Қазақ тағылымындағы қыз бала мен ұл бала тәрбиесінің өзіндік ерекшеліктері (баяндама)

0
9251
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны
БАЯНДАМА

ТАҚЫРЫБЫ: Қазақ тағылымындағы қыз бала мен ұл бала тәрбиесінің өзіндік ерекшеліктері

Баяндаманың мақсаты: қазақ тағылымындағы қыз бала мен ұл бала тәрбиесінің өзіндік ерекшеліктерін баяндай отырып, ұстанған негізгі бағыттар туралы баяндау арқылы ата-аналардың педагогикалық сауаттылықтарын арттыру.

Міндеттері:

1. Бала тәрбиесіндегі қазақ тағылымының ұстанған негізгі бағыттарын сипаттау.

2. Ұл бала тәрбиесі мен қыз бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктерді айқындау.

3. Ата-аналардың педагогикалық сауаттылықтарын арттыруға ат салысу.

Баяндаманың түрі: ата-аналарға арналған лектория.

Оқылған орны: ата-аналар жиналысы.

КІРІСПЕ

Ұлт тағдыры мен қыз бала тәрбиесі-біртұтас
Қазақ тағылымының ұстанған негізгі бағыты-ата-бабалардың үлгі-өнегесі, ақын кеңесі, дүниеге шынайы көз-қарасы, бостандыққа, еркіндікке, тәуелсіздік-дербестікке ұмтылысы. Бұл-алдан күткен арманы, ойға алған негізгі мақсаты. 

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.

Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?

Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.

Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: Отбасы – шағын мемлекет,

Мен – президент, сен – премьер,дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.

Қазақстан Республикасы Ата Заңының 27-бап, 2-тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата — ананың табиғи құқығы, әрi парызы» делiнсе, «Қазақстан –2030» бағдарламасында «Әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердiң өз балалары мен немерелерi алдындағы жауапкершiлiгiн күнделiктi есте ұстауға тиiспiз. Бiз өз балаларымыз бен немерелерiмiздi сонау алыс болашақта, олар бiздiң жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргiмiз келедi…» делiнiп, ұрпақ тағдыры айтылады.

І. НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Бала тәрбиесiнде отбасының орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзi баланы өмiрге келтiру ғана емес, оған мәдени — әлеуметтiк ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжiрибесiн бойына сiңiру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етiп тәрбиелеу.

Қазақ тағылымының ұстанған негізгі бағыты-ата-бабалардың үлгі-өнегесі, ақын кеңесі, дүниеге шынайы көз-қарасы, бостандыққа, еркіндікке, тәуелсіздік-дербестікке ұмтылысы. Бұл-алдан күткен арманы, ойға алған негізгі мақсаты. Тәрбие – ұрпақ үшін күрес. Қыз – келіншек, әйел – ана, әже-кейуана тағылымы өшпес із қалдырды. Ол – қазақ тілінің ана тілі деп аталуы. Мұндай жағдай қазақ әйелінің өзіндік қасиетін де, басқалардан айырмашылығын да танытады. Бұл – әйел қауымына көрсетілген зор құрмет! Әйелдердің жасаған ісі, қалдырған ізі ақсақалдық ешбір мектептен кем емес, оның әманда тазалығына, жаңарып – жаңғыруына орасан жағдай жасады. Бұл тағылымды жоққа шығаруға немесе елемеуге болмайды. М.Әуезов «Адамдық негізі – әйел» деген тұңғыш туындысын 1917 жылы әйел тақырыбына арнапты.

«Адам баласы», — депті ол, — тағы болып, еркегі хайуандық дәрежесінде жүргенде әйелден бала туып, ол балаларының бәрі де жастық, қорғансыздықтан анасының айналасына үйіріліп, үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын кіргізген. Бұған қарағанда, адамды хайуандықтан адамшылдыққа кіргізген – әйел. Ұлы ойшыл осы сөзінен әйел – қоғамның ұйтқысы екенін, әйел еркіндікке жетпесе, адамшылық та күрмеулі болатынын қалап айтып, егер, қазақ мешел болып қалмайын десең, бесігіңді түзе, әйелдің халін түзе!, — деп сол тұстың да, қазіргі біздің заманымыздың да ең зәру идеясын ұсынып еді. Қазақ елі ел болғалы, қазақ қазақ болғалы өмірбақи анасын сыйлап өткен.

