Балқаш көлі

0
1573
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Балқаш өңірі — әрі жылы, әрі күн сәулесі көп түсетін табиғаты жағынан Қазақстандағы тартымды жерлердің бірі. Шөлді болып келетін қуаң дала Балқаш көлінен нәр алады. Бұл аймақ өзінің әсем көрінісімен, ерекше өсімдіктер және жануарлар дүниесімен белгілі.

ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін бұл жерде хайуанаттар қожасы жолбарыс болған. Өтуге болмайтын шытырман тоғайдың арасынан жабайы шошқаны да кездестіруге болады. Іле өзенінің атырауын секемшіл елік, сайғақ пен қарақүйрық, түлкі мен борсық мекендейді.

Балқаш өңірін әр түрлі құстар мекендейді. Көлдің шеткері түпкірлерінде қызғылт және бұйра бірқазан құстар ұя салып бакландармен бірге үлкен сап түзеп көлде жүзіп жүреді.

Бұл аймақтың өсімдіктері әсіресе елсіз даладағы шабындықтар мен батпақты жерлердегі өсімдіктер өзара үйлесімдік тауып далаға ерекше нәр беріп тұрады. Олар: сексеуіл, жыңғыл, жусан, қарандыз, мия, түйетікен және сасыр. Сонымен қатар талды ормандары тораңғы және жыңғылды шағын тоғайлармен ұштасып жатады. Сулы жерлердің бәрінде де қамыс, жөке, құрақтар өседі. Осы ну тоғайлы, қоғалы жерлер көптеген сүтқоректілердің, құстардың, балықтардың тіршілік алаңы сияқты. Балқаш өңірінде сасыр, жусандар мен араласа өскен қызғалдақ пен бәйшешекте даланы ерекше сәнге бөлеп тұрады. Осы көріністерге асқақтықпен 1000 метрлік биіктіктен қарап Бектауата тау алабы созылып жатыр.

Балқаш көлі – Каспий теңізі мен Арал теңізінен кейінгі ірі көлемді және ағынсыз су қоймасы. Көлдің ұзындығы – 614 шықырым, ені – 3,5-нан 44 шақырымға дейін жетеді. Ең терең жері 26 метрге дейін барады. Айдын көлдің аумағы 18200 шаршы шақырым болса, тоғандарының ауданы – 413300 шақырым.

Балқаш көлінің ерекшелігі – оның жіңішке бұғазбен жалғасып жатқан батыс пен шығыс бөліктерінің минералдарының екі түрлі болып келетіндігінде. Батыс бассейні бұрын суы көп болған Іліден толығатындықтан су тұщы болады да, шығыс бөлігі – ащы. Қазір көлге Іле, Қартал және Лепсі өзендері құяды. Кей жылдары қатты тасыса Аягөз өзенінің суы жетеді. Бұл көл төрт облысты – Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарын тоғыстырып тұр. Батысында ең сусыз және тіршілік иелері аз кездесетін Бетпақдала жерімен шектеседі.

Балқаштың табиғаты өте таңғаларлық және оның қарама-қайшылықтары да өте көп. Климаты – күрт континентальды. Жазғы және көктемгі, күзгі маусымдарда ағып құйылған су түгелге жуық буланып кетеді де, көлдің деңгейі 12 текше километрден 200 текше километрге дейін ауытқып отырады.

Іле – Балқаш бассейнің биологиялық тіршіліктің түр-түрін, бағалы балықтарды өсіру сияқты балық шаруашылығы тұрғысынан алып қарағанда да маңызды су қоймаларының бірі болып табылады. Ихтиофаунаға жататындар ішінде сазан, Амур балығы, шабақ балық, каяз балығы, шұбаржон балық, ақбалық, ақмарқа, табан, жайын және басқаларын атауға болады. Көлден жыл сайын 8-10 мың тонна балық ауланады. Балқаш ақбалығы мен оның алабұғасы Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Аралда өліп қалған шабақ балықтар мен Арал каязы тек осында ғана сақталған. Оңтүстік Балқаш жағасындағы қамыс тоғай арасында, өзен жағалауларында жыл сайын мыңдағын түрлі құстар мекендейді. Солардың арасында Қазақстанның Қызыл кітабына жазылған жиырмадан астам құс түрі бар. Бұл жерде қабандар мен ондатралар, киіктер көптеп саналады.

