Қазақтың ұлттық музыка өнері арқылы оқушыларға тәрбие берудің теориялық негіздері

0
12384
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Қазіргі кезеңдегі экономикалық-әлеуметтік саяси өзгерістермен байланысты, еліміздің болашағына белсенді атсалысатын, өз халқының рухани қазынасымен, оның ұлттық мәдениетімен, дәстүрімен, өнерімен терең танысқан зерделі ұрпақты тәрбиелеу қажеттігі өзекті мәселеге айналды.

МАЗМҰНЫ

Кіріспе

1 Тарау. Қазақтың ұлттық музыка өнері арқылы оқушыларға тәрбие берудің теориялық негіздері  

1.1 Мектептегі тәрбие құралы – музыка………………………………………..

1.2 Қазақтың ұлттық музыка өнерінің тәрбиелік ерекшеліктерін оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану мүмкіндіктері…………………………….  
2 Тарау. Музыка өнерінің тәрбиелік ерекшеліктерін қазақтың ұлттық музыка өнері арқылы оқушыларға тәрбие берудің педагогикалық негіздері

2.1 Музыкалық тәрбие — бұл музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу………………………………………………………….  
2.2 Аспаптық музыканың тәрбиелік сипаты…………………………………..

Қорытынды…………………………………………………………………………………

Әдебиеттер…………………………………………………………………………………

 

КIРIСПЕ

Қазіргі кезеңдегі экономикалық-әлеуметтік саяси өзгерістермен байланысты, еліміздің болашағына белсенді атсалысатын, өз халқының рухани қазынасымен, оның ұлттық мәдениетімен, дәстүрімен, өнерімен терең танысқан зерделі ұрпақты тәрбиелеу қажеттігі өзекті мәселеге айналды.

Қазақ халқының ғасырлар бойы сұрыпталып, жинақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық өнер мұрасы шексіз.

Қазақстан Республикасындағы барлық жалпы білім беретін ұлттық мектептерге арналған ортақ тұжырымдамада: мектептің басты мақсаты – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып оқыту, тәрбиелеу және әр бірін жеке тұлға деп санап, оны жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау — делінген.

Оқушылар тәрбиесiнде қазақтың ұлттық музыка өнерінің алатын орны зор. Оқушылардың ұлттық музыка өнерiмен айналысуы, жеке тұлғаның эстетикалық талғамын және  эмоционалдық мүмкiндiгiн  көтередi. Сондықтан бүгінгі таңда ұлттық музыка өнерінің түрлерін (ән, күй, терме, жыр, айтыс, толғау, т.б.) олардың әрқайсысының  жалпы  ерекшеліктерін  жаңаша технологияға салу – бүгінгі күн талабы. Осы қойылған талаптарға сай, музыкалық білімді жүйелі түрде дамыту барысында ұлттық сана иірімдерін айқындай түсу және оны тереңірек меңгеру бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр.

Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін жан-жақты зерттеп, ұлттық ағарту ісінің негізіне ғылыми еңбектерімен үлес қосқан дарынды ғалым Шоқан Уалиханов (1835-1865)  – “Қазақ даласындағы тәлім-тәрбиенің басты құралы – жыр, айтыс, өлең, терме т.б. деп, олардың түрлеріне талдау жасап дүниетанымдық, тәрбиелік мәнін жоғары бағалады”. Дарынды ғалымның данышпандық ой-мақсаттары қазақ халқының ұлттық  өнеріне бір арна болып қосылған асыл мұра болып табылады.         

1 тарау. Қазақтың ұлттық музыка өнері арқылы оқушыларға тәрбие берудің теориялық негіздері

1.1 Мектептегі тәрбие құралы — музыка

Жас өспірімдегі музыка әлемін түсініп қабылдауға, талғампаздығын тәрбиелеуде, эмоциялық сезімталдығын қалыптастыруда, білімді, мәдениетті болып өсуіне әсер етуде музыка өнерінің алатын орны ерекше.

Музыка — жасөспірімге дүниені жан-жақты танып-білуге көмектеседі, баланың ойына азық беріп, кеңінен және әдеттен тыс ойлауға үйретеді, халықтың рухани мәдениетіне жақындастыра отырып, патриотизм сезімін тәрбиелеп, адамгершілік және азаматтық белсенділігін оятады. Сөйтіп, осының нәтижесінде қоғам үшін қажетті жеке адамның үйлесімді дамуына жәрдемдеседі.

Өнерді, оның ішінде, атап айтқанда музыканы мектепке “ендіру” процесі бірнеше бағыттар бойынша жүреді. Қоғамның барған сайын өсе түскен мәдени сұранысы мен талаптары, мектептің жаңа реформасының қабылдануы мектепте ұлттық өнерді, соның ішінде ұлттық музыка мұрасын меңгерту туралы мәселені қоюдың және сол арқылы тәрбиеге нәтижелі ықпал етуге мүмкіндігін тудырады.

Музыка тілі — өнердің басқа салаларымен салыстырғанда күрделі тіл. Музыка айтылатын ой мен оқиға сазды дыбыстар арқылы береді, осыған байланысты музыканы қабылдауды оқушылардың бойында қалыптастыру елеулі қиындықтар тудырып, жан-жақты ойластыруды қажет етеді. Музыка өнерінің ерекшелігі – адамның жан дүниесіндегі сөз бен тіл жеткізіп алмайтын құбылыстарды, сезімді дыбыс арқылы беруге мүмкіндік тудыруында.

Қазақстанда ұлттық музыка өнерінің дәстүрін зерттеп жалғастырушы композиторлар А.Жұбанов, М.Төлебаев, А.Затаевич, Е.Рахмадиев, С.Мұхамеджанов, т.б.

Композиторлардың шығармаларындағы ұлттық музыка өнері адамның қиялына қанат бітіріп, ойлау қабілетін дамытады, туған елін, жерін сүюге, мәдениетін, әдебиетін, өнерін эстетикалық тұрғыда қабылдап сезіне білуге үйретеді, имандылық, ізеттілік, парасаттылық тәрізді қасиеттерге тәрбиелеп, рухани азығын молайтады. 

Бүгінгі қоғам құрылысының аса маңызды мәселелерін шешуде мектептің оқу — тәрбие үдерісін адамзаттың бүкіл тарих бойы жинақтаған білімі, тәжірибесі мен өнерін меңгерту арқылы жетілдіру, халық педагогикасының тәрбиелік мазмұнымен таныстыру қажеттігі туындап отыр.

Музыка құндылығын сақтау және оны ұрпаққа жеткізу, балаларды ұлттық игіліктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып оқыту, тәрбиелеу, оның жан-жақты дамуына мүмкіншілік жасау -жалпы білім беретін мектептің негізгі мақсаты болып отыр.

         Қазақстан Республикасындағы барлық білім беретін ұлттық мектептерге арналған ортақ тұжырымдама жасалды. Ол тұжырымдамада мектепті жаңартудың көкейкесті бағдарламаларын (оны ұлттық және дүниежүзілік өркениеттің диалектикалық бірлігін сақтай отырып дамытуға, ізгілендіруге), сондай-ақ мектептің ұлттық мәдени жасампаздық қызметін қалпына келтіруге негізделген.

Музыка аспабына үйрету сабағы білімгерлерге жеңіл музыка шығармаларын өздігінен талдап, үйреніп, оны орындап беруге дағдырландыруы керек. Мұндай, өздігінен үйренетін материалды бастауыш мектеп оқушыларына  арналған оқу құралындағы әндерді алуға болады. Музыка сабағына жұмыс жоспарын жасағанда кейбір ерекше жақсы үлгеруші оқушымен жоғарлатылған, яғни қосымша материал өтуіне де болады.

Уақыт озған сайын тәрбие беру, білім беру реформалары қоғамның дамуына қарай үнемі жаңғырып отырады.

Жалпы білім беретін қазақ орта мектебінде жүргізілетін өнер сабақтары қоғамда болып жатқан құбылысты, жаңа ойды бала санасына басқа сабақтардан бұрын жеткізуші болып табылады. Өйткені өнер-өмір шындығы. Өмір шындығы мектеп табалдырығын аттаған балаға білім беру, тәрбиелеуде жан-жақты қарастырылады. Сондықтан музыка сабағының әдіс-тәсілдері үнемі жылма-жыл өзгеріп, бала тәрбиесі ісіне жаңа нышандар жаңа бағдарламалар тудырады.

Мысал ретінде 1 сынып оқушыларына өтілетін мына сабақты ұсынамын:
Пәні: Музыка

Сынып: 1
Сабақтың тақырыбы: «Музыкалық көңіл күй», «Дыбыс әлеміне саяхат» модулінің сабақ жоспары.

