Бастауыш сыныпта  сын есімді оқыту.

0
6968
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Сын есім өз семантикалық ерекшелігіне қарай затты сыр-сипат (сапа, түр, рең, салмақ, көлем т.б.) жағынан анықтайды, бірақ ол (сын есім) анықтауыш қызметін атқарып тұрғанда, еш уақытта да тәуелденбейді, көптелмейді және септелмейді.

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

  1. Сын есімнің семантикалық топтары мен шырайлары және синтаксистік қызметі
  2. Бастауыш сыныптарда оқытылатын морфологялық ұғымдардың мазмұны мен олардың өзара сабақтастығы

ІІІ. Қорытынды

 

Сын есімнің семантиаклық топтары, шырайлары және синтаксистік қызметі.

Есімдер деп аталатын сөздердің ішіндегі зат есімнен кейінгі есесі де, еншісі де мол сөз табы сын есім.

Семантикалық жағынан зат есім әр алуан ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы болса, сын есім неше алуан сыр сипатымен алуан байланысты ұғымдарды білдіретін сөздердің лексика-грамматикалық тобы ретінде бөлінеді. Сөйтіп, сын есім деп заттың сапасын, сипатын, қасиетін, көлемін, салмағын, түсін (түр-реңін) және басқа сол сияқты сыр-сипаттарын білдіретін лексика-грамматиакалық сөз тобын айтамыз.

Сын есімнің семантикалық мағынасы оның морфологиялық ерекшеліктері де, синтаксистік қызметтеріне де сараланып  айқын көрініп отырады.

Морфологиялық сипаттары жағынан да сын есімнің өзіне ғана тән, өзге есімдерден басқа ерекшеліктері бар.

Сын есім өз семантикалық ерекшелігіне қарай затты сыр-сипат (сапа, түр, рең, салмақ, көлем т.б.) жағынан анықтайды, бірақ ол (сын есім) анықтауыш қызметін атқарып тұрғанда, еш уақытта да тәуелденбейді, көптелмейді және септелмейді.

Зат есімге тән көптік, тәуелдік, септік жалғаулары зат есімнің де, сын есімнің де қызметтерін бірдей атқаратын синкретикалық омоним сөздерге (мысалы: салқын, көк, суық, жарық, жүйрік, терең т.б.) қажетінше жалғана берулерімен қатар, белгілі бір контексте қолдау ыңғайына қарай субстантивтенетін сын есімдерге (мысалы: үлкенге үлкенше, кішіге кішіше қызмет ет; ескіге жаңа, жаңаға ескі — өлшеуіш т.б.) жалғана береді. Сын есімде көптік, тәуелдік, септік категориялары болғанымен, оның өзіне тән ерекше шырай категориясы бар. Бұл ерекшелік те – сын есімнің зат есімнен бөлінерлік, өз алдына дербес категория екені дәлел.

Сонымен бірге, бір алуан сын есімдер зат есімді анықтауларымен қатар, етістікті де анықтап, үстеу сөздердің қызметтерін атқарады. Мысалы: Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін (Абай); Өлке бойындағы қалың тал мен қамыс ақырын қозғалып сыбырлайды (С.Сейфуллин). Семіз сөйлеп, арық шыққанша, арық сөйлеп семіз шық (мақал). Сын есімде шырай категорияларымен қатар, адгективтік және адвербиалдық қызмет барлығы да көрінеді.

Сын есімде өзге сөз таптарымен (мысалы, зат есіммен, үстеумен т.б.) әрі ортақ, әрі формалас  сөз тудыратын жұрнақтармен қатар, тек туынды сын есім ғана жасайтын арнаулы жұрнақтар бар: сын есімен сын есім тудыратын шырай жұрнақтары бар. Бұлар да сын есімнің морфологиялық формалары болып есептеледі.

Синтаксистік жағынан қарағанда, сын есім, өзінің табиғи жаратылысына сәйкес, үнемі зат есімге анықтауыш ретінде жұмсалуға лайық. Өйткені қандай белгі болса да, заттың қасында болады да, дәйім затқа шек сүйейді. Мысалы: Үш-ақ нәрсе – адамның  қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек (Абай).

Сын есім баяндауыш та бола алады және баяндауыштың құрамына да ене береді. Мысалы: Төрт бөлмелі тас үй салқын да жайлы (Ғ.Мүсірепов). Ол тапал, төртпақ екен де, мен ұзын, жіңішке екенмін (Ә.Әбішев).

