық. Бүгінгі тақырыбымыз Мұхтар Әуезов атамыздың «Абай жолы» романы. Қояйын деп отырған сұрақтарым романдағы әке мен баланың бір-бірімен қарым-қатынасы туралы. Мен үзінді оқимын, сендер сол үзіндіні жалғастырыңдар.

Енді біз біріншіден кім сайысқа түсетінін белгіліп алайық. Бірінші турымыздың аты «Кім жүйрік?» деп аталады: Бұл ойындағы сұрақтарымыз бастамамыз болғандықтан Абайдың оқудан ауылына қайтып келгендегі, сәлемдесуден алынады.

Сары конверттегі сұрақ: Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:

— Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр… Сәлем бер! – деді.(Анасы не себептен баласын біріншіден әкесіне жіберді? Бұл жағдайда Абай не істейді?)

Абай жалт қарады да, әкесін көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында екі-үш үлкен кісі бар — әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала, шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, әкесіне тез бұрылды.

Жасыл конверттегі сұрақ: Құнанбай тез бұрылып сәлемдерін алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ.  Баласын қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:

— Балам, бойың өсіп, ер жетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба?Бойыңдай боп білімің де өсті ме? – деді. Кекету ме, күдік пе? Немесе шынымен жай білгісі келгені ме? (Абай не деп жауап қайтарды?)

Ұялғанды, жауап айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол
сабырлы, момын пішінмен:
— Шүкірлік, әке, — біраз тұрады да, — ат барған соң, дәріс тәмам болмаса да, қазіреттің рұқсатын алып қайттым, — деді.

Көк конверттегі сұрақ: Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. (Ұлжан не істеді? Сөйлемді әрі қарай жалғастыр).

Қатты бір қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иіскеді. Абайдың әкесіндегі тартымды салқындық шешесіне де көптен бері мінез болған. Бала осыдан арғыны күтпеуші еді. Бірақ бауырына басқанның өзінде де Абайдың жүрегінде аса бір өзгеше жақындық білінді. Ана құшағы!

Қызыл конверттегі сұрақ: Әжеңе бар, әнеки! – деп, үлкен үйдің алдына қарай бұрып жіберді. Кәрі әжесі Зере бәйбіше таяғына сүйеніп, ұрысып тұр екен.

— Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман неме! – дей беріп, қасына, құшағына немересі барғанда, «Жаман неменің» артынан лезде! — Қарашағым, қоңыр қозым… Абай…жаным… — деп кемсеңдеп, жылап, құшағына басты.

Екінші тур: «Алғыр бала» — деп аталады. Төрт бала ұтып шыққаннан кейін, жауап берген конверттің ішіндегі сұрақтарына түсіне сай жолдың тұсына барып тұрады. Осы төрт баланың арасында сайыс жүреді.

Әр балаға 12 асықпен қоржындар беріледі. Сұрақ қойылады бірінші сұрақ берген бала бір адым аттап арбасын алдыға сүйреп шығады, ал жауап бере алмай қалған балалардың тұрған жолының түсіне сай асықтар алынып тасталып, қайсының
асығы бүк болып құласа сол ойыннан шығып кетеді, асықтары басқа ойыншыларға бөлініп беріледі, қалған балалар бір қадам аттап алдыға шығады.

1. Сұрақ: Абай бұрынғы жас бала күнінде мұндайды аңғарып сезінген де, таныған да емес. Енді байқады. Көздің жасында адамды барлық өне бойымен өзіне қарай құлата тартқан бір өзгеше ыстық күш бар екен. Үлкен құз биіктің басына шыққанда, бір сәт ылдыйға қарай құлап кеткің келетін сияқты, өзіне тартқыш, ұғымсыз күш.
Бала жүрегінде бұл шақта көп сезімінің алай-түлей құйыны соққандай. (Ол қандай сезім? Не себептен осы сезім пайда болды?)

Мұндай қорлықпен өлгендерге барынша жан ашыған мейірбандық та бар. Өлтіргендерге ыза мен қарғыс та бар. Сонымен бірге, әсіресе, бір-бірімен шарпысқан сезім «әке» деп жамандыққа қимау бар да және сол «әкеден» шошынып, үрку бар.

2. Сұрақ: Ізғұттыға қарап «қамыңа кіріс» дегендей белгі етті. Ол орнынан тұра бергенде Тәкежан, Ғабитхан, Оспан сияқты жастың бәрі ілесе тұрады. Абай да әке қасынан тұруға ыңғайланып еді.

Құнанбай мұны тізесінен алақанымен ақырын басты да:

— Жә, тапқаның мен танығаныңды сен мәлім етші балам: — деді. (Абайдың жауабы қандай?).

Жігіт көңілінде әкесінің жаңағы үлкен сөзіне, өмірде көптен бері терең ашылып айтқан сырына лайық мұндағы өрен-жаран көңілінен біраз сөз айтсам деген ойы бар еді.

— Әке, бауырында өсіп, бірге жасасып келгенмен жақынға жақынның, қасиет сипаты бірден танылмайды. Бірте-бірте ашылады ғой. Бүрісіп тұрған бүрден бір сәт жалт етіп жайнаған гүл туады, бір шақ майыса толықсып миуа піседі. Жаңағы айтқан
өсиет сөзіңіз сол өсер дүниеге берген батаңыз ғой. Алғыс айтып, қабыл тұттық. Аталық еңбегіңізді ақтап өсу біздің де мұратымыз болар, — дейді.