Сабақтың мақсаты: балаларды «Музыкалық көңіл күй» өнеріне баулудың бірден-бір жолы – олардың бойларындағы қасиеттерін түсіну, сезіну қабілеттерін байқау, музыканы қабылдай білуге тәрбиелеу. 

Көрнекі құралдар: CD диск, музыкалық аспап, суреттер, ноталар

Сабақ түрі: аралас сабақ

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен сәлемдесіп, сабағымызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен бастаймыз.

ІІ. Өткен сабақты қайталау

Музыканы орындау ережесімен түсіндіремін.

– Ал, енді балалар, ән айту ережесін тыңдаймыз.

Әнді дұрыс айту үшін музыканы зейін қойып, тыңдау керек. Әнді бастар алдында, асықпай ішіңнен дем ал, сөздің ортасында дем алмау керек, әннің сөзіндегі дауысты және дауыссыз дыбыстарды анық, түсінікті етіп айт. Даусыңды әдемі әрі жеңіл шығаруға тырыс, әнді мұғалімнің қолының қимылына қарап, бірдей бастап бірдей аяқта. Ал енді, алдымыздағы ЭО-тың «Мен әнді әдемі айтамын» модулін ашып, «Біз көңілді ұланбыз» әнін тыңдаймыз. Тыңдамас бұрын, оқушыларға сұрақ қоямын.

– Балалар, біз бүгін әдеміміз бе? Музыка бізге қажет пе? Музыкасыз өмір сүре аламыз ба? Мүмкін музыканың да көңіл күйі бар шығар. 

ІІІ. Жаңа сабақ

Музыканың көңіл күй модулін түсіндіремін.

«Музыкалық көңіл-күй» модулі. Ән тыңдау мәдениетіне бірінші күннен бастап, үлкен мән беріп қараймын. Ән тыңдағандағы сабақтың мақсаты, оқушылар көңілді қуанышты сезімде қалу керек. Балаларды әдемілікке, көңіл күйін көтеруге тырысамын. Магнитофон арқылы әнді тыңдатамын. Ал енді, 
– Ән сендерге ұнады ма?

– Ән қаншалықты әсер етті? деген сұрақтармен жалғастырамын. Сабақ қызықты, көтеріңкі күйде өту үшін, мұғалімнің шеберлігі қажет. Дұрыс сұрақ қоя білу, іздену, ойлану, әр түрлі жағдайлар тудыру, нотамен ән айтқызу оқушылардың шығармашылық ой-өрістерін дамытады. Сабақты тағы да сұрақтар арқылы жалғастырамын. 

– Әнді айтқан адамды кім деп атаймыз? (орындаушы)

– Орындалған әнді кім тыңдайды? (біз тыңдаймыз).

Ал, енді ЭО-тың «Тыңдаймыз» модулі бойынша Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа» күйін тыңдамас бұрын, оқушыларға композитор, шебер күйші, Құрманғазы Сағырбайұлының өмірімен таныстыра отырып, суретін көрсетемін.

Күйші Атырау жерінде дүниеге келген. Оның өнердегі алғашқы ұстазы – Ұзақ күйші. Ұлы күйшінің бүкіл өмірі әлеуметтік-әділетсіздік пен қанаушылыққа, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолында өтті. Еркіндік іздеген халықтың өршіл ойын, аяулы арманын, жеңілмес образын суреттейтін «Сарыарқа» күйі осы кезеңде туды. Оқушыларға жалпы күй мағынасын түсіндіремін. Күй – домбырада және басқа да халық аспаптарында орындалатын музыкалық шығарма. Біздің республикамызда мемелекеттік халық ұлт аспаптар оркестрі Құрманғазы есімімен аталатынын білеміз. 
«Тыңдаймыз» модулінен «Сарыарқа» күйі беріледі. 

– Күйді тыңдай отырып, көз алдымызға нені елестетуге болады? 

– Күй тыңдағанда қандай әсер алдыңдар?

– Күй бізге не айтты?

– Күйдің мінезі қандай?

– Қандай музыкалық аспаптың даусын естідіңдер?

Күй туралы оқушылар өз ойларын айтып береді. Ал, енді балалар, «Ән айтайық» модулін ашып, «Біз көңілді ұланбыз» әнін орындайық. Әнді орындамас бұрын, әуенді басынан аяғына дейін зейін қойып тыңдап аламыз. Әнді есімізде сақтау үшін, оны ішімізден бірнеше рет қайталап отырамыз. Ән айтқан кезде орындау мәдениетіне көңіл аудару керек.

Біз көңілді ұланбыз, 

Ән шырқаймыз сайраңдап. 

Бақыт елде туғанбыз,

Жаз гүліндей жайраңдап. – 2 рет

Шынығамыз, ойнаймыз, 

Жас ұрпақты сабақтап. 

Жаз қызығын тойлаймыз, 

Жақсы оқимыз сабақты – 2 рет.

Осы тыңдаған әнімізді оқушылармен талдаймыз. Ән мазмұнын ашамыз. Біз көңілді ұлан екенімізді, біздің еліміз бақытты, сол үшін қуанып, ән саламыз, қарттарды құрметтейміз, бөбектерді қуантамыз, сабақты жақсы оқимыз. Бәріміз өнерліміз, музыка сабағын жақсы көреміз, «Өнерлі бала өрге жүзер» дегендей, бүгінгі сабағымызды аяқтайық. 

  1. Үйге тапсырма

Енді үй тапсырмасын алыңдар. Сұрақ арқылы тақырып беріледі, әр түрлі деңгейде орындап келесіңдер. 

  1. Қоршаған ортамен байланысты музыка тыңдау.
  2. Оқушының еркі бойынша сурет салу.
  3. Тыңдаған әнге өлең шығарып келу.
  4. Өз ойынан шығарма жазып келу.

Бұл жұмыстар оқушыларға күрделі музыкалық материалдармен танысып, үйренуіне көмектеседі. Репертуар идеялық- тәрбие жұмысын, педагогиканың және жалпы оқу мақсатына сай болып, білімгерлердің ән және музыка сабақтарынан алған білім мен дағдыларды онан да әрі кеңейтіп, өсіруге көмектесу керек.

1.2 Қазақтың ұлттық музыка өнерінің тәрбиелік ерекшеліктерін оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану мүмкіндіктері

Музыка тыңдау – сабақтың негiзi. Сабақта тыңдауға, дауыс жаттықтыруға, ән айтуға, ойнауға арналған шығармалардың барлығы алдымен тыңдалып талданады.

Жалпыға бiрдей бiлiм беретiн мектептегi музыка пәнiнiң мұғалiмi – музыканы оқыту арқылы оқушы бойында музыка мәдениетiн қалыптастырушы маман. Мұғалiм оқу мен тәрбие жұмыстарын мектептерде қойылатын талаптарды басшылыққа ала жүргiзедi. Ол музыка бағдарламасы бойынша сабақ жүргiзу барысында оқыту мен тәрбиелеудiң тиiмдi әдiсiн таңдап ала отырып, оқу жоспарын жүзеге асырады. Музыка тыңдатар алдында немесе тыңдатып, талдатып болғаннан кейiн оқушылар жауабын толықтыру ретiнде айтқан мұғалiмнiң қорытынды сөзi, сөйлеу тiлi төменгi сынып оқушыларына түсiнiктi, әрi тартымды болуы қажет. Шығарманы талдату барысында мұғалiмнiң музыкалық туындының мағынасына қарай сұрақтар құрай бiлу дағдысы да рөл атқарады. Дұрыс қойылған танымдық сұрақтар оқушыларды ойландырады, музыкалық шығарма хақында өз пiкiрiн айта бiлуге баулып, қиялын дамытады.

Оқушыларға музыкалық тәрбие беруде музыка мұғалiмiнiң алдына белгiлi мақсат пен мiндеттер қойылады. Музыка сабағында нақты мақсат қойылу арқылы музыкалық тәрбиенiң мiндеттерi жүзеге асырылады.

Бiрiншi мiндет – музықалық iс — әрекеттер  арқылы оқушының сезiмiн (эмоциясын) ояту. Оқушылардың сабақ үстiндегi iс-әрекетiнде эмоция өзiндiк бағыттаушы және реттеушi рөл атқарады.

Ол:

а)  музыкалық шығармалардың мазмұнын оқушылармен бiрге талдау;

ә)  музыкалық дидактикалық ойындар ұйымдастыру;

б)  тиiмдi әдiс-тәсiлдедi таңдай бiлу;

в) оқушылардың жас ерекшелiктерi мен музыкалық даму ерекшелiгiн ескере отырып, музыкалық шығарма талдау арқылы жүзеге асырылады.