Ертеден келе жатқан наным-сенімдерінің түп тамыры да – ана. Аспанда Тәңірі, жерде Ұмай ана деп табынады қазақтар. Ұмай ана – қамқоршы, жарылқаушы, демеуші, жанұя отбасының пірі. Мұсылман дінінде бүкіл адамзаттың анасы, аналардың анасы деп Хауа ананы қүрмет тұтады. Хауа ана- Адам атаның зайыбы. Mұхаммед пайғамбарымыз әйел затын аса биік бағалап; «Әдемі анаңа, тағы да анаңа, содан соң Отаныңа жақсылық жаса!», – деп өсиет айтып кеткен. Қазақта ақын қыз да, батыр қыз да көп болған. Білек күшімен, шешен тілімен, ақыл-парасатымен үлгі болатын батыр қыздарымызға тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Томирис – Тұран патшасы Афррасиябтың қызы. Патшайым болып ел басқарған қыз.

Зарина – Сақ патшасының қызы. Ел тағдыры үшін өз махаббатын құрбан етеді. «Жеке басымның бақытын елімнің еркіндігіне айырбастай алмаймын. Махаббаттан да жоғары нәрсе бар, ол – менің елім», – дейді Зарина.

Бөрте ханым – Шыңғыс ханның әйелі. Қоңырат тайпасының қызы. Жат елдікке пенде болғанымен ұрпақ тәрбиесінде өз елінің ұлттық тағылымын меңгерте білген. 

Гауһар- Қабанбай батырдың жары, арғын – Малайсары батырдың қарындасы.

Есенбике – Олжабай батырдың анасы, үйсін Қарасай батырдың қызы.

Назым – Қабанбай батырдың қызы.

Айтолқын-Абылай ханның қызы . Бұл батыр қыздарымыз ұлттық намысту ту етіп, халық тағдыры үшін ерлермен бірге қан майданда ерлік көрсеткен батыл жандар.

Бопай – Кенесарының қарындасы, бес жүз сарбазды басқарып, Ресей отаршылдарына қарсы соғыста ерен ерлік көрсеткен қыз.

Мамыр – Байқозы арғынның қызы Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанындағы өжет қыз. Өз махаббаты үшін құрбан болған абзал жан.

Еңлік-Қарабатыр – Ықан деген кісінің қызы. Шәкәрімнің «Еңлік — Кебек дастанындағы батыл қыз. Нағыз махаббаттың мәңгі символы ретінде танылған батыр қыз.

Айтбике – Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздардың басшысы болған қыз. Талай шайқастарда жауынгерлердің ұлттық рухын көтеріп, ерлікке шақырған.

Нұрила – Бәйдібек бидің әйелі. Барлық адамдарға өте мейірімді, ақылды, әулие әйел болған.

Қарашаш – Жиренше шешеннің жары. Қарашаш қазақ қыздарынан шыққан сөзге шешен, ақылды, тапқыр, дана қыз.

Ел басына қауіп төнген кешегі екінші дүниежүзілік соғыста «Ер апаларының» ерліктерін жасаған қазақтың Мәншүк пен Әлиясы шығыс халықтарының мақтаны. Қашанда қиын – қыстау кездері батыр қыздарымыздың ерлігі ерекше көзге түсетін тарих та, өмірде дәлелдеп келеді.

Желтоқсан оқиғасының батыл қыздары Ләззат Асанова, Сәбира Мұқамеджанова сияқты ұлттық намысты берік ұстаған, ерлік пен елдікті ұран еткен ұлтжанды қыздарымыз қаншама.

Кезінде атақты философ Платон қыз бала тәрбиесінің маңыздылығын былайша пайымдаған екен. Егер ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең –ұлыңды тәрбиеле. Бұл тұжырымның тамыры өте терең екенін біз тарихтан көріп отырмыз. Соның жарқын бір дәлелі Томирис Патшайымның Кир Патшаға айтқан сөзі: «Мен – елімнің патшасымын. Мен иілсем – елімнің иілгені. Кир патша көзін маған емес, менің еліме салып отыр. Ал мен еліме бұғау салдырмаймын, ата-баба аруағы жатқан жерді жаттың табанына таптатқызып, қорлатпаймын. Соны есіне сақтасын Кир патша! Қандай ерлік! Елге, жерге деген неткен сүйіспеншілік!

Сондай – ақ Қазақстанда қаншама этнос өкілдері тұрады. Олар неліктен өз тілін, дәстүр –салтын, дінін, дінін қадірлеп, сонымен қатар оның деңгейін биіктетуге күресуде? Себебі, олар өз қыздарының тәрбиесіне өте терең мән береді. Неліктен біз көшеде кездекен шешен қызын, келіншегін бірден танимыз? Ал ұйғыр қыздарының тәрбиесі қандай? Татар халқының қыз бала тәрбиесі ше? Кәріс халқында қалыптасқан қағида бойынша, қыз бала кімге тұрмысқа шықса да, ол өзі туған баланы міндетті түрде кәрісше тәрбиелеу керек.

