БАЛТАБАЙ АДАМБАЕВ  —  ФОЛЬКЛОРТАНУШЫ

0
3119
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Қазақ ауыз әдебиеті туралы ғылыми зерттеулер он тоғызыншы ғасырда өз бастауын алды. Бұған дейінгі уақытта қазақ фольклоры жайында жекелеген пікірлер ғана айтылып, тек ауыз әдебиеті үлгілері  жарияланып келді. Әрине, баспа ісінің кеңіп, өріс алмай тұрған бұл шақта, фольклористиканың өзіндік қиындықтары болды. Сонда да зерттеу-жинақтау жұмыстары тоқтамағаны белгілі. Оған алғашқы болып орыс ғалымдары  ат салысса, кейінірек қазақ ағартушылары да қолға ала бастады. Қазақ фольклорының кеңірек зерттеле бастаған шағы , әрине, кеңес дәуірі екені анық.

Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдардан-ақ қазақ ауыз әдебиеті үлгілері, нұсқалары жүйелі түрде жиналып, зерттеле, жариялана бастады. Бұл салада алғашқылардың бірі болып еңбек еткендер: С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Н.Смирнова, М.Ғабдуллин т.б. Олар ертегілер, мақал-мәтелдер, тұрмыс-салт жырлары, батырлық-ғашықтық дастандар, аңыз әңгімелер, ақындық айтыстар нұсқаларын жинап зерттеуге, жариялауға көңіл бөлді. Соның нәтижесінде қазақ ауыз әдебиеті мектептерде, жоғарғы оқу орындарында оқытылатын арнайы пәнге, фольклорлық шығармалар зерттеу объектілеріне айналды.

Алдымен жеке шығармалар мен халық ақындары жайында жазылған шағын мақалалардан, алғы сөздер мен түсініктемелерден басталған зерттеулер Е.Ысмайыловтың «Ақындар»,  Қ.Жұмалиевтің«Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері», М.Ғабдуллиннің  «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты  монографиялық  еңбектерінің жазылып, жариялануымен жаңа сатыға көтерілді. Осылайша, қарыштап алға дамыған қазақ фольклористикасында ересен еңбегімен ескеруге келетін зерттеушілеріміздің бірі Балтабай Әбдірахманұлы Адамбаев.

Б.Адамбаев қазақ халқының бай ауыз әдебиетін, оның ішінде көлемі жағынан шағын жанр деп саналатын халық даналығы мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді ауқымды зерттеумен айналысты. Шешендік сөздердің және мақал-мәтелдердің тарихы, табиғаты, көркемдік ерекшеліктері туралы «Шешендік өнер» (1969), «Халық даналығы»(1976), «Қазақтың шешендік өнері»(1984) атты  монографиялық зерттеу еңбектері шықты. Сондай-ақ, «Қазақ ертегілері»(1962), «Шешендік сөздер»(1967), «Ел аузынан»(1985) жинақтарын құрастыруға қатысқан.

Кеңес дәуірінде,  Б.Адамбаев зерттеулеріне негіз болған осы жанрлар ең аз зерттелген сала болып саналды. Оған бірден-бір себеп, өткен ғасырдың орта шенінде дидактикалық ұсақ жанрларға лайықты мән берілмей келді. Олардың көлемдері шағын болғанымен мазмұндары бай, тілдері көркем байырғы жанр екені ескерілмеді. Шешендік сөздер, әдетте, айтыс-даулармен байланысты және билер атынан айтылғандықтан оған үстем таптың ғана мұрасы ретінде бір жақты көзқарастар кедергі болып келді. Сан жағынан көп, бір-біріне өте ұқсас, уақиғасыз, кейіпкерсіз ұсақ жанрлардың ішкі ерекшеліктері де олар жөнінде жинақты, жүйелі пікір айтуға белгілі дәрежеде бөгет болды. Осы жағдайлардың барлығы  зерттеушінің бірнеше жыл ғылыми сапармен елге шығып, алдымен аталған жанрлардың нұсқаларын халықтан, қариялардан жинауға, бұрын жиналғандарын ғылыми жүйеге салып, тәртіпке келтіріп ішінара жариялау жұмыстарымен айналысуға мәжбүр етті.

Б.Адамбаев өз еңбектерінде халық мақал-мәтелдері мен шешендік сөздердің жанрлық табиғатын, тәрбиелік, өмір танытқыштық мәнін, сонан соң олардың қалыптасу, даму жолдарын анықтау, әдеби-көркемдік ерекшеліктерін ашу, ақындық-шешендік өнерді ежелгі үйрену, игеру жолдарын көрсету мақсаттарын ұстанған.

Зерттеуші өз монографияларында аталған  мәселелерден басқа, Аяз би, Жиренше секілді халық шешендерімен бірге, белгілі шешен билер Төле, Қазыбек, Әйтекелердің, шешен батырлар Жәнібек Қошқарұлы мен Сырым Датұлы атынан айтылған сөздер келтіреді.