Зат есім мен сын есімнің тіркесу қабілеттерінде де елеулі айырмашылық бар. Мысалы: зат есімге септеулік шылаулар тіркесе береді. Ал сол септеулік шылаулардың ішінде тек сияқты, секілді, тәрізді, сықылды дегендерден басқа бірде-біреуі тікелей өз мағынасында, өз қызметінде жұмсағанда, сын есімге тіркеспейді. Керісінше, күшейту үстеулері (өте, аса, тым, тіпті, керемет, орасан, ересен, т.б.) сын есімге еркін, тіркесе бергенімен, олар зат есімдерге тіркеспейді. Сөйтіп, септеулік шылаудың сын есімге тіркеспей, зат есімге еркін тіркеспеуі, сондай-ақ, сапалық үстеулердің сын есімге тіркесіп, зат есімге тіркеспеуі бұл екі сөз табының — зат есім мен сын есімнің синтаксистік жағынан бір-біріне ажырайтын ерекшеліктері болып саналады.

Егер де екі я одан да көп жалаң сапалық сын есімдер бір-бірімен қабаттасатындай болса, олар бірін-бірі анықтамайды да, біріне-бірі бағынбайды да, әрқайсысы өз тұстарынан тікелей зат есімге қатысты болады, демек, өздерінің қатыстары бар зат есімді анықтайды. Мысалы: Ызғырық суық сұр бұлт, Аспанды тегіс қаптаған (Б.Маилин); Ермек оқтай түзу, ұзын, биік, кең жолмен келеді (Ғ.Мұстафин). Алғашқы сөйлемде суық және сұр деген сапалық сын есімдер біріне-бірі бағынбай, әрқайсысы тікелей бұлт деген зат есімді әр тұрғыдан анықтап тұрғаны сияқты, екінші сөйлемдегі түзу, ұзын, биік, кең деген сын есімдер де бір-біріне бағынбай, жарыса жол деген зат есімің әр түрлі сипатын білдіріп тұр.

Сын есімдер заттың әр алуан сыр-сипаттары мен белгілерін тікелей де басқа заттардың қатынастары арқылы да білдірді. Осындай жалпы сипаттарымен байланысты, сын есімдер симатикалық мағыналары мен грамматикалық ерекшеліктеріне қарай, сапалық (негізгі) сын және қатыстық (туынды) сын деп аталатын екі салаға бөлінеді. Бұл сындардың қай-қайсысы болса да қандай? қай? (қалай?) деген сұрақтарға жауап береді.

Сапалық сын есімдер деп мағынасы жағынан заттың әр алуан сыр-сипатын, атап айтқанда, түрі мен түсін (ақ, қара, қызыл, көк, сұр т.б.) сыры мен сапасын (жақсы, жаман, тәуір, нашар т.б.) көлемі мен аумағын (үлкен, кіші, ауыр, жеңіл т.б.), дәмі мен йісін (ащы, тәтті, ) білдіретін және заттың басқа да қасиет – белгілерін білдіретін сөздерді айтамыз.

Әдетте сапалық сын есімдерге ешбір қосымша формаларсыз тұрып-ақ, заттың әр қилы сыр-сипатын білдіретін түбір сөздерді жатқызу салты бар. Бірақ бұл қағиданы  үнемі тапжылмайтын қағида деп қарамау керек, өйткені қазіргі кезде түбір сөз сияқтанып көрінетін  көптеген формалар тарихи даму тұрғысынан қарағанда, тиісті қосымшалар арқылы я басқа тәсілдер бойынша жасалған туынды сөздер болып келеді. Мысалы: ұзақ, үлкен, қызыл, ащы, тұщы, момын, ашық, жабық, жалпақ, сияқты сапалық (негізгі) сын есімдердің бәрі де ертеректе туынды сөздер болған, демек, олар ұзақ, үлкейген, қызғылт, ашыған, тұщыған, момақан, жалпайған сөздерімен түбірлес болған. Солай болса, мағынасы жағынан сапалық сын есім деп, морфемалық құрылымы жағынан сапалық сын есім деп есептелетін сөздердің саны да, сапасы да үнемі бір аяда қалмай, бірте-бірте ұдайы дамып отырады. Осыған сәйкес, ертеректе туған сындарды ғана емес, кейінгі кездерде жұрнақ (я басқа тәсіл) арқылы жасалған туынды есімдерінің кейбіреулерінде де, негізгі, сапалық сындардың грамматикалық қасиет сипаттары болып отырады. (қараңғы-қараңғылау, қараңғырақ, қап-қараңғы, таныс-таныстыру, танысырақ, тап-тныс т.б.).

Сапалық сындар жалпы сын есім деп аталатын сөз табының негізгі ұйытқысы есебінде қызмет етеді. Осы ерекшеліктеріне қарай, демек, бүкіл сын есім категориясына өзек ретінде қызмет ететіндігіне қарай, өзге сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалған туынды сын есімдер де, семантикалық даму процесі арқылы адъективтенген сөздер де бірте-бірте сапалық сын есімдердің сыр-сипаттарына ие болып, сол топқа көшіп отырады. Ал, сапалық сындардың сын есімдерге арқау болып қызмет ететін негізгі белгілері мыналар: біріншіден, сапалық сындарға тән сөздердің бәріне де ұлғайту, кішірейту жұрнақтары және әредік сынның әр қилы реңін білдіретін шырай котегориясының жұрнақтары қосылады; екіншіден оларға сандық белгіні күшейте я өсіре түсу үшін қолданылатын үстеме буындар жасалады; үшіншіден, олар атрибутты семантикалық ерекшелігіне қарай (жақсы оқушы), адвербиалдық (жақсы оқиды) қызмет атқарады. Міне, осы аталағн  негізгі үш белгі сапалық сын есімдердің әрі қатынастық сандардан ерекшелінетін, әрі жалпы сын есім атаулыға тән категориялық белгілері болып есептелінеді.