  Екiншi мiндет – музыканы саналы түсiнуге баулу. Саналы түсiну үшiн белгiлi бiр деңгейде музыкалық бiлiм болуы қажет. Музыканы саналы түсiну:

а) музыканың көркемдiк құралдарының (екпiн, ырғақ, әуен,  дыбыс бояуы, дыбыс биiктiгi т.б.) музыкалық шығарма мазмұнын жасаудағы ерекшелiктерiн түсiндiру;

ә)  түрлi көрнекi құралдарды пайдалану;

б) ырғақты қимылдар жасау(нота биiктiгiн  көрсету, ырғақты қолмен  шапалақтап көрсету) арқылы меңгертiледi.

Үшiншi мiндет – музыкалық шығарманы өз шама-шарқынша орындауға үйрету барысында орындаушылық дағдыларды меңгерту.

Бұл:

а) шығарманы тыңдап, талдай бiлу дағдысын қалыптастыру;

ә) музыкадан алған әсерiне байланысты сурет салдыру;

б) тақырыптар ойластыруға үйрету;

в) күйлерден шағын үзiндiлерге қысқа қайырымдар орындату арқылы жүзеге асырылады.

Бұл мақсат – мiндеттер қазақ халық аспаптық музыкасын тыңдату барысында оқушылардың алған бiлiм мазмұны қарапайымнан күрделiге бiртiндеп өту, бiрiздiлiк, түсiнiктiлiк, жас ерекшелiгiн ескеру және т.б. тәрiздi дидактикалық принциптердi басшылыққа алу арқылы жүзеге асырылады.

Оқушының I-IV сыныптарда “Музыка тыңдау” барысында қазақ халық аспаптық музыкасының алған бiлiм мазмұны.

Балалар бiрiншi сыныпта алғаш рет “күй”, “күйшi-композитор” ұғымымен танысып, әрi қарай бiлiмiн бiрте-бiрте кеңейте түседi. Оркестр және жеке халық аспаттарымен танысып шығады. Мәселен, домбыра аспабының құрылысы, дыбыс бояуы жөнiнде мағлұмат алады. Әрбiр аспаптың (домбыра, жетiген, қобыз, сыбызғы т.б.) шығуына байланысты аңыздар мен қызықты оқиғалармен хабардар болады.

Екiншi сыныпта оқушылар күйлердi ойнау әдiсi бойынша ажырататын болады, яғни күйшiлiк мектептермен (шертпе күй, төкпе күй) танысады. Құрманғазы, Тәттiмбет, Қазанғап, Қорқыт, Дәулеткерей тәрiздi iрi күйшi-композиторлар өмiрi және шығармашылығымен таныс болады. Сонымен қатар күйлердiң жiктемесi (классификациясы) жөнiнде кеңiрек түсiнiк алады (төрт- түлiк малға арналған күйлер, табиғатқа арналған күйлер, арнау күйлер, әлеуметтiк теңсiздiк күйлер, жоқтау күйлер, тарихи күйлер, аңыз күйлер, тартыс күйлер т.б.). Көлемдi эпикалық күйлермен толық танысып шығады.

Үшiншi сынып күйлердiң ең қиын түрi – тартыс күйi өнерiмен танысатын болады. Тартыс күй түрлерi, халыққа кең тараған iрi күйшiлердiң жанрдағы шығармаларын тыңдап, олардың шығу тарихын естидi.

Төртiншi сыныпта оқушылар Қазақстан композиторларының  туындыларымен танысып дәстүрлi күй өнерiнiң қазiргi композиторлардың шығармашылығына жол ашқанына көздерi жетедi. Мәселен, Е.Брусиловскийдiң “Сарыарқа” симфониясы, Ғ. Жұбанованың “Ақсақ құлан” симфониялық поэмасы, М.Маңғыстаевтың “Ақсақ құлан”  хор поэмасы,             М.Төлебаевтың “Бiржан-Сара” операсы тәрiздi күрделi шығармалардан өздерiне таныс күйлердi ажыратып, халық музыкасымен композиторлық өнерi музыка арасындағы жалғастықты байқайды.

Бастауыш сынып оқушыларына музыка (күй) тыңдату дәстүрлi  төрт саты бойынша жүргiзiлдi. Олар мыналар: мұғалiмнiң кiрiспе әңгiмесi, музыка тыңдау, музыканы  әңгiмелеу – талдау, музыканы қайта тыңдау.

Мұғалімнің кіріспе әңгімесі. Мұғалімнің әңгімесі қайткенде де оқушының тыңдайтын музыкаға қызығушылығын арттыратындай дәрежеде болуы шарт.  Мұғалім әр-түрлі мағлұмат беру арқылы оқушылардың музыкалық дүние -танымын кеңейте түседі.

Сабақта тыңдалатын музыка әртүрлі аспаптарда ойналады. Мұғалім музыка тыңдатар алдында аспапты сипаттап, ойналу ерекшелігіне тоқталса, суретін, мүмкіндігіне қарай аспаптың өзін көрсетсе, тыңдаған кезде оның үні оқушыға анағұрлым әсерлі болуы анық. Мысалы, сабақтың негізгі арқауы халықтың көне аспаптарымен таныстыру делік. Мұнда оқушылар қазақ халқының музыкалық аспаптарға бай екенін біліп, олардың әрқайсысының ерекшеліктері туралы түсінік алады. Бағдарламада халық аспаптары жіктеліп беріледі. Мұғалім бұл орайда халық тұрмыс — тіршілігінде музыка аспаптарының алған орны, олардың қызметі туралы әңгіме өткізеді. Шыңдауыл, дабыл, дудыға т.б. аспаптарды аңға шыққанда пайдаланса, асатаяқ түрлері бақсылардың адамды аурудан емдегенде қолданған болатын, ал сыбызғы аспабы малшылардың негізгі аспабы қызметін атқарғаны туралы сөз болады. Оқушылар осы арқылы аспаптың өзіндік ерекшелігіне қаныға түсумен қатар, олардың музыканың мазмұны мен сипатына әсер ететінiн  де аңғарады. Музыка тыңдатуда алға қойылған шығарманы қабылдауға тікелей ықпалын тигізеді. Шығарма мазмұнына оқушылар жете көңіл аудару үшін, мұғалімнің жаңа материалды меңгертуге бағыттайтын мақсатының айқын, дұрыс болуы шарт.

Музыка тыңдау. Музыка мұғалімнің орындауында немесе күй табақтан (таспа жазбаларынан) тыңдатылады. Ал  бастауыш сынып оқушыларына музыкалық шығарманы мұғалімнің өзінің орындап көрсеткені тиімді болып табылады. Шығармаларды әр түрлі аспапта ойнап көрсету, мәнерлі орындау балалардың шығарманы ойнауға деген ынтасын оятып, қызығушылығын арттырады.

Аспаптарда ойнауға мүмкіндік болмағанда немесе оркестрдің орындауындағы күрделі шығармаларды тыңдау үшін күйтабақ пайдаланылады. Күрделі шығармалардан үзінді орындағанда ұлт аспаптары оркестрінің құрамындағы сан қырлы аспаптардың бояуын ешқандай да орындау ауыстыра алмайды. Симфония,  опера хор-поэма  кантата, сюитадан т.б. үзінділерді күйтабақтан тыңдатқанда ғана сабақ мақсатына жетеді.

Музыканы әңгімелеу – талдау. Шығарманы (күйді) тыңдап болғаннан кейін берілетін, оның мазмұнын түсінуге бағытталған сұрақтар жүйесін сабақтан бұрын жан-жақты ойластырып алу қажет. Бұл мәселеде мұғалім белгілі бір оқу материалын талдау арқылы оқушыларға нені меңгертетінін алдын ала анықтайды. Сұрақтар мүмкіндігінше анық, қысқа, нақты болғаны жөн. Мұғалім көптеген сұрақтарды нақты мәселеге бағыттап, қажетті жауапты ала алатындай түрлендіріп дайындауы қажет. Талдау кезінде мұғалім оқушылардың белсенділігін арттыра отырып, дұрыс жауапқа бағыттау арқылы оларды жалпы нәрседен  ең  бастысын қорытындылай білуге үйретеді.

Музыканы қайтара тыңдау (пысықтау, бекіту). Музыканы бір тыңдатып болғаннан кейін, оқушылардың жауабын толықтыра түсу үшін мұғалім музыканы қайта тыңдатады. Шығарма толығынан басынан аяғына дейін тағы тыңдатылады. Ол негізінен баланың музыкалық шығарманы есінде ұзақ сақтап қалуы және оның басқа шығармалардан айырмасын түсіне білу мақсатында жасалады. Шығарманы алғаш тыңдату кезінде түсінуге ыңғайлы болу үшін,  кейде тоқтатып, түсінбеген жерлерін қайта тыңдатады. Ал қайта тыңдау барысында оқушылар шығармамен толық танысады. Бұл материалды пысықтау мен бекіту міндетін атқарады.