Б.Адамбаев аталған монографияларында зерттеу объектісі болып табылатын жанрларды әр тарапта қарастырып, саралайды. Мәселен, осы еңбектеріне негіз болған мақал-мәтелдерді тақырыптарына қарай топтап, құрылысы мен поэтикасы жағынан  талдайды. Зерттеуші «Халық даналығы» еңбегінде мақал-мәтелдерді жеке бөлім ретінде қарастырады. Осы бөлімде мақал-мәтелдердің жанрлық белгісіне жан-жақты сараптама жасайды. Аталған бөлімнің келесі тарауында мақал-мәтелдердің тақырыптық жүйеленуі туралы баяндайды. Сондай-ақ, осы жанрдың құрылысы мен поэтикасын да қарастырады.

Б.Адамбаев көптеген алдыңғы қатарлы фольклортанушылардың зерттеулерін қарастыра келе, оларды өзара салыстырып,  түйіндемелер келтіреді. Мақал-мәтелдердің жанрын қарастырғанда, оны  жинаушылар Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин, А.Диваев, П.А.Мелиоранский, В.Катаринский және тағы да басқалардың зерттеулерін сараптайды. Зерттеуші М.Ғабдуллиннің, Б.Шалабаевтың, М.Горкийдің,  Р.Сәрсенбаевтің, М.Әлімбаевтің мақал-мәтелдерге берген анықтамаларын салыстыра келе, осы жанр жайында өз тұжырымдамасын түйіндейді. Ол мақал мен мәтелдің өзара айырмашылығы және өзіндік ерекшеліктерін, тақырыптық жағынан жан-жақты саралайды. Қай-қайсына да болса да толық, әрі тұщымды анықтама беруге тырысады. Сонымен қатар, шешендік сөздерге де жеке бір бөлім арнап, бірнеше тарау көлемінде талдау жасайды. Мәселен, бірінші тарауда шешендік сөздер және оны зерттеуге тоқталса, келесі тарауда олардың түрлерін айқындайды. Бұл жерде назар аударатын нәрсе, зерттеушінің шешендік сөздерді алдыңғы жанрдан өзгешерек түрге жіктеуі. Егер мақал-мәтелдер мазмұны жалпы, көлемдері шегене, құрылысы тұрақты келсе, шешендік сөздер мазмұны жағынан нақтылы, көлемі кең, құрылысы өзгермелі болады. Сондықтан, шешендік сөздерді мазмұндық түрлеріне қарай топтайды. Ол шешендік сөздерді: шешендік арнау, толғау, дау деп бөледі. Бұл тарауда, бұдан басқа, шешендік сөздердің құрылысындағы кейбір ерекшеліктерге тоқталады. Мұнда шешендік сөздердің пернелі сөз және термелі сөз сияқты түрлерін анықтайды. Олардың құрылысындағы ерекшелігіне терең талдаулар жасайды. Б.Адамбаев аталып өткен монографиясының келесі тарауын шешендік өнерге арнайды. Мұнда шешендік дәстүр мен шешендік мектеп ұғымдарына түсінік беріп, олардың қалыптасу және даму  жолдарын толық сипаттайды. Атап айтқанда, қазақ халқының шешендік өнер майталмандары, олардың сөз өнерінің осы бір саласын дамытудағы алатын орны туралы, сондай-ақ, атақты би-шешендер мен ділмарлардың дәстүрін жалғастырушылар жөнінде мәліметтер береді.  Осыдан зерттеушінің әр жанрдың даралық ерекшеліктері мен белгілеріне аса ден қоя қарап, оларға үлкен мән бере саралағаны көрінеді. Бұл жайдан байқайтынымыз, зерттеуші тек фольклорлық нұсқаларды жинап қана қоймай, оны түбелікті зерттеумен де айналысқан.

Айтылған мәліметтер, зерттеушінің бір ғана монографиясы «Халық даналығы» негізге ала отырып жазылған. Ал егер зерттеушінің  фольклорға байланысты бұдан басқа да еңбектер жазғанын ескерсек, Балтабай Адамбаевтың  алдыңғы қатарлы фольклортанушы екеніне көз жеткіземіз. Жоғарыда айтылған ойды жинақтай келе, Балтабай Адамбаевтың бізге тек әдеби шығармашылық іспен айналысып қана қоймай, сонымен бірге, халық ауыз әдебиетін зерттеуді жемісті іске асырғанын көреміз. Оның зерттеулері ауыз әдебиетін оқыту және зерттеу ісін жүзеге асыруда маңызы зор еңбек екенін айтсақ, қазіргі кезеңде Б.Адамбаевтың зерттеулері қазақ фольклористикасынан өзіне лайықты орын алғанын байқаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. «Білік». Алматы, 1999ж.
  2. Б.Адамбаев.Халық даналығы. «Мектеп». Алматы, 1976ж.
  3. М.Ғабдуллин. Казақ халық ауыз әдебиеті. «Мектеп». Алматы, 1958ж.
  4. Қазақ фольклористикасы. «Мектеп». Алматы, 1972ж.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