Қазақ гуманитаристикасы және ұлт тарихын зерттеу

0
1029
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Қазақ гуманитаристикасы және ұлт тарихын зерттеу

Тәуелсіз Қазақстанның тарих ғылымы ұлт тарихын терең, жан-жақты зерттеп, жаңаша пайымдаулар жасауға батыл кірісуде. Бұл әрекеттердің отандық тарих ғылымының осы уақытқа дейінгі жетістіктері негізінде жүзеге асып жатқандығы да шындық. Сонымен бірге үш ғасырға жуық тілі, діні, ділі мүлдем бөлек жат жұрттың қол астында бодандықта болып келген ұлттың тарихын барынша шынайы танып-білуде маңызы зор проблемалар да айқындала бастады. Бұған — тарихымызды зерттеуде тарихи дерек көздері ретінде қатыстырыла қоймаған, әр қилы себептермен мән берілмеген қазақ ауыз әдебиеті туындылары дәлел бола алады.

Ақиқатында, бұл ауызша руханиятымыз – түрлі тарихи жағдайлардың әсерінен жазуы тұрақты сипат алмаған көшпенді халықтың өмір сүру дағдысын, бүкіл болмысын, дүниетанымын, өткен тарихи даму жолын келер ұрпаққа жеткізіп, сақтап келгендігі мәлім. Ұлттық дерек көздері деген атауға толық лайықты қазақ әдебиеті сонысымен де баға жетпес құнды мұра. Мәселен, олардың арасында соңғы кездері тарихшылардың назарын аудартып жүрген мәселелердің бірі – ауызша тарихи дәстүр жақсы дамыған. Осындай рухани мұраларды кең көлемде тарих ғылымының мүддесі тұрғысынан қарастырудың өзектілігін бүгінгі уақыт көрсетіп отыр.

Тарихтану бұл мақсатқа жету үшін отандық гуманитаристиканың — әдебиеттану, тіл білімі ғылымы, фольклортану салаларына арқа сүйері сөзсіз. Өйткені, аталған проблемалармен бұрын осы ғылым салалары ғана айналысты. Оның үстіне фольклортану мен деректану ғылымының зерттеу әдіс-тәсілдерінің ұқсастығы, жақындығы, олардың бірлесе жұмыс істеуі ұлттық ауызша деректерді деректанулық сыннан өткізуге кең жол ашады.

Түп төркіні ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастау алатын фольклортану Кеңес үкіметі тұсында дербес ғылым саласы ретінде қалыптасты, дамыды. Бұл жайындағы ірі фольклортанушы-ғалым М.Ғабдуллиннің пікірі: «…Әрине, біз қазақ фольклористикасын советтік дәуірде ғана қалыптасты деуімізбен революцияға дейін қазақ ауыз әдебиеті жайында жүргізілген кейбір зерттеу еңбектерін жоққа шығармаймыз. Революцияға дейін қазақ ауыз әдебиеті жайында жазылған монографиялық зерттеулер болмаса да, бірен-сарандап айтылған пікірлер болатын.

Бұл жөнінде Ш.Уәлихановтың, В.Радлов пен Г.Потаниннің, И.Фалев пен П.Мелиоранскийдің т.б. ғалымдар мен ағартушылардың жалпы қазақ фольклоры туралы және оның кейбір жанрлары жайында айтқандары да бар еді. Мұндай пікірлер, әрине, үлкен ғылыми зерттеу еңбектерінің міндеттерін атқармаса да, қазақ фольклорының тарихи даму жолдарын, әдебиеттік және қоғамдық мәнін түсіну, оның сырын ұғыну жөнінде айтарлықтай мәнді екенін естен шығармаймыз. Және де бұл пікірлер советтік дәуірде қалыптасқан қазақ фольклористикасы үшін қымбат та құнды болғанын білеміз».

