Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)

0
7078
Гомотетия және оның қасиеттері

Сабақтың мақсаты:
V-ХVІІ ғасырларды қамтитын ортағасырлық Қазақстан тарихының үш тарихи кезеңдерге бөлінетін дәуірлеріне сипаттама беріп, олардың мәнін ашу.

Зерттеу сұрағы:
Кіріспе сабақ. Орта ғасырлар тарихы нені оқытады?

Оқулық.
Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу. 10–12 беттер.

Ресурстар
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 2-том.
Алматы. Атамұра. 2010.

Көрнекілік: 
Оқулықтың 11 бетіндегі үш дәуірді кезеңдеген кесте; Ортағасырлардағы
Қазақстан аумағындағы тайпалар мен қағанаттар және хандықтардың орналасуы бейнеленген карта, тарихи суреттер.

Мақсатты айқындау:
Орта ғасырлардағы әрбір тарихи дәуірдің өзіндік саяси-әлеуметтік және
этникалық ерекшеліктері бар екендігін оқушыларға түсіндіру.

Дамытушылық маңызы — Еуразияның далалық аумағындағы VI —IX ғасырлардағы мемлекеттік құрылымдар — қағанаттар, ордалар және хандықтар тарихы нақты мысалдармен, тарихи тұлғалар қызметтерімен тығыз байланыста, арнайы оқытылып, дүниежүзілік тарихтың құрамдас бөлігі ретінде ортағасырлық Қазақстан аумағындағы қағанаттар мен тайпалар тарихы түркі тілдес тайпалардың этникалық, өміріне маңызды өзгерістер әкелгенін көрсету.

Тәрбиелік маңызы — Орта ғасырларда Қазақстан аумағында орын алған саяси оқиғалар, түркі тілдес халықтардың миграциясы кейiнiректе қалыптасқан қазақ тәрiздi көптеген түркi тілдес халықтарының тарихи тамырларын нығайтуға зор үлес қосып, олардың дербес ұлт ретiнде түркiлiк келбеттерiн жоғалтып алмауларына айтарлықтай ықпал жасағанын оқушыларға түсіндіріп, ортағасырлық қағанаттар мен тайпалар тарихын оқуға сүйіспеншілігін арттыру.

Сабақтың деректік материалдары:

Мұғалім көрнекілік картадағы түркі тілдес тайпалардың орналасу аумағы мен қоныс аудару үдерісін баяндай отырып, түркі тілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсерін оқушыларға нақты түсіндіреді,себептерін көрсетеді.

“Орта ғасырлар” деген атау дүниежүзілік тарих ғылымында адамзаттың
дамуының нақты кезеңдерін оқытатын пәннің атауы ретінде қабылданған.
Қазақстан тарихының ортағасырлардағы кезеңі де осы дүниежүзілік тарихтың
заңдылықтарын ескеру негізінде жасалған.

Білу: Барлық тарих ғылымы тәрізді орта ғасырлар тарихы да ең алдымен
тарихты жасайтын халықтың тарихын зерттейді және оқытады. Ұлы Дала
аймағында ежелгі мемлекеттерді құрған және өркендеткен қазақ халқының
арғы бабалары-түркітілдес тайпалар және олардың мұрагері болып саналатын қазақ халқының өзі болып табылады.

Орта ғасырларда қазақ халқының бабалары сондықтан да “Түріктер” деген атаумен тарих сахнасына шықты. Бұл тарих біздің заманымыздың V ғасырынан бастау алады. Ұзаққа созылған осы этникалық процесс ХV-ХVІІ ғасырларда қазақ халқының қалыптасуымен аяқталды.

Қазақ халқының арғы бабалары “Арғы түріктер” (“Прототүріктер”) деген атпен мәлім болған сақтар, сарматтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар тайпалық одақтары болып табылатын болса, ал V-VІ ғасырдың қиылысында бұл халықтар түріктер, түргештер, оғыздар, қарлұқтар, қимақтар, қыпшақтар деп аталатын әртүрлі этникалық одақтарға бірікті.

Бұлардың жалғасы ретінде тарих сахнасына жалайырлар, керейттер, наймандар, меркіттер, алшындар тәрізді халықтардың жаңа бірлестіктері шықты.