Қатыстық сын есімдер деп бір заттың белгісі басқа бір заттың я іс-амалды қатысы арқылы білдіретін сөздерді айтамыз. Осы ерекшеліктеріне қарай, қатысытық сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы басқа есімдермен етістіктерден жасалады да, заттың сыртқы түрі мен түсіне, кескіні мен келбетіне, сыры мен сынына, ішкі қасиеті мен сипатына, мекен мен мезгілге  және басқа да сол сияқты белгілеріне қатысты сандық ұғымдарды білдіреді. Мысалы: балалы үй базар, баласыз үй мазар (мақал) дегендегі балалы, баласыз деген туынды сын есімдер үйдің баласы барлығы мен жоқтығына қатысты белгілерді білдіреді.

Сөйтіп, қатыстық сындар зат есім, үстеу, етістік сияқты басқа сөз таптарынан болатындықтан, олардың (қатыстық сандардың) нақтылы мағыналары да өздерінің жасалуына негіз болған сөздерімен байланысты. Осы себептен қатысытқ сандардың мағыналары өздерінің төркіндес (жасалған) сөздерінің синонимі сияқты болып келеді. Мысалы: аталық борыш – атаның борышы; ауылдағы адам — ауылда тұратын адам; ауыспалы қызыл ту – ауыстырылып отыратын қызыл ту. Өздерінің бастапқы төркіндеріен алшақтап кеткен ұзақ (әңгіме), тұнық (су), ашық (сөз) сияқты негізгі сын есім беріліп саналатын, бастапқы ұза(ды), тұн (тұнды), аш (ашты) деген етістіктерден жасалған я туған сындарды алсақ, олардың мағыналары да қаншалықты алыстатады дегенімізбен де, өздерінің бастапқы төркіндерімен мағыналас (синонимдес) келеді.

Сын есімдер морфологиялық (ситетикалық), синтаксистік (аналитикалық), морфологиялық – синтаксистік (семантикалық) тәсілдер арқылы жасалады.

Морфологиялық (синтетикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер тиісті жұрнақтар арқылы жасалады.

Синтаксистік (аналистикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер жалаң сын есімдердің бір-бірімен тіркесуі арқылы, негізгі сандар мен туынды сандардың бір-бірімен тіркесуі арқылы (ақ көйлекті, қара пальтолы т.б.), зат есім мен сын есімнің бір-бірімен тіркесуі арқылы (көп балалы, ауыз жолды, жібек көйлекті), негізгі және туынды сын есімдердің қайталануы, қосарлану арқылы (үлкен-үлкен, үлкен-кіші, таулы-таусыз, елді-күнді) жасалады.

Морфологиялық – синтаксистік (семантикалық) тәсіл бойынша туатын сын есімдер белгілі бір синтаксистік формадағы сөздердің семантикалық жағыан бірте-бірте дами отырып, адъективтенуі арқылы мысалы: (басқа, өзге, шала – жансап т.б.) жасалады.

Бұл тәсілдің ең негізгісі, әрине синтетикалық және аналитикалық тәсілдер, ал семантикалық тәсіл тіпті өнімсіз.

Сын есімдер компоненттерінің құрамдарына қарай жалаң сын есімдер және күрделі сын есімдер болып екі сатыға бөлінеді.

Жалаң сын есімдерге ешқандай қосымшаларсыз-ақ негізгі сын есім есебінде қызмет ететін түбір сөздер (ақ, қара, сұр, көк, тік, аласа, тар т.б.) және жұрнақ арқылы жасалған туынды (малды, шөпті, құнарлы, өнімсіз, залалсыз, бойшаң, ұйқышыл, көтеріңкі, серіппелі т.б.) сын есімдер және өзге сөз таптарынан семантикалық жағынан дамып, адъективтенген сөздер  (кебу, ауыр, басқа ,өзге т.б.) жатады. Сөйтіп, жалаң сын есімге жататын сөздердің құрамында бір ғана негізгі компонент болады, бірақ ол негізгі компонентте қосымша морфеманың болуы я болмауы шарт емес.

