Баймухышова Гульдана: Жетекшілігіммен байқауға қатысқан шәкірттерімнің ешқайсы да жүлдеден қағылып көрмепті

0
2631
«ЖАС МАМАН» І РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Баймухышова Гульдана Галымовна. Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, «№37 гимназия» КММ-нің  биология пәні мұғалімі.
«ЖАС МАМАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ.

«SKILLS ACADEMY» ЖШС martebe.kz  білім сайты ұйымдастырған республикалық «ЖАС МАМАН» I – республикалық байқауының жеңімпазы Баймухышова Гульдана Галымовна арнайы тілшілерімізге сұқбат беріп, ұстаз мәртебесі – жастар көзқарасымен, заманауи оқытудың әдіс-тәсілдері және байқауға қалай қатысқандығы жайлы  сауалдарымызға  жауап берді.

Туған жерімдегі мектебімізге сөмкемді асынып барғанымда кіршіксіз бала пейілімен ұстаз болуды қатты армандайтын едім.

Негізі менің кішкентай кезімнен арманым — ұстаз болу еді. Мектепті аяқтап, мамандық тандау кезінде, әрине, көп ойланғанымды жасырмаймын. Қазіргі уақытта өзім он бір жыл бойы талмай білім нәрін сусындаған мектепте ұстаздық жолымды жемісті жалғап жатқандығыма өте қуаныштымын. Қалам ұстап, бала оқытуды мақсат ететін ұстаз болуыма, біріншіден, кішкене кезімдегі арманымның өте үлкен ықпалы болды. Туған жерімдегі мектебімізге сөмкемді асынып барғанымда кіршіксіз бала пейілімен ұстаз болуды қатты армандайтын едім. Екіншіден, әр адамның қарап отырсаңыздар өмірде  еліктейтін бір тұлғасы болады ғой! Менің де осындай  дарын даңғылына түсіп, шәкірттеріме ілім тұтқасын ұсынуыма өзімнің парасаты асқан ұстаздарымның ықпалы зор болды десем артық айтқандығым емес.

Бүгін өз ұстаздарыммен қатар қызмет етіп жүрмін…

Қалыптасқан қағида бойынша әр ұстаздың бойында үлгі етердей, көпшіліктің арасында оны  ерекше етіп тұратын педагогикалық жақсы қасиеттері болады. Мен де үнемі сондай ұстаздарымның абзал қасиеттерін бірден өз бойыма еркін қабылдап алуға тырысатыным бар. Сөзіме дәлел ретінде  ұстаздарымның ішінен бағдаршамым ретінде балайтын,  5-сыныптан бергі өзімнің сыныпжетекшім болған химия пәнінің мұғалімі Сыздықбаева Бақыт Малдыбайқызын, алгебра және геометрия пәнінің мұғалімі Солтанаева Ардақ Сабырханкызын ерекше атап өткім келеді. Ол кісілерден жас маман болып мектепке келгенімде де көптеген нәрселерді үйрендім. Сондай-ақ мені жаныма ерекше жақын тартып, ұлттық құндылықтарымызға насихат қылған Нұргамысова Шолпан Махмұтқызы мен Ағыбаева Ғалия Мүбаракқызының да ұстаз болып қалыптасуым көп көмегі тиді. Екі ұстазым бізге мектепте оқыған кезімізде қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беретін еді.  Ал, бүгінгі күні осындай ұстаздарыммен бірге  қызмет етіп жүрмін. Бұл да болса менің өмірімдегі шұғылалы  сәттерімнің бірі шығар…
Жетістіктеріміздің кілті – әріптестерімнің өз еңбегіне адал болуында
Өзім Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданындагы Қалбатау ауылында туғанмын. 1998 отбасымызен орталықа көшіп келіп, білімімді Семей каласындагы 37-гимназияда  жалғастырдым. Қазіргі қызмет ететін мекенімнің тарихының өзі де бір кітапқа сұранып тұр! Гимназиямыздың алғашқы іргетасы тәуелсіздік алған жылымыздан кейін, 1992 жылы қаланыпты. Кейіннен бір жыл өте келе 1993 жылы 700 оқушыға арналған үлкен ғимаратқа ауыстырылған екен. Уақыт өте келе, 1997 жылы гимназия басшылығына  қазіргі директорымыз, «Құрмет» ордені  және  Ы. Алтынсарин атындагы төсбелгінің иегері — Стамбеков Жумагазы Диярулы келген. Директорымыздың  ұстаздармен бірлесе гимназия игілігіне сіңірген еңбегі мол. Соның бір дәлелі, 2010 жылы мектебіміз Семей қаласының «№ 37 гимназиясы» мемлекеттік мекемесі  атауын алды. Мақтанғаным емес, бірақ  оқу мекемеміз қала бойынша инновациялық мектептер арасындағы  оқу тәрбие жұмысының көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарлардан жыл сайын дәстүрлі түрде көрініп отыр. Соңғы жылдары, тіптен,  гимназиямызды үздік бітірген түлектеріміздің саны артып, қазіргі уақытта Н. Назарбаев университетінде, «Болашақ»  бағдарламасы бойынша шетел оқу орындарында  білімін жалғастыруда. Осындай нәтижелердің бәрін өзімнің әріптестерімнің  еңбегіне адал болуынан деп білемін.

