Арқа дәстүрлі ән мектебі жайлы мәлімет

0
12154

Ән  мен  күй   өнері   жайында  ел   ішінде   көнеден   жеткен   бір   аңыз бар. Тұжырымдап айтар болсақ ол аңызда былай делінеді: Құдыреті күшті Алла ән-күй өнерін жаратқаннан кейін көкке қалықтатып жіберіпті. Қалықтап   жүрген   әуен   талай   елдің   үстінен   өтіп   келіпті  де ұланбайтақ  жерді  иеленіп  жатқан кең пейіл, ақжарқын, ізгі ниетті, табиғатпен  үндестік  тапқан  бір  ғаламат   халықты   көріп   соларға   қонған екен. Бұл   ұлы   қазақ   елі   болатын.   Содан   бері   қазақтың   бойына   тал бесік   пен   жер   бесіктің   аралығында   ән  мен   әуенге,   күй   мен   жырға деген ерекше құштарлық, ыстық ықылас, дарын, қабілет дарыған екен. Халқымыздың  осы  бір   қасиетін  терең  сезінген  ақын  Кеңшілік Мырзабеков: «Рақмет, өнер сүйген қалпыңызға,

Бір дәстүр қанға сіңген халқымызда,

Қазақтың тууы да, өліміде ән,

Ән біздің сертіміз де, антымыз да!

Дем берер шаршағанда, шалдыққанда,

Әншіні сыйлайды елі сондықтан да!

Халықтың жүргіне бұл қасиет,

Адалдық ар ісі боп орныққанда,

Халқының мұңын мұңдап, қарсы тұрар,

Әншісі қорлықтарға, зорлықтарға.

Халқынан айыра алмас сүйікті әнін

Иесін ажал алып, жер жұтқанда,

Өнерді жасардағы көзсіздікпен

Өнерді сүйе алудай ерлік бар ма?»,- деп жырлайды.

Өнерді өмірінің өзегі  ете  білген  ата – бабаларымыз  ел  іргесі  тыныш болса, шаруасын күйттеп жата бермей, мыңғырған кең далан думанды тоймен дүбірлетіп таңғажайып сән-салтанатымен сауық-сайран құрған.  Өткен ғасырларда  қазақ  даласын  арнайы  зерртеу  мақсатымен болмаса  әртүрлі   себептермен   келген   Европа   елдерінің   саяхатшылары бір  ауыздан  келіскендей   қазақ  фольклорының   сулы   жерге   қаулап  өскен   көктей көгергенін, рухани байлық жасағанын,  оның   ұрпақтан- ұрпаққа   жалғасып   дамып   келе   жатқанын,   бай  дәстүр қалыптастырғанын   айрықша   атап   өткен.

Олардың  ішінде  ауыз  әдебиетіне,  өнерге   қатысы  жоқ мамандықтың өкілдері,  әскери  адамдар,   миссионерлер,  әкімшілік  қызметкрлері  де болған. Кімді  де  болса  бейжай  қалдырмаған,  сырт  адамның  ә  дегеннен-ақ  көзіне  түсіп,  көңіліне  қонған  қазақ   халқының  қасиеттері – оның ш етінен  әншілігі,  өлеңші,  күйшілігі,  әңгімешіл   сауыққойлығы,  саятшылығы  болар деген ойға қалысты.  Солардың  бірі,  музыка  зерттеушісі Б.Г.Ерзакович былай дейді: «Қазақтың  музыкалық  тіліндегі облыстардың өзіндік стиль ерекшеліктері, біріншіден, қазақ халқының құрамына  енген  тайпалар   мен  халықтардың этногенездік  ерекшеліктерінің  салдарынан  болса,  екіншіден,  күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан көршілес елдердің музыкалық мәдениетінің ықпалының жемісі деуге болады».

Бұл  пікірден  қазақ  ән  өнерінің  бірнеше  мектепке  бөлінетіндігін байқауға  болады.  Ол  кеңбайтақ  еліміздің   әр  өңірінде  табиғат ерекшелігіне  қарай  қалыптасқан  болар.   Бұл ойды жазуш,  өнер  зерттеуші-ғалым  Ақселеу  Сейдімбековтың  пікірі  растайды.  Ол   кісінің  айтуынша қазақ  ән  өнерінде  бес  әншілік  мектеп  бар:  «Бірінші,   Оңтүстік   Қазақстан  және   Жетісу  өңірін  қамтитын  әншілік  мектеп,  екіншісі, Орталық және Солтүстік аймақтарды қамтитын мектеп, үшіншісі Қазақстанның  Батыс  өңірін  қамтитын  мектеп,  төртіншісі,  Сыр  бойының әншілік  термешілік  өнері,  бесіншісі Қазақстанның шығыс өңірін Баян өлкесі  мен   Түркістанды   қамтитын   мектеп».