Музыканы оқытудың негізгі формасы — сабақтық жүйеге негізделеді. Ол оқушыларды жас шамасына қарай топтап, белгілі бір уақыт көлемінде оқу-тәрбие процесінің негізгі талаптарын жүзеге асыруды көздейді.

Оқушылардың музыкалық ой-өрісін кеңейту үшін, олар радиохабарлар, теле-хабарлар мен концерт тыңдау, музей және сурет көрмелеріне барып, артынан оны талқылап, білімгерлерге өз пікірін айтқызу жұмысын кеңінен ұйымдастыру керек. Оқушылар ең бірінші домбыраны үйренгенде оны сазына келтіріп бұрауды бірінші жолға қою керек. Нота мен жазылған жеңіл ән-күйлерді фразаларды тартып, «Тремоло» қағысын шығару: «тремоло» қағысымен дыбысты «форте»- қатты тартқанда дыбыстың шығуы анық және толық немесе «пиано»-жәй тартқанда дыбыстың шығу күшін таза шығаруға дағдыландыру керек. Әндер домбыраға тартып және дауыстап айта білу керек. Бастауыш мектептің 1-4 сынып репертуарынан нотамен жазылған әндерді домбыраға тартып және дауыстап айта білу керек.

Сабақтың дұрыс ұйымдастырылуы — оның нәтижелі болуының алғы шарты.

Ән-күй сабағының мұғалімі әр сабаққа жоспарлы түрде дайындалғаны дұрыс. Көрсетілген бөлімдердің орын тәртібін сабақ сайын алмастырып отыру пайдалы. Сабақ барысын шамамен уақытын көрсетіп, былайша жоспарланған дұрыс:

  1. Өткен сабақты қайталау (тыңдатылған музыкалық шығармаларды естеріне салу: композиторларды, шығармалар аттарын, аспап т.б.);
  2. Жаңа тақырып (жаңадан тыңдатылған музыка жөнінде қысқаша мағлұмат: күйдің мектебі, ерекшеліктері, авторы, шығу тарихы т.б. Сонымен қатар өткен сабақтарда өтілген музыкалық шығармалармен салыстыру, ортақтығын немесе айырмасын, өзіндік ерекшеліктерін ажырату);
  3. Өтіліп отырған тақырыпты пысықтау (сабақ барысында өтілген жаңа тақырып бойынша негізгі жерлеріне көңіл аудару, пысықтау);
  4. Тапсырма (үй жұмысын тапсыру: тыңдалған музыкаға суреттер салу, шағын әңгіме жазып әкелу т.б.).

Сабақта ұйымдастырылатын негізгі бөлімдерге өзара байланысты музыкалық іс-әрекеттер (музыкалық шығармашылық, музыкалық тапсырмалар, ырғақты қимылдар) мен сауаттылық бөлімі кіреді.

Музыка сабағында тыңдауға арналған аспаптық  музыка  шығармаларының құрылымдық  мазмұны төмендегідей:

Тақырыбы: “Қазақ күйлерiндегi табиғат көрiнiсi”.

Мақсаты: оқушыларды жас шамасына сай, қазақ күйлерiнiң және бейнелеу өнерiнiң әсемдiгiн көре бiлуге, оны қабылдап, қызығушылығын қалыптастыруға және халқымыздың бай мұрасын бағалауға үйрету.

  Дайындық кезеңi:

  1. Балалармен бiрге бөлме iшiн безендiру, көрме жарысын ұйымдастыру.
  2. Әңгiмелесуге қажеттi көрнекi материалды (суреттердiң репродукциялары, көркем открыткалар, слайдтар) сұрыптау: М.Кенбаевтың “Сарыарқа”, С.Романовтың “Сары дала”, “Жайлаудағы жылқылар”, П.М. Крушиннiң “Жаңа қоныс”, “Шопанның бағды тiрлiгi”, Ә.Қастеевтiң “Жайлау”, “Жайлаудағы табын” картиналары.
  3. Күйтабақтан және таспа жазбалардан күйлердi сұрыптау: Құрманғазының “Сарыарқа”, Тәттiмбеттiң “Саржайлау”, қазақ халық күйi “Алатау”, Қазанғаптың “Торы жорға аттың бөгелек қағуы”, Н.Тiлендиевтiң “Көш керуен” күйлерi.
  4. Халық мақал – мәтелдерi, атақты адамдардың нақыл сөздерi жазылған плакат жазбаларын даярлау: “Күй-шежiре”, “Күй – жанды сөз”, “Ата өнерi – балаға өнеге”.
  5. Құрманғазының, Тәттiмбеттiң, Қазанғаптың, Н.Тiлендиевтiң, Ә.Қастеевтың, С.Романовтың, Әжиевтiң портреттерiн сұрыптау.

Өткiзу (жоспар — конспект)

Жүргiзушiнiң кiрiспе сөзi (тезис)

Күй – халқымыздың қымбат рухани мұрасы, музыкалық тарихы. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы белгiлi бiр музыкалық сауаты болмаса да, музыка тiлiн, оның әсем бояуларын, айтылар ойын жазбай түсiне бiлген.

“Ақылдының сөзiндей ойлы күйдi,

Тыңдағанда көңiлдiң өсерi бар”, — деп Абай айтқандай, күйдiң мазмұнына терең бойлап, тiлдесе алған.

Қазақ күйлерiнiң iшiнде табиғат көрiнiстерi бейнеленген күйлер ерекше орын алады. Туған жерiмiздiң ғажайып сұлулығын қаншама ақын-жыршыларымыз бен күйшi-композиторларымыз суреттеп, жырлады. Табиғатқа арнап күй шығармаған күйшiлер кемде-кем шығар. Әрбiр күйдi тыңдағанда табиғаттың түрлi көрiнiстерi көз алдыға келедi.

Күйтабақтан Тәттiмбеттiң “Саржайлау” күйi тыңдалады. Оның сазынан қазақ сахарасының әсем табиғаты, алыстан мұнартқан тауы, сылдырап аққан бұлақ үнi, жолмен тербелген қайың сыбдыры, көлге қонған аққуы сұңқылдап тұрғандай сезiледi.

Күйшi-композиторларымыз тәрiздi суретшiлерiмiз де туындыралы арқылы өз үнiн, өзiндiң қолтаңбасын таныта бiлдi. Туған табиғаттың қайталанбас көркемдiгiн қаз – қалпында қағаз бетiне қондыруға тырысты.

Экранда – С.Романовтың “Сары дала” “Жайлаудағы жылқылар”, “Жайылымдағы жылқылар” картиналары.

Жайлау көрiнiсiн бейнелеу — суретшiлерiмiздiң ең сүйiктi тақырыбы. Белгiлi қылқалам шеберi Ә.Қастеевтiң туындыларында күннiң шығуы, батуы сияқты табиғат көрiнiстерi өте шебер бейнеленген. Күн әрқашанда ашық, жарқын, мөлдiр болып келедi. Алыстан түпкiрдегi көзге шалынатын нәрселердiң өзi анық көрiнедi.

Экранда — Ә.Қастеевтың “Жайлау”, “Жайлаудағы табын” картинасы.

Келесi көрсетiлетiн — жұмыс белгiлi қазақ суретшiсi Әжиевтiң ”Биiк тау жайлауынан”, “Асы жайлауы” картиналары. Бiрiншi пейзажда белгiлi, нақтылы өңiр бейнеленген. (Күй табақтан осы мезгiлде халық күйi «Алатау» естiледi.) Шуақты шағын алаңқай көгiлдiр таулармен көмкерiлген. Тау сiлемдерiнiң арасынан қар басқан асқар шыңдар ағарады. Бар назарды қой отары мен киiз үйге аудару үшiн үлгерi жақ болар-болмас қана нұсқалаған.

Екiншi пейзажда сәл басқаша, образды оқудың еркiндiгi, табиғилығы, түстер үйлесiмiнiң жеңiлдiгi соншалық – ауа бiресе қоюланып, бiресе сұйылып барып, бейнелердiң сұлбасын құрайтындай.

Күйтабақтан Қазанғаптың “Торы жорға аттың бөгелек қағуы” күйi тыңдалады. Тау жоталары шеңберлеген осы шағын көгiлдiр алаңқайдан күмiс түстi шөп пен алтындай құлпырған жер бетiн елестетемiз.  Күйдiң суреттеу мүмкiндiгiнiң зор екенiн осы шығармадан да көруге болады. Келесi күйдi тыңдағанда, тiптi алғашқы дыбысын естiген сәтте-ақ қазақ даласының лебi  аңқығандай ғажайып әсер аласың.       Күйтабақтан Н.Тiлендиевтiң “Көш керуен” күйi естiледi. Тiршiлiгiнiң негiзгi көзi төрт-түлiк мал болған халқымыздың көшпелi тұрмысы, қыс-қыстауға, жаз жайлауға көшкендегi сайын дала төсiндегi керуен легi ерiксiз көз алдыңа келедi.