Иә, шынында да –ХІХ ғасыр зерттеушілерінің ғылымдағы орындары қазақ деген ұлттың әлемнің кез-келген халықтарынан еш кем емес, ауызша дамыған рухани мұрасы бар екендігін, сол арқылы ұлтты, оның тарихын танып-білуге болатындығын дер кезінде жазып қалдырғандарында. Сонысымен де олардың еңбектері беделді(4) Жалпы, фольклорлық туындылар ғылымда жиналуы, жариялануы және зерттелуі деген өзара тығыз байланысты бірнеше кезеңдерден өтетіндігі белгілі. Осыдан кейін ғана ол қоғамның түрлі талап-мүддесіне еркін қызмет ете алады. Қазақ фольклоры осы процестердің барлығынан дерлік өтіп келеді(5) Енді осы бағыттағы жұмыстарға қысқаша тоқталайық. Алдымен фольклорлық деректерді іздеу, табу, жинау шаралары (деректанулық эвристика).

Фольклорды ел арасынан жаппай жинап, жазып алу жұмыстары біздің елімізде өткен ғасырда қызу жүргізілді. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 20-жылдары Қазақстандағы өлке тану қоғамы бұл іске ұйытқы болды. Сондай-ақ 1933 жылы қазақтың ұлт мәдениетін зерттемек Ғылми-зерттеу институты құрылады. Осы институт ел ішінен ауыз әдебиетін жинау мақсатында арнаулы экспедициялар жіберуді қолға алды. Мұндай аса маңызды шараларға М.Әуезов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, С.Аманжолов, Ө.Тұрманжанов, С.Кеңесбаев, Е.Ысмаилов т.б. ұлт жанашырлары белсене ат салысады.

Мұнымен қоса қазақтардың ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға мемлекеттік деңгейде баса көңіл бөлу Қазақстанда Ғылым Академиясының филиалы (1946 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым Академиясы) құрылуымен де тығыз байланысты. Ғылым Академиясы ұйымдастыруымен жыл сайын жер-жерге экспедициялар шығарылып, халық әдебиетін жинау жүргізілді.

Қазақ ССР Ғылым Академиясы Президиумының 1948 жылы 1 желтоқсанда қабылданған «…Тарихи маңызы бар құнды халық мұрасын жинап сақтау үшін Орталық Ғылыми кітапхананың қолжазбалар бөлімін ашу туралы шешімінің де» маңызы зор болды. Мұнда іріктеліп, жиналуы тиіс қолжазбалардың қатарында «…д) Қазақстан тарихын жан-жақты зерттеуде өзіндік құны бар қолжазбалар; е) ескі қолжазба кітаптар» аталды.

Ұлттық рухани мұраларға деген ұқыптылықтың, қамқорлықтың нәтижесінде Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында ұзын саны 20-40 мың шамасында қолжазба түрі жинақталып, библиографиялық көрсеткіштері, ғылыми сипаттамалары жасалынды. Бұл істің ең салмақтысы — аталған кітапхана мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының қолжазбалар қоры бөліміндегі араб, латын және кириллица әріптерімен жазылған қолжазбалардың «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» деген атпен 7-том болып шыққан басылымдары.

Осынау екі мекеменің маман-ғалымдарының қажырлы күш жұмсауының арқасында орындалған еңбектердің 1-ші кітабы 1975 жылы жарық көрді. Мұнда қазақтардың елдік, отан сүйгіштік қасиеттерін айқын танытатын эпосымыздың шыңы – батырлар жырының 68 қолжазбасына сипаттама жазылған. Оның версия, варианттарымен (133 түрлі) қосқанда, сипаттаманың жалпы саны 201 нұсқаны қамтыды.

Кітаптан «Қырымның қырық батырындағы», сондай-ақ жеке жыр ретінде де жырланатын «Төрехан» жырының ғылыми сипаттамасынан үзінді көрсетейік:
ТӨРЕХАН

(«Қырық батырдан»)
А т а у ы. Төрехан (Қырық батырдан).

Ж и н а у ш ы с ы.Асайын Хангелдіұлы жырды Мұрын жыраудан жазып алған. Оның өмірі жайында «тұрағы – Арал теңізінің маңы» дегеннен басқа мәлімет әзірге жоқ.

