Қасым хан

0
4875
Қасым хан

Қасым хан
(1511-1518 ж.ж. билік құрған)

Жәнібекұлы Қасым хан (1445-1518) – қазақтың ұлы хандарының бірі, Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның ортаншы баласы. Шешесі Жаған бегім Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның шешесінің туған сіңлісі.

Қасым әуелгі кезінде Бұрындық ханның атты әскерін басқарады. Ол осылай жүріп, қан майдандағы ерлігімен, ел басқаруға қосар ақылымен, көрші елмен байланыста қиыннан жол табар саясаткерлігімен, жұртты соңынан ертіп әкетер шешендігімен ел көзіне ерте түссе де, жеке билікке ұмтылмай, ел бірлігіне жарықшақ түсірмей, Бұрындық ханның дегеніне көніп, оған қалтқысыз бағынады. Сол кездің куәгері, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Ол (Қасым) әкесінің үлгісі бойынша барлық жағдайда Бұрындыққа бағынды, соған тәуелді болды» деп жазады. Бірақ Қасымның тәуелділігі Бұрындықтың ел басқарудағы қабілетсіздігіне араша түсе алмайды. Ақыры ол хандығын тастап, Самарқандағы қызына кетуге мәжбүр болады. Сонда қаза табады. Осыдан кейін барып, Қасым билікті өз қолына алады.

Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы өзінің дәуірлеу биігіне көтеріледі. Ол қауіпті көршісі Мұхаммед Шайбаниді талқандап, оның мемлекетінің құлауына себепші болады. Моғолстанның ханы Сұлтан Саид ханмен достық қатынас орнатады. Сондай ақ ол таяу көршілерімен ғана емес, сырт елдермен, мысалы, Мәскеу мемлекетімен терезесі тең дәрежеде дипломатиялық қатынас орнатып, орыстың сол кездегі кінәзі ІІІ Василиймен байланыста болған.

Қасым ханның ел басқарудағы кемеңгерлігіне, қол астындағы халқының қамын ойлар даналығына тәніт болған көрші елдердің тынымсыз қақтығыстан мезі болған ру-тайпа көсемдері әр кезеңде ақырын жылысып, мұның қарамағына еніп жатқан. «Қасым хан бүкіл қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Қарауындағы халықтың бақытына орай, ол өзінің бейбітшілік сүйгіш саясатымен халықтың махаббатына бөленді. Осы бейбітшілік сүйгіштігімен Қасым хан халықтар араснда ерекше әйгілі болды» деп жазады Әлихан Бөкейханов.

Керей хан мен Жәнібек хан тарихта Қазақ хандығының іргесін қалап, шаңырағын көтеруімен ерекшеленсе, Қасым хан сол хандықты нығайтып, халқын көбейтіп, жерін кеңейтіп, даңқын алысқа жаюымен, «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен халық жадында сақталған қазақтың тұңғыш конституциялық құжатының негізін жасауымен әйгілі болған ұлы хан.

Ол қартайып барып, Сарайшық қаласында өз ажалынан 1518 жыл (кей деректе 1523/24 ж.) қайтыс болады. Тарихшы А.П.Чулошников Қасымханның Сарайшықтағы мазарының ХVII ғасырдың басында құламай аман тұрғанын жазады.

Шамамен 1445 жылы дүниеге келген, 1518 жылы қайтыс болған Қасым хан мен Қазақ хандығының негізін салған Әз Жәнібектің ұлы. Анасы Жағанбегім – Мұхаммед Шайбани ханның кенже інісі Махмұд сұлтанның апасы.

Қасым ханның мемлекетті басқару әдістері, ішкі және сыртқы саясаты туралы мәліметтер өте аз. Қасым хан есімі бірінші рет Мұхаммед Шайбани жөніндегі жазбаларда аталады. Ол мәліметтерде Қасым ханды «атақты сұлтандар мен батырлардың бірі», «Бұрындық ханның атты әскерінің басшысы» деп атайды. Бұрындық хан Самарқанға кетуге мәжбүр болып, жат елде қаза болған соң, Қасым хан билікті өз қолына алды.

Қасым хан билік құрған кезеңде де қазақтар мен Шайбани әулеті арасындағы Сырдарияға жақын қалалар үшін қақтығыстар мен шайқастар болып жатты. 1510 жылы қыста Шайбани ханның әскерлері Ұлытау баурайындағы Қасым хан ұлысына шабуыл жасайды. Қасым хан олардың бетін қайтара алмайтынын түсініп, шегінеді, біраз уақыттан соң күтпеген жерден шабуыл жасап, өз қарсыласын жеңеді.

1511 жылы Қасым хан билікке қол жеткізгеннен кейін, Қазақ хандығы Қасым хандығы деп атала бастады. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы саяси ықпалын күшейтіп, ірі және қуатты хандыққа айналды. Қасым хандығының аумағы батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауларына дейін, оңтүстік-батысында Түркістан қалаларына дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың солтүстік бөлігінің таулары мен таулы бөктерлеріне дейін созылып жатты. Кейбір мәліметтер бойынша, Қасым хан тұсында Қазақ хандығының шекарасы солтүстік-шығыста Ұлытау қыраттары мен Балқаш өзенінің жағалауын қаитып, ал солтүстік-батыста Жайық өзеніне дейін жететін.

