Абай және ар-иман тақырыптары

0
634

Ақындық шыңының шегіне жеткен аңыз адам, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай атамыздың адамдық тақырыбына келгенде назарынан тыс қалған, керекті сипатын бермеген қасиеттер жоқ. Адам жаратылысының әр түрлі аспектілерін зерттеп, өмірден көрген-түйгендерін қағазға түсіріп, сол арқылы оқырманын адамгершілікке тәрбиелей алған.

Иман тақырыбы

Абайдың бүгінгі күнге қалдырған мұрасы орасан зор. Соның ішінде қара сөздерінің алатын орны ерекше. Абай өзінің қара сөздерінде ар-ұят, иман мәселелерін жиі қозғаған. Мәселен, отыз алтыншы қара сөзінде жазады: «Пайғамбарымыз салалаһу һайлайһи уәсәләмнің хадис шарифинде: «Мен лә хаяһү уә лә иманун ләһу» кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «Ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді, ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда, білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе»-деп, ұяттың бірнеше түрін бөліп көрсетеді. Абайдың осы қара сөзінде «ұят болса – иман сонда» деген мәселеге көңіл бөліп, алдымен «иман» сөзіне тоқталайық.

Иман – араб тілінен шыққан «сену» деген сөз. Иман дегеніміз – иланған көңілімен ықтияр болушылық. Иман-сенім, адам сенімсіз, үмітсіз, армансыз өмір сүре алмайды. Сенім дегеніміз – адамның өмірде өзі ұстанатын принциптері мен мұраттарына терең негізделген нанымы. Қазіргі тәуелсіз елімізде ғасырлар бойы халқымыздың көкірегіне ұялап, қанына сіңген ислам дінінің имандылық қағидаларын адамдар арасындағы ізгілі, қайырымдылық, адалдық, әділдік қарым – қатынас негізіне алып, жас ұрпақты тәрбиелеуге пайдаланудың сыры тым тереңде жатыр.

Адамгершілік туралы

Адамның адамгершілігі – оның жоғары қасиеті, былайша айтсақ, кісілігі. Оның негізгі белгілерінің бірі – адамдық ар – намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылу, соған дайын болу, «Өзің үшін еңбек қылсаң, — дейді Абай, — өзі үшін оттанған хайуанның бірі боласың. Досыңа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол». Ақылды, мейірімді адам кез келген уақытта өзгенің жақсылығын бағалағыш болып келеді. Арлы адам – ардақты. Біздің ортамызға осы сапаларды бойына сіңіріп қана қоймай, өзінің қоршаған ортаға таратушы болуың керек.

«Осы күнге менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар? – дейді. Я болмаса, «жә, жә, оған мен – ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтпеп пе едің?» — дейді. Немесе «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» — деп ұялтамын десең, жап – жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хажис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!». Осы сөздер арқылы Абай ұяттың иман үшін қаншалықты маңызы бар екендігін көрсеткісі келген сияқты. Өз күнәсін мойындамай, ақталушылардың бойында нендей иман, нендей ұят қалғанын сөз етеді.

Жалпы алғанда, Абайды ар-ұят пен шынайы иманға қатысты айтқан орынды өсиеттері жетерлік. Олардың әрқайсысының алтындай құны, ауыр салмағы бар. Әрбіреуі адамгершілікке жетелеп, адамнан емес, Алладан ұялуға шақырады. Осыны дұрыс бағалай алғаны үшін де Абай нағыз тарих болғаны анық.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