Күрделі сын есімдерге кемі екі я одан да астам компоенттерден құралып, синтаксистік (аналитикалық) жолмен жасалған сындар жатады. Күрделі сын есімдер негізгі сынардан  да, олардың өзді-өздінің де, өзге сөздермен де тіркесуі, қайталануы, қосарлануы, әредік бірігіп жасалуы арқылы бір бүтін тұлға ретінде қызмет етеді. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сын есімдердің негізгі үлгілері (модельдері) төмендегідей:

  1. сапалық (негізгі) сын есімдер бірімен-бірі тіркеседі. Бұл топқа қара ала, сары ала, торлы ала, шұбар ала, қызыл ала деген үлгі бойынша жасалады, демек, алғашқы компоненті ауысып, соңғы компоненті өзгермей тіркесетін сандарда, қара көк, қара сұр, қара торы, қара қоңыр, қара күрең, қара шұбар, қара кер деген үлгі бойынша, демек, алғашқы компоненті ауыспай, соңғы компоненті ауысып жасалатын екі компоненті күрделі санды да, алқара көк, алқара кер тәрізді үш компонентті күрделі сын есімдер де жатады. Бұл топқа енетін күрделі сын есімдер жалаң сапалық сындар сияқты, шырайлы формаларында да жұмсала береді.
  2. Біріңғай я негізгі (сапалық), я туынды (қатыстық) сандар не қайталанады, не қосарланады. Мысалы: кішкене-кішкене, аппақ-апппақ, үлкен-үлкен, малды-малсыз, қоралы-қопсылы т.б.
  3. Негізгі сын мен –лы (-лі) формалы туынды сын есім тіркеседі. Мысалы: кең маңдайлы, шоқша сақалды, қызыл-шырайлы т.б.

Зат есім, сын есім, есімдік, есімше формаларымен –лы (-лі…) формалары туынды сын есім тіркеседі. Мысалы: теке сақалды, адыраң көзді, алтын баула т.б.

Я не екі компоненті де бірдей –лы (-лі…) жұрнағы арқылы жасалған туынды сын есімдер қосарланады, я бір компоненті –лы (-лі…) жұрнағы арқылы, бір компоненті —сыз (-сіз) жұрнағы арқылы жасалған туынды сын есімдер қосарланады. Мысалы: таулы – тасты, орманды-тоғайлы, әкелі-балалы, ағалы-інілі, ессіз-түссіз, жөнді-жөнсіз, орынды-орынсыз т.б.

Осы топқа төртбұрышты, қос атты сияқты тіркестерден енеді.

  1. Зат есім, сын есімдермен –лық (-лік, -дық, -дік,- тік, -тық) формалы сын есімдер тіркесіп, күрделі сындар жасалады. Мысалы: халықаралық, бесжылдық, бескісілік, он адам сиярлық, екі-үш күндік т.б. Сондай-ақ тұрақты тіркестерден де осы жұрнақ арқылы күрделі сын есім жасалады. Мысалы: көңіл көтерерлік, түс шайысарлық, қабырға – қайысарлық, күн көрерлік т.б.
  2. Я екі компоненті де (сыңарына да) бірде, не — лық –(лік) жұрнағы арқылы не –и жұрнағы арқылы жасалған туынды сын есімдер қосарланады, я бір компоненті — лық –(лік…) жұрнағы арқылы, бір компоненті жұрнағы арқылы жасалған туынды сын есімдер қосарланады, я алғашқы компоненті зат есім, соңғы компоненті -лық –(лік…) жұрнағы арқылы, жасалған туынды сын есімдер қосарланады. Мысалы: әскери – саяси (кадрлар), ғылыми — әдеби, (мұра); әлеуметтік-экономикалық (шара), идеалдық-саяси (өмір), қоғамдық –тарихи (тәжірибе), т.б.

Тәуелділіктің үшінші жағының қосымшасы қосылған зат есімге (бірінші  компоненті) сын есім (екінші компоненті) тіркесіп, күрделі сын есім негізінде қолданылады. Мысалы: көзі ашық, тілі майда, басы бос, жөн түзу, жүзі жылы, қолы ұзын, қолы ашық, қолы қысқа.

Жалпы атаулардың белгілері басқа-басқа болулары былай тұрсын, бір түрлі белгінің өзінде (мысалы, түсінде, сапасында, көлемінде, салмағында және басқа қасиетінде ) әр алуан рең болатынын, ол реңнің өздері әр қилы дәрежеде болатынын айқындағаннан кейін, сын есімнің шырайы деген не, тілімізде қандай-қандай шырайлары бар және олар қандай тәсілдер (формалар) арқылы жасалынады деген мәселелерді де анықтау қажет болады. Мысалы: Жоғарғы Советтің мәжіліс залы кең де, биік те, жарық та, салтанатты да, сәулетті де екен деген сөйлемде бір залдың өзінде бес түрлі белгі аталып тұр. Бұдан көптеген заттардың алуан түрлі белгілерін салыстырудан да , бір жеке заттың әр түріл белгілерін салыстырудан да басқа-басқа белгілер анықталғанымен, әлденеге заттың бір түрлі я біркелкі белгісінің айырмашылықтары айқындалмайды. Солай болса, аслыстырудың бәрі бірден бір түрлі сындық белгінің әр қилы дәрежесін аша алмайды.

