Мәди Бәпиұлының көркем бейнесі

0
1972

Қазақтың ұлы перзенттерінің бірі, әнші, ақын композитор   Мәди Бәпиұлының бізге жеткен  бейнесі-туралы көп жазылып та, айтылып та жүр. — Иә, небары 41- ақ жыл ғұмыр кешкен, өмірі   арпалыспен аласапыран заманда өте шыққан Мәдидің шын келбеті осы ма екен деген сұрақ әлі де болса ойға келе береді.  Былтырдан бері   Мәдидің   125 жылдығын атап өту жөнінде әңгімелер көтеріле бастағаннан-ақ,       осы      сурет төңірегінде тағы да әр түрлі пікірлер айтыла бастады. Тіпті, бұл Мәди емес, басқа адам екен деген сөздерде айтылып қалды. Бірақ, бұл суретті 1968 жылы туысқандарынан табылған нағыз Мәдидің өз бейнесі деп, белгілі өнертанушы Жарқын Шәкәрімов былтырғы жылы Қарқаралы қаласында Жүсіпбек Елебековтың         100 жылдық мерейтойында сахнаға шығып тұрып салтанатты түрде аудан әкіміне  өзінің қолтаңбасымен табыс етті. Сондықтан біз бұдан былайғы жерде бұл сурет Мәдидің нағыз өз бейнесі екеніне сенуіміз керек.

Суретте жасы қырықтағы азамат емес, алпыстан асып, жетпіске жетіп     қалған, екі иығынан су кетіп, өмірден қажып, әбден шаршап, жүдеп отырған адам екені көрініп тұр. Бірақ, анықтап қараған адам көзіндегі нұрды, терең ақыл мен бойындағы зор күштің бар екенін байқауға болады. Әрине, ол кездегі техниканың шамасы да сол болды ғой. Оның үстіне, қуғын көріп, жағдайы болмай, арып-ашып, көңіл-күйі жабырқап, бірнеше күн қараңғы абақтыда жатқан жерінен алып шығып, басына бөтен біреудің тымағы мен күпісін кигізе салып түсірген суреттен Мәдидің бар болмысы мен образын көре алмай жүрген шығармыз. Өкінішке орай, біздің ұрпақ Мәдидің осы бейнесін қабылдап өстік. Ал шын мәнінде Мәдидің түрі қаңдай болған? Өткен ғасырдан жеткен сапасы нашар жалғыз сурет келер ұрпаққа Мәдидің образын бере алмай кетіп барады емес пе? Бірақ, Мәдидің  образы            оның әндерінде қалды. — Мәдидің образы оны көрген, бірге жүрген адамдардың әңгімелерінен бізге жетті. Бүгінгі күні Мәдиді көрген адам қалған жоқ.

Ендігі жерде сол бізге  жеткен сипаттамалар мен суреттемелерден құрастырып отырып, Мәдидің суретін жаңғыртып, ғылым мен техниканың жетістігін пайдалана отырып, келбетті кескінін көрсету керек деп ұйғардық. Бұл келер ұрпақтың санасында Мәдидің нағыз өз бейнесін қалыптастырып, қалдыру үшін қажет. Біріншіден, негізге Мәдидің қолда бар суреті алынды. Қазіргі заманның жетістіктерін пайдалана отырып, компьютермен Мәдидің бейнесін жасаттық. Мәди туралы азды-көпті жазылған шығармалар  мен туысқандарының ауызынан естіген әңгімелерге арқа сүйесек, ол кісі ірі денелі, батыр тұлғалы, «жауырыны жалпақ, көзі өткір адам болған. Киімді өте жинақы, өзіне жарасымды қылып киген. Мәди өте күшті және епті болған. Қақтығыстарда ат үстінен арқа өңірінде оны ешкім түсіре алмаған. Осыдан біз оның бабаларымыздан қалған жауынгерлік өнерді жете меңгергенін байқаймыз. Топты қараға жалғыз қарсы шыға берген. Бұл оның өте жүректі болғанын білдіреді. Осының бәріне қосыла, ол кісі мәңгі өшпес әндер шығарып, артында мол мәдени мұра қалдырған адам. Демек, Мәдидің бейнесінен біз оның рухани ішкі жан дүниесінің бай екенін көре алуымыз керек. Сонымен бірге Мәдидің орындалмай кеткен талай арманы болды ғой. Мысалы: «Шіркін-ай» өлеңіндегі …. «қызығын атқан таңның көре алмадым»… деген сөздері осыны аңғартпай ма?! Сонымен, Мәдидің жалпы сырт кескіні айқындала бастаған соң, ол кісінің көз қарасын зерттедік. Тағыда, менің әкем бірге болыпты, сол кісі айтып еді деген деректерден, ол кісінің көзі өткір, ат жақты, қоңқақ мұрын, қою қара мұртты, оны өте сәңді қылып бастырып отырған. Сақалды төменгі ерінінің астынан иегінің үстіне ғана қойған. Көбіне еуропаша киініп, жұқа пальто киіп жүрген. Суреттеушілердің бөрі бірауыздан ол кісінің көзіне ешкім тіктеп қарай алмаған еді дейді. Болуы әбден мүмкін. Енді біреулер көзі қып-қызыл қасқырдың көзіндей болыпты мыс дегенді де айтады. Бір жағынан, ол заманда Мәдидің  даңқы, дақпыртпен араласып, өзінен озып, оның жолын кескен ағайындарына бұрын жетіп жатқандықтан, Мәди келді дегенде маңайдағылардың оның көзіне тіктеп қарай алмауы да түсінікті болып тұр емес пе. Осы жайттарды ескере келе Мәдидің фотографиядағы бейнесіндегі иығын тіктеп,  мойнын көрінетіндей қылып жағасын  ашып, басындағы ескі тымақты шешіп, бөрік кигізілді. Үстіндегі күпі ішікті де алып, орнына шапан жамылды. Бұның бәрін компьютер жасады. Ал енді осы өзгерістер адам денесінің табиғат жаратқан пропорцияларын бұзбау үшін, бет терісін, қабағы мен қасын пайдалану үшін, бойы мен жасы сол шамадағы, бірнеше адам, әр түрлі тұрғыдан фотоға түсірілді. Осы суретке Мәдидің фотосы бетіне салынып, көзі, жағы, мұрны, қас-қабағы,  ерні орнына қойылды. Компьютердің көмегімен күнге қарсы сығырайып қарап қалған көзі ашылды. Әрине, бетінің терісі, сақал-мұрты компьютермен жасалды. Енді үстіне қандай киім  кигізу керек  дегенде, біз ол кісінің байдың тұқымы           екенін, бұлғыннан ішік, құндыздан бөрік кие алар жағдайы әбден болғанын          ескере отырып, басына құндыз бөрікті компьютермен кигіздік. Үстіне қиғаш жағалы, шытырмалы ақ жібек көйлек кигізілді. Ал шапанды жұқа, қарапайымдау қылып кигіздік. Жағасы мен өңіріне жіңішкелеп оқа жіберілді, қанша десек те Мәдидің сері болғанын да ұмытпауымыз керек. Осының бәрін жасаған кезде көз алдымызға 32-35-тердегі Мәдидің бейнесі шықты. Әрине, біреулер    мүмкін өздерінің жақындарына, таныстарына ұқсатар, ол заңды құбылыс. Бірақ бұл бейне жинақталып, өңделіп жасалған образ. Кескіні мен келбеті жарасқан, бойында алапат күште, сабырлы да ақылды, сонымен бірге жан-дүниесі өте нәзік, өмірден көп нәрсені армандап, қыршын кеткен Мәди осындай болды деп сенейік!

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