Қашықтан оқыту – ақпараттық өркендеу

0
1348
Қашықтықтан оқыту

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі- білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы жеткен болса, қазіргі кезде адамзат дамуының ерекше артықшылығы-ақпараттық өркениетке көшу, адамдардың интеллектуалдық мүмкіндіктерін арттыратын есептеуіш техника мен ақпараттық технологиялардың жедел дамуы болып табылады.

Осыған байланысты айтқым келгені, бүгінгі таңда өркендеу көшінен қалмай жаңа технологияларды сәтті пайдалана алатын заманауи ұстаз, жан-жақты маман болғанымыз қуантады. Олай дейтінім, елімізде коронавирус індетінің таралуына шектеу қою мақсатында  төтенше жағдай енгізіліп, 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсаны кейінге қалмай, білім жүйесінің қашықтықтан оқыту форматына еш қиындықсыз өтіп кетуі. Осы орайда, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептердегі оқу процесінің  маңызды мәселелерінің басын ашып, оңтайлы платформаларды ұсына отырып: — «Қиын кезеңге қарамастан, көптеген мұғалімдер жағдайға бейімделіп, өз міндетін лайықты атқаруды жалғастыруда. Еліміз мұндай кәсіби деңгейдегі мамандарымен мақтана алады», — деген сеніміне білім басқармасы, мектеп әкімшіліктері, ұстаздар, ата-аналар қолдау көрсетіп, жан-жақты тыңғылықты дайындалып, жоспарлы түрде жұмысымызды бастап кеттік.

Жалпы, бұған дейін де мұғалімдер цифрлық білімін арттыру мақсатында қашықтықтан білім беретін «Bilimland», «DDaryn.online», «Күнделік», «Univer», «Platonus», «EduPage», БИЛ, «BTS education», «U-study» және «AGS» интернет ресурстарындағы курстарға қатысып, мол тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдау нәтижесінде қашықтықтан білім беруде қиындық танытып жатқан жоқ.

Алайда, мектеп бағдарламасының талаптарын орындауда тек ұстаздардың сауаттылығы әсер еткен жоқ. Оған балалардың да, ата-аналардың да технологиялық сауаттылықтары үйлесім тапты. Мұның өзі осы уақытқа дейінгі мемлекетіміздің білім, ғылымды қолдаудағы сындарлы саясатының нәтижесі деп білемін. Егер ұстаздар да, оқушылар да, ата-аналар да, жалпы қоғам болып интернет ресурстарын пайдалана алмасақ, қазіргі төтенше жағдайда білім алуымыз қиындық туғызар еді.

Уақытша қашықтан оқыту кезінде Алматы қаласы әкімдігінің басшылығымен Бостандық ауданы «№69 ЖББМ» КММ көпбалалы отбасылары мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылары үшін компьютерлер,  планшеттер, ноутбуктер, «Кcell» интернет пакеттер сынды қажеттіліктермен қамтамасыз етілді.

Қашықтықтан оқыту барысында оқушылармен кері байланыс «Күнделік», «Mektep.edu.kz және «Bilimal.kz электронды журналдары, сондай-ақ «Google Classroom», мессенджерлер, электрондық пошта қызметтері арқылы жасалып жатыр. Барлық телесабақтар интернетте қолжетімді. Бұл қажет болған жағдайда видеосабақтарды қайта көруге мүмкіндік береді. Қосымша ретінде телесабақтардың радио нұсқасы да ұсынылған.

Қашықтан оқыту «Балапан» және «Ел Арна» телеарналарында 1-11 сынып оқушыларына аптасына бес күн өткізіледі. Онда бейнесабақтар кестеге сай көрсетілген. Инклюзивті білім беру де назардан тыс қалмады.

Тосыннан келген сынақ кезінде жұдырықтай жұмылуымыз керектігін түсінген оқушылар мен ата-аналар барлық жағдайға түсіністікпен, шыдамдылықпен, сабырлықпен қарап, мектеп оқушылары қашықтан оқумен қатар шығармашылық әлеуетін арттырып, спортпен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді пайдалануда. Мектебімізде өнер мен спортты серік еткен оқушыларымыз да көптеп саналады. Оған отбасының татулығы мен бірлігі, бала тәрбиесіне деген ата-ананың ерекше рөлі арқау болып отыр.

Ел тұтқасын берік ұстап, болашақтың негізін қалайтын білімді ұрпақтарымыз көбейе берсін!

Турекулова С.К
Алматы қаласы Білім басқармасының «№69 жалпы білім беретін мектеп» КММ мектеп директоры


ПІКІР ҚАЛДЫРУ