Сын есімің шырайы деп аталатын категорияның мазмұны да, формасы да әлденеше заттың (әр түрлі я біркелкі белгілерін емес) бір түрлі я біркелкі белгілерінің өзара айырмашылықтарын демек, сол біркелкі белгілердің бір-бірінен я артық, я кем екендігін анықтау арқылы туады. Екінші сөзбен айтқанда, біреуі ақ, біреуі қызыл, біреуі сары, біреуі қара, біреуі көк түсті нәрселерді немесе біреуі үлкен, біреуі кіші, біреуі тік, біреуі сопақ, біреуі текше нәрселерді салыстырудан шырай категориясы тумайды. Шырай категориясы я біріңғай ақ, я біріңғай қызыл, я біріңғай қара, я біріңғай сары, я біріңғай қоңыр, көк түсті әлденеше (кемі екі) заттардың реңдеріндегі ерекшеліктерді немесе біріңғай үлкен я біріңғай кіші делініп танылған әлденеше заттардың көлем-аумақтарындағы артық, я кемдік дәрежелерін өзара салыстыру арқылы туады. Әрине ондай реңдермен дәрежелер сан жағынан да, сапа жағынан да салыстырылады. Өйткені, біркелкі белгінің осындай сандық я сапалық айырмашылықтары, сайып келгенде шырайларды бір-бірінен айыратын өлшеу де, тірек те, негіз де болып табылады.

Сонымен тіліміздегі сын есімнің мынандай төрт түрлі шырайы бар:

  • Жай шырай, 2) салыстырмалы шырай, 3) күшейтпелі шырай, 4) асырмалы шырай.

Жай (негізгі) шырай заттың белгісін, түсін (түрін), сапасын, көлемін, салмағын, аумағын, тағы басқа сондай негізгі сын-сипаттарын білдіретін сапалық сын есім жай шырай болып есептелінеді. Мысалы: биік тау, үлкен үй, жақсы қағаз, қызыл сия.

Салыстырмалы шырай бір заттың сынын екінші заттың санына салыстырып, сол салыстырылатын белгілердің бір-бірінен я кем, я артық екенін білдіреді. Салыстырмалы шырай тудыратын жұрнақтар (формалар) мыналар:

а) –рақ, -рек, -ырақ, -ірек; Мысалы: Көкше көктен гөрі көгірек тау екен. (С.Мұқанов); Қараойға қарағанда Сұлутөбе бойшақырақ (Ғ. Мүсірепов).

ә) –лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу; Мысалы: Ниет қабылдың отша жанған сәл кішілеу қара көзі тесіле қарады (Ғ. Сланов). Сол ауылда таныстау бір шал бар еді. (Ғ.Мүсірепов).

Бұл екі форма — өте өнімді формалар.

б) –қыл, -ғыл, -қылт, -ғылт, -тым, -шыл, -шіл, -қай, -ақ; Бұл өнімсіз жұрнақтар, мысалы: Дымқыл шалғынның арасында, бозғылт тұманның ішінде барлаушы бала да көрінбейді (В.Катаев): Жігіттің сұрғылт жүдеу жүзі енді көкшіл тартқан сияқты. (С.Мұханов).

Күшейтпелі шырай заттың бастапқы сындық қасиетін күшейте түседі. Бұл шырай негізгі сын есімдерге күшейткіш (үстеме) буынды қабаттастыру арқылы жасалатын өте өнімді форма. Мысалы: Үй іші жап-жарық, ауыз үй тап-таза айнадай (С. Ерубаев); Аппақ ет , қып-қызыл бет , жап-жалаңаш, қара шаш қызыл жүзді жасырғанда. (Абай).

Асырмалы шырай заттың сындық қасиетін асыра көтереді, я тым асыра төмендетеді. Мысалы: іс — тым қиын да, абыройлы да іс (С.Ерубаев); ол тіптен жақсы адам екен. (А.Тоқмағанбетов); Абай – нағыз үлкен реалист ақын («С.Қ.»); Мәжіліске ең қадірлі, ең таңдаулы адамдар келмек. («С.Қ.»).

Шырай жұрнақтары бірінен кейін бірі үстеліп де жұмсалады. Оның ішінде басқа жұрнақтардың үстіне көбірек жалғанатыны –лау, -леу (-тау, -теу, -деу) жұрнағы. Мысалы: ақшылдау келген жүзіндегі кішкене мең ерекше өн беріп, безеніп тұр (Ғ.Мұстафин); Жүзі қуқылдау керімкөз жігіт өзінен өзі жымиып қойды (Ғ. Спанов) деген сөйлемдерде –дау(-деу) жұрнағы кілең басқа шырай жұрнақтарының үстеріне қабаттасып тұр.

Сын есім.