А н н о т а ц и я с ы. Төреханның қалмақ Қодарқұл ханмен соғысқаны баяндалады. Асайын жинаған «Төрехан» жыры бұрын ешқайда басылмаған. Тақырып, тарауға бөлінбеген. «Төрехан» жыры «Қырық батыр циклінің үшінші тобына кіреді.

Н ұ с қ а с ы. Нұсқа толық емес. Бұл Мұрын жырлаған «Төрехан» жырының қысқа бір үзіндісі, 7-8 буынды жыр үлгісімен айтылады.
Б а с қ ы с ө з і (7-б.):
Төрехан балаларға барады,
Барса, балаларға балалар болысып,
Төреханға болыспайды.

С о ң ғ ы с ө з і (8-б.):
Қалғанымен соғыс салады,
Қалғанын жеңіп тастап,ауылына қайтады.

Қолжазба 1941 жылы Гурьев облысында жазылып алынған.
Папка №830, «Мұрын Сеңгірбаев жырлаған қазақтың батырлық жырлары», бірінші тіз., бірінші дәп. Қолжазба бір жолды дәптерге бүгінгі қазақ әрпімен, көк сиямен жазылған.

Н ө м і р л е н у і. Европалық пагинациялық үлгі.
Қ а л п ы н а к е л т і р і л у і. Қолжазба бір рет жөндеуден өтіп, басқа қолжазбалармен біріктіріліп түптелген.

А қ а у ы. 8-парақтың төменнен жоғары санағанда 7-жолы көк сиямен сызылып өшірілген. Парақтың төменгі шеті жыртылған(11).
Мұндағы кейбір шартты белгілері түсіндіруді қажет етеді. Айталық, сипаттаманың сол жақ шекесінде қолжазба салынған папканың шифры, оның қасындағы жақшаның ішінде мекеменің немесе кітапхананың қысқартылған (ОҒК-Орталық ғылыми кітапхана) аты көрсетілген. «Сипаттаманың» оң жақ шекесіне бірінші қатарға қолжазбаның инвентарь нөмірі (инв.), оның астына, екінші қатарға қолжазбаның бет нөмірі, әр беттің жол саны, үшінші қатарға қолжазбаның және текстің (ұзындығы, көлденеңі) көлемі мен өлшемі сантиметрмен өлшеніп қойылған. Осыдан кейін жол ортасына «Сипаттаманың» рет саны, оның астында шығарманың аты жазылған(12).

Ал 1979 жылы жарық көрген 2-ші кітап түрлі варианттарымен 191 қолжазбаны құрайтын «Ғашықтық жырларға» арналыпты. Кітаптың аңдатпасында: «Хроникалық жағынан алғанда лиро-эпостық шығармалардың ең алғаш қағаз бетіне түсірілуі ХІХ ғ. 1- жартысынан басталады. Мысалы, «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» 1834, 1841 жылдары жазылып алынған. Кітапқа Совет үкіметінің алғашқы жылдарында (1920-1924) жиналған ғашықтық жырлардан «Орқа Күлше», «Назымбек», «Еңлік Кебек», «Ер Тоқымбет» сияқты жырлар енгізілді.

Сипаттамаға енген шығармалардың көпшілігі қазақ өмірінен алынса, біразы Шығыс сюжетіне құрылған. Қолжазбалар мүмкіндігінше, версия, варианттарына қарай топтастырылып, кімнен, қашан тарағаны баяндалады. Жиналуы, басылуы, зерттелуі, жайында және оның авторлары: аудармашылары, көшірушілері, жыршы-жыраулары, жинаушылары туралы мағлұматтар беріледі».

1981 жылы шыққан «Тарихи жырларға» арналған 3-кітапта: «Ақтабан шұбырынды» оқиғалары, Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Өтеген, Сырым, Исатай, Махамбет, Жанқожа, Бекет, Сұраншы, Досан, Иса, Мырзаш, Бекболат, Аманкелді т.б. аттарына байланысты туған жырлардың нұсқалары қамтылып, сипаттамадан өтпегендердің тізімдері беріледі».