Ал еврей халқы ше? Біз олардың тәрбиесінен жоғарда айтылған Платонның қағидасының айнытпай орындалып отырғанын көріп отырған жоқпыз ба? Олар ұлтын да, тегінде анасы арқылы анықтайды ғой. Бұл мысалдарды келтіргендегі мақсатымыз, қазақ халқының қыз бала тәрбиесі төмен дегеніміз емес, керісінше, сол ата-бабамыздың дәстүріндегі қыз бала тәрбиесін өз тұғырынан аласартып алмайық деген жанашырлық ой.

Олай болса, бүгінгі оқушы қыздарымыздың жай-күйі қандай? Олардың тәрбиесі біздерді қанағаттандырама? Себебі, бүгінгі күні ол мәселені уысымыздан шығарып алсақ, ертеңгі күні ұлт тағдыры не болмақ? Осы сұрақтар бізді де қатты ойландырады. Сондықтан ата – аналар сіздерден сұрайтынымыз «Біз өз балаларымызды білеміз бе?» – деген сауалға жауап беруге ойлана отырсаңыздар.

Қазақ: «қызым үйде – қылығы түзде – дейді, сондай-ақ, қыздарымыз қандай екен?-қандай болу керек? Осы орайда шынайы қазақ қызы қандай болу керек? дегенде, біз ақын Исраил Сапарбаевтың қыз бала ажары хақындағы мына бір анықтамасына назар аударайықшы: «Бет пішіні, денемүсіні келіскен, сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы қыз –ару жүзі жылы, өзі ұяң, тәні нәзік қыз – әсемсөзі өткір, өзі пысық, өріскелдікті сүймейтін, болмашыға пісіп күймейтін, келбетті қыз-сұлу.

Істесе үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын, өзі бірден көзге түсе қоймайтын қыз — көрікті.

Баппен сөйлеп, биязды күліп, жақсы-жаманның жөнін біліп тұратын қыз – әдемі. Дене бітісі жинақты-тығыршық, сөзі салмақты, ісі тиянақты қыз-ажарлы. Көз жанары өткір, бет әлпеті бал-бұл жанған, тәні шымыр қыз – шырайлы».

Жоғарыда айтылған жәйттің бәрін таразылай келе, қазақтың «қызға қырық үйден тыю» деген мақалын еске ала отырып осы мінезді айналамыздағы, үйдегі қызымыздан көріп отырмыз ба деген сұраққада жауап ойланып отыруыңызды сұраймын. 

Зерттеу деректеріне сүйенсек, отбасы – бұл мектеп те, ақпарат көзі де, қоғамдық ұйымдар да, еңбек ұжымы да, дос-жарандары да, отбасы – бұл әдеп пен өнер кілті. Осыдан, педагогтар нақты да дәл тұжырымға келіп отыр: тұлғаның қалыптасу нәтижелілігі ең алдымен отбасыға тәуелді. Неғұрлым отбасы жақсы болып, оның тәрбиелік ықпалы ұнамды келсе, тұлғаның тән-дене, рухани-адамгершілік, еңбектік тәрбиесінің өнімі де жоғары. Аса бір кездейсоқтық болмаса, әр уақыт тұлғаның кемелденуі келесі заңдылыққа тәуелді: жанұя қандай болса, онда өсіп, ер жеткен адам да сондай.

Жеке адамның қалыптасу процесі мен оның нәтижесіне болар отбасы тәрбиесінің күші мен қуатын мойындайтын болсақ, ендеше мемлекет пен қоғам да тәрбиелік шараларын дұрыс жолдармен ұйымдастыруда ең алдымен отбасыға үлкен назар аударғаны жөн. Бұл өркениетті елдер ұстанған бұлжымас ереже. Неке мен отбасыға деген үстірт көзқарас, халықтық және ұлттық үрдістерді естен шығару, инабаттылық принциптерінен тайқу, шектен тыс арсыздық пен маскүнемдік, іштей тәртіптің болмауы мен жыныстық салғырттық, ерлі-зайыптылар арасында жоғары белең алған ажырасулар – бәрі де отбасындағы бала тәрбиесіне болатын теріс ықпалдар көзі.

