Арал. Жергілікті жерге тән шешендік сөз

0
1994
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Арал. Жергілікті жерге тән шешендік сөз

Ауыз әдебиетінің бір саласы-шешендік сөздер. Шешендік сөздер әдебиеттану ғылымында әбден зерттелген, жүйеленген сала. Дегенмен қазіргі заман тұрғысынан қарасақ, шешен сөйлеу би- шешендердің ғана еншісінде емес, қазіргі замандағы қарапайым адамдар арасынан халыққа үлгі сөз айтқан, бәтуалы бата жасаған ақылды қариялар Қарақұм топырағында аз болмаған. Бұл еңбегімізде сөзі үлгіге айналған ауыл қарияларының тапқырлықпен айтқан сөздерін жүйелей зерттеу мақсатын көздедік.

Ұлт әдебиетін ұлықтау, ана тіліміздің қасиетін сезіну менің мұғалім ретіндегі парызым. Туған әдебиетке деген, оның інжу-маржандарына деген қызығушылық, сүйіспеншілік мені сөз құдіретіне терең үңілуге, сөз қасиетін пайымдауға жетеледі. Аралдың бір түкпіріндегі Қарақұм деген ауылда өткен ғасырдың 60-жылдарында аты аңызға айналған Лекердің Көбегені, Қожанның Мусасы, Дүйсенбайдың Нұрышы, Дәуімнің Қозыкесі сияқты айтулы аталар өмір сүрген. Сол аталарымның сөздері туралы ести отырып, олардың мазмұнына, тапқырлығына, сөздерінің құндылығына ерекше назар аудара бастадым. Сөз құдыреті мені өз иіріміне тарта берді. Мен осы ауыл қариялары айтқан сөздердің шешендік сөз екендігін пайымдадым.

Шешендік сөз – би, шешен секілді сөз шеберлерінің дауда, жиында терең ойға, көркем сөзге, байланысты айтқан тапқыр сөздері. А.Байтұрсынов бұл жайлы: «Шешендік сөз дегеніміз – белгілі бір мәселені баяндау, сипаттау, белгілі бір ойдың ақиқаттығын түсініру, сөйтіп, ақылға қону жағын көздеу. Одан әрі адамның жүрегін билеп, жүйесін босату, қанын қыздыру, намысын келтіру, арқасын қоздыру»,- дейді.

Көбіне авторы белгілі болып келеді және де ол ежелгі ауыз әдебиетінің жалғасы әрі жаңа көркем әдебиеттің бастауы болып табылады. Өйткені басқа жанрлардай емес, авторы белгілі шеендік сөздерде шынайы оқиғалар, өмірде болған адамдар , олардың арасындағы қарым- қатынастар әңгімеленеді әрі көркем образды түрде беріледі. Шешендік сөздің жанрлық түрлері: шешендк арнау,шешендік толғау,шешендік дау.

Шешендік арнау- өмірдегі сан алуан оқиғаларға сай әр түрлі мазмұнда айтылатын шешендік сөздер. Оларға шешендік бата, тілек сөз, көңіл жұбатарлық сөз ақыл, насихат т.б. жатады. Шешендік толғау- айтушының әлеуметтік мәселелерге өзндік көзқарасын көрсететін сөз. Мысалы: ақылгөй, дана қариялардың көрген-білгендерін келер ұрпаққа аманат ақылын, өсиетін және адам өмірін қатар алып суреттеу, шендестіру тұрғысында келеді. Шешeндік толғаулар мақал-мәтел, сұрақ-жауап, шешендік нақыл, қанатты сөз, жұмбақ, мысал түрінде айтылады.

Шешендік дау – айтушының халық арасындағы түрлі даулы мәселелерді реттейтін ежелгі әдет заңы. Шешендік дау мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауыы және ар дауы болып бөлінеді.

Қазіргі шешендікті ғалымдар мазмұнына, тақырыбына қарай былайша бөледі.