Ал «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы ақындар шығармалары» деген тақырыптағы 4-томда аталған дәуірде өмір сүрген жүз екі ақынның 322 шығармасы туралы сөз болса, 1986 жылы басылған «Сипаттаманың» 5-ші кітабы «ХХ ғасыр басындағы ақындар шығармаларына» арналған. Мұнда 48 ақын-жазушының 125 шығармасы сипаттамадан өткізіліп, сондай-ақ ғылымда белгісіздеу, қорларда сақтаулы тұрған 478 ақын-жыраудың шығармаларының көрсеткіші бар.

Саны 220-дан асатын үлкен айтыстарды, сондай-ақ алты жүздей шағын айтыстарды қамтыған 6-шы кітап (1989 ж.) қазан төңкерісіне дейінгі ақындар айтысының сипаттамасына арналған(. Әзірге соңғысы болып тұрған 7- ші кітап 2003 жылы жарық көрді. Мұнда Орталық Ғылыми кітапхана мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты қолжазба қорларындағы 270-ден астам ертегі сипаттамадан өткізілді. Айталық, «Құламерген» ертегісінің қолжазбасының түр-сипаты былай:

Ш. 299 (ОҒК) Б.10-0; Ж.30
21х14,5; 19х13

А т а л у ы: Құламерген. Арабша
Ж и н а у ш ы с ы: Байғутенов Көсембек.

А н н о т а ц и я с : Құламергеннің әйелі Қарақас сұлу көрікті адам болады. Әйелімді ешкімге көрсетпеймін деп бір аралды мекендейді. Екі жасар баласы мен әйелін аң етімен асырайды. Суға ағып кеткен Қарақастың бір тал шашына кездескен хан баласы ғашық болады. Мыстан кемпір сұлуды алып бермек болып таныстырады. Әйел жігітке көніп, Құла мергенді өлтірмек болады. Қолын қанжығасымен байлап, терекке таңып кетеді. Әйелді алады. Баласы әкесін көріп көмектеседі, шешесінен қылыштың қынын сұрап әкеледі. Байлаудан құтылған мерген жауынан кек алады. Азғын әйел мен кемпірді жазалайды. Баласымен екеуі мұратына жетеді.

Қа ғ а з ы, с и я с ы, ә р п і. Жолды дәптерге көк сиялы қаламмен араб әрпінде жазылған.

Ж а з ы л ғ а н ж ы л ы, ж е р і. 1947 жыл.
М ө р і. 20-бетте ОҒК-ның сопақша мөрі бар. Қасында «299, 1947 ж.» деген жазуы бар».

Т е к с т і ң о р н а л а с т ы р ы л у ы. Қара сөзбен жазылған текст қағаздың екі бетіне де жазылған.

Қ а л п ы н а к е л т і р і л у і: Қолжазба ақ қағазбен тысталып, папкаға салынған.

А қ а у ы: 4 жол жыртылып қалған.

П а п ка с ы. №299. «Ертегілері». 2-дәп(19).

Барлық томдары Алматы қаласындағы «Ғылым» баспасынан жарық көріп жатқан «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамалары» осындай үлгіде орындалуда. Қазақ әдебиетінің басқа да түрлеріне жасалар ғылыми сипаттама алда жалғаса берері сөзсіз. Енді осы аталған қолжазбалардың баспа бетінде жариялану мәселесіне көшейік. Бұл жұмыстармен де әдебиеттанудың жетекші салаларының бірі — текстология ғылымы айналысуда. Оған ауыз әдебиетінің сан түрлі жанрларының толық мәтіндері, түрлі нұсқалары енгізілген материалдар, хрестоматиялар, жинақтар дәлел. Басылымдарда қазақ фольклорының ерекшелігінен туындайтын талаптарға ішінара болса да жауап беру әрекеттері байқалады. Негізінде, қазақ фольклортану ғылымының текстологиясы мынадай жұмыстармен айналысады:

1. Фольклор шығармаларын жарыққа шығарудың негізгі типтерін анықтау (академиялық, ғылыми, ғылыми-көпшілік, көпшілікке арналған);
2. Басылымдардың текстологиялық шарттарын белгілеу;
3. Дәстүрлі ауыз әдебиетінің текстологиясын зерттеу;
4. Ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алу, жинау, сақтау ісінің ғылыми негізделген принциптерін айқындау;
5. Басылымды ғылыми редакциялаудың жүйесін, мөлшерін және міндетін сипаттау.