Қарағандылық  музыка  зерттеуші   Ерлан  Төлеутаев осы бес мектептің ішіндегі  Арқа  мектебінің  өзін  «жас шамасына»  қарай  бірнеше   мектепке жіктейді.  Атап  айтқанда:  «Қызылжар,  Көкшетау,  Баянаула,  Қарқаралы –Қу өңірі,  Тоқырауын,   Ақмола –Қорғалжын,   Атасу –Жаңаарқа».

Жалпы, Арқадағы  әншілік  ошақтарды  жіктегенде  үнемі  ескеріп отыратын  бір  мәселе   бар.   Келешекте   әншілік  мектептерді   зерттеген кезде   әндерді   тудырушы   және  орындаушылық дәстүрді қалыптастырушы аймақтар  деп  екіге  бөліп  қарастырғанды  жөн  дегіміз  келеді.   Себебі,  әншілік  мектептер  деген  кезде,  дәстүрлі   әндер  дүниеге  келген аймақтарға ғана тоқталып, ал үздік орындаушылық орта қалыптасқан ошақтар  ескерусіз  қалады.  Осы   тұрғыдан  алғанда   Арқа   өңірінің  әншілік  ошақтарын   төмендегідей   жіктеген   орынды   болады.

Алдымен   дәстүрлі  әндерді  тудырушы – ұлы  композиторлар дүниеге келген мекендерді бір саралап алсақ. Осы уақытқа дейін зерттеушілер   Арқа   әнінің  ту   тіккен   биігі   ретінде   Көкшетауды             айтып   келгені   белгілі. Оған  себеп, Көкше өңірінде  ән  атасы  Біржан салдың,   «өнерінен  өмірі  сұлу»  (Мағжан)  Ақан  серінің,   «топ  жарғанның  бірі»  (Сәкен)  Үкілі  Ыбырайдың,  алып  күш  иесі,  композитор  Балуан Шолақ  сияқты  қазақ  музыка  өнерінің   алыптарының   кіндік  асқақ,  көркем әндерінің осы Көкшетауда дүниеге келуі. Әйтсе де, музыкатанушылардың   көзінен  үнемі қалтарыста   қалып   қоя  беретін үлкен бір ән ошағы бар. Ол – Қызылжар өлкесі. Салыстыра отырып зерделесек,  Арқа   әндерінің  ең алғашқы қарлығаштары Қызылжар өлкесінен  қанат  қаққанын  байқауға  болады.  Көкшетау   әндеріне қарағанда,   Қызылжар   әндерінің   «жасы үлкендігі»  тың  ізденістерге баруға  жетелейді . Мысалы,  ән атасы   атанған   Біржан салдың   Сегіз  серіні  өзіне  ұстаз   тұтуының   өзі  көп  жайды  аңғартқандай . Ал,  Сегіз серінің  дүниеге  келген  жері  осы   Қызылжар   өңірінің   Гүлтөбе – Мамай атты  өлкесі. Бір  кереметі – Арқаның ең көне әндерінің  бірі «Жиырма бестің»  шығарушысы  деп  жүрген  Салғара   Жанкісіұлы (1759 – 1859)  осы Гүлтөбе – Маманайда дүниеге келген. Сол сияқты өз маманының белгілі өнерпаздары – Нияз сері Бекдәулетұлы мен (1818 – 1893),  Сейітжан  сал Көрпешұлы  да,  (1819- 1885)  осы  Гүлтөбе –Маманайда  туған  деген деректер   бар.

Бұл  деректер  мен  дәйектер  Арқа  әндерінің  үлкен  ошағының   бірі Қызылжар  өңірі  екендігін, ал Гүлтөбе –Маманай жері Арқа әншілік дәстүрінің   «бастау көздерінің»  бірі  деген  батыл   тұжырым  жасауға   негіз бола   алады.