  1. Білім-ғылым мазмұнды шешендік сөз.
  2. Әлеуметтік-саяси мазмұнды шешендік сөз.
  3. Әлеуметтік-тұрмыстық мазмұнды шешендік сөз.
  4. Діни мазмұнды шешендік сөз.
  5. Сот ісі шешендігі.

Шешендік сөз дегеніміз-тауып айтылған тапқыр сөз, ақылға қозғау салып, ой түсіретін даналық сөз, қиялға әсер етіп, сезіміңді қозғайтын көрікті сөз, бұра тартпас дәлелмен сендіретін білімді сөз, оқиғаны жанды суреттей көз алдыңды алып келетін суретті сөз, тоқсан ауыз сөздің түйінін жеткізетін терең мағыналы түйінді сөз.

Қарақұм өңіріне, қалды аудан көлеміне аттары мәлім, елдің бірлігіне айтарлықтай үлес қосқан жоғарыда аттары аталған төрт ақсақал болыпты, олардың жүріс – тұрысын, ортада айтқан қағидалы сөздерін, ел бірлігін сақтаудағы еңбектерін бүгінгі ұрпақ аңыз қылып айтады.

Лекердің Көбегені, Қожанның Мусасы, Дүйсенбайдың Нұрышы, Дәуімнің Қозыкесі-төртеуі жұп жазбай бір жүрген. Төртеуі әңгімелерін айтып бара жатырғанда өзгелер сырттарынан көз тойдырып, тамсана қарап тұрады екен. Көпшілік ортада кезекпен сөз алып, арғы-бергі замандардағы болған оқиғаларды жыр қылып айтады екен. Әңгімелері елдің бірлігі, отбасының татулығы, шалыс басушылықтың сыртқа тарамауы сияқтылар.Олар арғы- бергіні әңгіме қылып қойған жоқ, өткенді бүгінге үлгі ете білді. Төрт қария ауылдық көлемде қызмет атқарып, Қарақұм совхозын құрып, оны 20 жыл басқарған Байжан Бижановқа кеңесші болып, шын мәніндегі қағазда жоқ ақсақалдар алқасын басқарған. Қандай тентек бұзақы да бұлардан ығып жіптіктей болады екен. Дәл осы кезең туралы, осы аталар туралы Тілепқожа Жұмашевтың «Ахиретке дейінгі жол», Т.Үсенбаевтың «Алшын шежіресі» (Қызылорда. «Тұмар» 2003 жылғы) кітаптарында және «Толқын» газетіндегі (№37,2004жыл).Иманбай Әйтімовтің «»Аңсатқан ақсақалдар» мақаласында анық айтылған. Қарапайым ғана қазақ шалдары – халық басына төнген қатер, қиындықтың бәрін жұртпен бірдей көрген. Аталы сөздерімен айналасына ақыл дәнін сепкен қариялардың сөздеріне ден қою зерттеу-бүгінгі ұрпақ еншісі.

Мен осы еңбегімде осы кісілердің айтқан астарлы сөз, алғыр ойларын шешендік сөз түрлерінен қазіргі шешендіктің әлеуметтік-тұрмыстық мазмұндағы шешендік сөз үлгісі бойынша жүйелеуге, жіктеуге тырыстым.

Ел болғасын тентегі мен телісі де болатыны белгілі. Бір күні ерлі – зайыпты екеудің айрылысамыз деген арызын ауылдық кеңесте қарайды. Ауылдық кеңестің төрағасы төрт ақсақалды шақырады. Нұрыш ақсақал сөз бастап:

-Мынау отырған төртеуміз өткен ғасырдың төлдеріміз. Сендер осы ғасырдың төлдерісіңдер. Елу жылда ел жаңа. Сендер жаңа заманның адамысыңдар. Арам да адал да аңыздан өтеді. Сен бала құлқыныңды тый, сен келін тіліңді тый, әкелерің де бізден асып кетпеген. Отбасы болған соң, бірлік пен тірлік керек. Тірліктерің бар екен,бірліктеріңді сақтаңдар,- деп төрелік айтқан.