Әкесінің өзі ғана түсінетіндей айтып, келте қайырады. Осылай айтқанын Құнанбай да мақұл көрген еді. (Жауап берген бала алдыға бір қадам аттап, қалған екі баланың асығы тасталып, бүк болғаны ойыннан шығады. Шыққан баланың асығы сегізден екі балаға бөліп беріледі).

3. Сұрақ: Әкесінің ойы мен не айтатынын бұл күнде Абай оңай танитын болған. Жақыптың айтуынша, әке бастайтын іс бар. Екі арасын айыру керек. Балаға әкенің ісі де абырай әперді. Әкеден қиғаш кетіп, өздігімен кісілік іздеу балаға бедел бермейді екен. (Абайдың жауабы қандай?)

Абай мұны місе қылған жоқ. Баласының кісілігін ойлап, абыройлы болуын тілейтін әке мінезі де болды. «Өз ықтиярын, өз әмірін баласының мойнына, үнемі кесен қып тағып отырмайтыны да болады» деді.  (Сұраққа жауап берген бала, жеңілген құрбысының асықтарына ие  болып, финалға шығады. Барлығы 40 асық болды, бұл асықтар ұпайға
теңеледі).

Үшінші тур: «Тапқыр бала» деп аталады. Егер осы турдағы сұраққа жауап берсең, алған ұпайың екі есе көбейеді, ұтылып қалсаң, ұпайың екі есе қысқарады.

Сұрақ: Әкесіне күнбе күн оқып дерегін бүгін ғана емес, бұдан бұрын да айтқанды. Жолдағы елдердің өзгеше тірліктерін, географиялық жағдайларын, кәсіп, шаруа салттарын көп-көп әңгімелеген болатын. Құнанбай оның бәрін тыңдай отырып, Абайға
іштей ырза боп еді.

Талай уақыттар ұғыспай, көңіл қарабайлығымен тоң-торыстау жүрсе де, осы шақта бір үлкен жұбаныш тапқандай боп бара жатыр. Мұны Ұлжанға айтқан бір сөзінде… (Ол қандай сөз?)

— Артымда кім қалды дер болсам, тиянақ-сүйенішім жоқ емес. Жолы менің жолымнан басқа болса да, сенің балаң тірегім! Алдынан жарылғасын. Енді өзі дегенін етіп-ақ көрсін. Тарпаң ақыл айтып, шаужайламаңдар! – деген болатын. Осымен әке-бала екеуі ендігі тіршілік ұзаққа ма, мәңгіге ме, айыратын кезеңге жеткенде арыздасып айырылысты.

Ал, балалар 3 турдан тұратын «Алтын сақа» ойыны аяқталды.

Ал енді бәріміз, «Абай жолы» романына байланысты, қорытынды сергіту сұрақтарына жауап берейік:

1. А. Құнанбаев қай жылы, қай жерде дүниеге келген?
( 1845 ж. Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыстау бөктерінде)

2. Абайды «Қазақтың бас ақыны» деген кім?
( А. Байтұрсынов)

3. Абайды екі шешесінің ортасында жүргендіктен кім деп атаған?
( Телғара)

4. Абайдың әжесінің есімі?
( Зере)

5.Құнанбайдың балаларын ата?
(Құдайберді, Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан, Халиолла, Ысмағұл)

6.М. Әуезов қай жылдары өмір сүрді?
( 1897 – 1961ж.)

7. М.Әуезовтың қандай пьесасы алғаш Әйгерімнің отауында қойылды?
( «Еңлік – Кебек».)

8. Мағауия Абайұлының шығармасын ата?
(«Медғат – Қасым» поэмасы.)

9. Қазақ халқын дүниежүзіне танытқан шығарма қандай?
( М. Әуезовтың « Абай жолы» роман эпопеясы).

Ал, егер мына сөзжұмбақты дұрыс шешсеңіздер, қазақтың ұлы ақынының атын оқисыздар.

1. Қазақ халқының ең жақсы қасиеттерінің бірі
2. Ерте гүлдейтін гүл
3. Ел ордасы
4. Алғаш мектеп ашқан адам

Жауаптары:

1. Қонақжай.
2. Бақбақ.
3. Астана.
4. Ыбырай

Басқа материалдар:

  1. Мен және менің отбасым (Бастауыш сынып оқушыларына арналған әдеби-музыкалық кеш)
  2. Тіл сырына саяхат. Артық болмас, білгенің…
  3. Тіл жаның, тіл — қаның, тіл-арың, тіл — әнің (Әдеби ойын – сайыс)
  4. Жасай бер, Ана тілім — Қазақ тілі! (Тақырыптық кеш)
  5. Тіл — біздің тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз (Әдеби ертеңгілік)
  6. Тіл өнері мен сөз құдіреті туралы мақал-мәтелдер
  7. «Парасатты ару мен ержүрек азамат» сайысы (5-7 сынып оқушыларына арналған)


ПІКІР ҚАЛДЫРУ