Атлах шайқасы (751 жылдың жазы) (сабақ жоспары)

0
2443

Сабақтың мақсаты:

♦ 6.3.2.3 Атлах шайқасының себептерін, барысын және тарихи маңызын
талдау;
♦ 6.2.2.3 көшпелілердің әскери өнері жетістіктерін сипаттау.

Зерттеу сұрағы: 

Атлах шайқасын “халықтар шайқасы” деп атауға бола ма?

Оқулық

Атлах шайқасы (751 жылдың жазы). 33–35 беттер.

Ресурстар

Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 2 том. Алматы.
Атамұра. 2010.
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. 1-кітап. – Алматы, 2016

Тірек сөздер

— Атлах
— Ибн әл-Асир
— Талас өзені
— Гао Сяньчжи

Көрнекілік: 

Оқулықтың 35-бетіндегі Араб халифатының Атлах шайқасы қарсаңындағы
аумағын көрсететін карта;

Атлах қаласы орналасқан карта, арабтар мен қытайлықтардың арасында
болған ұлы шайқастың картасы.

Мақсатты айқындау

Қарлұқ қағанатының тарихымен таныстыру, қағанат халқының шаруашылығы мен мәдениетін түсіндіру, берілген білімді жүйелеу.

Дамытушылық маңызы — оқушылардың тарихи оқиғаларды өз бетінше
тұжырымдай білуіне бағыт беру, логикалық ойлау қабілетін арттырып,
ойын еркін айтып жеткізе білуге дағдыландыру. Араб-түркі қарымқатынастарындағы жетістіктер мен қиыншылықтардың ара-жігін ашып ажырата отырып, Атлах шайқасының маңызын халықаралық деңгейде ойлауға жетелеу.

Тәрбиелік маңызы — оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру,
өз елінің тарихи құндылықтарын құрметтеуге үйрету, жерін сүйетін дарынды
ұрпақ тәрбиелеу. Өз елін қорғау жолында күресу әрқашанда қажет екендігін
ұғындыра отырып, ел және жер тәуелсіздігінің бағасы мен қадірі жоғары
болып табылатынын оқушыларға ұғындыру.

Сабақтың деректік материалдары

Оқытушы көрнекілік деректерін пайдалана отырып, Атлах (Талас) шайқасының қашан, қай жерде орын алғандығын оқушыларға нақты түсіндіреді. Түргеш қағанатының әлсіреп, құлауына қол жеткізген соң Таң империясының батыс аймақ әкімшілігі қытайлық бағыт ұстанған түргештер билеушілеріне көмек көрсетеміз деген сылтаумен, біртіндеп түркілік Жетісуды өзіне бағындырды және қытай әскері Сырдария аймағына жақындап келді.

Қытайлықтар 740 жылы Тараз қаласын басып алып тонады, ондағы қарсыласқан түргештер қырғынға ұшырады. Талас шайқасында Қытайдың жеңіліске ұшырауы тарихымыздағы рухани, саяси және этникалық өзгерістер қатарындағы аса маңызды және шешуші тарихи оқиға болды.

Оқушылар қосымша қызықты деректерге негiзделген мұғалiмнiң әңгiмелерiн тыңдау барысында жұмыс дәптерлерiне Қарлұқ қағанаты мен араб және қытайлықтарға қатысты оқулықта көрсетілген мәліметтерді нақтылап жазып алады.

Оқушылар үш топқа бөлініп жұмыс жасайды. Бірінші топ қарлықтардың арабтар жағына шығуына қатысты тарихшылар арасындағы әңгімелерді баяндайды. Екінші топ Атлах шайқасы туралы деректер мәліметтерін жинақтайды. Үшінші топ түркі әлемінің рухани тағдыры араб-мұсылман өркениетімен байланыстылығын көрсетеді.
Әр топ өз тапсырмалары бойынша постер жасап, оны қорғау.

Сабақтың түрі мен әдісі

Аралас. Баяндау, пікір алмасу, ой бөлісу, сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабілетін дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер

Оқытушы сабақ өткізу барысында оқушылар назарын төмендегідей
мәселелерге аударады:

1. Атлах шайқасының себептері және барысы.
2. Шайқастың маңызы және тарихи салдарлары.

Бағалау мүмкіндіктері:

1. Қытайдың Жетісу аймағына қызығушылығын қалай түсіндіресіңдер?
2. Араб-түркі қарым-қатынастарындағы жетістіктер мен қиыншылықтарды
салыстырыңдар. Балалар Бенн диаграммасы (Араб, түркі, қытай) бойынша
дәптер бетін үшке бөліп, әр мемлекеттің қандай мақсаттар көздегендерін
анықтап жазып шығады.
3. Археологиялық және жазба тарихи деректердің араб экспансиясы туралы
мағлұматтарына көзқарасың қандай?
4. Талас (Атлах) шайқасы неліктен халықаралық маңызы бар тарихи оқиға
ретінде бағаланады?

Кері байланыс

Сабақ қызықты болды ма?
Нені түсінбей қалдың?
Менің сабаққа байланысты пікірім.

Қосымша тапсырма

1.Оқулық мәтінімен жұмыс.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