Қазақ журналистикасы әлемдік деңгейде зерттеледі

0
1142

Адамды өмірдің ең негізгі құндылығы ретінде тану, оның қоғамдағы орны мен рөліне, әлеуметтік жағдайына, психикалық даму ерекшелігіне мән беру, сол арқылы оның рухани жан-дүниесінің баюына, саяси көзқарасының, творчестволық еркіндігі мен белсенділігінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай жасау, мүмкіндік беру сияқты құндылықтар біліммен, педагогикалық тәсілмен қатар жүргенде оқу ордасының бүгінгі күн талаптарына сай әлемдік беделі айқындала түсетіні анық.

Еуропалық білім беру үрдісінің талаптары бойынша елдік оқу орындарын әлемдік деңгейге шығару мемлекеттің алға қойып отырған міндеттерінде және үкімет бағдарламаларында көрініс табуда. Бұл жолда алынған, қол жеткен межелер де елімізде баршылық.  Оған халықаралық рейтингтік «Quacquarelli Symonds (QS)»  компаниясының  мәліметтері бойынша әлем  университеттерінің ішінде әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің   алдыңғы орынға жетуі дәлел.

Ұлыбританияның Кэмбридж университеті 1-орынды иеленсе, алғашқы жүздікке ТМД мемлекеттерінен М.В. Ломоносов атындағы ММУ еніп, одан кейінгі нәтижеге ие болған осы ҚазҰУ. Бағалау параметрлерін жүргізіп отырған мекемелердің талаптары бойынша ғылыми зерттеулер 30%,  ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасау 32,5%, инновациялар 2,5%, шетелдік оқытушылар мен студенттердің үлестік мөлшері 5%  болуы керек. Яғни, бұл жерде бағалау критерийлерінің 70%-ы ғылыммен байланысты болып отыр. Бұл  болашақта негізгі беделді оқу орындары тек мамандықты оқытып қана қоймай, ғылыми жетілуді көздеуі қажет деген сөз. ҚазҰУ-дың ғылыми –зерттеу университеті болып бағытталуының өзі осының айғағы.

Жоғары оқу орнын әлемдік деңгейге шығаратын талаптар — ғылыми жаңалықтар ашқан ғалымдар еңбектері, ғылыми жобаларды  шәкірттер  мен  ғалымдардың бірігіп жүргізуі, мектептердің ашылуы, жобаларды қаржыландыру мәселесі, студенттер, магистранттар, жас ғалымдардың  жұмыстарымен республикада  және шетелде танымал болуы т.б. көрсеткіштер . Осы орайда тұңғыш Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады» деген болатын. Яғни, неғұрлым сапалы білім берілсе, соғұрлым адами капиталдың берері өнімді, жемісті болмақ.

Батыстық  әлеуметтанушы ғалым А.Смиттің пікірінше, оқумен үйренген еңбек адамның сол оқуға кеткен шығындарын бірнеше есе қайтарады және қарапайым еңбекке қарағанда үстеме табыс әкеледі. Ал Д.Рикардо деген ғалым алдыңғы ғалымның көзқарастарын дамытты. Ол елдің экономикалық дамуындағы артта қалушылық  «халықтың барлық топтарындағы білімнің жетіспеуінде» деп есептейді, әрине, бұл жерде басқа да толып жатқан себептер бар.

Көріп жүргеніміздей еуропалық білім жүйесінде – мемлекет тарапынан тегін білім алу басым. Терең тарихи тамырлары бар университеттерде сол елдің тілін үйрету үшін алғашқы жылы дайындық курстарына қабылданатын шәкірттер ақылы түрде оқиды. Сонан кейінгі негізгі білім тегін беріледі. Европада болған кездерімізде жоғары  мектеп қызметкерлері болғандықтан  еуропалық білім беру жүйесіне қызығушылық танытқанымыз орынды да еді.Сонан соң оларда білімге ынталы, талантты, дарынды жастар қабылданады.

Елбасының  Қазақстан халқына «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» деп аталатын жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен, оның ішінде патриоттықпен айқындалатынын»  ерекше атап көрсетеді.Болашаққа дамумен қадам басу тек ғылымның өркендеуіне байланысты, ал ғылымды жасайтындар  — білімді ұрпақ»,-деген болатын. Сондықтан, ғылыми потенциалы жоғары студенттерді  ғылыми жұмыстарға тарту, үздік жобаларға қаржылық көмек көрсету, олардың әлемдік стандарттарға сай қорғалуы, студенттер мен магистранттардың ғалымдармен тікелей жұмыс жасауына барлық жағдай жасау сияқты жайларға көмек көрсетілу қажет. Яғни,талапкерлерді  оқуға қабылдау кезінде ғылымға бейімділігіне көңіл аударған жөн.

Қазақстан Республикасының  білім беруді дамыту тұжырымдамасының бірінде: «Орта білім беру міндеттерінің бірі-азаматтыққа, адамның құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарауға, елжандылыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеу» деп көрсетіледі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлерінің  съездері материалдарында білім берумен қатар адамгершілік құндылықтарды нығайтуға ерекше назар аударылуы,  патриотизм мен интернационализм негізінде білім алушыларды тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін  енгізу қажеттігі баса айтылған. Сондықтан да елдік  білім жүйесі халықтық құндылықтарға негізделіп,  ұлттық идеяларға бағытталуы  тиіс. Білімгерлерге  берілетін білім мен тәрбие  ұлттық  педагогикамен, тарихи, мәдени мұралармен,  ғұламалардың  ой толғауларымен,  таза мәдени-рухани құндылықтармен байытылған болуы қажет.Осы ретте ұлттық мұраларға баса назар аударылуы тиіс. Экономикалық және қоғамдық тұрақты даму жолына түскен , дамыған елдердің  тәжірибелері  осындай жолмен  өрлегенін оқып, естіп, біліп жүрміз.