Бұл орайда П.Крушиннiң “Жаңа қоныс”, “Шопанның бағды тiрлiгi” сериалары күйден алған әсерлердi толықтыра түседi.

Экранда С.Романовтың “Сары дала” картинасы. Осы кезде күйтабақтан Құрманғазының   “Сарыарқа” күйi естiледi:

                            “Қағылды кейде бiр күй дабылдай боп,

                            Бұрқырап кеттi түтеп дауылдай боп.

                            Әлде күш, әлде дауыл, әлде ат шапқан,

                            Әйтеуiр, қырдан көшкен сарындай боп.”

“Сарыарқа” күйi сары алтындай кең даланың көркем суретiн ғана бейнелемейдi, сонымен   қатар ол  — еркiндiк аңсаған қазақ халқының жан сыры, бiтiм – тұлғасы, мінезі, сол халақтың аузынан шыққан “жеңiс жыры” iспеттес  “Сарыарқа ” күйiнiң тепсе темiр үзетiн қуаты, алай-дүлей атшабыс, жорықты суреттейтiн динамиксы шын мәнiнде жалпы халықтың ат қойған жорығы, шабуылы, еркiндiк үшiн аттанысы сияқты.

Сабақ қызықты, көтеріңкі күйде өту үшін, мұғалімнің шеберлігі қажет. Дұрыс сұрақ қоя білу, іздену, ойлану, әр түрлі жағдайлар тудыру, нотамен ән айтқызу оқушылардың шығармашылық ой-өрістерін дамытады.

2 Тарау. Музыка өнерінің тәрбиелік ерекшеліктерін қазақтың ұлттық музыка өнері арқылы оқушыларға тәрбие берудің педагогикалық негіздері

2.1 Музыкалық тәрбие — бұл музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу

Бастауыш сынып оқушыларына музыкалық эстетикалық тәрбиесін жетілдіру мақсатында күйді пайдаланудың тиімді әдістері қарастырылды. Қазақ күйлерінің ерекшеліктері, көркемдік бейнелері арқылы, олардың эстетикалық талғамдары мен сезімдерін жетілдіру, жалпы өнер атаулымен үнемі қарым-қатынаста болу қажеттілігін, бейімділігін дамытуды қамтитын міндеттерді жүзеге асыруды көздейді.

Күйдің балаларға берер әсері мол екенін біз практика жүзінде байқаған болатынбыз.

Тәрбиенің пәрменділігі мектептің балаға мінез-құлықтың пайдалы дағдылары мен әдеттерін қалыптастыру туралы қаншалықты қамқорлық жасауына байланысты. Ал оған музыка сабағы бірден-бір негіз бола алады. Соның ішінде күйді бастауыш сынып оқушыларына тындатуда, түсіндіруде әрине, оларды қызықтыра отырып тәрбиелеу маңызды орын алады. Халқымызда күй тындаудың қалыптасқан дәстүрі болған, яғни тыңдаушы күйдің саз сарынын, әуендік табиғатын, құрылыс-бітімін саралай білген. Қазақ күйлері өзінің төл тыңдаушыларын ең алдымен дыбыстың тілімен баурайды. Күй түсінетін тыңдаушы сол күй өзегіндегі ойға орай алуан түрлі сезім мен әсерге бөленеді.

Осыдан біздер бастауыш сынып оқушыларының көңіл-күйінде, бойында пайда болған сезім баланың санасына көп жағдайда ықпал жасайды деп тұжырымдаймыз.

Сана-объективті шындықты идеалды түрде бейнелеудің ең жоғарғы формасы. Педагогикалық тұрғыдан дұрыс ойластырылған баланың күнделікті өмірінде әсері бар күйлерді тыңдату, тәрбиені қалыптастырудың неғұрлым тиімді жолы болып табылады. Мұның бәрі оқушыларға идеялық-саяси, адамгершілік, эмоциялық-эстетикалық тәрбие беруге жәрдемдесумен қатар, олардың жан-жақты музыкалық қабылдауын, музыкалық творчестволық қабілеттерін дамыту міндеттерін алға қояды. В.А. Сухамлинскийдің: «Егер сәби шақта музыкалық шығарманың әсемдігін жүрекке жеткізе білсек, егер дыбыстардан бала адам сезімінің сан қырлы реңкін сезіне білсе, ол мәдениеттің ешқандай құралдар мен жетуге болмайтын сатысына көтеріледі»… Музыкалық тәрбие — бұл музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу»,  деуінде үлкен маңызды шындық жатыр.

Дегенмен қандай музыкалық шығарма болмасын оның адам жанына әсері мол, эстетикалық талғамын дамытады, ойын байытады. Сайып келгенде, музыкалық шығарманың қандайы болмасын автордың өз тындаушысына айтайын деген түпкі ойын жеткізеді. Тыңдаушы сол музыка арқылы ой түйеді, қиялын дамытады, дүние сұлулығын сезінеді. «Талант деген табиғатқа жақындау»- деп Л.Толстой айтқандай, музыка қаншама талантты болса, табиғат құдіретін адам жанына соншама жақындата түседі.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тындағанда көңілдің әсері бар, — деп данышпан Абай айтқандай, күй оқушыларды халық мәдениетіне баулудың тәрбиелік құралы болып табылады. Сондықтан да аспаптық музыка ұлттық музыка мәдениетінен ерекше орын алады.

Ата-бабаларымыз ән-күйді киелі, қасиетті, рухани азық деп түсінді. Оны көздің қарашығындай сақтады. Ауызша жаттап, қолма-қол үйреніп, ұстаздан  шәкіртке, атадан балаға мұрагерлік жолмен қалдырып отырды.

Оқушылардың бойында жалпы адамзаттық қалыптармен гуманистік, моральдық (қайырымдылық, ізгілік, өзара түсінушілік, ізеттілік, кішіпейілділік, адалдық және т.б.) тәрізді жасампаз қасиеттерді сіңіріп, олардың өзара қарым-қатынас мәдениеті мен зерделік-танымдық қасиеттерін дамытуға ерекше мән беруіміз керек. Жалпы адамзатқа тән ізгілік қасиеттер өз әке-шешесін, ауылын, отанын сүюден, ұлттық өнер мен мәдениетке осы музыка сабағы арқылы күй — халық мәдениетіне баулудың бірден-бір құралы. Қазіргі таңда музыка өнерінің түрлерін, олардың әрқайсысының жалпы ерекшеліктерін жаңаша технологияға салу — бүгінгі күн талабы. Музыкалық білімді жүйелі түрде дамыту барысында ұлттық сана иірімдері айқындала түсуде.

Тәуелсіздік шарапатымен мектеп бағдарламаларына еркіндік берілді. Соның арқасында мектептерде музыка тарихына жете назар аударылып, оқушының музыка жөніндегі тірек білімдеріне нақты кәсіптік білім талаптарын қойып отыр. Мысалы, музыка тілінің құралдары (нотаны меңгеру, дыбыстық жүйе, метроритм, ырғақ, қарқын, динамика, тембр т.б.) бөлініп, өмірбаяндық мағұлматтар, жекелеген авторлық шығармалардың туу тарихы, шебер орындаушылардың музыкалық шығарма мазмұнына өзіндік стиль, мәнер қосу жақтары таңдатылып үйретілуде.

Осылардың қай-қайсысында да әрдайым ескеретін мәселе — бала білімін музыкалық педагогика тұрғысын бағалап отыру, жинақтап көрсету, ол білімнің баланың жеке басының қалыптасуына, адамгершілік сипаттарының көрініс беруіне әсер ететінін ғылыми дәлелдермен түсіндіру.

Оқушының музыканы дұрыс қабылдау қабілеті бастауыш оқыту сатысында қалыптасады.

Үздіксіз шығармашылық оқу әрекеттері нәтижесінде оқушылардың музыка қабылдаулары дамытылады. Бұл қабілеттің баланың музыкалық білімді   меңгерумен ұштастырылуы, белгілі  бір аспапта шығарма орындауға үйрету, әнді, күйді жай тыңдамай, түсіне кабылдауы, салмақты музыка мұраларын сезінуі оқушылардың бәріне бірдей тән еместігі проблемалық сұрақтарды туындатып отыр. Музыка өнерінің көрнекті зерттеушісі, әйгілі сазгер Д.Б.Кабалевский «Балалар музыканы нақ мәнінде қабылдап, ол туралы терең ойға беріле алғанда ғана ол өзінің эстетикалық-танымдық және тәрбиелік ролін атқара алады» деп айтқан.