Нұрыш ақсақалдың сөзі де, көзі де өткір адам екен. Тура қарағанда өзге жұрт көздерін тайдырып әкететін. Сөздерін астарлап айтып, мазмұнын өздерің шеш дейтіндей сыңай танытатын. Қозыке ақсақал көңілшек адам екен. Бірде барлығы Сағындық жырауға «Қыз Жібекті» жырлатуға жиналады. Бір қауым ел жиналған ортада Сағындық жырау шанағы сыбыс қара домбырасын желдірте қағып, жырды бастап кетеді. Төлегеннің оқ тиіп, үстінен ұшқан алты қаздан еліне сәлем айтқан тұсына келгенде,Қозыке ақсақалдың шыдамы таусылып, көз жасына ерік бергені байқалады. Ұрымтал тұсты ұтымды пайдалана алатын Көбеген ақсақал Қозыкеге қарап:

-Соншама боркемік бос болғаның не, ер адамға қаттылық жараспай ма? – деп күміс сақалын салалы саусақтарымен сығымдап өтеді. Босаған көңілін қатайтып үлгерген Қозыке ақсақал:

-Көңілдің бостығы – адам жанын терең түсінгендік. Пенде жылайтын жерде жылап, күлетін жерде күлгені дұрыс. Қаттылық деген-қатыгездікке біртабан жақын ұғым. Қатты адам қайғылы отбасына қайыр да айтпайды. Қайыр айтпаған адам қайғыра да білмейді. Аллам ондайдан сақтасын,-деп сөзін түйіпті.

Ел аузында Дүйсенбай баласы Нұрыш ақсақалдың сөздері көп сақталған. Ол кісі мал шаруашылығы саласында жұмыстар атқарған. 1937 жылдардағы қиын кезеңде «Халық жауы Көбегеннің інісі, туысы» деген айыппен түрмеге қамалыпты. Туысқан, рулас ағасы Көбеген сотталып, айдалады. Тергеу кезегі Нұрыш атаға келгенде, тергеуші:

-Көбеген – Дүйсеней, Дүйсенбаев Нұрыш, сен ше? – дегенде,

-Жоқ, мен Дүйсеней емес,Семетеймін,- депті.Дүйсенейдің өзі Семетейден тарайды екен.Осы бір ауыз тапқыр сөзі – оны ағасымен бірге айдалудан сақтап қалыпты. Қайын жұрты – Байғаралар туралы замандастары:

-Нұреке, мына қасыңдағы Байғараларың балаларына енші берген бе? – дегенде, ол кісі іркілместен, — Байғара деген ағайындар сиыр тақылеттес халық қой, баспағы суалғаннан кейін теуіп емізбейтін, -деп әзілмен ұтқыр жауап берген екен.

Бертінге дейін қой баққан Нұрыш ата бірде қасындағы түйе ауылға шаруасы болып ерте соқса, түйеші Тәуекелдің үйі әлі тұрмаған екен.

-Шырақтарым-ай,алла тағала үмбеттеріне азанмен несібе шашады. Бірақ ол несібе түндігі ашылмаған үйге бұйырмайды,- дегенде, үй иелері жерге кірердей боп ұялыпты. Шешендік үлгісіне жатқызуға толық негізі бар сөздер. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» екенін осылай түсіндіріпті.

Осы Қарақұм өңірінің белгілі азаматы Елеусізов Шайхыслам деген кісі қай совхозға жіберсе де, тұрақтап қызмет жасамай қайтып келе беріпті. Сонда Нұрыш ата:

-Әйелде біздің Маңзинажан, еркекте Шайхыслам барған жерінде көп тұрақтамай, қайтып келе береді ғой. Сендер кетті деп қуансаңдар, мен қайтып келеді ғой деп ренжимін,- деген. Сонда адам бойындағы жағымсыз мінез-құлықты да астарлы сөз арқылы сыпайы түрде жөнге салуға тырысқан. Кейінгі жылдары көзінен сырқаттанып, үйде отырып қалыпты. Бір күні ауыл басшысы Байжан ақылдасатын шаруа бар екенін, үйіне қонақ келгенін айтып, бірге болуға шақырып келеді.