  Түрлері Мысалдар
І.Мағынасына қарай 1) сапалық ақ, қара, жеңіл, үлкен, сұлу
2) қатыстық тұзды, арманды, ақшалы
ІІ.Тұлғасына қарай 1) негізгі жақсы, әдемі, кең, суық
2) туынды қысқы, таулы, сынық, өткір
ІІІ.Құрамына қарай 1) дара кіші, тар, нәзік, мол
2) күрделі ойлы-қырлы, қызыл ала, ұзын бойлы, жақсы-жаман

Сын есімнің шырайлары. 

Шырай түрлері Жұрнақтары Мысалдар
І. Жай шырай   әдемі, жақсы, ақ, көк
ІІ.Салыстырмалы шырай

-рақ, -рек, -ырақ, -ірек, -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу, қыл,- ғыл, -ғылт, -ғылтым,- қылтым

 

 

-шыл, -шіл,- шылтым, -шілтім, -ілдір,

 

-ақ, -қай, -ғыш

Жақсырақ, ағырақ, көгірек, жақсылау, ақтау, көктеу, құқыл, бозғылт, сұрғылт, сұрғылтым, ақшылтым, көкшілтім

Көкшіл, көкшілтім, ақшыл, ақшылтым, көкшілтім, көгілдір

бозақ,қартаң, сарғыш, сұрқай.

ІІІ. Күшейтпелі шырай

1)күшейткіш буын арқылы

 

2)өте, тым, аса, бек, тіпті, нағыз, ең, нақ

Жап-жақсы, әп-әдемі, сап-сары, өте әдемі, тым жақсы, аса биік, тіпті жақын.

Сын есімнің жасалуы

І. Морфологиялық (синтетикалық) тәсіл арқылы жасалауы.

1)  Сын есімдердің есімдерден жасалуы.

Жұрнақтар Мыслдар
1.     –лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті атқты, пайдалы, тасты
2.     –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, тік. қалалық, жылдық, қоғамдық
3.     –сыз, -сіз пайдасыз, білімсіз, ақылсыз
4.     –қы, -кі, -ғы, -гі жазғы, күзгі, қазіргі, ішкі
5.     –шыл, -шіл, турашыл, ұйқышыл, көпшіл
6.        –дай, -дей, -тай, -тей таудай, тақтайдай, үйдей

7.     –лас, -лес, -дас, -дес, -тас, -тес

 

пікірлер, қызметтес, жерлер, көршілес
     8.шақ, -шақ көйлекшең, сөзгең, ашушаң
9.–и әдеби, мәдени, тарихи, әскери
10.–қой сәнқой, әзілқой, кәсіпқой
11.–қор жемқор, жалақор, ызақор
12. –паз өнерпаз, білімпаз, жағымпаз,
13.–дар, -тар, қарыздар, білімдар, хабардар
  1. Сын есімдердің етістіктерден жасаулы.
Жұрнақтар Мысалдар
1. –қ, -к, -ық, -ік, -ақ, -ек сынық, жабық, ашық, қорқақ, сирек, ісік.
2. –қыш, -кіш, -ғыш, -гіш сенгіш, сезгіш, тапқыш, тоқғыш.
3.-қыр, -гір, -ғыр, -гір тапқыр, өткір, білгір, ұшқыр.
4.-дық, -дік жалауылқ, тістеулік, маңыраулық.
5.-нды, -інді, -ынды, інді, -нді туынды, жаттанды, жасанды
6.-нқы, -інкі, -ыққы, -қкі басыңқы, ісіңкі, көтеріңкі.
7.-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қызба, бөспе, даурықпа, құрама.
8.-малы, -мелі, балы, -белі, -палы, пелі

ауымпалы,таңдамалы,

серіппелі,бүрмелі

9.-улы, -улі ерттеулі, жинақтаулы, бүктеулі.
10.-ымды, -імді, мды, -мді жарамды, сенімді, тиімді, қонымды.
11.-шақ, -шек мақтаншақ, еріншек.
12.-қақ, -ғақ жабысқақ, тоңғақ, майысқақ.
13-қы, -кі -ғы, -гі, — жинақы, күлдіргі, бұралқы.

14-ғылықт, -гілікті, -қылықты, -кілікті

 

жергілікті,тұрғылықты, жеткілікті,

тыңғылықты.

15.-аған, -еген сүзеген, қабаған, қашаған.

ІІ. Синтаксистік (аналистикалық) тәсіл арқылы жасаулы.

І. Қосарлы сын есімдер

а) ұзын-ұзын, биік-биік.

ә) ұзынды-қысқалы, үлкенді-кішілі.

б) ұсақ-түйек, жаман-жұман.

в) қоғамдық-саяси, әскери-саяси.

ІІ. Тіркесті сын есімдер

а) қара қасқа, қызыл ала.

ә) ақ шашты, қысқа бойлы.

б)жібек баулы, ат жақты.

ІІІ. Тұрақты тіркес

а) қолы ашық, тілі ұзын, басы бос, көзі ашық.