Түсіну: Бұлардың барлығы “Алаш қауымдастығы” деп аталатын халықтардың жаңа этно-әлеуметтік ынтымағын қалыптастырды. ХІІІ-ХІV ғасырларда қалыптасқан бұл этникалық бірлестік “Алты сан Алаш” деген атаумен Ұлы Дала аумағындағы ірі-ірі тайпалық одақтарды біріктіретін болашақ қазақ халқының алғашқы этникалық ядросын құрады.

Осы одаққа топтасқан және сүйенген рулар мен тайпалар біртіндеп ХV ғасырдың екінші жартысында “Қазақ” аталатын халықтың негізін қалады.

Егер орта ғасырларда өмір сүрген жоғарыда аталған тайпалық одақтар және оларға туыстас түркітілдес тайпалар Ұлы Дала аймағында жаңа этно-саяси мемлекеттік жүйе — қағанаттар, ордалар, ұлыстар мен хандықтар ұйымдастырумен белсенді түрде айналысқан болса, бұл тарихи үдеріс біртіндеп қазақ халқының тұңғыш ұлттық мемлекеті “Қазақ хандығын” ұйымдастыруға және қалыптастыруға алып келді.

Қазақ хандығында мемлекет құрушы халық — қазақ халқы болды. Сонымен қатар
орта ғасырларда қазақтардың бабаларының және өздерінің мекендеген
аймағының негізінен алғанда алғаш “Дешті Оғыз” (Оғыз даласы), онан соң
“Дешті Қыпшақ” (Қыпшақ даласы) және қазіргі кезеңде “Ұлы Дала” деген
атпен сипатталады.

Бұл атаулардың алғашқы екеуі негізінен осы аймақты мекендеген этно-саяси бірлестіктердің атауымен аталған болса және бұл атауларды осында мекендеген тайпалар емес, осы өңірге көрші аймақтарды мекендеген басқа халықтар берген болса, ал Ұлы Дала атауын Тәуелсіз Қазақстан елінің алғашқы Президенті Н.Ә.Назарбаев “Қазақстан” атауына балама атау ретінде ұсынған еді.

Қорытынды: Бір сөзбен қорытып айтар болсақ, орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы отанымыздың Ұлы Дала аталатын тарихи аймағындағы орта ғасырларда қалыптасқан түркілердің мемлекеттік құрылымдарының өткенін, моңғолдар билігі орныққан тұста елімізде қалыптасқан және дамыған ұлыстар мен ордалардың өткенін, көшпелі және отырықшы мәдениеттің ерекшеліктерін, қазақ хандығының қалыптасуы, хандығының құрылуы мен нығаю тарихын оқытады.

Сабақтың түрі мен әдісі:

Аралас сабақ. Баяндау, пiкiр алмасу, ой бөлiсу, оқушының шығармашылық
қабiлетiн дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер. Бұл пәнді оқығанда әрбір тарихи дәуірдің өзіндік саяси-әлеуметтік және этникалық ерекшеліктері бар екендігін ұмытуға болмайды.

Сондықтан да тарихымыздағы мемлекеттік құрылымдар — қағанаттардың, ордалардың және хандықтардың тарихы нақты мысалдармен, тарихи тұлғалар қызметтерімен
тығыз байланыста, арнайы оқытылды.

Сабақтың жоспары:
Оқытушы сабақ өткізу барысында оқушылар назарын төмендегідей
мәселелерге аударады:

1. Түркі дәуіріндегі Қазақстан (Біздің заманымыздың V-ХІІ ғасырлары).

2. Моңғол билігі дәуіріндегі Қазақстан (ХІІІ-ХV ғасырдың бірінші
жартысы).

3. Қазақ хандығы дәуіріндегі Қазақстан (ХV-ХVІІ ғасырлар).

р/с Оқушының аты-жөні Білу Түсіну қолдану талдау жинақтау Қорытынды баға

 

Білу: 1. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы нені оқытады? — 1 ұпай
(нақты жауапқа)

Түсіну: 2. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихын оқытуда қандай кезеңдерге бөлеміз, себебін түсіндіріңіздер. — 1 ұпай (нақты жауапқа)

Талдау: 3. Тест тапсырмасын орындау — 1 ұпай

Кері байланыс:

Сабақ қызықты болды ма?

Нені түсінбей қалдың?

Менің сабаққа байланысты пікірім.

Қосымша тапсырма:

1. Оқулық мәтінімен жұмыс.

2. VІ-ХІІ ғасырлардағы Қазақстан аумағындаға түркі тайпалары мен қағанаттарының орналасуларын картаға түсір.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