Тіл сырына саяхат. Артық болмас, білгенің…

0
2048
Freepik.com

Дүние жүзінде халық та, соған орай тіл де көп. Ғалымдар соңғы кездерге дейін дүние жүзінде екі мыңнан астам немесе үш мыңға жуық тіл бар деп келген еді.

1980 жылы Герман Федерациялық Республикасында жарияланған мағлұматтарға қарағанда 5661 тіл бар екен.

Қазір дүниеде 2796 түрлі тіл қолданылады. Қолданатын жан саны 50 миллионнан асатын тіл – 13. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі, һинді-ордо тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады.

Дүние жүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі.

Дүниедегі барлық аударма шығармалардың 33% ағылшын тілінен аударылса, 15 % — француз тілінен, ал 1% неміс тілінен аударылады. Жалпы 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие болған. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғаннан бері қазақ тілі де осы мемлекеттердің қатарына кіргеніне қуаныштымыз.

“Бір тіл білген бір адам, екі тіл білген екі адам”. Полиглот деген кім?
/Балалардың жауабы/

Полиглоттар тарихынан қызықты деректер берейін:

Шығыс ғұламасы Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген.
* * *
А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Көне еврей тілін зерттеген.
* * *
Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.
* * *
Қазақ халқының ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов араб, шағатай және түркі тілдерінің біразын білген. Кадет корпусында оқып жүргенде орыс тілін жетік біліп үлгерген.
* * *
А.С.Грибоедов бейтаныс біреуге жазған хатында: “Менің игерген білімім славян және орыс тілін, латын, француз, ағылшын, неміс тілдерін игергенімде болса керек. Персияда болған кезімде парсы және араб тілдерімен шұғылдандым”, – дейді.
* * *
Луначарский испан тілін 57 жасында үйренген екен.
* * *
И.Крылов Еуропаның негізгі тілдерін түгел игерген. Елу жасында ол көне грек тілінде еркін сөйлеген.
* * *
Профессор Құдайберген Жұбанов көп тіл білген кісі. Тіпті ана тілімізді салыстырмалы жүйемен үйренуге де, зерттеуге де себі бар деп жапон тілін де игерген.
* * *
Белгілі қазақстандық және ресейлік тарихшы, прозашы, ақын, әлемге Шоқан Уәлихановтың есімін танытқан Сергей Николаевич Марков түркі тілдерінің көбін білген, тіпті санскритті де меңгерген.
* * *
Шотландиялық Дерик Хернинг те 22 тілде еркін сөйлейді екен. Ол 1990 жылы Брюссельде өткен “Европа полиглоты” байқауында жеңімпаз болған.
* * *
Кибернетика “атасы” деп есептелетін Норберт Винер 13 тілді зерттеген.
* * *
Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады, әсіресе, жастары. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап тегін ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан басталады.
* * *
Мұзафар Әлімбаев татар, қырғыз, қарақалпақ тілдерін сөздіксіз аударады. Өзбек, түрікмен, башқұрт, балқар, ноғай, қарашай тілдеріндегі шығармаларды оқи алады, сөздік арқылы тәржімалайды.
* * *
Г.Бельгер: “Неміс тілі, қазақ тілі, орыс тілі – шабытымның үш қайнар бұлағы”.

Осы бөлімді қазақ халқының “Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл” деген мақалымен, А.П.Чеховтың “Бірер тіл білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді” деген қанатты сөздерімен аяқтай отырып, көп тіл игергісі келетіндерге бірер кеңес береміз.

“Полиглот” деп ондаған тілдерді қатар үйренуге қабілетті адамдарды айтады.

Кеңестер:

— Үзбей жаттығу. Атақты неміс археологы Генрих Шлиман үнемі жаттығуының арқасында күніне прозалық текстің жиырма бетін жаттап алуға қолы жеткен. Ол орыс тілін 6 апта ішінде үйренген.

— Алдымен негізгі тілдерді, ал сонан кейін сол тілдерге жақын тілдерді үйрену қажет екен. Әрине, адам көбірек тіл білсе, жаңа тілді игеру де жеңіл болады.

— Ең бастысы – қорықпау керек. Тілді үйрене жүріп, өз ойыңызды сол тілде түсіндіруге тырысу керек. Үйреніп жүрген тілде сұрақ қоя отырып, тіл білетін және өзіңізге көмек көрсете алатын адаммен барынша көбірек сөйлесіңіз.

— Музыканы көбірек тыңдап, есту қабілетіңізді дамыта беріңіз.Жақсы естіп-білу, шетел тілін үйренуде жақсы көмекші.

Олай болса, достар, полиглот болғыларың келсе, тек алға ұмтылыңдар!

Антик философтары тілді бесіктегі деміңнен, соңғы деміңе дейін үйренсең де аз дегенін ұмытпайық!

Басқа материалдар:

  1. Тіл жаның, тіл — қаның, тіл-арың, тіл — әнің (Әдеби ойын – сайыс)
  2. Жасай бер, Ана тілім — Қазақ тілі! (Тақырыптық кеш)
  3. Тіл — біздің тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз (Әдеби ертеңгілік)
  4. Тіл өнері мен сөз құдіреті туралы мақал-мәтелдер
  5. «Жас математик» интеллектуалдық сайысы
  6. Математикадан «Ғажайыптар әлемі» сайысы
  7. «Физика» декадасына арналған «ХХI-ші ғасыр көшбасшысы» атты интеллектуалдық сайысы
  8. «Білімді информатик» сайысы
  9. Жасанды интеллект деген не?
  10. Информатика пәніне қатысты глоссарий

ПІКІР ҚАЛДЫРУ