ә) көңіл көтерерлік, күн көрерлік.

 Сын есімнің синтаксистік қызметі.

Сын есімдер мағына жағынан заттық сынын, белгісін білдіретін сөздер болғандықтан, сөйлемде көбірек анықтауыш мүше болып қызмет атқарады. Мысалы: Жіңішке ине мен жуан иненің аралығындағы жуантық инені бәсең ине дейді (Ғ.Мұстафин); Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр мылқау танымас тірі жанды (Абай); Тоты құс түсті көбелек жаз сайларда гүлемек (Абай) деген сөйлемдердегі негізгі сын есімдер де, туынды сын есімдерде анықтауыш болып тұр.

Сын есімдер сөйлемде баяндауыш та болады. Ондайда, сөйлемнің басатуыштары жіктеу есімдіктерінен болса, сын есімнен болған баяндауыштарға жіктік жалғаулары қосылады. Мысалы: Мен тіпті жүйрікпін (Ғ.Мүсірепов); Ой желке, қамыс құлақ қара көкпін (С.Сейфуллин) деген сөйлемдегі жүйрікпін, қара көкпін деген сын есімдер – баяндауыштар.

Сын есімдер сөйлем ішінде етістіктерден болған мүшелердің алдында (бұрын) тұрса, әрқашан пысықтауыш мүше болады. Мысалы: Жақсы студент жақсы оқиды дегендегі алғашқы жақсы анықтауыш та, соңғы жақсы-пысықтауыш, сол сияқты, жақсы оқу үшін көп оқу керек дегенде де, жақсы деген сөз пысықтауышты пысықтап тұр.

Сын есімдерге негізінен көптік, тәуелдік, септік жалағулары жалғанбайды бірақ сөйлемде жүктелген міндетке қарай сын есімдер зат есімнің қызметіне де ие бола алады. Мұндай жағдайларды сын есімдерге не көптік, не тәуелдік, не септік жалғауы (я олар қабаттасып) жалғанады да, зат есім орнына жұмсалады. Мұны, әдетте, сын есімнің субстантивтенуі (заттануы я заттық мағынада қолданылуы) деп айтамыз. Мысалы: Жақсыдан үлгі ал (мақал); Ескіге жаңа өлшеуіш (мақал);

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін (Абай) дегендердегі жақсыдан сөзі  жақсы адамдардан дегеннің орнына, ескіге сөзі ескі нәрсеге дегеннің орнына, жастарға деген жас адамдарға дегеннің орнына қолданылып отыр.

Сын есімдерге көптік, тәуелдік, септік жалғаулары жалғанып заттанғанда (субстантивтенгенде), сын есім өзінің негізгі сындық мағынасының үстіне заттық мағынаны жасап алады. Мұндайда, сын есім атау тұлғада тұрып кім? не? деген сұрауға жауап берсе, сөйлемнің бастауышы болады да, бұрма жалғауларда тұрып (іліктен басқа) толықтауыштың сұрақтарына жауап берсе, толықтауыш болады. Кейде көптік, тәуелдік жалғаулары жалғанбай-ақ сын есімдер атау ретінде тұрып заттық мағына береді де, бастуыш бола береді. Мысалы: Бітер істің басына, жақсы келер қасына (мақал) дегендегі жақсы деген сын есім кім? деген сұрауға жауап беріп, жақсы адам дегеннің орнына жүріп тұр. Бұл сөйлемдегі жақсы – бастауыш мүше. Бірақ ондай сын есімдер тек ол сөйлемде ғана субстантивтенеді, біржолата зат есімге айналып кетпейді.

Бастауыш сыныптарда оқытылатын морфологиялық ұғымдардың мазмұны мен олардың өзара сабақтастығы

Тілдің ойлау және қарым-қатынас құрамы ретіндегі қолданылуы оның морфологиялық жүйесінде болатын өзгерістерге тікелей байланысты. Адамның сөздік қоры қаншама бай болса да, егер ол өзі білетін сол сөздерді бір-бірімен байланыстырып қолдана алмаса, білгеннің бәрі босқа қалар еді. Сөздерден сөз тудырып, оларды жалғаулар арқылы бір-бірімен дұрыс байланыстырып, сөйлем ішінде әрқайсысын орын-орнына қою үшін көптеген морфологиялық заңдылықтарды білу қажет. Атап айтқанда, олар мыналар:

  1. сөз құрамы;
  2. сөздердің жасалу жолдары;
  3. жалғаулардың жалғану тәртібі;
  4. сөз таптары және олардың қызметі;
  5. әрбір сөз табына жататын сөздердің түрленуі және өзгеруі; т.б.

Алты жастан бастап оқытылатын төрт жылдық бастауыш мектептің бағдарламалары мен оқулықтарын жасау барысында педагог-ғалымдар осы мәселенің шешімін дұрыс табуға ұмтылуда. Олар бұрынғы үш жылдық басатуыш мектепте жинақталған бай тәжірибеге сүйене отырып, балалардың психо физиологияылқ  қабылдау мүмкіндіктеріне сай келетін олардың іс жүзілік дағдыларын дамытуға жағдай жасайтын грамматикалық ұғымдардың оқытылуға тиісті көлемін анықтады.