Екінші  бір  әншілік    мектептің   қалыптасқан   жері – жоғарыда айтқан Көкшетау өңірі. Көкшетау әншілік мектебі Арқадағы басқа мектептерден  қай  жағынан   алсақ  та   мойыны   өсіп   тұр.  Себебі   бұл өңірде   қазақтың    классикалық   ән   өнерінің   эталондық   нұсқаларын тудырған   ұлы  тұлғалардың  дүниеге  келгенін,  әрі  ғұмыр  кешкенін жоғарыда  айтып   өттік.   Аттары   аталған  тарлан  таланттардың   дарын қуаты   Көкшетау   мектебін  қазақ  даласындағы  барлық  әншілік мектептерден  үстем  қылып  тұр   десек,   артық   айтқандық   емес.  Баянауыл әншілік мектепбінің ірі өкілдері: Жаяу Мұса, Естай, Жарылғапберді,  Мұстафа  Бүркітбайұлы,  және тағы  басқа  біртуар дарындар Көкшетаудан ән бұлағына қосылып, оны дарияға айналдырды. Баянауыл мектебі  Арқадағы  ең  қуатты    ән   тудырушы   мектеп   болып   қалыптасты.

Арқаның  әншілік  мектебінің  тағы  бір  үлкен   ордасы  —  Семей   өңірі .  Бұл   өңірде   арқа   әндері   Ұлы   Абайдың   поэзия  мен   әнге жаңаша түр мен мазмұн әкелу нәтижесінде күрделі өзгерістерге ұшыраған. Абайдың  Еуропа   мәдениетімен   таныс  болуы  оның  композиторлық өнерде  де,  тыңнан  соқпақ  салып,   жаңа   үлгідегі   ән  дәстүрін   туғызуына жол   ашты.  Сол  себепті,  Абай әндері  жеке  мектеп  болып   қалыптасып,  Семей  өңірі  әншілік  мектебінің  алтын  өзегі   болды.  Дегенмен   бұл  өңірде  Абайдан   кейін   күшті   композиторлардың   болмауына   байланысты   үлкен   әндер   туа қойған  жоқ. Арагідік дүниеге келген әндердің   бояуы көбінесе солғын, Арқа  әндерінің амплуасына келе бермейді. Тек,  атақты   Әсет   Найманбаев  (1867 — 1922),   Берікбол  Көпенұлы  (1854-1931) Мұхамеджан Майбасарұлының   (1854-1921) шығарған әндері ғана Арқа әндеріне көтеріле алған. Семей өңірінде ән орындау өнерінің аса биік деңгейге көтерілгенін айтуға тиіспіз. Мысалға: Мәдениет Ешекеев,  Манарбек  Ержанов.  Бір айта кетерлігі,  Семей   әншілік мектебі  зұлматты  замандар   тезінен  аман – есен   өтіп,   бүгінгі   таңда қайта   өрлеу  дәуірін   басынан   өткеруде.

Орталық   Қазақстандағы   үздік   әншілік  мектептің   қалыптасқан  жері – Қарқаралы,  Қу өңірі.   XIX ғасырдың    орта кезіне қарай бұл жерлерде  Қарқаралы  қаласы  мен  Қоянды   жәрмеңкесінің   пайда   болып,  қалалық   мәдениеттің   дамуы   өнердің  де  өркендеуіне   игі   әсерін  тигізді. Қарқаралы – Қу өңірі  орындаушылық   дәстүрдің   үздік   үлгілерін   көрсеткен   киелі  мекен.  Тек  бұл   жерде   де   Семей   өңірі   сияқты   әнді тудырушы – композиторлар   жоқтың   қасы.   Ұлы   композиторлардың соңғы  тұяғы Мәди Бәпиұлының әндері ғана бұл өлкені басқа ән ошақтарынан  өзгеше   әйгілеп   тұр.   Қарқаралы –Қу   өңірі   орындаушылық  дәстүрдің   ірі   өкілдері   Ғаббас   Айтбаевпен   ағайынды   Жақыпбек, Жүсіпбек   Елебековтердің   отаны.  Арқа   әндерін  орындаушылардың көрнекті  өкілдері   Исайын,   Нағайбыл,   Мұсылманқұл   Әбсалықов, Нығман  Әбішев,  Мәжит Шалқаров,   Қуан Лекеров,   Мағауия Көшкінбаев және   тағы басқа  әншілер осы топырақтың тумалары. Сондай –ақ, Қарқаралы –Қу елі өзіндік  ән  орындау  дәстүрін  сақтап қалған өңірлердің бірі.