2.2 Аспаптық музыканың тәрбиелік сипаты 

Музыка аспаптарына үйрету сабағы музыка сауаты мен ән үйрену сабағы методикасы сабақтары мен тығыз байланысты жүргізіледі. Білімгер музыка аспаптарын ойнауды меңгере жүріп, бірте-бірте музыканың нәзік мәнерлігі мен тілін терең ұғып, түсінетін болады. Өтілетін репертуар қазақ композиторларының шығармалары қазақтың халық әндері мен күйлері және ішінара батыс класиктері композиторларының  шығармаларынан құралады. Музыка мұғалімі сабақтан ән немесе музыка аспаптарына, арналған музыка шығармаларын орындалғанда оны мазмұнына байланысты мәнерлі, түсініп, ал әннің сөздерін дәл анық айтқызу, оның жоғары сатыда орындалу жағын бақылау керек.

Оқушылар берілген ән немесе музыка шығармаларын жаттап алып, оны техникалық жағынан дұрыс орындап берумен қатар, шығарманың идеялық мазмұнын, оның авторларын және олардың тұрған дәуірін білулері керек. Оқушыларға әнді музыка аспабына қосылып айтуға және хорға немесе жеке әншіге әнді бастату кезеңін көрсете білетін етіп үйрету керек.

Сонымен оқушыларды аспаптық музыка негізінде оқытудың мәселесін қарастыра отырып, біріншіден жалпы аспаптық музыкаға деген қызығушылығын арттыру тәсіліне көңіл бөлінеді.

Педагогика ғылымының тарихымен мектептің қалыптасу кезеңдеріне тоқталар болсақ, белгілі педагогтар оқу тәжірибе ісінде қызығушылықпен оқытуға үлкен мән берді. Мысалы, Жан-Жак Руссо оқыту процесінде қызығушылыққа көп көңіл бөле отырып, “оқушының кез-келген материалына қызығушылығы болса, оны тез әрі қарай меңгеріп кете алады», — деді. Я.А.Каменский еңбектерінде танымдық қызығушылықтың маңызын айқындайды, оқуға, білімге, қызығушылықты арттыруда оқу материалының тиімділігін атап көрсетті. К.Д.Ушинский педагогтардың ой-пікірлерін қолдай келе “Ешбір қызығушылықсыз, тек мәжбүр ету арқылы жүргізілген оқу қажетсіз, ол оқушы бойындағы білімге деген құштарлығын жойып жібереді», — деп жазды.

Айталық XVII ғасырда француз сенсуалистері мен материалистері Гербарт, Кондильяк, Гельведций психология ғылымында, қызығушылықтың ұғымын пайдалана отырып, қызығу-педагогиканың ең негізгі ұғымы деген тұжырым жасады.

Белгілі психологтар С.А.Ананьин, М.Р.Беляев, Л.И.Божович, СЛ.Рубинштейн, В.Н.Мясинщев т.б. ғалымдар «қызығу» ұғымына өздерінің түрлі көзқарастарын білдіре отырып, «қызығушылық» — жеке адамның белгілі бір бағыттылығы деген ортақ пікірге келеді.

Педагог, музыкант Б.Асафьев «Музыка сабағындағы болып жатқан әрекеттерге эмоциялық қатынасын дамытудың ең негізгісі — оларды қызықтыра білу» — деді. Ал Д.Кабеловский «Музыкаға деген қызығушылық, музыкамен әуестену, ұнату да оны ғажайып сұлулығын түсіну үшін қажетті шарт. Сонда ғана ол өзінің тәрбиелік және танымдық ролін атқара алатын болады. Ал музыкаға қызықпаған, онымен айналыспаған, оны ұнатпаған адамға білім және тәрбие берем деу сәтсіздікке ұшыратпай қоймайды». Бұдан шығатын корытынды: балалардың музыкалық аспапқа қызығу сезімін оятпай, олармен музыкалық сабақ өткіземін деу бос әурешілік. Ал музыкалық аспапты ұнату, оған қызығу сезімдері арқылы балаларға музыкалық аспаптың нағыз көркем үлгілерін, шығу тарихын, әр аспаптардың ерекшеліктерін, ойнау тәсілдерін педагогикалық негізде түсіндіру қажет.

  Аспаптық музыкаға деген қызығушылық жалпы білім беретін мектептерде ән-күй пәні және сыныптан тыс жұмыстар барысында да мүғалімдердің мақсатты, жүйелі басшылығымен жүзеге асады. Бұл жерде, әлбетте, басты рольді жеке тұлғаның өзіндік қызығушылығы арқылы атқарады. Сөйтіп, жалпы аспаптық музыка өнеріне деген дұрыс көзқарастың қалыптасуына негіз болады.

Ал өскелең ұрпаққа аспаптық музыканың тәрбиелік сипатын саралау орасан зор роль атқаратыны белгілі. Қазақстанда аспаптық музыканың дамуы халықтың көп ғасырлық тарихымен оның тұрмыс-салтымен, мәдениетімен тығыз ұштасқан. Мәселен бір ғана қазақ халқының ұлттық аспаптары халық бұқарасының рухани творчествосының бағалы нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар интернационалдық аспаптық музыканың тәрбиедегі қазіргі кезде әрбір халықтың мәдени және рухани мұрасына дұрыс көзқарасты қалыптастыру, оларды пайдалану жолдарын іздестіру ерекше мәнге ие болып отыр.

Жеткіншек ұрпаққа аспаптық музыка арқылы тәрбие беру мәселесі бойынша материалдар да бүгінгі мектептердің практикалық тәжірибесінде бар болғанына қарамастан, бұл проблеманың көптеген аспектілері Қазақстанда әлі де зерттелмегені құпия емес.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей аспаптық музыкаға окушылардың қызығушылығын қарастыра отырып оның эстетикалық тәрбиесіне, ұлттық ерекшеліктеріне, шығу тарихына және сол аспаптарды қолдана отырып, ұлттық ойлау және болмысын қалыптастыруына негіз болып отыр.

Жалпы музыканың тәрбиелік сипаты жөнінде шығыстың ұлы ойшылы, әмбебап ғалым Әл-Фараби «музыкалық әуендер жақсы мінез-құлық машықтарын, адамның қоғамдық мұраттарын қалыптастыруда елеулі роль атқарады және музыка мен ән адамды эстетикалық сезімдерді туғызу арқылы кісінің өзін-өзі тәрбиеленуіне, бойдағы нашар қасиеттен арылуына ықпал етеді» деп жазды. Аспапты музыкадан ерекше дыбыстарды есту арқылы белгілі бір әуен шығары сөзсіз. Оқушыларға аспапты музыканың ерекшелігін, әуеннің саздылығын, әсемділігін, екпінін, ырғақ мәнерін, бояуын түсініп, өз тарапынан қиялдау мен шығармашылық қабілетін көрсете білген жағдайда ғана аспап туралы сөз қозғауға болады.

Аспапты музыка өзіндік ерекшеліктерін бейнелей келе, белгілі композитор, академик А.К.Жұбанов: «Халық аспаптарының ішектерінде ғасырлар бойы даналық тұнып», — деген еді.

Ал үрмелі және ұрып ойналатын аспаптар туралы, қазақтың музыкалық аспаптарын зерттеуші Б.Сарыбаев «… бұл аспаптарды дабыл қағу үшін жорықтарға алып шығатын болған. Мұндай аспаптарға тән қасиеттерін қарастырар болсақ, ұрып ойналатын аспаптардың көлемі үлкен, даусы зор. Халық тұрмысында, сонау бағзы заманнан бері, қоңырау көлемі әр түрлі сақиналар және басқа металл заттар қолданылған. Қазақ бақсылары да өздері ем жасаған кезеңдерінде жынын алдырғандай болып ақыра-бақыра отырып, қоңыраулар мен сақина-шығыршықтарды қоса даңғырлатып, күңгірлететін болған. Оларды көбінесе музыкалық аспаптар даңғыраға, асатаяқ пен қылқобызға тағып алады екен».

Жоғарыда айтылған аспаптардан басқа, кейбір музыкалық аспаптар дәріптеліп жырға қосылып отырған. Оқушыларға музыкалық аспаптардың өзіндік қасиеті мен тәрбиелік сипатын ашып түсіндіру музыка сабағында аспаптарды қолдану арқылы іске асыруға болады. Осындай көне аспаптарды жинау ісінің таза танымдық тұғырымен бірге практикалық маңызы зор. Музыкалық аспаптардың шығу тарихы, оның өзіне тән ерекшеліктері туралы профессор Б.Ш.Сарыбаевтың еңбектерінде кеңінен баяндалған.

Үрмелі аспаптар — сыбызғы, қамыс сырнай, саз сырнай, үскірік тастауық, керней;

Ішекті аспаптар — жетіген, шертер, домбыра, қылқобыз;

Тілішікті аспап — шаңқобыз;

Ұрып ойналатын музыкалық аспаптар — дабыл, даңғыра, кепшік, дауылпаз, шыңдауыл, асатаяқ, қоңырау т.б.