Отандық текстология ғылымы даму үстінде. Бұл бағытта жазылған арнайы еңбектер әзірге аз. 1983 жылы жарық көрген «Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі» деп аталатын жұмыс осы жолдағы алғашқы іс-нәтиже. Кітапта төмендегі фольклорлық шығармалардың текстологиясы талданады: «Қазақ ертегілерінің текстологиясы», «Алпамыс батыр» жырының қолжазбадағы нұсқалары, «Қобланды батыр» эпосының ғылыми басылымын баспаға әзірлеу тәжірибесінен, «Ш. Уәлиханов жинаған «Қозы Көрпеш –Баян сұлу « нұсқасының тексі жайлы», «Қыз Жібек» лиро-эпосының ғылыми басылымын баспаға әзірлеу тәжірибесінен, «Біржан-Сара айтысының» текстологиясы» және т.б.

Мысал ретінде — фольклортанушы ғалым С.Қасқабасовтың «Қазақ ертегілерінің текстологиясы» деп аталатын зерттеуіне тоқталайық. Мақала ертегі текстерін ғылыми жүйеде жарыққа шығару жолдарына арналған. Мұнда автор осыған дейін қазақ ертегілерінің жарық көруі, шығаушылардың мүддесіне орайластырылғандығын көрсетеді. Мәселен, Қазан төңкерісіне дейінгі басылымдардың жариялаушысы – академик В.В.Радлов қазақ фольклорын тілді зерттеу үшін қажетті материал ретінде ғана шығарды. «Сондықтан ертегі мен жырды жазып алғанда, ол жыршы мен ертек айтушылардың ауызекі тілінде кездесетін диалектілік және фонетикалық ерекшеліктерді барынша қамтып отыруға тырысқан».

«Ал Потанин зерттеуіне керегі көркем шығарма емес, фольклорлық мотивтер мен сюжеттер болды. Сол себепті ол өзі естіген ертегі мен аңызды қолма-қол қазақ тілінде жазып алмай, оның орысша аудармасын (тілмәштары арқылы) хатқа түсіріп отырған». Кеңестік дәуірде жарық көрген ертегілер негізінен, көпшілік қауымға арналып шығарылған. Бұлардың құнды жақтары – қазақ ертегі мұрасы халыққа кеңінен таралуына мүмкіндік туғызады. Бұдан әрі зерттеуші ертегілердің ғылыми, академиялық жинақтары жайында өзінің ұстанымын дәлелдейді.

«Қандай да болмасын ертегіні баспаға дайындағанда, текстің ішінде кездесетін ертекшінің немесе жинаушының түсінік сөзін анықтап, көрсетіп отыру керек. Және жинаққа енген текстерді түгелдей нөмірлеген абзал. Ауыз әдебиетін жинаушы-фольклоршы ертегіні жазып алғанда, кейбір түсініксіз жерлерді анықтау үшін немесе логикалық байланысын күшейту мақсатымен текске өз жанынан анықтама сөздер мен сөйлем қосатыны белгілі.

Мұндай сөздер мен сөз тіркестерін, сондай-ақ құрастырушының өзі қойған ертегінің атын квадрат жақшаға алу қажет. Сонда оның ертекшіге қатыссыз екені білініп тұрады. Бұл ғылыми жинақтың бірден-бір шарты. …Енді бір әңгіме етуге тұратын нәрсе – фольклорлық жинақтың ғылыми аппараты. Автордың пікірінше енді тек бұрынғыдай кіріспе сөзбен шектелмей бірнеше зерттеу мақалалар кіргізілуі керек. Мәселен, қиял-ғажайып ертегісіне арналған кітаптағы зерттеу мақала – қазақ қиял-ғажайып ертегісінің жиналуы, басылуы, және зерттелуі жайлы, сонымен бірге оның негізгі көркемдік ерекшеліктері мен кейіпкерлері туралы сөз қозғаса.