Қарқаралы сияқты орындаушылық дәстүрді дамытқан мектептердің бірегейі ретінде Ақмола – Қорғалжын әншілік мектебін айтуға болады. Мұндағы композитор әншілер Құлтума, Ғазиз, Үлебай, Сәтмағамбет, ағайынды әншілер  Есімжан,  Қосымжан  Бабақовтар  арқаның  ән  орындау мектебін  кемелдендіргендер  қатарына  есімдері   алтын   әріппен   жазылады.

Арқадағы  әншілік  дәстүрдің  үлкен  ошағы Атасу –Жаңаарқа өңірінде қалыптасқан. Бұл өңірдің әншілік дәстүрі  Ақмола  Қорғалжын өңірімен тамырлас.  Себебі,  екі  өңірдің   бір –біріне   географиялық  жағынан  жақын  орналасуы – рухани – мәдени   байланыстардың   үзілмеуіне ықпал етті.  Осы жерде этногенездік фактордыңда бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Қарқаралы сияқты да, Жаңаарқа жерінде де Арқа дәстүрінде  ән  шығарған   композиторлар  жоқтың   қасы   деп айтуға болады.  Керісінше,  бұл  өлкелер   шертпе   күй  өнерінің  классикалық мектебі  дүниеге келген өңір.  Күй өнерінің белді өкілдері: Тәттімбет, Сайдалы Сары Тоқа, Қыздарбек,  Дайрабай.  Арқаның  әншілік,  күйшілік өнерінің оазисі іспетті Атасуға орыс отаршылдарының таяғының жетпей қалуы-ән мен  күй  мектептерінің   аман қалуына  мүмкіндік  туғызды.  Кейін Арқаның  әншілік  мектебінің әлемдік деңгейде қайта түлеп жаңғыру құбылысы   осы   Атасу-Жаңаарқа  (Қайрат Байбосынов)  өңірінде  орын алды.

Музыка өнері-қоғамдық ортаға, адамның ой-санасына, талғам-танымына  зор ықпал ететін құбылыстардң бірі. Өйткені көкірегінде ғасырлап  қатталған  рухани мұра сол алықтың тарихи және әлеуметтік –саяси  өмірімен  тікелей  шендесіп, бітім- болмысымен біте қайнасып жатады.

Халқымыздың  рухани  өміріндегі  күрделі  де  өзіндік  ерекшелігі  мол  асыл  мұраның  бірі -ән  өнері,  әншілік  дәстүр.  Қазақ  елінің  рухани жан  дүниесі  мен  эстетикалық  талғам-танымның  қалыптасуындағы   әннің әсер- ықпалы орасан зор.  Халқымыздың  ән  өнерінде   тұрмыс- тіршілік, әдет- ғұрып сипатымен   қатар ой –санасы, бітім- болмысы,  дүниетанымы айқын көрініс тапқан.

Ғасырдан  ғасырға  жалғасып  келе   жатқан  ән  өнерінің   шоқтығын биіктетіп,  оны  ұдайы   дамытып,   кемелдендірген  халқымыздың маңдайына біткен дүлдүл өнерпаздары екені белгілі. Әсіресе, солардың  ішінде  сал- сері, әнші- композиторлардың орны ерекше.  Себебі  олар   тудырған   шығармалар – қазақ    халқының   болмыс- мүсінінің, салт-санасының айнасы, сарқылмас рухани қазынасы, тарихи мұрасы.  Бұл  орайда   халықтың ортасынан   суырылып  шыққан   киелі өнердің көрнекті қайраткерлері Біржан сал,  Ақан сері,   Абай,  Мұхит,  Балуан шолақ,  Иман-Жүсіп,  Жаяу Мұса,  Мәди,  Үкілі Ыбырай,   Ғазиз,  Құлтума,   Сары,  Майра, Естай, Нартай, Кенен. Бұлардың әрқайсы туралы түйдек-түйдек ойлар айтуға болады.