Адам капиталы құнының артуы — ол адам құқығын сыйлауға, адамдардың жақсы тұрмыста өмір сүруіне, мемлекет саясатын  тиімді басқаруға,  ұлттық мәдениетті және салт-дәстүрді ,құндылықтарды сақтауға тікелей байланысты. Әлемдегі  ең қуатты мемлекеттердің  бірі  Америка Құрама Штаттарының Конгресінде  «Білім мекемелерінде берілетін білімнің тым таяз, үстірт болуының салдарынан сауатсыз ұрпақ пайда болады, бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін факторларға айналады , ол мемлекет үшін қауіпті, «ұлтымыз қатерлі жағдайда» деп жариялауының үлкен мәні бар екенін біздің де  ескергеніміз жөн. Өйткені, білім ордаларында ақылы оқытудың біздің   қоғам өміріне де мықтап енуі білімсіз ұрпақтың молаюына әкелуі мүмкін. Сондықтан ақылы түрде оқитындардан да сапалы білім талап етілуі тиіс.

Н.Назарбаевтың  Қазақстан халқына «Жаңа кезең-жаңа экономика» деп аталатын жолдауында бұл мәселе көтерілген болатын:  «Қазақстандық ЖОО міндеті — әлемдік стандарттар деңгейінде білім беру, ал жетекші ЖОО дипломдары әлемде танылуы тиіс. Олар мұны жасауға міндетті. Біз әрбір қазақстандыққа жоғары білім алудың нақты мүмкіндігін беруіміз керек»,-деген нұсқауы орынды, алайда оны қаражаттың емес білімнің мықтылығымен жасағанда ғана кең масштабта  танылуға болады . Осы орайда «екі дипломдық білім» журналистика факультетінде де жолға қойылғанын айта кету керек.

Озық елдердегідей білімді бағалау саясаты да өзгеріп, кредиттік технология енгізілді. Еуропада білім жүйесін реформалау өте ерте жолға қойылған. ЮНЕСКО  шешімі бойынша 1963 ж. халықараралық  білім беруді жоспарлау институты Францияда құрылған еді. 1966 жылдан бастап мұнда осы ұйымға мүше мемлекеттердегі Жоғарғы білім мәселелері жөнінде кеңес өтіп тұрады. 1967 ж. Венада Жоғарғы білімді демократияландыру жөнінде Еуропа елдерінің конференциясы өткен. Кейіннен Италиядағы Болонья процесіне қатысушылар әлемдік білім жүйесінің дамуына қатысты мәселелер көтеріп, ынтымақтастыққа шақырды. Осы шараға ҚазҰУ да қатысып, үлкен қадамдарға бетбұрыс жасаған болатын. Еуропалық стандарттарға толықтай көшіп, үлкен міндеттерді жүзеге асырып, қазір елдік білім жүйесінде ҚазҰУ көш бастап отыр.

Талап етілген критерийлер деңгейінен көріну үшін көптеген істер тындырылуда.Сол талаптардың бір үдесі  оқу орнында ғылым кандидаттары мен ғылым докторларының саны көбірек болса, ол жоғары оқу орны жоғары категориялы болып саналады. Осы критерий жағынан  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті елімізде  алда тұр. Әлемнің маңдай алды университеттерімен ҚазҰУ-ды салыстыра отырып ,көз жеткізген жайлар мынадай:  олардың ең бірінші ерекшелігі , оқудың қол жетімділігі.   Екінші, жатақханамен толық қамтамасыз етілуі. Үшінші, оқытушылардың біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыру керек.  Төртінші, кітапхана және кітап қоры .

Жаңашыл үрдістер журналистика факультетінде де кеңінен орын алып отыр. Соның бір жарқын тармағы — ҚазҰУ журналистика факультеті ғалымдарының ғаламдық зерттеулер жүргізу тобына қосылуы. Бүкіләлемдік журналистика зерттеулері — Worlds of Journalism Study Association (WJS) -әлемдегі журналистиканың қызметін тұрақты бағалайтын   академиялық жоба. Worlds of Journalism зерттеулері журналистердің қызметтік міндеттерін орындаудағы жаңашыл тәсілдері, олардың қоғам мен үкімет арасындағы қарым-қатынасы, сондай-ақ жұмысының сипаты мен мәнін бағалаудан тұрады.  Зерттеудің басты мақсаты – журналистер, репопертерларға жұмыс бабында қойылатын шарттар, шектеулерге қатысты кәсіби көзқарастары, дүниетанымындағы өзгерістерді жақсы түсінуде, сондай-ақ әлемдегі пандемия жағдайында журналистиканың әлеуметтік функциясын айқындау саналады.

2020-2022 жылдарды жүргізілетін WJS  зерттеулеріне 110 елдің ішінен Қазақстанның журналистиканы зерттеуші ғалымдары алғаш қатысуда. Қазір республика бойынша 2500 журналисті қамтитын  респонденттер базасы әзірлену үстінде. Бұл жобаны профессор Г.Сұлтанбаева жүргізуде, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің ғалымдары WJS аясында өз жобаларын әзірлеп, зерттеулер жүргізуге дайын. Бұл елімізде журналистиканың ұлттық ерекшелігін жаһандық деңгейге көтеріп, қазақ журналистикасын әлемге танытуға  жол ашады.

 

Клара Қабылғазина,  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры


ПІКІР ҚАЛДЫРУ