Танымал суретші Николай Гаврилович Хлудов жер аударылып, қазақ жеріне
келіп салған суреттеріне баға бермекпін. Жергілікті халықтың тұрмыс тіршілігігін
өз ойынан суреттеп салған көрінеді. Неге өз ойынан десеңіздер?! Хлудовтың
суреттерін қарасаң, қазақтың қыз-келіншектерін ылғи жалаңаш бейнелеген.
Басында кимешек, емшегі салбырап киіз үйдің ішінде жүн сабап жатқанын
көресің. Біріншіден, қазақтың қыздары жалаңаш жүрмек тұрмақ, бала
емізгенде де омырауын жасырған. Екіншіден, жүнді киіз үйде емес, ашық аспан
астында далада сабатын болған. Осы арқылы оның өз қиялынан салғанын
білуімізге болады. Мүмкін, қайсар қыздарымызға қолы жетпегеннен, осылай
салған болар деп те ойлаймын.
Хлудов қазақтарды кедей қылып қана салған. Киімі жыртық, үсті-басы кірқожалақ бейшара халық ретінде бейнелеген. Өзенде де, жұрт алдында да, кірді
де жалаңаш жуып жүрген қаракөздерімізден картиналар жасаған.
Бұнымен қоса, қаламыздағы ең ірі Ә. Қастеев атындағы музейге Хлудовқа
арнап бір бөлме ашып қойыпты. Бұны өнер (искусство) дегенмен, Қазақты
масқаралаған бұл суреттер мұражайымызда әлі де ілініп тұр. Иә, күн сайын
мыңдаған оқушылар мен туристер келетін мәдениет орнында осындай
суреттердің ілініп тұрғаны апаларымыздың ғана емес барша қазақтың
мәдениетіне ізі кетпестей дақ түсті деп ойлаймын.
Осы суреттерді көрген жас буын не ойлайды? Кезінде апаларымыз да ашық
емін-еркін жүре берген екен ау деп, қысқа белдемше(юбка), кіндігін ашып,
тырыстырып киінуден жасқанбайтын болар. Ш. Мұртаза «Рухы мен намысы
сөнген ел – өлген ел» деген сөздерінде үлкен мағына бар.