Әдебиеттен орнын ойып тұрып алатын ұлы Абайды мойындамаған қазақ жоқ шығар, сірә! Жекедаралықпен, өзіндік сөз саптауымен ерекшеленетін ақынымыз шығармаларында әр нәрсені дөп басып айта білген. Адамның жақсы-жаман жақтарын, мықты-әлсіз тұстарын, тіпті, бойындағы нәпсі мен құмарлықты да шебер жеткізген. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты өлеңімен бес күндік жаратылыстың бар құпиясы мен сымбат-сипатын толық ашып көрсеткен.
Өлеңнің алғашқы шумақтарында Абай әдеттегі аңшының бет-бейнесін, киім үлгісін сипаттайды. Ықшам, ыңғайлы киімді, жақсы атын ерттеп мініп, жанына жолдасын ертіп шыққан аңшыға бұдан асқан ғанибет жоғын білдіреді. Таудың басына шыққан соң, аңшы қырағы көз қыран құстың томағасын шешіп, бостандыққа жібереді. Осы жолдарда адам өз нәпсісінің де құлпын шешіп, еркіндік беретін сияқтанады. Жер бетіндегі түлкіні алу үшін барын салған құс тәрізденіп адам да өзіне керегін алмай тынбайды. Бір нәрсеге қолы жетсе, келесісін, жақсысын қалай түседі. Бұл-нәпсінің, құмарлықтың жетегінде кеткен әлсіз көңіл.
Қандыкөз өз жемтігін алу үшін биікке асқақтап, кейін тура ұмтылады. Осал берілмес түлкі аузын ашып, тісін қайрап, шыбын жаны үшін шайқасқа шығады. Аңшылар болса, жер мен көк тағысының айқасқанын қызық көріп, бақылап тұрады. Бұның бәрі-құмарлықты қандырудың бір жолы екендігін айтпақ керек және Абай осыны дәл көрсете алған.
Жалпы, өлеңде тек аңшылық сипатталып қана қоймайды, аңшылық арқылы адам бойындағы негативті қасиеттер тұспалдап жеткізіледі. Түлкі алған соң, тымақты сілке киіп, көңілді жайландырып, насыбайды бір ататын аңшы кейіпкерімен ақын тағы да құмарлық мәселесін қозғайды, жаманға үйір болуды да айта кетеді. Сонымен қатар, жақсы тез үйрену жайында:
Таудан жиде тергендей ала берсе,
Бір жасайсың құмарың әр қанғанда,-дейді.
Адам атаулының жаратылысы сол, қанағаттан жұрдай, алғанның үстіне алғысы келер, пайданы сүйер ақымақ болып келеді. Өлеңнің соңғы жлдарында Абай «ұғынып оқысаң, түсінерсің» дегендей сөз қалдырған, ал бұны дұрыс мағынада түсіну үшін, алдымен, ішкі дүниені ашып қарап алған жөн болар. Әрбір адам өз мінін терсе, нәпсі мен құмарлықты тізгіндей алса, өз ісіне жауапты болса Абайдың жылдар бойғы мұраты орындалып, нағыз адамгершілік заманы басталатын еді.