Енді осы аспаптардың кейбіреулеріне сипаттама бере отырып, оқушыларды осы аспаптар туралы жазылған аңыз-әңгімелерді мысал ету арқылы, қызықтыра тәрбиелеуімізге болады.

Халық арасында көп тараған қазақтың ежелден келе жатқан сүйікті музыка аспабы — домбыра. Домбыраның мүмкіншілігі жөнінде Б.Сарыбаев былай дейді: «егер бұрынғы заманда көне аспаптар ән, жыр, ертегі-аңызды сүйемелдеу үшін ғана қолданса, енді домбыра жеке шығармалар орындауға арналып, күрделі аспаптар қатарына қосылды. Бармағынан бал тамған майталман домбырашылар, халық композиторлары Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Казанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан екен. Бұлар небір ғажайып күйді шығарған шын мәніндегі өнер иелері».

Қобыз — халқымыздың ерте заманнан келе жатқан ең көне аспаптарының бірі. Казақ халқының ежелден пайдаланып келе жатқан қобызы — қылқобыз. Қылқобыз деп аталатын себебі, оған екі қыл ішек тағады. Бұл аспап ата-бабаларымыздың әрідегі үніндей. Ол екі заманның сырын шертеді, алыс заман оқиғаларын қоңыр күйімен баяндайды. Қобыздың тарихы мен әдеби көне ескерткіште Қорқыт ата есімімен тікелей байланысты. Қорқыт халық ұғымында ел басына түскен ауыртпашылықты күні бұрын болжай білетін сәуегей, оның тағдырын ойлап, түн ұйқысын төрт бөлген замана шындығын қыл ішекті қобызда сөйлеткен асқан музыкант, халықтың басынан кешірген не түрлі тарихи кезеңін өлеңмен баяндаған жырау. Қобыздың аңыз күйлерімен оқушыларға түсінікті әрі қызықтыра білім беріп, олардың тыңдап, ести білу қабілеттерін жандандыру негізі көзделеді.

Қазақ халқының үрлеп ойнайтын музыкалық аспаптарының бірі-сыбызғы. Сыбызғыны, әсіресе, қойшылар мен малшылар қамыстан немесе қурайдан жасап алып ойнай білген. Орындалатын күйлердің мазмұны табиғатты, жан -жануарларды, құстарды, өзен-көлдерді суреттеуге арналған.

Казақ халқының ерте заманнан келе жатқан, шертіп ойнайтын көне музыкалық аспаптарының бірі — жетіген. Бұрауы жоқ, тегіс бетіне жеті ішек таққан. Тиек орнына жеті асық қойылған, құлақ күйін асықтарды ілгерілі-кейінді жылжыту арқылы келтіреді. Дыбыс ішектерді саусақтармен іліп-қағу арқылы шығады. Шанағы тұтас ағаштан ойылып жасалынады. Шектері аттың қылынан тағылады. Бұл туралы аңыз-әңгімелер халық арасында пайдаланып келеді.

Сырнай деп музыкалық аспаптардың бірнешеуін атаған. «Сырнай» деген сөз «сыр» және «най» деген екі сөзден тұрады. Қазақ тілінде «сыр» деген сөздің мағынасы, мысалы, сырласу, «сыр шерту» болса, «най» деп аспаптарды және кейбір түтік заттарды атаған екен. Сырнай ерте заманнан келе жатқан қазақтың үрмелі музыкалық асбабына жатады. Ол өзінің жасалған затына қарай, құрлысына қарай: саз сырнай, қамыс сырнай, мүйіз сырнай, қос сырнай немесе сырнай болып бөлінеді. Сырнайдың XIX ғасырдың ортасында қазақ жерінде тарай бастаған аты «гармоника», мұны «қағаз сырнай» деп атаған. Себебі дыбыс күштілігі, дауыс ырғағының әдемілігі саз сырнай мен үрлемелі сырнайға ұқсас.  Аспаптың қазақ жеріне кең таралуы оның тембірінің халық музыкасының үніне сәйкес келуі, әрі көшпелі халыққа алып жүруге ыңғайлы болған. Бүгінгі таңда осы сырнай аспабы музыка пәні сабағында оқушыларды сүйемелдеудің негізгі музыкалық аспабына айналды.

Жалпы өнер сүйер қауымның бірден-бір жиі меңгеріп, ойнап жүрген аспаптарының бірі — шаңқобыз. Ол көне музыкалық аспап. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, қазақ жеріне белгілі болған. Шаңқобыз темірден, ағаштан, кейде күмістен жасалатын, түрі уысқа сиғандай шағын ғана аспап. Оны ойнағанда тістің арасына апарып, тілшіге ерінді тигізбей, тіл мен көмекейдің қатысуымен ғажап үн шығарады. Тембрі әдемі, әрі нәзік аспап. Бұл аспапты көбінесе әйел адамдар ойнаған. Кейде орындаушылар саусақтарына қоңырау іліп алып та ойнаған екен.

Енді ұрып және сілкіп ойнайтын музыкалық аспаптар бүгінде мектеп оқушыларының сүйіп ойнайтын аспабына айналды.

Асатаяқ — бұрын көбінесе диуана-бақсылар қолданған. Оның бірнеше түрі бар. Басына бүршақ салып, металл сылдырмақтары басына ілінеді. Олар қоңыраулы, сақиналы асатаяқ болып бөлінеді. Олардың құрамына қарай үндері де өзгеше. Мысалы, алты қоңыраулы асатаяқтардың үні сыбызғының дыбыс қатарына сәйкес келеді.

Қоңырау — ерте заманда қылқобызшылар мен қобызшылар және басқа да бақсылардың қолданған музыкалық аспабы. Күйшілер коңырауды қылқобыз бен домбыраның жоғарғы мойын жағына байлап алып, кейбір ән-күйлерді тартқан кезде, әрлі-берлі шайқап, шылдырлатып отыратын болған екен.

Тұяқтас — ұру арқылы үн шығаратын аспаптар тобына жатады. Ол аттың тұяғынан жасалады, оны өңдеп музыкалық аспап ретінде қолдану үшін, бір немесе бір жарым жыл уақыт келтіру қажет. Сонда ғана соққанда анық, таза үн шығады. Тұяқтасты бес саусақтың ұшымен алақанға жеткізбей ұстап, екі шеткі жиегін кезекпен жартылай дөңгелетіп, алмастыра отырып соғу керек.

  Ұрып ойнайтын аспаптарды қолдану барысында балалардың ырғақ сезімін дамытатын қарапайым жаттығулар жасаған тиімді. Ырғақ-қозғалыс элементтерін пайдаланумен дыбыстың динамикасы, ансамбльдің сипаты жөнінде алғашқы түсініктер береді. Ұрып ойнайтын аспаптың бірі — дабыл. Дабылдың шанағының екі жағы да терімен қапталады. Ерге іліп қою үшін бүйіріне ағаш сап орнатылады немесе қайыс ілгешек тағылады.

Оқушылар арасында тағы да бір белгілі аспаптардың топтары бар. Олар ішекті, үрлемелі, тілшікті болып бөлінеді. Ішектіге жататындар: домбыра, балалайка, гитара, мандолин. Үрлемеліліге: ауыз гармоникасы, флейта, кларнет, саксафон және т.б. жатады. Тілшіктіге: баян, аккардион, гармоникалар жатады. Сонымен қатар өзге халықтардың ұрмалы аспаптарын да қолданып келеміз. Бұл аспаптарға: бубен, кастаньета, ұшбұрыш, тарелка, барабан, металлофон, ксилофон жатады. Дыбысы қолмен болмаса таяқшалармен ұрғанда ғана шығады.

Ксилофон — грек тілінен аударғанда «дыбыс шығаратын ағаш». Ксилофон қаз-қатар тізілген, қысқалы-ұзынды ағаштан жасалады. Ұзын ағаштары — жуан дыбыс, қысқа ағаштары — жіңішке дыбыс шығарады. Ксилофонның дыбысы басы жұмыр келген екі таяқшалармен соғып ойнау арқылы шығады. Дыбысы құрғақ, сақылдап, сыңғырлап шығады.

Металлофон — латынша «металл дыбысы» деген мағынада, металл тілшіктерінен құралатын музыкалық аспап, дыбысы жұмсақ шығуы үшін көбінесе басына мата оралған таяқшамен үрып ойнайды. Оның тембрі қатты ойнағанда үні ашық естіледі, ақырын ойнағанда — таза, мөлдір, сыңғырлап естіледі.