Ұлттық  мәдениетті  дамытуда,   халықтың ой-сезімін,   рухани дүниесін   жаңартып   байытуда сал-серілер  мен  әнші- ақындардың  қосқан үлесі   ала-бөтен.  Бұлар өнерпаздық қырларымен  ғана емес, сауаттылығымен  де  белгілі   адамдар  болған.   Мысалы,  Сегіз  Сері  1835 жылы   Омбының   Сібір әскери училищесін бітірген. Орысша еркін сөйлеген. Ал, Ақан сері  де орысша,  мұсылманша оқыған. Ғұлама ғалым  академик Әлкей Марғұланның «Сал,  серілердің қазақ мәдениетіне қосқан үлесі»  деген қолжазбасындағы   кейбір  деректерге жүгінсек,  Нияз  сері парсы  тілінен  «Тоты намені» қазақшалаған. Сегіз сері, Ақан сері, Сейіткерей «Мың бір түннің», Мәлике кітабының және «Тотының» тарауларын  көркем,  әсерлі,  нақышты  тілмен  жырлаған.

Осы бір сал, серілер мектебі,  өнерпаздар тобы туған халқының поэзиясын,  ән- күиін терең біліп,   мәртебесін   шырқау   биікке    көтеруімен бірге,   өзге елдің  әдебиетін,   өнерін,  тілін жетік меңгерген. Олар   әрі өнерпаз,  әрі  білімпаз  деп бағаланса,  артықта  емес  шығар.   Қазақ  музыка мәдениетінде   халық  ішінде   «сал»   және «сері» деп әспеттеліп   аталған ақын   әншілердің   алатын   орны  ерекше.  Сал   немесе   сері   деген құрметті  атқа  әншілік –поэтикалық  өнерді  асқан   шеберлікпен     меңгерген   адамдар  ғана  ие болады.  Олар   үшін өнер   тек уақыт өткізу немесе   әуестенушілік,   күнкөрістің көзі емес,   негізінде,   өмірінің,      тірлік–тынысының  арқауы болған.  Сал-серілер бүкіл   ғұмырын   халық өнеріне   қызмет   етуге   арнаған   жандар   еді.   Сал  мен  серілер  өткір сатиралық сөздерімен, бай манаптардың сараңдығымен самарқаулығын, даңққұмарлығымен топастығын  күлкі етіп, діни фанатиктердің догмаларының жалған екендігін әшкерелеп отырды. Олардың творчествосының  эстетикалық   қана   емес, сонымен бірге қоғамдық –мәдени және әлеуметтік мән –маңызы да зор болды.  Сал серілер өз творчествосында әндердің әуезділігі мен поэтикалық тұтастығына, мазмұндылығы  мен  көркемдік   сапасына   зор  мән берген.   Шығарманы орындау  шеберлігіне,  сол  арқылы   тыңдаушысын   баурап   алу   жайына  да   қатты   көңіл  аударған.   Дәстүр  бойынша  олар   көзге   оттай басылатын   қызыл –жасылды   киім киіп,   қымбат   ер –тұрманды   ойнақшып  тұрған  сәйгүліктерге  мініп,   соңынан нөкер ертіп жүрген. Салдар мен серілер үнемі ауыл-ауылды аралап, халық арасында өз шығармаларын   орындап   ел   көңілін   көтеруді   мақсат   еткен.

Арқа   әндерінің   тақырыптық   шеңбері   сан   қилы.  Шабытты,   аралас  өлшем,  ырғақты екпінмен орындалатын, термелер үндестігіне жақын,  шырқата созылып айтылатын кең тынысты   әндер арқа ән мұрасында  мол. Мысалға сал мен серілер шығармашылығына үңілсек, Біржан сал  тақырыбы  жан-жақты. Дәлірек айтсақ: «Жанбота» әні басталғанда  жоғары  дауыстан,  шың  нотадан   басталады. Бұл әнде ақынның жан ашуы айқын көрінеді.  Әнді   тыңдай   отырып,  әншінің   сол сәтте,  яғни ән дүниеге келу мезетінде қандай халде болғанын сезінуге болады. «Адасқақ» әні алдыңғыға қарағанда сазды, сабырлы, байыпты. Сонымен қатар мұнда үлкен құлаш,  кең  тыныс,  нәзік   лирика   бар. Ал,  Ажар   қызға   арналған   «Тентек» әні  көңілді,  мажор  кейіпті   шығарма.  Ән  жай  бастап,  қайырмасында  құйқылжытып,  еркелетіп,  дауысын   неше саққа  жүгіртіп, ойнақшытып  алып   кетеді.  Әнде  сыпайылық та,  сезім де, қыздың әсем,  ажарлы  келбетіне  қызыққан   жанның  көңіл күйі де, құрбының   қалжың  сияқты  лебі де бар.Әннің   құрылыс   формасы,    даму кезеңі   ақынның   «қаламынан»   шыққандығын  дәлелдейді. «Ләйлім шырақ» әні, Біржанның дауыс байлығымен байланысты шырқай,кере салатын  ән.  Біржан   әндерінің    ішіндегі   белдісі  осы — «Ләйлім шырақ» әні.