Ғылыми аппараттың енді бір бөлігі – түсініктемелер. Ғалым бұған жақсы үлгі ретінде Г.Потанинге арналған жинақтың түсініктемелерін айтады. «Себебі, онда 1957 жылғы жинақтың түсініктемелерінде жіберілген кемшіліктер түгел ескерілген, сондай-ақ тарихи, фольклорлық, этнографиялық және лингвистикалық түсініктер берілген. Бұл жинақта оның үстіне қосымша ретінде шартты белгілердің шешімі, кісі аттары мен фольклорлық терминдердің көрсеткіштері де бар». Белгілі ғалымның бұл ұсыныстарын жалпы фольклорлық шығармалардың ғылыми басылымдарын шығару барысында ескерудің артықтығы болмас.

Текстологиялық жұмыс туралы қысқа мәлімет таяуда (2004 ж.) «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жеті ғасыр жырлайды» деген екі томдықта кездеседі. Мұнда енгізілген ХІІІ-ХХ ғғ. басында өмір сүрген қырық екі ақын-жыраудың таңдамалы шығармаларының (құрастырушы Е.Дүйсенбайұлы) текстологиясы жайында: «…Кітапты әзірлеу үстінде бұған дейінгі жарық көрген сан алуан басылымдарды (М.Мағауин, Қ.Сыдиқов, М.Байділдаев, Ә.Дербісалин, А.Сейдімбеков, Ғ.Әнесов нұсқалары мен өнерпаздардың өз жеке жинақтары, сондай-ақ кезінде осы томның редакторы құрастырған «Екімыңжылдық дала жыры», «Нар заман мен зар заман поэзиясы», Бұқар жырау жинағы, т.б. салыстыра тексеру нәтижесінде кеңестік кезеңдер шырғалаңында бұрмаланған, қысқартылған талай туындылар текстологиялық сүзгіден өткізіліп қалпына келтірілді; жаңадан қосылғандары да баршылық» деп жазады.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ текстологиясының дамыған, іргелі ғылымға айналуы болашақтың ісі. Мұны қазақ ауыз әдебиеті туындыларының толығымен текстологиялық талдаудан өткізіліп, ол туралы арнайы жазылған зерттеу — мақаласы бар ғылыми басылымдар дәлелдер деген үміттеміз.

Ендігі кезек ауыз әдебиеті туындыларын шығарушылар, таратушылар, жеткізушілер, яғни «дерек авторын анықтау» туралы жұмыстарға тиеді. «Ақын-жыраулар» деген тақырыпты иеленген проблемаға Е.Ысмаилов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Қ.Сыдиқов, Е.Тұрсынов, Р.Бердібаев т.б. сынды көрнекті ғалымдар зерттеулерін арнады Е.Ысмаиловтың «Ақындар» деп аталатын еңбегі аталмыш мәселені жан-жақты қозғаған ізденістердің бірі. Байқауымызша, қазақ ауыз әдебиеті шығармалары мен жыраулар тақырыбы біртұтас организм. Ол — заңдылық. Өйткені олардың бірінсіз — бірінің өмір сүруі, оның өміршеңдігі мүмкін емес. Мұны Е.Ысмаиловтың «жырау» терминіне қатысты зерттеуінің нәтижесінен ұғамыз.

Ғалымның түсінігінде, «қазақтың өлең, жыр айтушыларының барлығын бірдей суырып салып айтушы ақын дей беру жөнсіз. Қазақ халқы өлең-жыр шығарып, не жаттап айтушыларды жалғыз ақын ғана демеген, одан басқа жырау, жыршы, өлеңші, сал, сері деп те атаған. Бұлардың ақыннан, немесе, өзара айырмалары қандай? Қазақтың көне ауыз әдебиеті нұсқаларында жырау қазақта ақындықтың ең көне түрі болғанға ұқсайды.