Жаңартылған бағдарлама бойынша тілдің морфологиялық жүйесі 2-сыныптан бастап оқытыла басатайды. Бұл сыныпта оқушылар сөздердің семантикалық-грамматикалық топтарынан яғни, сөз таптарынан алғашқы мағлұматтар ала бастайды. Сөз таптары терминдік тұрғыдан ажыратпағанымен, 2-сынып оқушылары «кім? кімдер? не? нелер? сұрақтарына жауап беретін  сөздерді», «Бас әріппен жазылатын сөздерді», қандай? қай? сұрақтарына жауап беретін сөздерді, «қанша? неше? нешінші? сұрақтарына жауап беретін сөздерді» олардың анықтамаларымен бірге оқып үйренуге тиісті. Сонымен қатар әр топтағы сөздердің қайсысына қандай сұрақ қойылатынын біліп, оның есебін түсінулері қажет. Сондай-ақ заттың қимылын, санын, сынын білдіретін сөздермен тіркестіріп сөйлем құрай білу дағдыларын да меңгеруге міндетті. Егер оқушы бұл соңғы дағдылырын меңгермесе, кейінгі «Сөйлем» тарауындағы мағлұматтарды дұрыс игере алмайды.

3-сыныпта оқушылар ана тіліндегі сөздердің құрамы туралы алғашқы түсінік алады. Дыбыстан сөз құрап, олардан сөйлем жасап, оқу мен жазуды меңгеріп қалған балалалар енді әлгі сөздердің дайын күйіндегі сөйлем құрамына ене алмайтынын түсінеді.

Қорыта айтқанда, оқушылар бұл сыныпта өздері күнде қоладнып жүрген сөздер құрамының сөйлеу,  жазу кезінде өзгеріп тұратынын саналы түрде оқып үйренуге кіріседі. Сондай-ақ басатуыш сынып оқушылары 3-сыныптан бастап сөз таптары туралы да (олардың ғылыми терминдік атаулары т.б.) кең мағлұмат алады. Атап айтқанда «Зат есім», «Сын есім», «Етістік» сияқты сөз таптарының негізгі және туынды түрлерін, болымсыз етістіктерді, есептік және реттік сан есімдерді бір-бірінен ажырата білуге, күнделікті өмірде пайдалана білуге тиіс.

4-сыныпта «Зат есім», «Сын есім», «Етістік» туралы оқушылардың мағлұматтары бұрынғыдан да кеңейе түседі. Олар енді бұл сөз таптарының дара және күрделі түрлерін сөйлем ішінен тауып, немесе өздері құрастырып үйренеді. Осы дағдылар кейін «Сөйлем» тарауында сөйлемнің дара және күрделі мүшелері туралы ұғымдармен ұштасып, оқушылардың сөйлеу және жазу жұмысы жүйелі болып, күрделі сөйлемдерді пайдалана білуіне жеткізеді.

Сонымен төрт жылдық бастауыш мектепті  бітірген оқушы тілдің морфологиялық жүйесі туралы белгілі бір дәрежеде мағлұмат алып шығады. Олар бағдарламалық талаптар бойынша, негізгі сөз таптарын бір-бірінен ажырата алады, сөз бен сөзді байланысытрып тұрған жалғауларды да едәуір меңгереді. Сөздерді түбірге, қосымшаға, жұрнаққа, жалағуға бөліп, қарапайым морфологиялық талдау жасауды да біледі.

Оқушылардың тілдің морфологиялық жүйесіне алған бұл мағлұматтар мен дағдылар кейінгі «Сөйлем» тарауында берілетін ұғымдармен ұштастырып, оларды өз ойларын еркін баяндап, айта және жаза білетін дәрежеге жеткізуге тиісті. Бағдарламалық талап –осы. Бірақ бұл талаптың қай мектепте қандай дәрежеде орындалатыны мұғалімнің шеберлігінде, сабақты әр тақырыптың өзіндік сипатына сай ұйымдастыруына және тиімді әдістерді қодана білуіне байланысты.

Пайдаланылған әдебиеттер.

1.Ысқақов А. , Қазіргі қазақ тілі, Морфология, А, 1974 ж, 174-199 б.

2.Мұсабаев Ғ., Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары, А, 1951ж, 34-35 б.

  1. Шәкенов Ж., Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясы А, 1961 ж, 22-28, 55-65 б.
  2. Төлеуов Ә.,Қазақ тіліндегі есім категорясы А, 1969 ж, 8-12 б.
  3. ә) Қазақ тіліндегі есім сөздерінің жасалуы, А, 1973 ж, 66-68 б.
  4. б) Сөз таптары, А, 1982 ж, 45-54 б.
Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