Үлкен   адамгершілік, азаматтық   лирикаға   толы,  терең  жүректен   шыққан   әні-  «Біржан сал».   Басынан -аяғына  дейін байсалды, өте жай байыппен айтылатын ән.Тағы осы сияқты  тек  ақын, әнші Біржанның өзіне ғана тән лирикамен, диапазоны жағынан өте ауқымды, биік, жоғары басталатын,  өзіне  ғана   жарасатын   «тәккаппарлық»   өрнектермен ерекшеленетін   әндері   өте   көп.

Ақан  сері   әндерінің   тақырыбы   көп   қырлы   және   сан    алуан,   поэтикасы   халықтың  дәстүрлі поэзиясымен үндес, әуеніне әуезділік, ырғақтық-интонациялық байлық, ішкі қайырым үйлесімділігі, лирикалық   нәзіктік тән. Әнші-композитор туындыларының сипаты образды-поэтикалық көркемдігімен,   әсерлігімен халықтың дәстүрлі өнерінен   өзек   алған   тамырластығымен   дараланады.

Белгілі әнші, композитор, ақын Естай бабамыздың шығыармашылық өміріне  тоқталатын  болсақ- Естай әннің екі алыбын көрген. Біржан салдың қасында бір жылдай еріп жүреді.  1889   жылы сондай-ақ Ақан серіге шәкірт болады.  1893 жылы екеуінен тікелей ән үйренеді.  Бұл жағдай  Естай  үшін үлкен бақыт болады. Естайдың   Біржан  мен   Ақанды көруі,  бірге болуы,  олардың  орындауын   есітуі,  әндерін   үйренуі    үлкен мектеп  болады.  Ол   мектеп   Естайдың  ән шығару әдісіне әсер етті. Байқаған  кісіге  Естай әндерінде Біржанның да,  Ақанның да әуендері сезіледі:  шалқыған кең тыныс,    шумақтық    өлеңнің    схемасынан   әнде  «шыға жайылу»,   кеудеден   кем соқпайтын,  аса дамыған қайырмалар,   сөз мәні мен ән мазмұнының қабысып жатуы, азаматтық лирика, демократиялық арқау тағы тағылар «ағаларының»   дәстүрінен  көшкен   деуге болады.

Естайдың Қорланы –жәй   шумақтық  ән  емес,   өзі   жатқан  бір  ірі  романс келіп шығады.  Әннің қайырмасының өзі жәй түсініктегі «қайырма» деп айтылады. «Қорлан» Естайдың  басқа   кейбір   әндері   сияқты қоңыр дауыстан, домбыра тілімен айтсақ бас пернеден басталады. Жүрегіңді қозғайтын жылы әуен салған жерден тыңдаушы еркін билеп кетеді.  Бірақ сол бір қоңыр үн сызылып,  баяу басталған музыкалық «сөйлемдердің» өзі жәй көрінгенмен,  дауыл алдындағы кенет басылған желдей,  ішінде   тұнып тұрған  күш,   эмоция  бар екендігі сезіледі. Ән осындай  жайда   «қашан дауыл бұрқетер екен»  дегендей   тыңдаушыны күттіреді.  Созылған  байыпты  бастапқы  шумақтың   әуені  саспай   жүріп отырады.   Осыдан  кейін   қайырма   басталғанда   әннің   екпіні   де   өзгере бастап,  үні  де  қатайып, дыбыс та  баспалдақтап,   жоғары   тырмысып, шығарманың   шыңына   жақындап   келе   жатқаны   білінеді.   Ал   шыңға шыға   сала   кейін   қайтпай   сол   жерде   әнші   біраз  тоқтап   қалады.   Тек:  «Іздесем Қорлан…»  деген   сөздердің   тұсында   ғана   дыбыс   төмен   жылжи   бастайды.   Біздің   «Қорланның»   қайырасы жәй түсініктегі қайырма  емес   дейтініміз   де   осы.