2013-2014 оқу жылынан бастап биология пәніне ағылшын  тілін кіріктіріп сабақ беріп жүрмін

Жас маман болғандықтан әлі де болса менің де  тұлға ретінде үйренетінім көп. Баршамызға белгілі,  Қазақстан Республикасы білім беруді дамытуға арналған 2011-2020 мемлекеттік бағдарламасында  қазіргі заманның мектебі — ғылыми даярлығы бар ұстаздармен айқындалады делінген. Өзім де 2013 жылдан бастап еліміздің жоғарғы  оқу орындарында көптілді педагог кадрларды даярлау, яғни шет тілі бойынша үш тілде оқытатын педагог мамандарды жасақтауды мақсат еткен Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлеккеттік университетінде білім алдым. Білім берудің инновациялық, көптілді моделін жасау мақсатында қазір гимназиямызда  жаратылыстану-математика пәндеріне  ағылшын тілін кіріктіріп оқытудың сынама алаңы жұмыс істейді. 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын  іске асыру мақсатында 2013-2014 оқу жылынан бастап биология пәніне ағылшын  тілін кіріктіріп сабақ беріп жүрмін.

Байқауға қатысудағы басты мақсатым жеңімпаз болып, атақ қуу емес…
Жоғарыда айтып өттім ғой, өзім оқушыларға үш тілде білім бергендіктен гимназия директорының  шет тілін оқыту жөніндегі орынбасары Қармысова Рыс Өкіметханқызы үнемі маған ақыл-кеңесін айтып, қолдауын көрсетіп отырады. Сіздер ұйымдастырған байқаудың өтетіндігі жайлы да сол кісіден естідім. Байқауға қатысудағы басты мақсатым жеңімпаз болып, атақ қуу емес, өз білімімнің дәрежесі мен осы уақытқа дейінгі азын-аулақ еңбегімді сынап көру болды. Байқау күллі  Республика көлемінде ұйымдастырылғандықтан өзге әріптестеріммен де танысып, біліктілік тәжірибиесін алмастыруды жөн көрдім. Әлбетте, байқаудың нәтижесін көрген кезімде өзіме деген сенімім екі есе арта түсті. Ұстаздық – менің жан-дүниемен қалап таңдаған мамандығым екеніне тағы да бір мәрте көзімді жеткізгендей болдым.  Негізінен дәл осындай байқаулар жас мамандардың  еңбектерін  одан әрмен шыңдай түседі деп ойлаймын.

Аталмыш байқауға биология пәнінен  7-сыныпта өткізілуге бағдарланған  «Қосмекенділердің көптүрлілігі» тақырыбындағы сабақ жоспарымды және «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы»тақырыбында жазылған  эссемді жібердім.  Эссені жазу барысында  берілген тақырыпты өз мамандығыммен байланыстыра өрнектеуге тура келді. Ой толғауға қалам тербеп отырып, мамандығымды тақырыбымның нысанасы еттім. Ал, портфолиомда осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктерімді, ұстаздық қызметімдегі қалалық, облыстық жане өзге де семинар жұмыстарымды, кәсіби сайыстардан иеленген марапаттарымды  толыққанды қамтуға тырыстым.

Қазір біздің ғимназияда  Кембридж бағдарламасы бойынша деңгейлік курсты оқып келген ұстаздарымыз өте көп.  Сол ұстаздарымның айтуы бойынша сабақ жоспарымды жазу кезінде жаңа  әдіс-тәсілдерді жиі қолданамын. Біздің пән негізінен көрнекі құралдарды көп қажет етеді. Байқауға арналған тақырыпқа негізделген үй тапсырмасын сұрау кезінде оқушылар қосмекенділердің ішкі және сыртқы құрылысын сипаттайтын суреттермен өте жақсы жұмыс жасады. Сонымен қатар, қосмекенділердің басты өкілі бақаны толықтай зерттеді.
— Бақалар неге ылғалды жақсы көреді?
— Олар туралы орысша өлең жолдарында қандай қателіктер бар?.. деген сұрақтарға видео, слайд арқылы жауап берді. Сабақты түйіндеу мақсатында сирек кездесетін қосмекенділерді талдап, қызыл кітапқа үңілді.
Алдымыздағы  отырған әр оқушы бейне бір музыкалық аспап…
Білім жолы күрделі даңғыл деп есептеймін. Сол себептен да адам өмір бойы ізденуі тиіс. Алдымыздағы  отырған әр оқушы бейне бір музыкалық аспап тәрізді. Біз де сол музыкалық аспаптың кертігін келтіріп, екінші тынысын аша білуіміз қажет. Ал өзімді барлық дарынды балалардың қабілетін аша аламын деп үзілді-кесілді айта алмаймын (күліп алды). Бірақ  өткерген 3 жылғы еңбек өтілімде шәкірттерімнің де жеткен жетістіктері аз емес. Оқушыларым ұдайы  пәраралық олимпиадаларға,  қашықтықтан өтетін халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып жатады. Қуантарлығы, жетекшілігіммен байқауға  қатысқан шәкірттерімнің ешқайсы да  жүлдеден қағылып көрмепті(Шырайлы жүзімен басын изеді).

 Сұқбатымыз мерекемен тұспа-тұс келген екен. Жас маман көктемнің шуақты мейрамымен нәзік жандыларды қалай құттықтамақ? Бірге оқиық!
Алдымен  барша ұстаздардың басын біріктіріп, байқау ұйымдастырған сіздерге ерекше алғысымды айтамын. Еңбектеріңіз әмсе жана берсін! Ал еңді көктеммен қатар келген, бар тірліктің тұтқасын ұстаған аналарымызды, мейрімі мен мерейі асқан әжелерімізді, әдемі аруларымызды, әріптес мұғалималарымызды шын жүректен 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Сіздердің аттарыңызға айтылатын ақ пейіл алғыстар мен жылы сөздер еш уақытта толастамасын!

Сұқбаттасқан: Дастан Қастай, суреттер Сымбат Айдархан.

Ескерту: Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