Қарттарыңа пана бол, елім

0
723

Жиырма бірінші ғасырдың басты қасіреті-қарттар үйінің көбейіп бара жатқандығы. Қаншама ақ жаулықты аналарымыз бен мейірбан әкелеріміз кәрілік құрсауында қалды. Өмір бейнеттерін төрт қабырғаға қамалып, терезеге телмірумен көріп жатыр.  Екі жылдың ішінде қарттар үйіндегі зейнеткерлердің саны екі есеге өсті. Бұл қуантарлық жайт емес.

Сұрапыл соғыстар мен қанды майдандарды басынан кешірген қазақ бейбітшілік тұнған  қалпын сақтауға тырысқан еді. Сол ынтымақтың айқын көрінісі мен үлгісі болған отбасының басты тірегі-ата-ананы ежелден қадірлеген. Оларды қастерлеп, көңіліне кірбің, пейіліне дақ түсірмей, аялай білген. Ананың ақ сүті мен әкенің тәрбиесін бағалап, аяғын жерге тигізбей сыйлап келген халықпыз. Қазақтың бүгінгі ұрпағы сол ұстанымдарды ескеріп жатыр ма?

Қазаққа жат әрекет

«Егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүруде. Олардың көбінің дені сау, табысты балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету деген біздің дәстүрімізде жоқ. Ата салтымызда да болмаған. Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс»-деген болатын елбасымыз 2014 жылы «Мерейлі отбасы» конкурсының қатысушыларын марапаттауға арналған салтанатты жиында. Бірақ, статистика комитетінің ресми ақпаратына сүйенсек, 2016 жылы Қазақстандағы зейнет жасындағы азаматардың саны екі миллионнан асқан. Ал олардың ішінде 18821 зейнеткер қарттар үйінен пана тапқан. Осы мәліметтерге сәйкес, екі жылдың ішінде қарттар үйіндегі зейнеткерлердің саны екі есеге өскенін байқаймыз және бұл қуантарлық жайт емес.

Кішігірім сауалнама

Қазіргі жастар-елдің ертеңгі болашағы. Сондықтан, жастардың осы мәселе төңірегіндегі ойын білу өте маңызды. 15-17 жас аралығындағы оқушыларға қойылған бірнеше сұрақ нәтижесінде олардың көзқарасын оңай анықтауға болады. Сұралушылардың 82%-ы қарттар үйінің көбею себебі заманауи жастардың жауапкершілігінің аздығынан деп ойлайды. Сонымен қатар, қарттар үйі болмауға тиіс, себебі әрбір қарт өз отбасында тұруға лайық деп есептейді. Оқушылардың тек 9%-ы қарттар үйіндегі күтім отбасыдағы күтімнен жақсырақ және қарттар үйі болуы тиіс деп жауап берді. Негізінен, бұл мәселе жан-жақты қаралуды талап етеді. Себебі, қарттар үйін мекендеушілердің ішінде үй-жайы, жататын орны, ішерге асы табылмай, туыс-туғансыз қалғандары да бар. Сол үшін де қарттар үйінің болуының өзіндік мәні бар десе де болады.

Қарттарын қазынасындай көрген қазақтың  бүгінгі жай-күйі кімді болса да алаңдатпай қоймайды. Себебі, міз бақпай ана мен әкеге қол көтеретін санасыздардың заманы туып келе жатқан тәрізді. Қытымыр қыстың аязынан да суық болған бұл мәселе неге көпшілікті тоңдырмайды? Қайткенмен де, ұлттың ұлт болып сақталуының түп тамыры тәрбиеде жатыр ғой, ал тәрбие тал бесіктен басталады. Келешек ұрпақтың бойына ата-анаға деген зор құрмет пен сүйіспеншілікті сіңіріп, бақыттың мәнін түсіндіретін болсақ, осы сауалдардың да жауабын тауып қалармыз, бәлкім.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