Естай   осы бір шығармасымен   ән шығарудың  классиктерінің қатарына  бір-ақ  секіріп  шықты   деуге   болады.   Өйткені,  «Қорлан» байырғы   түсініктегі   әннің   құрылысынан  өзгеше. Музыкалық мазмұнының  тереңде,   тілінің  аса  өткірлігін   былай қойғанда,   « Қорлан» түр  жағынан  айта қалғандай мүсінді, сымға тартқандай әсем, ал басталғаннан  кейін  дамуы,   өсуі де   композиторлық   қағиданы   оқығандай заңды. «Қорлан» — Естай  шығармаларының шыңы, жүрегі десе қателеспейміз. Әңгіме әннің қай кезінде шыққанында емес, қалай шыққанында. Сондықтан  композитордың жас,  тәжірибесі  әлі  байымаған кезінде жарық  көрсе де,   «Қорлан»  шынайы, үлкен жүректен шыққан рухани перзент.

Композитордың  келесі  бір  әні  «Бір мысқал»  «Қорланнан» солғынырақ.  Шығарманың   кеудесі   созылған   мелодия  емес,   речитативке,  жыр    мазмұнына  жақын,  ырғақ- өлшеуі  біріңғай  екпіні орташа  мелодия  баспалдақтап,   аса  адымдамай,    аттамай    жүріп отырады.  Сонымен   қатар  әуеннің  құбылу  жақтары да  сараң.  Мелодиялық   байлық   кіріспеде.   Онда  әдемі, сазды,  өте жылы,  іштегі ойдың  толқынындай  жүріс  бар.   Кіріспенің  музыкалық  негізі  айтарлықтай  бай,   дыбыс  көлемі де   шалқыған   кең  (ундецима),      мелодия   өрлеумен  атып көтеріледі, екінші рет қана төмен қарай беттегенде,   Естайға   тән саспай,  жүгірмей, байыпты қадаммен бастағандағы   негізгі   дыбысқа келіп,   соны бірнеше орап,  дыбыстан түйіндер  түйіп   барып   бітеді.  Әннің   кеудесінің   созылмалы    мелодия болмай, речитативпен келуі: Қорланның   сипатын   баяндағанда   музыканы екінші жоспарға қойып,   әдемі   поэзиялық   сөздерді   түгел   жеткізгісі   келгеннен  болу керек.

Атақты   әнші, ақын, композитор Жаяу Мұсаның шығармашылығындағы   қазақтарға   тән емес күлкі,  жеңілдік   кезеңдер де орын   алады.   Оның   жеңіл,   басқаша   айтқанда   көңіл  көтеретін  мелодиялары  бірыңғай ширектік   өлшеуге   сыйып   отырады, солай аяғына дейін өзгермей, «Гитарға лайықты»   сүйемел   керек еткендей және биге  шақырып тұрғандай   болады.   Біразды   көрген   Мұсаға   мазурканың   ырғағы   белгілі болса керек, -дейді  А.Затаевич   «Қазақтың мың әні».

Мұсаның   «Ақ сисасы»  бұрын –соңды қазақтың халықтық музыкасында болмаған үлгі. Басталғаннан күшті, серпінді, дауыстың жоғарғы  регистрінен  алып   кеткен   дыбыс,   сол сатыдан түспей, өршеленіп, екіленіп, автордың рухани күшінің анау – мынау «белдеу күштен»  басым  екендігін   сездіреді.  Сол  екпінмен,  сол жігермен ән аяғына  дейін  барады.  Қайырмасының   өзі  де   «Гәгәги, гәук-ки» деп,  сөзсіз  келсе де,  ашу  кейіс  дыбысындай  қышырланып,  үдей түсіп,  тек аяғында  «айтарымды аттым!» деп,  көңілі тынғандай жайдары кейіпке көшіп,  құйқылжып барып бітеді.

«ГауҺар қыз»  шығармасы   Мұсаның   әндерінің   ішіндегі   ірісінің бірі. Бұл   әнде сөзсіз,  Біржан, Ақанның әсері бар. Мұса өзінің шығармасында өз тұсындағы халық композиторларынан ерекше, жан жақтырақ болды. Ол  қалаларда  оқып,  кейін  тағы   жақын-алыс  ел аралап, музыкалық  сөздігіне  басқа   елдердің   интонациясын   қосқаны  рас. Әсіресе, оның гармонь, скрипка тартуы бұл жағынан әсер етпей қойған жоқ. Мұса  дүниге  «Гауһар қыз» сияқты  ән   шедеврін  берді.  «Гауһар қыз» — азаматтық  лирикаға  толы,  аса  жұмсақ,   басталуының   өзі тыңдаған адамды ұйытып алып кетеді. Өлеңнің   екінші   жолынан   бастап   ән  шырқап   жоғары көтерілгенде, Абай  айтқандай «Бақырған   құр  айқай» болмай  өте  жұмсақ   сызыла   көтеріледі.

