Бал-балалық, балдырған шақ сан арман

0
7325

Жайма шуақ жазбен қатар келетін ең айтулы мереке – Балаларды қорғау күні. Жылдың 365 күнінде де мейірім мен шапағатқа бөленуі тиіс бүлдіршіндер бұл күні ерекше көңіл мен қуанышқа бөленеді.

Бүкіл әлемде 1-ші маусым Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіледі. Сондықтан ол халықаралық мейрамдардың бірі саналады. Тарихына тоқаталар болсақ, оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Парижде Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Уикипедия деректеріне сүйенсек, алғашқы Халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілген. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды. Балаларды қорғау күнін олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен. Сондай-ақ, әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, оларды бақытты балалығынан, әлемдегі басқа қатарластары секілді білім алып, тәрбиелену мүмкіндігінен айырады. Сондықтан бұл күні тұрақсыздық жайлаған елдердегі балаларға қамқорлық мәселесі де назардан тыс қалмайды.

Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, қоғам болып, ынтымақтасып ат салысуымыз қажет. Кейін опық жеп бармақ тістемеу үшін, баланы қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға тырысқан жөн. Бала бақытының кепілі — ата – ананың өнегелі тәрбиесінде. Отбасы — адамзат қоғамының ең шағын бейнесі. Үйдегі тәрбие қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты. Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда.

Ал ата-ана тәрбиесінен тысқары қалып, Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндеріміз қаншама. Оларға да бір уақыт көңіл бөліп, осы қоғамның мүшесі екендігін білдіруіміз керек. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған жүрегі кең, көңілі дархан халқымыздың ұрпағымыз. Жетімін жылатпауға Үкіметіміз барынша жағдай жасаған. Оларды жан-жақты қолдайтын заң да бар, қаржы да аямай бөлінуде. Десек те, күнделікті күйбең тірлікті бір уақыт ысыра тұрып, қамкөңіл бүлдіршіндерімізге бір уақыт көңіл бөлгеніміз абзал. Өзіміздің ағалық, іпкелік қамқорлығымызды көрсетіп, тәрбиелі, жақсы азамат болып өсуі үшін өз үлесімізді қосуымыз керек.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»- дейді Әл — Фараби. Сонымен қорыта келе, жас ұрпаққа тәлім тәрбие беруді қоғам болып қолға алсақ болашағымыз жарқын болмақ. Балаларымызды отансүйгіштікке, ата — баба салт — дәстүрін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу баршаға бірдей міндет.

Әзірлеген: Жансая Ысқақ


ПІКІР ҚАЛДЫРУ