Көлдің солтүстік жағалауында отандық өндірістің алыбы, әлемдік кәсіпорынның алдыңғыларының бірі – «Балқашмыс» АҚ орын тепкен. Көлдің оңтүстік жағалауын құнарлы жайлымдар мен егістік алқаптар алып жатыр.

Балқаш көлі демалыс пен саяхат үшін аса бірегей орын. Мұнда жыл сайын еліміздің әр түкпірінен мыңдаған адам келіп демалады.

Балқаш көлі  — Қазақстандағы ең ірі  көлдердің бірі. Ертеректе Балқаш бойының тұрғындары көлді Ақ теңіз және Жұмбақ көл деп екі түрлі атап келген.

Ақ теңіз  деп көлдің батыс жағалауын мекендеген жұрт атаған. Оған себеп: негізгі өзендер Іле, Ақсу, Көксу, тентек және толып жатқан жер асты сулар көлге батыс жағынан құяды да, ондағы көл суының жартысы тұщы болып келді және сырт көрінісі мөлдір ақ түсті болды.  Ал, көлдің оңтүстік-шығысын мекендеген ел «Жұмбақ көл» деп ат қойған. Бұл тұстан көлге Лепсі, Аягөз өзендері құяды, ал жер асты сулары бұл жағынан  көлге қосылмайды. Көлдің қазіргі атауына байланысты халық ішінде бұрыннан айтылып келе жатқан аңыз бар.

Бұдан көп ғасырлар бұрын көлдің батыс жағалауында мыңды айдаған бір байдың  ай мен күндей сұлу, ақылы асқан, келбеті жарасқан  қызы болыпты. Қыздың аты Балқия екен. Ата-анасы, ауыл аймағы еркелетіп, оны Балқияжан, Балқаш деп атап жүріп ақырында Балқаш деп атап кетіпті.

Күндердің күнінде осы Балқаш айдай толып, алмадай пісіп, кемеліне келіп бой жетіпті. Осы шақта жастайынан айттырып, қалың малын тегіс төлеп бітірген бай құдалық қамына кірісіп «қамдана берсін, келінімді биыл күзде түсірем» деп  қыздың әкесіне сәлем жолдапты.  Бесік құдасынан хабар келген әке  қам жасай бастайды. Ал айттырып қойған күйеудің тілі сақау,  есерлеу жігіт екен.  Балқашқа бұл хабар төбесінен тас түскендей болып тиеді. Ас ішпей,  ұйқы кірмей, сарғайып, сола бастайды. Мұны сезген ата-ана, ағайын-туған «бір байдың еркесі, өсе келе есі кіріп, ел ағасы болып кетеді», «Ақ батаны, шариғат жолын бұзуға болмайды» деп жұбатысады. Күнде ойын, күнде  думан жасап көңілін бөлмек болады. Қайғы-қасірет жүрегін кернеген Балқаш   мұның  біріне де назар салмайды. Жадыраған жаз өтіп, қоңыр күз келе жатады. Қыз елден безіп қаңғырып   өлсе де есуас сақауға бармауға бел байлайды.  Өзімен көңіл қосып жүрген осы ауылға ертеден сіңісіп кеткен, еті тірі Ерден деген  жігітке Балқаш  жолығады.

— «Қайтсең де мені мына пәледен құтқар, өле-өлгенше алдыңнан шығып, айтқаныңды екі етпеймін, өлсең көріңе бірге түсейін»- деп асылып отырып алады.  Паналар жері, бетке ұстар елі жоқ  жігіт не істерін білмей қатты қысылады.  Ақыры, қыздың зарынан қабырғасы сөгілген, бір жағынан жатқа қиғысы келмеген ер көңілді жігіт  бір түнді қызды атпен алып қашады.  Барар бағыты  бұдан бір жыл бұрын жау алған жылқыны іздеп жүріп кез болған  қалың қамысты үлкен көл.  Мұз қатқанша  соның жағасында  жасырынып жатып,  қысқа қарай оның аржағына, Ұлы жүз еліне өтіп кетпек болады.

