Екі алып жайлы өзіндік ой

0
826

(«Шешендік» кітабына сүйене отырып)

Қазақтың асқар шыңдары, алпауыт, алыптары ретінде Алты Алашқа аты мәлім кемеңгерлер Абай мен Шәкәрімнің мұрасына тең келер рухани байлық жоқ шығар. Екі қыранды танымайтын, шығармашылығынан хабары жоқ адам кемде-кем. Өшпес тарих етіп, алтын әріппен қашап кеткен өлеңдерін, қара сөзді өрнектеп өрген шығармаларын бүгінгі ұрпақ жатқа айтып жүр. Осы қос шыңның басты қаруы іспеттес, тыңдағанды тамсандырар тұлға ерекшелігі-шешендік. Шешендіктің өзі осы Абай, Шәкәрім тұсында жаңа бір деңгейге көтерілген сынды. Олай болса, неге тұнып тұрған тарихты бір қозғамасқа?!

ХІХ ғасырда, отаршылдық белең алып тұрған уақта, елдің арасына сызат түсіп, рухани құндылықтар мен ұлттық қолтаңба жойылуға шақ қалғанда қазақтың маңдайына бақ боп біткен нағыз шоқжұлдыздар сап құрды. Бұл биік тұлғалы алыптардың басты бейнесі заманның тапшылығымен, теңсіздік қарым-қатынаспен ерекшеленеді. Осындай таршылық кезеңде сағы сынбай халықты адамгершілікке, имандылыққа, сыйластық пен кішіпейілділікке шақыра алды.

Абай даналығы

Ғұмыры бойы надандық, зұлымдық, жалқаулықпен күресіп келген ұлы Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі еріншектік, үшіншісі залымдық деп білемін»,-дейді отыз сегізінші қара сөзінде. Осы үшеуімен күресудің жалғыз жолын ғылым, білім деп анықтап берген болатын. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде «Адам болам десеңіз..» деген жол бар, яғни, ақын ғылым мен адамдықты синоним етіп алып отырған тәрізді. Ғылымсыз адам бола алмайсың, ал адамдықсыз ғылым таба алмайсың.

Сонымен қатар, Абай қара сөздерінде логикалық ойлаудың жеткілікті негіз заңын қолданған. Нәрселер мен құбылыстардың объективтік дүниедегі осындай өзара байланысы адамның ойында жеткілікті негіз заңы түрінде бейнеленген. Жеткілікті негіз заңы — әрбір ақиқат, ой жеткілікті негізделуі тиіс деп тұжырымдалады.

Белгілі бір ақиқат ойды білдірсек, оның ақиқаттығын негіздеуіміз керек, яғни шындыққа сәйкес келетіндігін дәлелдеуіміз тиіс. Мысалы, айыпталушыға белгілі бір кінә таққан кезде айыптаушы өз пікірінің ақиқаттығын негіздейтін қажетті дәлелдер келтіруі тиіс. Олай болмаса, табылған кінә негізсіз болып шығады. Бұл заң дұрыс ойлаудың қажетті шарты болып табылады.

Мысалы, он алтыншы қара сөзінде: «Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң — ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды»,-деп қазақ халқының «имандыларының» құлшылықтарын сынға алады. Дәл осы жерде Абай адамдардың жаңа нәрсе үйреніге талпынбайтынын айта кетіп, өзінің өмірден алған тәжірибесін негіз ретінде келтіреді. Яғни, өзінің белгілі бір көзқарасын ұсына отырып оған керекті дәлел келтіреді. Бұл жерден біз Абайдың логикалық ойлауы қаншалықты жетілгендігін көре аламыз.

Шәкәрім даналығы

Абайдың ізін жалғаушы іспеттес Шәкәрім дана да:

Сен ғылымға болсаң ынтық, бұл сөзімді әбден ұқ,
Білгеніңнің жақсысын қыл, білмегенді біле бер.
Білген ердің бол шәкірті, білмегенді қыл шәкірт,
Үйренуге қылма намыс, үйретуге болма кер,-деп жазған екен.

Шәкәрімнің де көптеген өлеңдерінде логикалық ойлаудың түрлері кездеседі. Мысалы, «Бейісте бар сұлу жар» шығармасында:

«Бейiсте бар сұлу жар,
Мінсiз таза хор қыздар,
Рахат берер бал кәусар»,–
Дейдi бiздiң молдалар.

Айтады да бұл сөздi,
Арақтан тыйды ол бiздi,
«Сүйме,– дейдi,– бiр қызды»,–
Молдекемнiң жыны бар.

Кәусарың рахат бермесе,
Мас қылмай iштi кернесе,
Хорды асық боп көрмесе,
Несiн мақтап қылдың зар?-деп жазады.

Бұл жерде «жоқ» немесе «ескермеу» заңы көрініс тапқан. Себебі, молдалардың айтқан сөзін жазып, соған қарама-қарсы пікір айтады. Белгілі бір ұғымды жоққа шығарады, қарсы аргумент қояды. Шәкәрім дана да логиканың шыңында болған сияқты.

Осыдан-ақ біз ұлы ақын-ойшылдардың ойы бір арнада тоғысқанын байқаймыз. Әртүрлі ананың баласы болғандарымен, барлығы да, ең алдымен, адамның баласы болуға тырысты. Өзінің қара халқы үшін қам жеп, білім алуға, сананың құлпын ашып, надандықтың қараңғылығынан құтылуға үндеді.

Жалпы, Абай мен Шәкәрім жайлы жылдар бойы жаза беруге болады, олардың мол мұрасы сан ғасырға сақталып, үздіксіз жанданып отырады. Екеуінің дәріптеп кеткен адами қасиеттері осы күні қандай дәрежеде орындалып жатқаны әзірге белгісіз…


ПІКІР ҚАЛДЫРУ