Қасым тұсында Қазақ хандығы халқының саны бір миллионнан асатын. Сондықтан да ол халықаралық саясаттан тыс қала алмайтын. Қасым хан заманында Қазақ хандығы еуропалық аренада әйгілілік пен саяси қуаттылыққа қол жеткізген еді. Қазақ хандығымен алғашқы дипломатиялық байланыс орнатқан көршілес Москва мемлекеті болды. Бұл князь Василий ІІІ билік құрған жылдары (1505-1533) жүзеге асты. Қазақ хандығының тағы бір ерекшелігі – бұл кезеңде қазақтар Батыс Еуропада жеке этникалық қауымдастық ретінде таныла бастады. Австриялық дипломат Зигмунд Герберштейн Еуропа оқымыстыларының арасында алғашқылардың бірі болып қазақтар туралы өзінің «Москвалық жазуларында» айтып өтеді. Тарихта бұл ұлы тұлғаның ұстанған бағыты «Қасым салған қасқа жол» атанып қалды.

Сыртқы саясатта Қасым хан Сырдария бойындағы қалалар үшін Шайбани әулетімен күрес жүргізіп отырды. Осыған байланысты қазақ басшыларының маңғыттар және моңғолдармен одақтық байланысы қалыптасты. Қасым хан өзінің билік құрған кезеңінің басында Сайрам қамалын алды, Мауреннахр қамалын басып алуға біраз әрекет жасады.

1513 жылы Қасым хан Қараталда болған кезде, Сайрам басшысы Қаттабек қаланы оған беріп, Қасым ханды өзбектерге шабуыл жасауға үгіттейді. Қасым хан қазақтар мен маңғыттардан үлкен қол жинап, Ташкентке жорыққа аттанады. Өзбек ханы Сүйеніш қожаның әскерімен болған Ташкент түбіндегі шайқаста Қасым хан жараланып, шегінеді. Бұдан кейін шамамен сол жылы Қасым хан Шу өзенінің жағасындағы ордасында Ташкент басшысы Сүйеніш ханға қарсы Моғолстан ханы Саидпен одақтас болады. Екі басшы бірігіп, Ташкентке жорық жасауға келіседі.

Алайда қыстың таяп қалғандығына байланысты, келісімді жүзеге асыру кейінге қалдырылады.

1516-1517 жылдардың қысында Шайбанид әулетінің сұлтандары бірігіп, қазақтарға қарсы жорықты бастайды. Ортаазиялық өзбектердің қыпшақ жеріне жасаған жорығының мерзімі Қасым хан билік еткен кезеңге сәйкес келеді.

Мұхаммед Хайдардың жазбаларына қарағанда, Қасым хан 1518 жылы қайтыс болған. Ал Тахир Мұхаммед өзінің «Раузат-ат Тарихирин» атты еңбегінде Қасым ханның өлген уақыты 1523-1524 жылдар деп көрсетеді. Қадырғали Қасымұлы Жалайырдың сөзі бойынша, Қасым хан Сарайшық қаласында қаза болған. Қасым хан өлгеннен кейін, өзара қырқысулардың өрши түсуіне байланысты, Қазақ хандығы біраз әлсіреді, ал моғолдар мен қазақтардың арақатынасы өзгерді.

XVI ғасырдың бірінші ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі орын алып, жарты мың жылдан аса сақталып келе жатты. «Қасым ханның қасқа жолы» — осының куәсі.

«Қасқа жол» — деп аталатын заң, қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде Қасым хан тұсында жасалған. Оның жасалуына себеп болған жағдайлар мыналар:

1. Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді;

2. Қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді;

3. Хандық билік этникалық территорияға толық тарап, рөлі артты;

4. Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейді.

Міне, осы аталған себептер «Қасқа жолды» дүниеге әкеледі. Бұл заңның жазбаша мәтіні болмаса да қазақ есінде заң атының жарты мың жыл бойы сақталуы «Қасқа жолдың» қазаққа өте қонымды, қоғамдық қатынастарға үйлесімді болғанын көреміз.

Әдебиеттер:

  1. Қазақ хандығының және қазақ халқының құрылуы: Қасым хан туралы // Жолдасбайұлы с. Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан.- Алматы, 1995.- Б.151-154
  2. Қазақ хандығының күшейуі және кеңеюі. Қасым ханның тұсында // Қазақтың көне тарихы.- Алматы, 1993.- Б.240-244
  3. Қазақстанның Россияға қосылуының тарихи алғы шарттары: Қасым хан туралы // Сабырханов А. Ұлы бетбұрыс.- Алматы, 1981.- Б.11-12
  4. Қасым хан // Алтын Орданың құрылуынан құлауына дейін.- Алматы, 1998.- Б.116-119
  5. Қасым хан // Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.- Алматы, 1998.- Т.2. Тарихи тұлғалар.- Б. 66-68
  6. Қасым ханның тұсындағы қазақ хандығы // Қазақ ССР тарихы.- Алматы, 1957.- Т.1. – Б.157-159
  7. Кәріпбаев Б. Аты аңызға айналған хан // Қазақ тарихы.- 1996.- №1.- б.37-42; №2.- Б.26-29
  8. Кәрібаев Б. Қасым хан // Егемен Қазақстан.- 1996.- 24 желтоқ.
  9. Қаратаев Т. Тарихтағы аттас тұлғалар: Қасым хан // Қазақ тарихы.- 1998.- № 4-5.- Б.54-55.
Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