Өйткені, қазақтың батырлар жырында алғашқы ақынның аттары: Сыпыра жырау, Шалгез жыраулар. Ал ХУІІІ ғасырда Бұқар жырау, Тәтіқара жырау, Үмбетей жыраулар аталады. Біздің дәуірімізде жырау атымен аталып келгендер Мұрын жырау. Жырау – ақын, ол өлең, жыр, толғау шығарып айтады. Жырауда суырыпсалмалық, шешендік қасиет бар. Жырау деген сөздің төркіні –жыр (иыр) жырлау дегеннен шыққандығы сөзсіз». Автор жыраулардың қоғамдағы орнын анықтауға да күш салған. «Ертедегі қазақ жырауларының ақындық қызметіне қарағанда жыраудың қоғамдық мәні, көне, орта ғасырлардағы жрецке жақын емес пе деген ойға келесің.

Жрец – көне шығыс елдерінде құдай мен адам арасын жалғастырушы әулие де саналған. Бақсылық, болжағыш, балгерлік мәнінде де болған. …Қазақ тарихының жағдайындағы жырауларды алатын болсақ, көне шығыс елдеріндегі, кавказдағы жрецтердің өзі болмағанмен, қоғамдық қызметі жағынан бірқатар ұқсастығы барлығы байқалады. Потанин Оғыз ханның қасындағы ақылшысы Ерқылы қожа, шешен кеңесші, жыршының бейнесіне ұқсайды деген пікірді айтады.

Ойрат-Монголдағы ирен (көне бақсы, шашан), гургульдай (жыршы құстың аты) ақылшы, сәуегей ақын да саналған Қазақта әр ханның тұсында бір сұрқылтай дейтіні, әр ханның заманда өзінің бір ақылшысы, шешні бар деген ойды білдіреді.
Жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, олар, көбінесе, заман-дәуір өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық, жамандық жайлы ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған. Бұл тақырыптағы толғау сөздерінде сезімге ұратын лирика болмайды, көбінесе, меңзеу, мақал, мәтелдер ретінде келетін тақпақтар, термелер болып отырады».

Е.Ысмаилов осы жерде жыраулардың шығармашылығындағы айырмашылықтарды да қарастырып, олардың бірқатарының өткен өмірге аңсары болса, енді бір тобы халықтың ерлігін, еркіндік жолындағы арман-тілектерін жырлайтындығына тоқталады. Бұл соңғы топқа жататындар қазақтың батырлық жырларын жеткізушілер Марабай, Нұрым, Мергенбай, Мұрын жыраулар. Желілі жырларды дамытып айтатындықтан халық оларды әрі жыршы, әрі жырау деп те атайтын болған. Бұлардың орындауындағы жырларда заман, дәуір жайындағы толғаулы тақпақ жырлар жоқ, негізінен ел есіндегі тарихи, батырлық оқиғаларды өз сындарынан өткізіп дамыта, айта береді». Еңбекте сондай-ақ басқа да «авторлар» жыршы, ақындар біраз сөз болады.

Ауыз әдебиеті туындыларымен жұмыс істеудің көрсетілген сатылары аяқталған соң, ол мүдделі ғылым салаларының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты одан әрі талдауға түседі. Тарихи зерттеулерге қатысар болса, онда деректану ғылымы араласады. Деректану ендігі жазба дерекке айналған ауыз әдебиеті нұсқаларына «ішкі сынды» жүргізуге кіріседі. Бұдан соң қарастырып отырған дерек көздері тарихи зерттеулерге қатысуға жолдама алмақ.

Осы жерде халқымыздың ірі энциклопедист-ғалымы Ә.Марғұланның қазақ ауыз әдебиетінің тарихи дерек көзі ретіндегі сипатын айқындайтын танымал еңбегінің («О характере и исторической обусловленности казахского эпоса»)(методологиялық маңызы да күшейе түседі.

Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