-Әй, айналайын Байжан- ай, көңілдің көк дөнені барғанымды тәуір көргенімен, бұл күнде бәйгеден келетін атым болдырып тұр ғой,- дегенде,

-Нұреке – ау, маған сіздің көзіңізден бұрын сөзіңіз керек қой,-деп қиыла өтініп алып кеткен екен.Бұлайша аталы сөздің бағасын білгендер ғана жасайды.

Ұйым елді әңгімесіне ұйытқан сол төрт қарияның жүрген ізі ауылда сөздері арқылы қалғандай. Олардың әңгімелері ел бірлігі, отбасы татулығы туралы айтылыпты. Олар арғы-бергіні әңгіме қылып қана қоймай өткенді бүгінге жеткізе біліпті. Біз жоғарыда талдаған түрлі тұрмыстық жағдайларда аталардың сол сөздері айтылмаса қаншама тағдыр бұзылар еді. Төртеуі түгел кезде, ауылымыздың айбаты асып, абыройы тасып тұрыпты. Жалғандық жоқ болып, жаманат жағалап кетпепті. Қарақұм совхозын құрып, оған қарасты төрт ферманың басын қосып мыңдаған отар қоймен тіршілігін бастаған киелі Қарақұм жұртының өнегелі өмірінде осы төрт қарияның үлкен еңбегі бар. Төрт қарияның аталы сөздері Қарақұм халқының ауызбіршілігін сақтауға, бақытын еңбектен табуға, сүттей ұйыған отбасы тыныштығына, ертеңге, келешекке сеніммен қарауға ықпал еткен. Аталар сөзі отбасында атаны сыйлауға, ананы құрметтеуге, жамандықтан жиреніп, жақсылыққа жақын болуға үйреткен.

Мен осы еңбегім арқылы киелі Қарақұм топырағында тіршілік еткен айтулы ақсақалдар, олардың алғыр сөздері туралы білгенімді сараладым. Сөздің қасиетін ұғыну, сөздің парқын білу – әрбір қазақ баласының міндеті. «Аталы сөзге арсыз арсыз таласады» деп айтқан халқымыз, жаңағы мен зерделеген төрт қария тәрізді елге билік айтқан би – шешендердің сөздеріне қарсы дау айта алмаған. Қазіргі дамыған заманда би-шешендердің атқарған заңдық, құқықтық, төрелік қызметін қоғамдық билік ауыстырды. Кез-келген адам заңға бағынады. Құқық бұзушылықтың барлығы заңдық тұрғыда жауапкершілікке тартылады. Дегенмен адамдар арасындағы адамгершілік құндылықтардың сақталуы, адамдардың өздеріне байланысты. Сотқа жүгінбей- ақ алқалы топтың алдында ауыл арасындағы мәселелерді шешуге болады. Мұндайда мен айтқан төрт қария сияқты адамдар, олардың өткір де өжет, бәтуалы сөздері ХХІ ғасырда да керек. Себебі, жеңіл деңгейдегі құқық бұзушылыққа бола сот билігіне сүйремей-ақ, алқалы топ алдында ауыздықтауға болады.

Төрт қарияның қоғамдағы орнын, Қарақұм халқы ішіндегі қасиетін пайымдадым. Сөз қасиетін көтерген қарияларды кейінгі ұрпақ әлі де бағалайды деп есептеймін.

Астарлап айта білген сөз мәнісін,

Аталар көзі көрген айтар сөзін.

Өнерлі сөзіменен өрнектеген,

Күндегі қарапайым өмір сырын.

Төрт қария — Қарақұмның данасы,

Ұрпақ үшін барлығынан дарасыз.

Сөздеріңді кейінгі жұрт біледі,

Бізбен бірге болашаққа барасыз.

Сексенбаева Балагүл Қарсақбайқызы

№ 59 орта мектеп

Бейіндік оқу жөніндегі орынбасар

Шешендік тапқырлықтан туады


ПІКІР ҚАЛДЫРУ