Румба — тегі латын америкасынан шыққан сәндік би. Бишілер қолдарына қос-қостан сылдырмақ тағылған ағаш аспапты ұстай жүріп билегендіктен. Бұл аспап «румба» аталып кеткен. Оны сілкіп немесе оң қолға ұстаған аспапты сол қолдың алақанына соғу аркылы сан алуан ырғақтық өрнектерді жасауға болады.

Үшбұрыш — үрмалы музыкалық аспап. Оны темірден үшбұрыштап иіп жасайды. Дыбысы нәзік, әрі ашық болады. Аспапты металл таяқшамен ұру арқылы ойнайды.

Бубен — ежелгі Шығыс елдерінде ертеде пайда болған үрмалы аспап. Ағаш істелген дөңгелек шанақтың үстіне жұқа былғары керіледі, шанақтың жан-жағына екіден темір шылдырмақтар тағылады. Бубенді сілкілеу арқылы, қолмен соғу немесе саусақтармен дірілдетіп ойнауға да болады.

Тамбурин — сылдырмақ пен қоңырауда бар бубен. Оңтүстік Европада — қағып ойнайтын музыкалық аспап. Ерте замандағы Испания мен Франциядағы халық биінің аты.

Трещетка — сылдырмақ ойыншық, орыстың халық аспабы. Оны жоғарғы жағынан жіпке тізілген жүқа таяқшалар құрайды. Ойнаушы жіпті екі жағынан ұстап сілку арқылы құрғақ дыбысты әр түрлі ырғаққа салады.

Тек осы аспаптармен шектелу әрине мүмкін емес. Бұдан өзге музыкалық аспаптың толық мүмкіншіліктерін ашуға болады. Ал біздің мақсатымыз қазақтың ұлттық музыка өнері арқылы оқушыларға тәрбие берудің педагогикалық негіздері.

Бастауыш сыныптарда қарапайым музыкалық аспаптарды қолдану, балалардың сол сабаққа деген ынтасын, сүйіспеншілігін, белсенділігін, жауапкершілігін арттырады. Олардың музыкалық қабілетін дамытуға, шығармашылық дербестігін қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Балалар үшін сабақта қолданылатын музыкалық аспаптар көлемі, салмағы жағынан ыңғайлы, құрылысы қарапайым, әрі мықты болуы керек. Шығармашылық әрекет кезінде музыканы сергек қабылдау, бірігіп орындау яғни ансамбль құру арқылы оқушылардың сезімі және дағдысы дамиды.

Аспапта ойнау кезінде балалардың тұрып-ойнау немесе отырып ойнау қалпын қадағалау қажет. Аспаптарды меңгерудің ең алғашқы қадамы ретінде окушылардың ырғақ сезімін дамытатын қарапайым жаттығулар жасау, әр аспаптың ерекшеліктерін ескеру, орындалатын жаттығудың балалардың меңгеруіне жеңіл әрі түсінікті болуын қадағалайды.

Сонымен сабақ өткен сайын оқушылардың аспапты меңгеруі шындала түседі. Мұғалім әр әнді немесе күйді оқушыларға орындату кезінде оған шығармашылықпен қарап, музыкалық аспаптарға лайықтауға болады, тек ол шығарманың орындалу сипаты қандай, мазмұны нені бейнелейді, композитордың айтайын деген ойы не екенін көрсету керек. Сонымен аспапты ойнау музыкалық-педагогика негізінде окушыларды ұйымшылдыққа, бірлікке, сезімталдыққа, адамгершілікке баулыса, оқушылардың эстетикалық тәрбиесіне де мейлінше ықпал жасаудың тиімді жолдарын белгілеу ерекше маңызды.Ал аспаптық музыканың тәрбиедегі ролі оның мәнімен өзіндік атқаратын қызметімен анықталады. Себебі, аспаптық музыкасында көркем бір образ бере отырып, оқушыларға оны танып білуіне, рухани болмысына септігін тигізеді. Тәрбиенің ішінде өте кең, сан қырлы ұғымды қамти отыра, оқушыларға аспапты музыканың әрбір халықтың мәдени және рухани мұрасына дұрыс көзқарасты қалыптастыру, оларды мектепте пайдаға жаратудың жолдарын көрсету маңызды мәнге ие болып отыр. Мұның бәрі, әлбетте, музыка пәні мұғалімдерінің іскерлігінің нәтижесінде жүзеге асады. Осы орайда академик Б.ВАсафьев былай деп атап көрсетеді: «педагог-музыкант өзінің күнделікті жұмысында аспапты орындаушы ретінде, хордың жетекшісі ретінде, музыкалық әдебиетті жақсы білетін әрі оны еркін меңгерген музыка тарихшысы ретінде өзін көрсете білуі тиіс».

Сонымен жоғарыда айтылған педагог-ғалымдарымыздың ой-пікірлері арқылы, аспаптық музыканың оқушыларға жан-жақты тәрбие берудегі мүмкіндігінің жоғары екенін, олардың педагогикалық мән-маңызының бүгінгі таңда бұрынғыдан да арта түсетінін, әсіресе балалардың қызықтыра отырып тәрбиеленуін қалыптастыруда тиімді құралы ретінде пайдалануға болатындығын дәлелдейді. 

Қорытынды

Қоғамның жаңа әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани дамуы мектептің оқу мен тәрбие сапасын түбегейлі жақсартуды талап етеді.

Мектеп жұмысын адамзаттың бүкіл тарих бойы жинақтаған білімі мен тәжірибесін меңгерту арқылы жетілдіруде қазақ халқының ұлттық музыка  өнерін арқау етудің маңызы зор.

Курстық жұмысының 1 тарауы «Қазақтың ұлттық музыка өнері арқылы оқушыларға тәрбие берудің теориялық негіздері» деп аталады. Онда қазақ халқының музыка өнерінің түрлері, олардың шығу тарихы, мән-мағынасы бағытындағы мәселелер қарастырылды.

Қазақ халқының ұлттық музыка өнері негізіндегі педагогикалық, психологиялық әдебиеттану, өнертану ғылыми еңбектерді талдау, оқушылардың  музыкалық білім мен тәрбиесін ұлттық өнердің негізінде жетілдіруге байланысты көптеген құнды ой-пікірлерін оқу-тәрбие  жүйесінде қолдануға болады.

Ұлттық музыка өнерінің жанрлары бойынша педагогикалық талаптарды ескере отырып жүйелеп жіктемеге келтіру, олардың өзіндік ерекшеліктерін оқушылар үшін тәрбиелік мүмкіндіктерін (адамгершілік, эмоционалдық-эстетикалық, көркемдік-музыкалық қасиеттерін) ашып көрсетеді. 

Әдебиеттер 

  1. Ахметова М.М. Ән өнері уақыт — Алматы: Жазушы, 1990-306 б.
  2. Есенұлы А. Күй тәңірдің күбірі. Алматы: Дайк- Пресс , 2001 – 208б
  3. Бекенов У. Күй көтерді көңілдің көкжиегін. – Алматы, 1975.
  4. Елім-ай ән-күй программасы / Құраст. Балтабаев М., Ұзақбаева С., Қышқашбаев Т. т.б. – Алматы. — 56 б.
  5. Жәрдемәлиева Р. Хрестоматия музыкального образования в Казахстане. – Алматы., 2004.
  6. Жұбанов Қ. Қазақ музыкасында күй жанрының пайда болуы жөнінен. – Алматы., 1980.
  7. Жұбанов А. Қазақ композиторының өмірі мен творчествосы.- Алматы, 1962. – 215 б.
  8. Жұбанова Ғ. Музыка мәдениеті даму жолында // Социалистік Қазақстан. 1968.-17март.-№65-4 б.
  9. Қышқашбаев Т.А. Қазақ халық аспаптық музыкасы арқылы оқушыларға музыкалық-эстетикалық тәрбие беру: Пед.ғыл.канд.дис. Автореф. –Алматы, 1999.
  10. Қазақ орта мектебі 3-сынып ән-күй сабағының бағдарламасы және әдістемелік нұсқау. Сорос Қазақстан қоры / Ш.Б.Құлманова, Б.Р.Сулейменовамен авторлық бірлестікте. – Алматы; Өнер, 2001.–54 б.
  11. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері тұжырымдамасы // Қазақстан мектебі, 2000, 4 желтоқсан, 3-б.
  12. Райымбергенов Э., Райымбергенова С., Жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің ән-күй сабағына арналған “Мұрагер” бағдарламасы 1-4 кластар. – Алматы: РБК, 1994. – 79 б.
  13. Төлебаев М. Әндер, хорлар. Алматы. 1985 – 88 б.
  14. Уалиханов Ш. (1835-1865) тәлім-тәрбие туралы. (табылды. Ә. Қазақ энтопедагогикасы және оқыту әдістемесі.- Алматы. “Білім”. 2004.(32,164)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