Отбасы дағдарысын ретке келтіру және оның тәрбиелік ықпалын көтеру бағытында қазіргі заман педагогикасы қандай тиімді ұсыныстар беруі мүмкін? Бұл орайда педагогика қандай да тосын жаңалық ашып беруі мүмкін емес: тәрбиенің қоғамдық, экономикалық қатынастардың жалпы заңдылықтарына тәуелділігі объективті шындық. Бәріміз де осы заңдылықтардың құрсауындамыз. Барша үмітімізді мұғалімге артамыз, тәрбиелік жақсылықтарымызды оның жанпидалығынан күтеміз. Жалған, алдамшы ой-пікірлерден арыла білген шынайы ұстаздың өз іс-әрекетін келесідей жоспарға орайластырғанын жөн деп білер едік:

— отбасындағы қатынастарды гуманизациялау, яғни адамиластыру. Әміршіл-әкімшіл ықпал, заң алдындағы жауапкершілік, қатаң талап не үркіте зорлаудың заманы өтті – алдыратын лыпасы жоқ пенде неден қорықсын. Тек кеңпейіл мұғалім жан дүниесімен сәулеленген қайырымдылық, мейір, нақты көмек, ұстаздық жанашырлық қана күйзеліске ұшыраған ата-аналар көңіліне демеу беріп, өз перзенттерінің жарқын болашағы үшін күресте шаршап-шалдығудан азат етері кәміл;

— адамдардың рухани дүниесін қалыптастырып, нығайтуда зайырлы мектеп пен мұсылмандық тәрбие ошағы – мешіттердің ықпалдарын біріктіру әрі осы ықпалдарды жалпыланған қызмет түрінде шашыратпай, нақты отбасының нақты проблемасына бағыттау;

— педагогикалық мүдде-ниеттерді гуманитарлық қор, қоғам, ұжымдар жұмыстарымен үйлестіріп, қайырымдылық-тәрбие бағдарламасын жасау.

Ең бастысы, жалпы адамға, оның табиғатына берілген қайырымдылық пен мейірімге болған сенімнен ажырап қалмау — әрбір тәрбиешінің негізгі ұстамы болғаны жөн. Атам қазақ басынан талай «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұламаның» кешкен, солай болса да ортасында жүрген дана тәрбиешілерінің, ғұлама ұстаздарының болуынан өз болмысын сақтап қалғаны баршаға аян. Дүние ауыспалы, ал педагогиканың міндет қоғам өзгерістерінің ізімен жалғаса, дамып бару.

Әр дәуір ұрпақтары арасындағы тартыс, бәсеке мәңгілік, бірақ олардың нақты кезеңдердегі шешімі әрқашан жаңаланып барғаны дұрыс. Ал ондай шешімдерді ата-аналар есіне салу отбасылық драмалардың астарлы, көзден таса бұлтарыстарын тереңнен түсінетін педагогтың міндеті.

Мың жылдық тарихы бар қазақ халқы өз ұрпағын өмірде, отбасында, тұрмыс – тіршілікте батылдық пен батырлыққа, әдептілік пен адамдыққа, махаббат пен ізгілікке, иба мен иманға үздіксіз тәрбиелеп отырған. Сондықтан бала тәрбиесінде кіндік қаны тамған жерінің қасиетті тарихы, мәдениеті, тілі, салт-дәстүрін, әдет-ғұрып ерекшеліктерімен таныстырып отырып, рухани жоғары деңгейде тәрбиелеу ұлы мақсаттардың бірі.

ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ

Соңғы жылдары болып жатқан саяси – экономикалық, мәдени, әлеуметтік өзгерістерге байланысты қоғамдағы тәрбиенің босаңсып кетуі, соның салдарынан қыз бала тәрбиесінің нашарлап кетуі, «ар», «намыс», «ұят» ұғымдарының өз мәнәнде, өз дәрежесінде қоғамда пайданылмауы, қоғамның негізгі өзегі – отбасының өзгеріске ұшырауы, қарым-қатынас нормаларының өзгеруі.

Біздің ұлттық мәдениетіміз Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жылда әлденіп үлгерді ме? Біліміміз өз мәртебесінде сай дамуда ма? Ұлттық психологиямыз бұрынғыға қарағанда дербестік сипат алды ма, әлде құлдық қамыттағы санадан алды ма, әлде құлдық қамыттағы санадан арыла алмай келе ме? Болмаса, басқаға еліктеушілік, жалтақтық, өзін – өзі менсінбеушілік – тек қана қазақтың екіншісіне ғана берілген бе?

Осы тұста Ахмет Байтұрсыновтың сөзі ойға еріксіз оралады «Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шығады?» Бұл ойдың түйіні өте тереңде жатыр, әрине. Сондықтан, келешек ұрпақ алдында қарыздар болмас үшін, бүгінгі күні босаңсып кеткен тәрбиені тез арада өз дінімізге сәйкестендіріп жолға қоймасақ, ертең кеш болуы әбден ықтимал.

Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