Халық   арасында   көп   тараған   әннің   бірі   – «Құлбай».   Бұл          әнде   Мұсаның   кейбір шығармаларындағыдай  қалжың,  мысқыл  бар. Әсіресе  қайырмасында  Мұсаға тән құйқылжытып, өршелендіріп  келіп: «Құлбай бай,  Құлбай бай!  әнім  менің  красивай! Қыпшақски  жәрмеңке –ай!»  деп  кеткен  жерінде  Құлбайдың руын айтып өзінің бұл жүрісінің қалың  Қыпшақ  ішінде  жәрмеңкедей   екенін  суреттейді. Мұсаның «Құлбай»  дәстүрінде  шығарылған  әннің  бірі – «Шолпан».  Ән   көңілді, кейбіреулер  айтатын  жеңілдіктен   аулақ,  жаратылыс   сұлуына       қызыққан   адамның   көңіл   ырғағын бергендей кесек туынды. Сырт жағынан   осы  «Құлбай»,   «Шолпан»  әндеріне  ұқсайтын   Мұсаның   әнінің бірі  «Тұрымтай».  Бірақ ол бұлардан көрі байырақ. Соған қарағанда автордың  музыка шығаруда, орындаушылықта, бірқатар тәжірибесі молайып,  қорланып  қалған   кезінде  шығарғанға  ұқсайды.   «Тұрымтайдың» аспапқа арналып марш болып кете баруы да оның музыкалық тынысының кеңірек болуынан да шығар дейміз. Басталуы осы әндерге жақын боғанымен «Тұрымтайда» азда болса даму, құрылыс жағынан толыға, өсе түсуі бар.

Жаяу Мұса музыкалық шығармашылық жағынан аса бай, жан-жақты адам болды. Ол бір жағынан Біржан, Ақан дәстүрінде шығарса, екінші жағынан қала музыкасының рухында әндер шығарды. Соның бәрінде де оның туындылары басынан аяғына шейін шынайы қазақ музыкасы болып қалды.

Сұңқарша саңқылдаған –Үкілі Ыбырай  ән мен жырдың көгінде шарықтап самғаған саңлақ атамекен табиғатын, сұлу жаратылысын, ән сазымен аққудың саңқылын,қаздың қаңқылын, шағаланың шаңқылын, тас бұлақтың сылдырап аққанын, айдын көлдің толқығанын, өз басының көңіл-күй құбылыстарын, ішкі жан сарайын, ой-сезім әлемін, интеллектуалдық болмысын, көркемдік эстетикалық дүниетанымын, замана шындығын  әрі нәзік,әрі әрі терең суреттеген.Өлең жырларының нәзік кестесі,өрнек нақышы,музыкалық құбылыстарға бай. Саз-келісім жағынан алғанда, жігерлі,ойнақы,бұрқыраған қуатқа толы яки жұмсақтығы жібектей әсем әуенді, қоңыр үнді, терең сезімге  құрылған я болмаса салтанатты шадыман.

Айтулы әнші- ақын сыршылдыққа,нәзік иірімдерге толы өлеңдермен қатар, өмір, дүние турасында философиялық шынайы толғаныстарға құрылған әндері де көп.

Айтыс ақыны, композитор, әнші,сырнайшы,жонглерлік-клоундық өнердің де иесі- Шашубай Қошқарбайұлы шығармашылық өнеріндегі «Ақ қайың» деген бейнелі ұғым қазақ сахарасының көркем келбетін, сән-сәулетін, шексіз кеңістігін,өнерпаздық болмысын, тұрмыс- тіршілік толқындарын бейнелейді.

Күн нұрына жайқалып өскен, соншалықты музыкалық және поэзиялық сырлары мен қасиеттері терең, қиял, көңіл құстарын шартарапқа таратқан қанатты образ ақынның жан дүниесінің ішкі иірімдерін, өлеңге өнерге деген махаббатын жайып салады].


ПІКІР ҚАЛДЫРУ