Балаңыз бақытты ма? (эссе)

0
1289
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Балаңыз бақытты ма?

«Адамның бір қызығы бала деген»

Абай Құнанбаев

Ерлі-зайыпты адамдардың балалы болуы – өмірлеріндегі ең баға жетпес, өлшеусіз бағы екені түсінікті. Баланы дүниеге әкелгеннен кейін оған дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар беру ата-ананың ең басты міндеттерінің бірі болып саналады. Баланың бақытты болуы осы міндеттердің орындалуынан көрініс табады. «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, Он бес жасқа дейін құлдай жұмса, Он бестен кейін досыңдай ақылдас» — деп бекер айтылмаса керекті. Қажет болғанда баланың жасаған жақсы істерін көріп, жасаған істері туралы мақтап отыру керек. Қателесіп жатса, сенікі дұрыс емес деп жөнге салып отыру өте маңызды.

Сонда бала да одан ары қарай жақсы істер істеуге тырысады. Қателіктерін қайталамауға тырысады. Қазіргі кезде кейбір ата-аналар балаларына бар жағдайды жасап береді де, оның тәрбиесіне көңіл бөле алмайды, жұмысбасты болып кетеді немесе баласына уақыт таба алмайды. Себебі, өздері оларға  бар жағдайды жасадым, енді ары қарай өзі тырыссын деген қате пікір тудырып отырады. Керісінше, балалардың айтқанын орындай бермеу керек. Керек кезінде қатал, керек кезінде жұмсақтық таныта білу ата-ананың көрегенділігіне тікелей байланысты.

«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі — ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар — тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі — білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» дeп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі — жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» — дeп, Абай Құнанбаев өзінің жетінші қара сөзінде баланың анадан туылғанда екі түрлі мінезбен туылатыны жайында айтып кеткен. Сол екі түрлі мінезбен туылған екі түрлі баланың екіншісін дұрыс жолға салмаса, солай кете беретіні анық. Тән құмарынан жан құмары артық түсіп жатса, нұр үстіне нұр.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде былай деген: «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды». Ата-ана ең алдымен баласына жақсы тәлім-тәрбие беру керек. Жақсы тәлім-тәрбие беру үшін әрбір ата-ананың өзі балаларына үлгі бола білуі тиіс. Балаларымыздың тәрбиесі үшін өздеріміз жауаптымыз. «Не ексең, соны орасың» — демей ме? Еліміз тыныш, тәуелсіз ел болғанымызға міне 25 жыл толып отыр. Осындай бейбітшілік заманда өмір сүріп жатқан біздің балаларымызды бақытты деп айтуға әбден болады? Тек қана жақсы білім алып, елінің болашағына өз үлесін қосып, биіктерден көрінсе, жақсы азамат атанып, өзгелерге үлгі өнеге бола білсе міне, сол ғана негізгі мақсат емес пе?


ПІКІР ҚАЛДЫРУ