Екі жас түн жамылып, тау бөктерлеп, жапан түз сусыз шөлді кезіп өтеді. Қамыстың құрағы  күректей,  сабаулары білектей, толқыны жар слққан үлкен көлге де келіп жетеді. Аттарын арқандап тастап, қамыстан күрке жасап, мұздың қатуын күтеді. Ауыл бұлардың  қайда кетіп, қайда қонғанын білмей елден – елге кісі шаптырып, сұрау салып, сабылысуда болады.

Ерден күндіс аң аулайды. Балқаш жартасқа шығып, ұшқан құсқа асыр салып, ойнаған шабақтарға қарап, бір ғана соны ермек етеді. Елін сағынып, болашағын ойлап зар қағады:

Бұл көлдің біз жатырмыз жағасында,

Өмірдің өлім менен арасында.

Шабақтай мына жүрген тайраңдаған

Туған ел, қайран жұртым қаласың ба?

Уа, шіркін,  құс боп ұшсам қанат бітіп,

Балық боп су астымен кетсем зытып,

Қолында дұшпанымның пенде болмай.

Қор етіп көрінгенге мазақтатып,

Құдай-ау, шыбын жанды бердің неге?

Күндер өтіп, күн салқындап, көлдің қататын мезгілі де жақындай бастайды.  Екі жас мұны асыға күтіп, жүректері алып-ұшуда.  Өстіп жүргенде бір күні іңірде  арқандаулы аттар осқырып, аласұрады. Қостан жүгіре шыққан Ерден екі аттың  жанында жарғалы тұрған қабанды көреді.  Жігіт мұны көре сала  қос жанында жатқан сойылды ала жүгіреді. Аттарды құтқармақ болып жанталдасып жүрген Ерденді  қарыстай ауызымен түйреп өтеді. Сол мезетте осқырынған арқандаулы аттар байлауын  үзіп қашады. Қабан солардың соңынан ктеді.

Бағанадан бері безек қағып, маңайларына бара алмай жүрген Балқаш жүгіріп келіп, қызыл қанға боялып жатқан Ерденге бас салады.  Сүйемелдеп қосқа кіргізіп жарасына қараса қабан шабын жарып кеткен екен. Киіз тоқымды отқа күйдіріп, жарасына басады. Күл себеді.  Ал босанған сәйгүліктер  сол кеткеннен елге барып тіреледі….

…Бұл күндері жарасы денесіне жайылып өне бойын қанды ірің кеулеп кеткен Ерденнің әлі азая бастайды. Қыршын жас көп ұзамай қайтыс болады.  Жалаң түзде жан жолдасынан айырылып, қыс Балқаш ботадай боздап, жалғыз қалады. Еңіреген өксігін басып, есін жиғаннан кейін,  қостың жанындағы майда құмды қазып, астына қамыс төсейді.  Ерденді арулап көмеді. Жас қабірді құшақтап  жылаған Балқаш енді өзіне ор қазады.  Содан кейін дүниемен қоштасу үшін жартастың  басына көтеріледі.

«Айрылдым айдалада Ерденімнен

Соңынан қолын ұстап ергенімнен.

Болған сон тағдыр солай шара бар ма?

Көп еді көрмегенім көргенімнен

Қош-сау бол, елім-жұртым, ата-ана,

Айдын көл, туған өлке жалпақ дала

Мен кеттім жас жанымды құрбан етіп,

Таба алмай өз ортаңнан ешбір пана.

Аққу, қаз  қабіріме келе кетші,

Ғаріптің не болғанын көре кетші,

Тәнімдлі қарға-құзғын шұқымасын,

Сабалап қанатыңмен көме кетші» — деп өмірмен қоштасады.

Осы мезетте иек ортадан бір топ атты сау ете қалады. Қыз олардың ішінен өз туыстарын, қайын жұртын таниды. Қолға түсіп, пенде болмас үшін Балқаш жар соғып,  көбік шашып жатқан көлге секіреді.  Қаңқылдаған қаз, сұңқылдаған қу  көлді айнала ұшіып,  адамзаттың аруы Балқашты жоқтасты. Содан бері  көл баурайын жайлай қонған ел  көлді Балқаш атап кеткен деседі.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